• Әдебиет
  • 28 Наурыз, 2024

Қасіретті кезеңнің хикметтері

Бердібек Соқпақбаев деген кезде, ең алдымен, ойымызға алдымен сарт етіп түсе қалатыны – «Менің атым – Қожа» повесі. Оған себеп болатын фактор екеу. Біріншіден, осы туынды жарқ етіп шыққан дәуірде қазақ прозасында нақ сонымен теңдесе кететін балалар туындысы тым аз еді. Жас оқырман арасында ғана емес, әдебиет сыншыларының да назарына ілігіп, бірден-ақ танымал болғаны сондықтан. Екіншіден, аталған повестің желісімен түсірілген аттас көркем фильмнің әсері. Оның режиссері Абдолла Қарсақбаев шығарманың әдеби негізі мен экрандық дүниенің арасын байланыстыра алатын көркемдік кілтін шеберлікпен тауып кеткен. Қазір жас оқырман Қожаны осы фильм арқылы жете таниды.

Осы арада айта кететін жағдай – Б.Соқ­пақбаевтың басқа туындыларының ішінде көркемдігі одан еш кем емес басқа повестерінің де бар екені.
Бердекең көзі тірісінде-ақ қазақ балалар прозасының көш басында тұрған қаламгер болатын. Ол сонау Кеңес дәуірінің кезеңі еді. Осы уақыттың ішінде қазақ балалар прозасы тоқтап қалған жоқ. Қаншама жақсы шығармалар жазылды. Басқасын айтпағанда, өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында жыл сайын жарияланып тұрған жабық бәйге ортамызға талай туындыларды алып келді емес пе? 
Соған қарамастан, қазақ балаларының арасында Бердібек Соқпақбаевтай кең танылған жазушы сирек болды. Тіліндегі ойнақылық, езу жиғызбас юмор, кейіпкерінің ұшқыр қиялшылдығы, тапқырлығы мен тентектігі, ең бастысы, автордың да, кейіпкердің де адамға деген шексіз махаббаты сияқты факторлар – Б.Соқпақбаев шығармашылығының ең ұнасымды сипаттары. Қай туындысын алып қарасақ та, қызықты сюжетімен, психологиялық иірімдерімен үнемі еліктіріп, қашан аяғына жеткеніңше бас көтертпейді. 
Оның тұңғыш кітабы «Бұлақ» атты өлеңдер жинағы қазақтың майдангер ақыны Әбу Сәрсенбаев директорлық еткен «Оқу құралдар» баспасынан 1950 жылы жеке кітап болып шығыпты. 
Бұдан кейінгі «Он алты жасар чемпион», «Алыстағы ауылда», «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Аяжан», «Қайдасың, Гауһар» повес­тері мен «Өлгендер қайтып келмейді» романы т.б. шығармалары өмірге келді. 
Балалық, жастық шағы қиындыққа толы, қайғылы да мұңды кезеңдері көп кездессе де, Бердекеңді шығармашылық қадамын бірден сәтті бастаған жазушы деп айтуға болады. 
Жазушының балалар мен жасөспі­рім­дерге арналған әңгіме, повесть, роман кітаптарының жалпы саны жиыр­мадан асады. Олардың ішінде «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Аяжан», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді повесть-романдары кезінде КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тіліне аударылған. Кейбір шығармалары сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 
Мінезі қарапайым, өзімен-өзі жүретін томаға-тұйық жазушы көзі тірісінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасынан өзге мемлекеттік марапаттау көрмепті, былайша айтқанда, бойындағы биік дарыны мемлекет тарапынан жете бағаланбай қалыпты.
Жазушының әшекейлі мөлдір тілі, сюжет пен тартыс құрудағы, мінез сомдаудағы стильдік ерекшеліктері шығармадан-шығармаға шыңдалып, шымырлана түсіп отырды. «Алыстағы ауылда», «Менің атым – Қожа», «Қайдасың, Гауһар» повестерінің әрқайсысы кезінде қазақ балалар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен, тақырыптық сонылық, идеялық көркемдік жаңалық әкелген айтулы шығармалар еді. Кеңес әдебиетіндегі жағымды кейіпкер жеңіп, жағымсыз кейіпкер жеңіліп жататын жаттанды идеологиялық схеманы алғаш бұзғандардың бірі де біздің Бердекең. 
Бір назар аударатын нәрсе – балаларға арнап жазып, балалар жазушысы атанғанымен, оның әңгіме-повестерін ересектер де сүйіп оқитын. Осының өзі-ақ – Б.Соқпақбаевтың қалың оқырманның махаббатына бөленген халықтық қаламгер екенінің дәлелі. 
Жазушының «Балалық шаққа сая­хат» повесі жас оқырманға арналып жазылғанымен, оның бойында оқырманның барлық санатының көңіліне қонатын көркемдік нышан баршылық. Отызыншы жылдарда етек алған жаппай ашаршылық – Кеңес дәуірінде бұл тыйым салынған жабық тақырып болатын. Бұл кезең қазақ ауылын отырықшыландару, байдың мал-мүлкін тәркілеу, колхоздастыру және осындай саяси-экономикалық асыра сілтеудің салдарынан орын алған нәубет жылдары екені белгілі. Кеңес әдебиетінде бұл тақырып сексенінші жылдардың ортасына дейін айтылмай келді. Соған қарамастан, Б.Соқпақбаев өзінің балалық шағына ойша саяхат жасай отырып, қазақ халқының басына ауыртпашылық әкелген отызыншы жылдар оқиғаларынан хабардар ететін штрихтарды жіңішкелеп енгізіп отырған. 
Жаңа өмір, социализм орнатамыз деген жалаң ұранмен қазақ ауылының ашаршылыққа, күйсіздікке ұшырағанын жазушы нақты өмір детальдары арқылы қисынды жеткізген. 
«Таңертең сабаққа барар кезде шешем маған бір кружка сұйқылтым арпа көже ысытып береді. Күні бойғы қорегім сол ғана. Мектептен қайтқанда аштықтан көзім қарауытып, бұралып, үйге зорға жетемін...
... Бір күні оқудан тағы да ішім-ішіме қабысып, әрең келдім. Ауырып жатқан шешеме өлімсірей қарадым. Шешем үнсіз. Пәлен жерде мен үшін сақталып қойылған бір уыс бидай барын айтпады. Үйде ауызға салар түк қалмағанын бірден білдім. 
Бұл – бірінші кездесіп отырған жағдай емес». Осы үзіндідегі эпизод отызыншы жылдардағы ашаршылық жайлаған ауыл адамының ауыр тұрмысынан хабар береді. Кеңес дәуіріндегі бұл шетін тақырыпты атақты деген қаламгерлердің өзі аттап өтіп жатқанда, Б.Соқпақбаев тайынбастан, қазақ тарихының ащы шындығын сездіріп өтуге тәуекел етіпті. Өзі бастан кешкен қатыгез кезең арқылы оқушының көз алдына отызыншы жылдардағы қазақ ауылының жанды суретін әкеледі. 
Тағы да «Балалық шақ повесіне» үңілейік:
«– Енді аз жылда социализм орнайды, – дейді Сағатбай. – Колхозда жақсы-жақсы үй салынады, киім, тамақ көп болады. Социализмнен кейін коммунизм орнайды. Нағыз рақат өмір, міне, сол. Тамақ та, киім де, дүние-мүліктің бәрі де тегін болады. 
– Дүкенде сатушы болмай ма? 
– Болмайды. 
Менің көз алдыма есігі айқара ашық тұрған, сатушы жоқ дүкен елестейді. Жұрт шұбап кіріп жатыр, керек деген нәрсесін құшақ-құшақ алып жатыр. Жоқшылықтан көз ашпай келе жатқан мен байғұсқа коммунизм өте-мөте ұнайды. Орнаса – тезірек орнаса екен деп арман етем. Коммунизм орнаған күні дүкенге бірінші болып барар едім. Бастан-аяқ түгел жаңа киім алам. Еркімше тойып жеймін. Ешкім алма, жеме демейді. Өйткені коммунизм». 
Бұл тек Бердібектің ғана емес, балалық шағы сол бір дәуірмен тұспа-тұс келген, тіпті бертіңгі кезеңдегі бірнеше буын өкілдерінің де ой-арманы болғаны сөзсіз. Қаншама ұрпақтың осылайша коммунизм елесімен өмір сүріп, құрғақ сөзге балаша алданып келгенін жазушы бір-ақ детальмен жеткізген.
«Балалық шаққа саяхат» повесінің жас кейіпкері – кішкентайынан қиындық атаулымен айқас үстінде шыңдалған, заманның тарлығына қарамастан, әділет үшін күресе білетін қайсар да адал жан. 
Жазушының қай шығармасында да негізгі персонажды айтпағанда, екінші қатарда аталып өтетін жанама кейіпкерлердің өзі оқырман есінде қалатын деңгейде. Оқиғаның дамуына қарай бірі көбірек, бірі азырақ көрінгенімен, әрқайсысы бір-бір көркемдік жүк арқалап тұрады. Сондықтан, кейбір жазушылардың шығармаларындағыдай, Б.Соқпақбаевта көркемдік міндет атқармай, бос жүрген басы артық кейіпкер кездеспейді. Бір ғана «Балалық шаққа саяхаттың» ішінде оннан аса кейіпкердің көркемдік жүк арқаламайтыны жоқ. 
 Осы шығармадағы бас кейіпкердің әкесі мен шешесі, ағалары, інісі – әрқайсысы өз қалпымен еш боямасыз, әсірелеусіз, өмірде қандай болса, сол күйімен кітап бетіне табиғи қалпын бұзбастан көше салған. «...Мен әкеме риза едім... жасы бұл кезде отызды орталап қалған. Соған қарамастан, жүріс-тұрысы қарт адамдікі тәрізді. Ырғалып-жырғалып, ол қозғалып болғанша, өмір керуені біраз жерге барып та үлгереді...»
«Неге екенін қайдам, әкемнің тонында түйме дейтін нәрсе болмайтын. Киеді де, тонның екі өңірін айқастырып, беліне май жағудан қап-қара болған жіңішке қайыс белбеу буынады. Қатты тартып буынған белбеудің әсерінен етегі делдиіп қалады. Әкемнің аласалау жалпақ денесі сол кезде одан бетер аласарып кеткендей болады... Дәл арқасына белбеуден өткізіп, балта қыстырады. Үйде ер болмағандықтан, әкем қызыл өгізге ыңыршақ ерттейді. Тартпа орнында құр жіп. Үзеңгінің біреуі ағаш, біреуі темір...»
Міне, шымшыма әзілмен айтылған осы жолдардағы кейіпкер портреті тасқа қашалып жазылғандай айқын. Б.Соқпақбаев шығармашылығының бір артықшылығы да осындай орынды айтылған таусылмас юморында. Ол өмір шындығын бала кейіпкердің көзімен жеткізуге шебер. Өз басым «Балалық шаққа саяхат» пен «Өлгендер қайтып келмейді» романын жазушының басты шығармалары деп қабылдаймын.
«Балалық шаққа саяхат» повесінің желісімен көркем фильм де түсірілген болатын. Бірақ ол «Менің атым Қожа» картинасындай беделге ие бола алған жоқ.
Б.Соқпақбаев қаламынан Қожа, Сұлтан, Жанар, Жантас («Менің атым  –Қожа»), Еркін, Ғалия («Өлгендер қайтып келмейді»), Бердібек, Сағатбай мұғалім, Жылқыбай, Қадиша («Балалық шаққа саяхат»), Аяжан, Нұрдәулет, Ораз («Аяжан»), Гауһар («Қайдасың, Гауһар») жән басқа да көптеген кейіпкерлер өзіндік мінез-құлығымен бірін-бірі толықтырып тұрады. 
Жазушының повестеріндегі Қожа, Еркін, Жәнібек, Бердібек тәрізді жеткіншектердің қай-қайсысы да қиялы өте ұшқыр, өмірге деген құштарлығынан, сенімінен, оптимизмнен айырылмайтын, алдынан кездескен қиындықтарды моральдық тұрғыда жеңе білетін табанды да қайсар жандар. Олар бастан кешкен қандай қысталаң, бұралаң сәттерде де мойымайды, таяқ жеп, қысастық көріп жүрсе де, налымайды. Басты мақсаты да әділеттік үшін күресу. 
Жекелеген кемшіліктеріне, шалыс басқан қателіктеріне қарамастан, бұндай кейіпкерлерді оқырманның жақсы көріп кететін себебі неде екен? Соқпақбаев туындыларының оқырманды еріксіз баулап алуының сыры жазушылық шеберлігінде жатыр. Сол шеберліктің сырына әлі де тереңдеп үңіле түсуіміз керек. 
Бір кезде сыншылар «Өлгендер қайтып келмейді» романының негізгі мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы ерлікті, лапылдаған патриотизмді, көзге түсер ерен еңбекті жазу деп түсіндіріп жүрді. Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, шығарманың астарлы қырлары да бар. Жазушының алдыңғы қатарға шығаратыны – өзі суреттеп отырған дәуірдегі өмір шындығын көріп-білгенін, ел тұрмысын, тіршілігін, қым-қуыт өмір бұралаңдарын еш қоспасыз, бірауыз жалған сөз кірістірмей, көркем түрде әңгімелеу. 
Кейіпкерлердің осы жүдеу тірлігінің ішінде қайғы-қасірет те, қуаныш-реніш те, опасыздық пен адалдық та, еңбек те, аш-жалаңаштық та – бәрі сыйып жатыр. Ерлік жасаймын деп қарадай жанталасып жүрген де ешкім жоқ. Барымды майданға жіберіп жатырмын деп көкірегін соққандар да көрінбейді. Майданға азаматтарын аттандырған ел барын солардың артынан жіберіп, үлкен демей, кіші демей тіршілік қамында. 
«Балалардың оқуды тас­тағанына, ең алдымен, колхоз қуанады. Бір бала оқу тастаса, колхозға бір жұмыскер қосылғаны. Екі бала тастаса, екі жұмыс­кер қосылғаны. Бригадир маған екі ат, бір арбаны қуана-қуана берді», – дейді кейіпкер. Балаң жігіт Еркін көкірегін қағып, дау­рықпай-ақ, осылайша, тұрмыс­тың қысымымен колхоз жұмысына араласады. Онан әрі жалғасып жататын кейіпкердің еркінен тыс күрделі өмір жолдары. 
Б.Соқпақбаевтың жас кейіпкерлері – өздеріне маза бермейтін тынымсыз жандар. Істері оңалып, ілгерілеп келе жатқанда, кенет аяқ астынан шыңырауға да құлдырап кетеді. Азамат болып, қатарға қосылу олар үшін оңайға түспейді. «Балалық шаққа саяхаттағы» Бердібектің (бастапқы нұсқасында Бектас), «Өлгендер қайтып келмейдідегі» Еркіннің, «Менің атым – Қожадағы» Қожаның ылғи жаңсақ басып, небір пәле-жалаға ұшырап жүретінін еске алайық. 
Мысалы, ауылындағы дөкір бас­тықпен айқасу барысында Еркін әділдікке жете алмайды. Есесіне, одан әрі қуғынға ұшырайды. Соның теріс көзқарасының салдарынан ФЗО-ға барып, одан қашамын деп түрмеге де түседі. Аштықты да, жалаңаштықты да, қайыршылықты да көреді. Бірақ сағы сынбайды, тек алға ұмтылады; адам болуды ойлайды, адал болуды, басын кессе де, шыншыл болуды мұрат тұтады. Ержетіп, институт бітіріп, мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүрген уақытында да әділдікке жете алмай, сүрінетін жерлері бар. 
 «Өлгендер қайтып келмейді» романын жастық шағын соғыс өрті шарпыған, әкесіз, ағасыз өскен ұрпақтың өсіп-жетілуінің, саналы азамат санатына қосылуының көркем шежіресі деуге де болады. Алыстағы ауылда туып-өскен қазақтың қара домалақ баласының бір басын тауға да, тасқа да соғып жүріп, күреспен өткен жастық кезеңі тағылымға толы. Жазушы бір кейіпкердің тағдыры арқылы сол кезеңдегі замандастардың типтік бейнесін жасаған. 
Халқымыздың басынан өткен небір зобалаңдар – қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйеніші, қысы мен жазы, тоқшылығы мен жоқшылығы – бәрі-бәрі қаз-қалпында көз алдымыздан өтеді. Жазушы қаламы сол өмірдің қас қағым сәтін қалт жібермей, ащысын ащыдай, тәттісін тәттідей дәл береді. Тарихи-әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда да «Өлгендер қайтып келмейді» романы мен «Балалық шаққа саяхат» повесі –көркемдік-эстетикалық межені жеткілікті игере алған классикалық туындылар. 
Біз бүгінде туғанына 100 жыл толып отырған жазушымызды осы жағынан да жоғары бағалау керегін ұрпақ санасына сіңіре жүрсек дегім келеді. 

Нұрдәулет Ақыш, 
М.Әуезов атындағы Әдебиет және 
өнер институтының бас ғылыми
қызметкері, жазушы

1258 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы