• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2024

Әуезов және Жамбыл

Ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мол мұрасы, адами қасиеті, шығармашылық тұлғасы, кісілік келбеті жөнінде бірнеше мақала жазып, екі тілде ғылыми баяндама да жасаған танымал тұлға. Ұлы суреткер М.Әуезов­тің алғашқы мақаласы «Әдебиет­­­ майданы» журналының 1938 жылғы №5 санында «Ардақты Жәке!» деген атпен жарияланып, ұлттық әдебиеттануымыздағы жамбылтанудың іргесін өз қолымен қалап бергені де тарихтан аян. 1948 жылы 6 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» 1 томындағы «Айтыс өлеңдері» деген зерттеу мақаласында да М.Әуезов Жамбылдың ақындық шеберлігі мен талантына тәнті болып, жоғары баға берген. 1946 жылы Жамбылдың 100 жылдық мерейтойы дүние жүзі көлемінде салтанатты түрде аталып өткенде де М.Әуезовтің «Жамбылдың айтыс­тағы өнері» деген тақырыпта ғылыми баяндама жасауы да тегін болмаса керек-ті. 

Мұхтар Әуезовтің шығармаларының елу томдық толық жинағының 28-томында жария­ланған «Жамбылдың айтыстағы өнері» атты мақала баяндамасында ақынның айтыстағы өнері фольклортану ғылымының негізгі қағида, талаптарына сай әдеби, ғылыми теориялық тұрғыдан талданады. Әлемдік әдебиеттану мен фольклортанудың ғылыми жетістіктеріне молынан қанық әмбебап зерттеуші Мұхтар Әуезовтің мұндағы басты ұстанымы – «өнердің өзін бағалағаның шын болса, төркінін, тегін алдымен таны». Қазақтың қаһармандық ерлігін жырлап, ұлт әдебиетіне еркіндік тақырыбын енгізіп, ұлттың ұранына айналған Махамбеттей, Сүйінбайдай ақиық ақынның артынан ерген Жамбыл жырларындағы әділет пен ақиқаттың тамыры сонау көне заманнан бері келе жатқан ертегі, батырлар жыры, эпостық дастандарда екенін Мұхтар Әуезов осы баяндамасында кәсіби әдебиетші ретінде талдап, бағалайды. Өмірдің бар әділетсіздігін өлеңімен өрнектеген ақынның ой еркіндігіне ие екендігіне қасында жүріп куә болған Мұхтар Әуезовтің Жамбылға деген шексіз сүйіспеншілігі, елден ерек құрметі де осы баяндама мәтінінде мөлтілдеп мейлінше молынан төгілген.
Сол заманның өзінде Жамбылға жабылған жалған жала, дақпырт дерті Әуезовті де қайғырт­қаны мәлім. Осынау олқылықтың орнын өзінің эрудициялық ой-өрісі тұрғысынан кәсіби маман ретінде талдап, ақын нені жазса да өлең сөзбен өрнектелетін сөз өнерінің құдіретіне ие екенін, оның көркем сөзбен кестеленген образдарының өзі қазақ әдебиеті үшін оңай олжа еместігін ескертеді. Арнайы тапсырмамен саясатты сөз етсе де оның астарында ел тарихы, жұрттың жаны мен рухы, мұңы мен шері, қуанышы мен бақыты бейнеленетінін, яғни көркем поэзия тұратыны зерттеушінің кәсіби талдауының басты ұстанымы болған. Өмір мен саясат қаншалықты егіз болса, адам мен қоғам байланысы қашанда біртұтас әлем. Адам өз ортасынан, заманнан қашып жалғыз жарым өмір сүре алмасы тағы да ақиқат. Олай болса, жалғыз Жамбыл емес барша адамзаттың қоғамнан тыс өмір сүруі мүмкін еместігі еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін таныс таным. Жамбылдың жанына жара салатын саяси жырларына жоламай, бүкіл адамзаттық ақиқаттарға, құндылықтарға құрылған құйқалы жырларының тамырына тереңдеудің тамаша үлгісін М.Әуезов осы баяндамасында айрықша байқатқан.
Жамбылдың төңкеріске дейінгі төл туындыларындағы мәңгілік тақырыптар, әділеттілік пен жауыздық, ерлік пен ездік, ақиқат пен жалғандық тағы басқа мәселелердің қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңаша жырлануы Әуезовтің әдеби талдауларының өзегі болған.
Көшпенді халықтың қанында бірінші батырлық, екінші қызыл тілдің иесі-ақындық қасиет дарығанын айтқан М.Әуезовтің пікірі де күні бүгінге дейін бағалы. Ерлік пен ездік, әділет пен шындық сынды күрделі қайшылықтың бірлігін бөлшектемей бір тұтас жырлайтын ақынның сөз өнеріндегі өзіндік өлшем мен өрнек М.Әуезов зерттеулерінде терең зерделенген. Қазақ әдебиеті тарихында айрықша орын алатын айтыс жанрының көркемдік әлемі мен тақырыптық қырлары, поэзиядағы метафора, теңеу, эпитет, әсірелеу, сынды түрлі көркемдік, тілдік қолданыстар да әдебиетші маманның назарынан тыс қалмаған.
«Өзенді ешкім де бір уақытта екі рет кеше алмайды»  деген ежелгі ойшылдардың сөзі осы ақпа-төкпе айтыс ақындарының тапқырлығын, шапшаңдығын, шығармашылық-эстетикалық талғамын танытатын ерекше қасиет екендігін де алғаш танытып, алдыңғы орынға қойған да М.Әуезов екенін екінің бірі біле бермейді. Оны әдебиетші ғалым көркемдік кеңістіктегі ештеңеге ұқсамайтын өнер эстетикасы деп ұғындырады.
Сөз барымтасы (М.Әуезов) саналған айтыс­тағы Жамбылдың өнерінде жиі қайталанатын, зерттеуші еңбектерінде қолданылатын айтыстың сүре мен түре деген жанрлық түрлеріне де осы еңбегінде ғылыми анықтама берілген. 
Жастайынан халқына көрсетілген зорлық-зомбылықтардың зардабын бірге татып, көкейіне құйып өскен Жамбылдың жүзге келсе де айтары жалғыз қазақтың қамы, ой-арманы, тыныс-тіршілігі, тағдыр танымы болуы табиғи заңдылық еді. Замана зары мен ел шері тұнған ақын жырлары, парасатты поэзиясы сонысымен де елді еліктіріп, өз мұңындай шынайы көрінгені мәлім. Жаңа өмірмен бірге өзгеше өрнек алған өлеңіндегі жаңашылдық, түрлік ізденістер, көркемдік құбылыстар, жанрлық жаңалықтар шығармашылық әлеміндегі үздіксіз ізденістің үлгісі екені жөніндегі әдебиетші Әуезовтің ғылыми пікірлері де назар аудартпай қоймайды. Сөз өнерін кие тұтқан қазаққа Жамбылдың құйқалы да құнарлы жырлары қашанда ыстық ықыласына ие.
Мұхтар Әуезов өзінің ғылыми баяндамасын: «...Жүз жыл өмір кешкен ақында: неше жүз жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен. Жамбылдың ақындығын түсіну үшін оның ауызша айтқыш, айтқыштығын талдап ұғыну қажет. «А» десе, «мә» дейтін шапшаң айтқыш, «суырыпсалма» ақын болған жаратылысын зерттеп, бойлап ұғыну керек. Халық бұл алуандас ақындарға «суырыпсалма» ақын деп атақ берген. Қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, отты, өткір өнерді айтқаны. Біз бұны ақпа ақын, төкпе ақын десек жарайды» деген ғылыми анықтамалармен бастап, осы жанрды дамытудағы Жамбылдың бойында бар дарынын даралап, шығармашылық қасиетін айқындап береді. Зерттеуші Жамбылдың өнерін айтыстың бұрынғы өкілдерімен салыстыра отырып, өзіндік шеберлігін, кәсіби ерекшелігін саралап танытады. Айтыс өнерінің табалдырығын танытар түре айтыстан бастап, әбден шеберленген, мол тәжірибе жинаған сүре айтысқа дейінгі шығармашылық даму жолдарына талдау жасайды. Авторлық ауызша әдебиеттің де ірі өкілі болып саналатын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығындағы қазақ фольклорына тән синкреттік өнердің табиғи жарасымдылығын, үйлесімділігін байқаған зерттеуші жыраулық та, жыршылық та, ақындық та, айтыскерлік те өнердің тұтастығын, болмыстағы бүтіндігін сөз етеді. Жүз жыл өмір сүрген ақынның бала кезінен бойына біткен дара қасиетпен қоса халықтың ғасырлар бойы жинаған сөз маржандарын, небір дүлдүл дала данышпандарының даналық сөздері мен дәулескер айтыскер ақындарының жырларынан сусындап, барлық ұлттық сөз мәйегінен мейлінше қанып ішкенін жіті таниды. Фольклортану ғылымының білгір маманы М.Әуезов Жамбылдың ақындық қасиетінің даралығын табиғатына тән көркемдік эстетикалық талғамынан, оның ойшылдығынан, көрегенділігі мен сезгіштігінен іздейді. Алымды алғырлығы да адуынды жырларына көрік беріп, көркемдік қуатын арттыратынын аңғартады. Уақыттың сыры мен талабын, иісі мен ізін көрегенділікпен сезіп, көркем оймен кестелейтін көненің көзі Жамбылдың ғасырлық ғұмырында жинаған ғиб­раттық ойларда қазақтың қанына біткен ақындық қасиет пен ерлік ұранынан айрылып қалмау қағидасының құндылығын да әдебиетші ғалым әдемілеп әспеттей білген.
Ұлттық сөз өнеріндегі бай мұра асыл сөздің құнарын халықтың ауыз әдебиеті үлгілерінен, батырлар жырларынан игеріп, жыраулық қасиетке ие болып кәсіби шеберліктің шыңына жеткен Жамбылдың қаламгерлік ерекшелігі жөнінде: «...Айтысқа шеберлік, жалпы ақындық өнерінің, тіпті барлық әдебиет өнерінің өзгеше бір биік сатысы. Ал ақындықтың өзі не? Егер ол өзгеше көрегендік, сезімталдық және сол көрген мен сезгенді сырлап, күйлеп айта білгіштік болса, жаңағы ақпа ақын сол көргендік, сезгіштікті шамырқанған шегіне жеткізеді...», – деп ақындық қасиеттің көркемдік шарттарын да ғылыми теориялық тұрғыдан түсіндіріп береді. Жастайынан жыраулық өнерді де жете меңгерген Жамбылдың өз заманындағы күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шешуге, шешендігімен түйіні шатасқан, шешімі ауыр жәйттерді жұрт алдында ашық айтып, әділеттілікті талап етуге тітіркенбей, шамырқанбай батыл барғандығы көпке аян. Терең ой, бай мағыналы сөздері елдің қамы мен мұңы, қарапайым халықтың жәй-күйі болатын ақынның алғырлығын, алымдылығын аңғартатынын зерттеуші: «..Шабыты келген ақпа ақын басындағы аш қыранға меңзес, тұрғылас. Томағасын тартқанда ақын алғыр қыран бар өңірді бір сәтте көріп, шолып өтіп, қимыл еткен шөптің басын, қыбыр еткен тышқан жүрісін, қылт етіп бұққан түлкі түгін лезде шалып қалғандай, айтыс ағымындағы ақпа ақын да сондайлық көмескіні көргіш, бұлдырды білгіш болмақ шарт» деп осыншама ұзақ толғап, ұзақ ұғындырып ұлылықтың ұшқыны, түп төркіні қайда жатқанын, оның қырандай қырағылығының сипатын шебер шендестіре, байланыстыра байқап, салыстыра суреттеп ақырында ақындық қасиеттің шарттарына жүгіндіруінің сыры Жамбылдың суырыпсалма ақындығында екенін ашады. Бір шығармашылық тұлғаның басында болатын білгірлік, тапқырлық, алдына жан салмас шапшаңдықтың шыңына, кәсіби шеберлігіне жету, суырыпсалмалық алғырлықты, алымдылықты аңдысын басып аңғару, тап басу секілді неше алуан қырағылыққа қол жеткізу кез келгеннің басына қонар бақ емесін де ескертеді, ғалым. Оңай жерде олжа жоғын да ойлайды. Ештеңеден ықпай, асау өзеннің ырыққа көнбей, ытқып атқан ақ бура толқынындай толқын-толқын ойлар, тасқын-тасқын сөздерге ерік берер суырыпсалмалық қасиет, шешендік шеберлік, сөз жоқ, ұзақ жылдарғы ізденістердің жемісі. Оны өз басынан да өткерген көрнекті суреткер М.Әуезов: «...Бұл қасиет ақынға оңай орнамайды. Аса бір ерен шыққан, жалын атқан дарынды жас болмаса, көпшілік шын ақпа ақын өнеріне бейім болған күнде де, ұзақ сонар сын кешіп, сан сайыста сілкісе жүріп, сан рет жаға жыртып, тон тоздырып барып жетеді. Бірақ жеткен өнер сатысынан ақын шегінбейді, зымырай береді. Дерт жеңбесе, жылдар жеңбейді. Ол әсерді де кемітпейді. Тегінде, дене қартаяды, ақындық қартаймайды. Осы айтылған сыпаттар Жамбыл басында түгел бар еді» деп жүз жыл бойына жиналған мол қазына, қисапсыз тәжірибеден туындайтын кәсіби шеберліктің бәрі үздіксіз үдеріс, шығармашылықтың табанды және жанкештілікпен ізденуінің, өсіп-жетілудің жемісі екенін түсіндіреді .
Зерттеуші М.Әуезов осы мақаласында Жамбылдың жас кезінен айтысқа түсіп, содан 70 жасқа жеткенше жүйелі түрде жыр сайыстарына қатысып, жүлделі орынды бермей жүргенін, не жеңіліп көрмегенін сөзіне нысана етеді.
Шынында да «...Алып ақынның жүз жыл өмірі, жүз жыл бойында суарылған сайын шыныға түскен шар болаттың бабындай, шымырлап толысып, түрлене түскен ақпа ақын өнерінің өзгеше бір өсу өмірі болатын», – деп бағалауы да тегін болмаса керек .
Өзі көріп білген соңғы 30 жылдың мөлшерінде ғана жастарға жол, өзінің ағалық ақылын, аталық батасын, ұстаздық бағытын беріп айтыстан шеттетіліп жүргенімен «ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, жыр додасында арқасы қозып, амалсыз ақпалығына салып араласып кететінін кәсіби дерт ретінде түсіністікпен түсіндіреді. Үлкен айтысқа, «сүре» сайысқа түспей жүрсе де жұрттың Жамбылдан күтетіні ақпа ақынның арнасынан асып әлі де жыры төгіліп тұруын, кейін ­гі ұрпақтың көненің көзі-жыраудың соңғы жұрнағын көріп қызығушылық танытатынын баян­дай келіп: «...Бірақ ақынның ақпа-төкпе көрікті кемел жыры соңғы отыз жыл ішінде бұрынғысынан дами түседі. ...Жә, олай болғанда, кейін Жамбылдың әлемге даңқын шығарған ұлы жырларына бұрынғы айтыс өнерінің жалғасы, қатысы бар ма деген сұрақ туады», – деп шығармашылық үдерістің тарихы мен табиғи даму заңдылығына көңіл аударады. Осы бағыттағы алдына қойған зерттеу нысанын да анықтап алады. Кешегі кеңес заманының жыршысы атанған ақын өнерін кенеттен көктен түсе қалғандай емес, сол бұрынғы төңкеріске дейінгі төл туындыларынан тамыр алып жатқанын, оның көнеден келе жатқан эпос­тық мәдениетпен тікелей байланысты ерекшелігін танып, білу арқылы ғана толық танитымызды сөз етеді. Өткенсіз бүгінгінің болмайтыны секілді осыған дейінгі қалыптасу, даму заңдылықтары, өсу жолы болмай биік өнерге қол жеткізудің мүмкін еместігін ескерсек, М.Әуезовтің Жамбыл жайлы жазылған еңбектерінің бәрінде: «Өнердің өзін бағалағаның шын болса, төркінінің тегін алдымен таны», – деген дана сөзі басты ғылыми негізге, ұстанымға алынған. Өнердің өміршеңдігі атадан балаға жетер асыл сөзде екендігін талай ғұламалар да, Мұхтар Әуезов те айтқан.
ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбылдың шығармаларының орыс тіліне аударылуына да себепші М.Әуезов болған екен. М.Әуезов аудармада Жамбылдың «өңі өзгеріп», жаңғырып, «жаңарып» кетпеуін, оның образдық жүйесі, ұлттық өрнек бояуы, өлең құру ерекшелігі қаз қалпында сақталуын қатты қадалаған. Ол «Жымбыл сегіз қырлы, бір сырлы суреткер. Оның толып жатқан ертегі, эпиграмма, памфлет, мақал-мәтел, нақыл сөздері бар. Міне, солардың бәрін мұқият жинақтап, солардың бәрін де аудару қажет. Тек сонда ғана Жамбылдың нағыз жезтаңдай жыршы, халықтық сөз зергері ретіндегі алып тұлғасын анық анықтауға болады» деген . 
Жыр алыбының ұлт руханиятына қосқан қомақты үлесі жөнінде: «Жамбыл ақындығының бұл қасиеті де теңеп айтқыштық сипатымен ақынның кейінгі ұлы жырларына ерекше зор көркемдік қосқан. Естен кетпестей әсем айшық бітіріп отырған. Айтыста кейде мысқыл әжуаға келгенде, аузына шапшаң оралатын тапқыр теңеулер, бергі, ескек, терең жырларында ұлы адамның кемеңгер дана бейнесін сүйсіне жыр­лағанда да, нелер көрікті теңеулер туғызады. Теңеулері ұзақ толғап кеткен жырының өзінде де тауды, теңізді, күнді, айды, барша әлемді лезде кездіріп шығады. Ешбір ақын айтып көрмегендей сөз маржандарын, маржандары емес, меруерттерін тез тізеді. Осында, әрі ауызша шапшаң айтып, әрі ұзақ төкпе жыр қып ең жауапты тақырыпты оңай айтып отырған Жамбылды көреміз. Ерекше шабыты мен дарыны бар алып ақын бұрынғы ақпа ақыннан, айтыс ақындығынан ала келген, төселген шеберлігін көсілте сермеп отыр» деп тағы да дала дауылпазының дүлдүл ақын екенін дүние жүзіне таныта, әсіресе қазақтың көнеден келе жатқан небір көркем сөздерінің меруеттерін пайдалануда алдына жан салмайтын жүйріктігін ешкім дау айтпайтындай ғылыми тұрғыдан дәлелдей отырып мойындата білген. Бұл жетістіктің бәрі ақынның халықтың асыл сөзін тапқырлықпен, асқан шеберлікпен пайдаланып, шабыт алып отырғанын, қазақтың ежелгі сөз құнарына осылай қанық болмаса бүгінгідей кемеңгерлікке жете алмайтынын табанды талдап, үлкен жүректілікпен жазбаса жұртты сендіріп, мойындата алмасы мәлім. Сондықтан Жамбыл секілді дүлдүл ақынның тек социализм кезінде аспаннан түсе қалғандай даңққа ие болып, ғайыптан тумағанын, оның кеңестік кезеңге дейін де дүркіреп даңқы шығып, жыр дариясының жұлдызы атанғанын, оның жырлағаны «көсемдердің көрегендігі» ғана емес, бүкіл халықтың ұзақ жылдар зарығып жеткен, талай батыр ұлдарымыз құрбан болған жеңістер екендігін, көзбен көріп, көңілге түйгендерін келешекке жеткізбей, жырламай қарт ақын қалай отыра алады деген даулы сауалдарға ұлтымыздың ар-абыройы атанған ұлы тұлға Мұхтар Әуезов өз биігінен сауатты жауап берген. Міне, Әуезовтің әйгілі баяндамасындағы басты нысана, айтар ойы да, ұғар ұрпаққа ұлағаты да, осы.

Гүлзия Пірәлі, 
филология ғылымының докторы, 
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және 
өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның 
бас ғылыми қызметкері

 

1436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы