• Қоғам
  • 19 Шілде, 2012

Министрлік атқаратын міндеттер ауқымды

Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігінде алқа мәжілісі өтті. Жиынның күн тәртібінде министрліктің бірінші жарты жылдықта атқарған жұмыстары мен Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында көрсетілген тапсырмасына сәйкес жылдың ІІ жарты жылдығындағы міндеттер талқыға түсті. Алқа мәжілісіне Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, министрлікке қарасты мекемелердің басшылары, Астана және Алматы қалалары мен облыстардың Мәдениет, Ішкі саясат, Тілдерді дамыту, Мұ­рағат және Құжаттама басқармаларының бастықтары қатысты. Министрліктің бірінші жарты жылдықта атқарған жұмыстары туралы баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай Елбасы­ның мақаласы мәдениет және ақпарат салалары үшін, халқымыз үшін аса маңызды құжат болып табылатынын сөзіне арқау етті. Министр баяндама барысында тіл саясатына қатысты қыруар жұ­мыстың атқарылып жатқанына да тоқталды. – Мемлекеттік тілге оқыту әдістемесін жетілдіру шеңберінде біздің тарапымыздан ең үздік әдіскер-ғалымдарды тарта отырып, тілдік құзыреттілік стандарттарын жетілдіру жөнінде нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді, – деп тоқталған Мәдениет және ақпарат министрі, өткен жылы тілді меңгерудің 5 деңгейі бойынша лексикалық минимумдар мен оқыту кешендері әзірленгенін сөзіне арқау етті. Осы оқу-әдістемелік кешендер еліміздің барлық аймақтарына таратылған. Биыл министрлік типтік оқу-әдістемелік кешенін, бағдарлама мен грамматикалық минимумын әзірлеу үстінде екен. Осылардың нәтижесінде, жылдың соңында мемлекеттік тілді меңгерудің бірыңғай типтік жүйесі қалыптаспақ. Мұның сыртында, өткен жылы Қазақстанның барлық аймақтарында үлкен көлемде қазақ тіліндегі әдебиеттер мен әдістемелік құралдар таратылған. Алғаш рет жаңа энциклопедиялық әдебиеттер, балалар мен ересектерге арналған көптомдық көркем шығармалар, танымдық, әдістемелік әдебиеттер мен басқа да кітаптар жарық көріпті. Әрине, мемлекеттің қолдауымен басылған туындылар алдымен кітапханалар мен оқу орындарына таратылады. Ендігі кезекте көпшілікке қолжетімді болу мақсатында 300-ге жуық атаулармен шыққан жобалар алғашқы рет ғаламторға орналастырылуда. Биыл 31 томдық салааралық терминологиялық сөздіктің алғашқы 10 томы бойынша жұмыстар атқарылып, келер жылдың басында жарыққа шығару жоспарлануда. Одан бөлек, «Мемлекеттік тіл порталы» жұмыс істеуде. Интернетте қазақ тіліндегі ақпаратты еркін және тегін пайдалану мақсатында «Викибілім» қоғамдық қорымен бірлесіп жұмыстар ұйымдастырылуда. Есепті мерзімде ересектерге үздіксіз білім беру моделі арқылы мемлекеттік тілді оқыту «Қазтест» жүйесі бойынша жұмыстар да қолға алынған. Мәдениет саласындағы мемлекеттік сая­саттың мақсаты әрбір тұлға мен тұтас қо­ғамның мәдени және рухани мүмкіндігін дамыту және іске асыру болып табылады. Айта кету керек, «Рейтинг.KZ» зерттеу агенттігінің жариялаған Үкімет құрамына кіретін 40 мемлекеттік ор­ганға қатысты Қазақстан министрліктері мен ведомстволарының транспаренттілік рейтингі бойынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі еліміздің ең транспарентті ведомствосы ретінде бағаланып, бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, биылғы жыл ведомство үшін Елбасы тапсырмалары ауқымында атқарылып отырған бірқатар ірі жобалармен өрнектеліп отыр. Атап айтқанда, Астана қаласы 2012 жылы түркі әлемі мен Достастық елдерінің мәдени астанасы атағына ие болды. Осыған байланысты Елбасы жыл аясында өтетін іс-шараларды жоғары дәрежеде ұйымдастыру және мазмұндық деңгейде өткізу туралы нақты тапсырма берді. Жыл аясында өткен ауқымды жобалардың бірі ретінде «Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» халықаралық форумын атауға болады. – Тек Елорда ғана емес, сонымен қатар еліміздің барлық өңірлерінде мәдени өмір жанданып, жаңа деңгейге көтерілуі біз үшін айқын мақсат, –дейді Мәдениет және ақпарат министрі. Осы бағытта, министрлік арнайы бастама көтеріп, «Ел іші – өнер кеніші» атты халық шығармашылығының республикалық телевизиялық байқауын өткізу қолға алды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мақсаты, ауылды жерлерде қазақы тәрбие, ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптың асыл қасиеттерін бойына сіңірген жас таланттар мен ерекше өнер иелеріне, шығармашылық ұжымдарына қолдау көрсету болып табылады. Одан әрі министр Мемлекет басшысының 10 шілдеде БАҚ беттерінде жарияланған мақаласында айтылған тапсырмалар негізінде, алдағы кезеңде атқарылар шаралардың тізбесін тарамдады. Бүгінгі күні министрлікте ұлттық ақпараттық кеңістіктің дамуын қамтамасыз ету бойынша нақты қадамдар қолға алыныпты. Оның алғашқысы, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру жұмыстары. Шілденің 3-інде Мемлекет басшысы жаңалықтарға арналған «24.KZ» деп аталатын жаңа телеарнаның тестілік хабарын іске қосып берді. Бұл жүз пайыздық өз өнімі негізінде тәулік бойы жұмыс жасайтын біздегі бірінші телеарна болмақ. Оның «Білім» арнасымен бірге толық қуатында жұмыс істеуі қыркүйек айында жүзеге асады. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақстан» ҚР ТРК» АҚ базасында тақырыптық спорт арнасын ашу жөнінде шұғыл жұмыстар жүріп жатыр. Жаңа арнаны келер жылдың қыркүйек айында іске қосу көзделіп отыр. Жаңа маусымда спутниктік «Каспионет» арнасы «Kazakh TV» деген атпен жаңарып шыға бастайды. Екіншіден, ұлттық медиа-кеңістіктің инфрақұрылымы жаңартылады. Жаңа «Қазақмедиа орталығы» телерадиокешені өз жұмысына кірісті. Мемлекет басшысы 3 шілде күні еліміздің 5 қаласында жұмысын бастаған тестілік пішіндегі цифрлы телерадио тарату жүйесін іске қосты. «Тамыз айында телерадио таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның жаңартылған құрамы – олардың көбі үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері – өзінің бірінші отырысын өткізеді. Жаңартылған құрам комиссия жұмысындағы транспаренттілік пен мөлдірлікті қамтамасыз етуге тиіс. Отырыста сала үшін айдарлы болып есептелетін «ОТАУ ТВ» спутниктік жүйесі мен цифрлы таратуға арналған арналар пакетін қалыптастыру секілді маңызды мәселе қаралады» деп нақтылады Мәдениет және ақпарат министрі. Үшіншіден, мемлекеттік баспалар қайта құрылымдаудан өтеді. Қазір интернеттің аса жоғары қарқынмен дамып бара жатқанына қарамастан, баспадан шыққан өнімдерге деген құрмет әлі де жоғары. Сондықтан саланы осы заманғы озық технологияға сай жаңғырту күн тәртібінен түспейді. Бұл орайда «Казахстанская правда» мен «Егемен Қазақстан» газеттерінің дизайындарын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілсе, «Қазақ газеттері» мен «Жас өркен» ЖШС-ның мемлекеттік басылымдары алдына таяу жылдарда өздерінің баспа таралымын 10-15%-ға көбейту міндеті қойылған. Төртінші маңызды мәселе ретінде министр мемлекеттік ақпарат құралдары редакцияларына толыққанды интернет жүйесін орнату жөніндегі жұмыстарды атады. Жылдың алғашқы жартысында «Қазақпарат» агенттігін жаңғырту жөніндегі жұмыстар басталды. Бесіншіден, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара байланысын күшейтуге күш салынып жатыр. Осыған орай министрлік жанынан кеңес беру-кеңесу органы пішініндегі кеңес құрылды. Министр баяндамасынан кейін сөз алған Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед министрліктің алқалы жиыны алдында Мемлекет басшысының Қазақстанды әлеуметтік жағынан жаңғыртуға байланысты арнайы кеңес өткізгенін, Үкімет пен сол салаға қатысты министрліктерге нақты тапсырмалар бергенін әңгіме өзегіне айналдырды. Оның басты бағыт-бағдары Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында жан-жақты көрсетіліп, тиісті мемлекеттік органдарға 20 тапсырма берілген болатын. «Отандық БАҚ осы тапсырмаларды халыққа кеңінен насихаттап, оны еліміздің әрбір азаматының жүрегіне жеткізуге тиіс» дейді Мемлекеттік хатшы. «Еліміз жиырма жыл ішінде үлкен даму жолынан өтті. Үлкен табыстарға қол жеткізді. Міне, дәл осындай кезеңде Елбасымыз әлеуметтік мәселеге тағы да жұрттың назарын аударып, халқымызды әлеуметтік қорғаудың бағдарламалық құжатын жасап берді. Бұл бо­йынша Үкімет жалпы ұлттық жоспар жасайды. Бұған Мемлекет басшысы үлкен маңыз беріп отыр. Бәрі дұрыс болатын болса, қыркүйек айында Елбасының қатысуымен республикалық идеологиялық үлкен кеңес өткізетін боламыз. Ол кеңеске идеологияға жауап беретін тұлғалар, барлық облыс әкімдері, Ішкі саясат басқармаларының бастықтары, Президент Әкімшілігінің және Үкіметтің осы салаға жауапты органдары қатысады» деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Бұдан кейін жарыссөзге шыққан Ақтөбе облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Гүләйім Телебаева аймақта мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуде бірталай жұмыстардың атқарылғанын нақты дәлелдермен баяндап, тіл саясатына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Оның сөзінше, кез келген саланы тиімді реттеу үшін дербес және сәйкесінше құзырет берілген бірыңғай құрылымдық жүйенің болуы маңызды. Елбасымыздың мемлекеттік бағдарламада қадап отырған тілдік мақсат-міндеттеріне жету үшін жергілікті жерлерді толық қамтып, құрылымды жүйе болуына жағдай жасаса дейді ол. Ал «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин Елбасы тапсырмасына сәйкес «Қазақ газеттері» ЖШС-ына қарасты мерзімдік басылымдарда өңірлердің әлеуметтік ахуалы көрсетіліп, нақты мақалалардың жарық көріп отырғанын әңгіме өзегіне айналдырды. Соңғы жылдары тұралап қалған, теперіш көрген Арқалық, Жаңатас қалаларының жағдайын мәселе өзегіне айналдырған мақалалардың «Ана тілі» мен «Экономика» газеттерінде жарық көргенін де айтып өтті. Сонымен қоса, «Қазақ газеттері» ЖШС-ына қарасты мерзімдік басылымдардың сапасын арттыру мәселесінде де біршама жұмыстардың қолға алынғанына тоқталды. «Егер осындай мәселелерге бөлінетін қаржы мәселесі шешілетін болса, Мемлекет басшысының талап етіп отырған отандық БАҚ-ты жаңғыртудың нақты қадамдары жүзеге асатынын білеміз. Сапалы тауар шығару әрбір газет-журналдың оқылымдылығына қол жеткізу редакцияның шығармашылық ұжымы үшін үлкен міндет. Ол үшін, әрине, білімді де білікті авторларды тарту қажет. Ал авторлармен жұмысты жетілдірудің бір көзі қаламақы мөлшерін ойдағыдай шешу. Осы мәселе оң шешімін тапса оқырмандармен де, білікті авторлармен де жұмыс істеудің арнасы ашылар еді. Бүгінгі жеке авторларға беріліп отырған қаламақы мөлшері әлі де жетілдіруді талап етеді. Осы бағытта министрліктің комитетімен бірге жұмыс атқарып жатырмыз» деді Ж.Кенжалин өз сөзінде. Бұдан бөлек, Алматы облысы Мәдениет басқармасының бастығы Рахмет Есдәулетов, «Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов, «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің директоры, Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев, Мемлекеттік Кітап палатасының директоры Жанат Сейдуманов пен Қызылорда облыстық құжаттама басқармасы бастығының орынбасары Мира Баймаханова мінберге шығып, орамды ойларын ортаға салды. Ал ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов болса ұлттық мүдде мен мемлекеттік тілге, мәдениетке қатысты келелі ой қозғады. Алқалы жиынды қорытындылаған Мәдениет және ақпарат министрі «Мемлекеттік тілді менсінбеген адамның бақытқа жеткенін көрген емеспін. Оны менсінбеуге, аяқасты етпеуге бізде заң жүзінде барлық талаптар қойылған» деді. Сөз соңында еңбек адамы туралы ой қозғап, еңбек адамы туралы мақалалардың БАҚ беттерінде көбірек жарық көруі қажеттігін нақтылады. Бейбітгүл Исаева АСТАНА

3002 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6278

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5745

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3485

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2867

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2829

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2808

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2538

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2523

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы