• Әдебиет
  • 02 Тамыз, 2012

Бақыт деген сенің бала күндерің...

Бұл ауыл тас жолдан үш-төрт шақы­рым­дай жерде тауды бөктерлей қоныстанған. Бала күнімізде ауылға тас жолдан өрге қарай жаяу жүріп жететінбіз, себебі ол кезде көлік сирек қатынайтын. Жолдың екі жағы қалың тал, жайқалған көк майса. Міне, арада 40 жыл өткенде, ауылды сағынып, аңсап, көруге асығып келем. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, бәрі де өзгерген, бірақ көңіл көншітерлік ештеңе жоқ. Қуарған сары дала, кесілген ағаштардың түбірі әр жерден көрінеді. Ауылға кіре берісте, сол жақта қырман болушы еді. О, тоба! Жым-жырт. Төбесін ескі қаңылтырмен жаба салған қамба шошайып жалғыз өзі жетім баланың күйін кешіп тұрғандай. «Ешкімге керек емеспіз» дегендей тұнжырайды. Шіркін, бала кезімізде бұл жерде құдды той болып жатқандай көрінетін. Есімде, қаптаған адамдар, тау болып үйілген бидай, атарбалар, машиналардан жер қайысатын. Ұмытпасам, осы тұста, ауыл шетінде тоған болатын. Суы таза еді. Ауыл қыздары осы тоғаннан таңертең су таситынбыз. Жазғы демалыста ауылдың қара сирақ балалары шуылдап, құмға аунап, суға шомылатынбыз. Ауылға оң жақ кіре берісте, асфальт­талған ұзын көше басталады. Көліктің жыл­дамдығын баяулатып жүріп келеміз. Ба­лалық шағымның белгісіндей болған бұл кө­шеде жалаң аяқ жүгірген ізім сайрап жатыр. Бұл ауылдың әр тасы, әр көшесі маған қымбат. Сол кездердегі әдемі ұзын көше енді, міне, ойдым-ойдым болып, жүрудің өзі қиын­дапты. Қақ ортада бала күніміздегі ескі дүкен тұр. Тозығы жетіп, аласарып кетіпті. Жанынан өтіп кетуге дәтім шыдамай, дүкеннің ішіне кірдім. Еріксіз есіме бір оқиға түсе кетті. Қол ұшын беруді қажет ететін, көмек қажет ететін балалар тізімінде болсам керек (оны кейін түсіндік). Осы дүкеннің дәл ортасында, қызыл ала пальтоны киіп көріп, ұнамайтынын айта алмай тұншыққаным бар. Сол көріністі елестетіп, сыртқа беттедім. Әне, ескі клубтың төбесі де көрінді. Сол баяғы ағаш есіктер, әктелген қабырғалар... Ол кездері клуб маңына ел көп жиналатын. Колхоз кеңсесінен әрірек жүрсең ең алғаш табалдырығын аттаған ескі мектеп бар. «Сағынып келген түлектерім сағынышын бассын» деген бе, бір жақ қанаты ғана сау тұр екен. Жақындап келіп, терезеден ішке үңілдім. Өзім отырған үшінші қатардағы бірінші ағаш парта «келдің бе?» дегендей көрінді. Есік алдында сыңғырлаған қоңырау үнін күтіп тұратын, енді қайталанбайтын уайымсыз-мұңсыз балғын шағымызды сағынып біраз кідірдім. Ауылды еңселі етіп тұрған жуан теректер де көрінбейді. Ескі мектептің дәл жанында малшылардың балаларына арналған интернат үйі әлі бар екен. Кезінде бұл үй зәулім ғимараттай еді. Іші-сырты мұнтаздай таза, кіріп-шыққан оқушылар, тәрбиешілер жүретін. Қазір томсырайған қалпы. Қан тамыры тоқтап қалғандай сүреңсіз күйде. Бала кезіміздегі тоған да тартылып, суы азайып қалыпты. Осы тоғанда күн ұзақ шелегімізді құммен ысқылап жуып, қала берді алысып ойнап күн батқанша жүретінбіз. Шаңы бұрқыраған көшемен табанымызға кірген тікенге қарамай доп қуып, асыр салып ойнаған бала күндерімізді еске алып, ұзын көшеге қарай беттедік. Бала күніміздегідей, шуылдаған бала-шаға, күнге қыздырынған кемпір-шалдар да көрінбейді. Сол кездерде жемісі мәуелеген ағаштардың көлеңкесінде асық ойнаған ұлдар да, қабырғаға доп лақтырып ойнайтын әдемі бұрымды қыздар да көрінбейді. Көшені бойлай жүріп келеміз. Ескілеу, қоршалмаған көк бояулы ағаштан оюланған аласа үйге еріксіз қарай бердім. Ағаш ою... Дәл сол үй. Бәрі есімде. 9-10 жас­та шығармын. Ол кезде бұл ең зәулім, ең жаңаша безендірілген үй болатын. Үйдің көшеге қараған шығыс жағында көкпеңбек шырша отырғызылған еді. Бұл – менің балалық шағым өткен үй. Көліктен түсіп, жанындағы көрші үйдің қақпасын қақтық. Есікті бір жігіт ашты. Сәлемдесіп ішке ендік. Мұнда Бапан деген көрші апа тұрған. Талай қамқоршым да болған, кең жүректі апамның да дүниеден озғанына біраз жыл болыпты. Шай ішіп, Құран бағыштадық. «Сен де бойжетіп, есейіп самайыңа ақ кірген бе?» дегендей, жапырақтар желмен сыбдыр қағып таңғалысып жатқандай сезілді. Кеудемді бала күнге деген сағыныш сезімі кернеп, тап нағашы атаммен көріскендей теректерді қапсыра құшақтап тұрып балалық шағыма әп-сәтте саяхат жасап үлгердім. Үйге кіргім келіп, қарайлай бердім. Іштен бөтен кісілер шықты. Бұлар үйдің қазіргі иелері екен. Күн де кешкіріп қалыпты. Өрістен қайтқан малдың жамыраған, қозы-лақтың маңыраған даусы естілгендей болды. Жүрегімді қайта оралмас балалық шақты аңсаған сағыныш пен сүреңсіз ауыл көрінісі сыздатты. Бақытсыз-ақ бақытты болған, балалық ша­ғымның куәсі болған ауылыммен қоштасарда: – «Бақыт деген сенің бала күндерің, Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің. Бақытын да, басқасын да білмеуің Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің» – деп жырлаған ақиық ақын М.Мақатаевтың өлең жолдары ойыма орала берді. Рыскен Әбішева, филология ғылымдарының кандидаты

5890 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6070

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5640

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3380

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2762

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2725

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2701

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2433

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2419

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы