• Әдебиет
  • 02 Тамыз, 2012

Арманды ақ бесікке тербеткенбіз...

Ұлы мақсат, арым бірге Теңдік алған, Ерлігі арман. Ұлы қазақ баласының, Сақ, ғұн, тұран даласының. Мақтанышы, Ар-намысы, Нұрлы Астана – сырлы Астана. Ерке Есілдің жағасында, Бойын тіктеп, Ойын діттеп, Ерлік жасап талай сында. Жетістікпен, Арман қылған, Күллі әлемді таңғалдырған. Астанада тумасам да, Тұрғыны оның болмасам да. Астанаммен – бас қаламмен Ұлы мақсат, арым бірге. Ұлы арманым, жаным бірге, Тілім, дінім, үнім бірге. Түнде жұлдыз, Айым бірге, Таңмен күндіз Күнім бірге. Елбасыммен – Астанаммен, Елдік ұран асқақ әндер. Сүйген елін, ұлтын, салтын, Туындысы ол Нұрсұлтанның. Асқақтатқан Алатауды, Сарыарқаны, Қаратауды... Жасалып сан жедел шешім, Биіктеткен ел еңсесін. Еселетіп тірлігімді, Ұйыстырып бірлігімді. Күдіктерді бекер еткен, Сенімдерді бекемдеткен. Тұрмасам да Астанада, Ақ ордалы бас қалада. Елбасыммен – Астанаммен, Мақсатым мен арым бірге. Арманым мен жаным бірге, Тілім, дінім, үнім бірге. Түнде жұлдыз, Айым бірге, Таңмен күндіз Күнім бірге. Бірге мәңгі Астанаммен, Елдік ұран асқақ әндер! Көзі болып жаңалықтың, Сөзі болып даналықтың. Ғарышқа да жеткен үні, Алыбындай бар алыптың. Ордасындай күллі бақтың, Бейбітшілік, ынтымақтың. Астана екен ұлы шаһар, Абатындай жасыл бақтың. Көргенімде оны ғажап, Өлмес жырдың шамын жақтым. Тұрмасам да Астанада, Ақ ордалы, бас қалада. Елбасыммен – Астанаммен, Ұлы мақсат, арым бірге. Ұлы арманым, жаным бірге. Түнде жұлдыз, Айым бірге Таңмен күндіз Күнім бірге Бірге мәңгі Астанаммен Елдік ұран-асқақ әндер! Қазақстан Қазақстан – ар, Отаным, туған жерім-мекенім, Білгізбеген жоқшылықтың, мұң-қайғының не екенін. Өз орны бар мына әлемде тұғырлы да тұрақты, Өмір сүріп достастықпен түсірмеген беделін. Дәулеті сай тұрмысына, бақытына жетерлік, Елі де бай, жері де бай қызығарлық шетелдік. Несібесін толық етіп, артық етіп басқадан, Жаратқандай ойын да озық, ісін де артық шебер ғып. Ұраны оның: бейбітшілік, түсіністік, сыйластық, Ағайындық, бауырмалдық, жамандыққа қимастық. Ұлы адамзат баласы үшін тек жақсылық тілері Жақсылықтың бар түріне келмеу қайшы-қиғаштық. Ар мен ұят, бірлестік пен ынтымақтың қоғамы, Болған елдің ел алдында беделі де жоғары. Сондай ел ғой сыйы бөлек бағы жанған бағалы, Салтыменен, халқыменен ұлттық дәстүр – мол әні. Сондықтан да ол әділдіктің, адалдықтың Отаны, Тазалық пен ар-ұяттың байқалатын талабы. Одан артық бар ма сыйың мұндай елге бағалы, Бұлар барда қай елдің де ерте бағы жанады. Жаса, жаса, Қазақстан, еркін дамып, қарыштап, Залалы көп жамандықтың бәрінен де қашықтап. Жаса мәңгі Қазақстан, үлгі болып бар елге Бейбіт өмір аманатын ұрпақтарға табыстап. Асылбек Саттаров Жамбыл облысы Сарысу ауданы

***

Қазақ елі Ұлылықтың көздері, Келмес жалаң санменен, Қазағымның ел-жері, Қорғалды көп қанменен! Ұлы халық сан емес, От намысты сапада. Түбін жеңбес жау-егес, «Күйдірсе» де қапада! Алмас қылыш, найзалы, Ерлер жаумен шайқасты. Тау-батырлар айбарлы, Бет қаратпай айқасты. Байтақ – мекен ел-жұрты, Бір емес, сан қырылды. Жер – жаулардың көз-құрты, Қақпаны сан құрылды. Мал тұяғы мыңғырған, Өткерген ел кезді де. Жау жұтылды қаңғырған, Жоя алған жоқ «езгі де»! Аз ба еді қазақта Ер боп туған бабалар. Басын тікті азатқа, Қанша батыр даналар. Тамыры кең бәйтерек, – Қазақ елі аталы. Шаңырағы тұр ерек, Өркен жайған баталы. Ата-қоныс ежелден, Бар ма айтар уәжің?! Бастау алған көнеден, (Қадап айту ләзім). Демеушісі Алласы, Және баба рухы. Қасиетті даласы, Салтанатты ғұрпы. Тәлімгерлік бар ұйтқы, Құранменен ұштасқан. Пайда болған тарихы, Түп қойнаумен тұтасқан. Тілі көркем шұрайлы, Жүрек тербер әуенді. «Өмір – дастан» құрайды, Аңыз-ертек әуелгі. Аң-құсқа бай өр-шыңдар, «Аққу қонған сазына»! Шетсіз-шалқар төрі бар, Жері толған қазына. Ұлылықтың жүйесі, Ұлағат пен сенімде, – Жібермейтін киесі, Адалдық бар елімде. Туын қолдан бермеген, Отан үшін өрлеген. Жолдарынан бабаның, Таймас ұлан көрем мен. Жер шарының сан ұлты, Мекен тепкен жерімде. Мейір-шапақ, бар құты, Менің туған елімде. Қазақ елі осындай, Ұлылықтың бесігі. Айтар ұрпақ тосылмай, Ұраны – Алаш есімі! Жырың – мұра... (Тұманбай Молдағалиевқа) Мәңгі есте сақтайды халқың Сізді, Жырың – мұра мәуедей алтын күзгі. Көкейіне еліңнің ұлағат боп, Ұялаған мейірбан бейнең ізгі. Әр таңыңды өлеңмен тосып алып, Таң мінезін талайға қосып алып. Биігіне Музаның шыққансың сен, Өнегенің өрелі жолын салып. Халқым деген жалындап ойың сара, Өлеңіңнен от өрдің топты жара. Жаңғырығып жырларың болашақта, Тұманбайы қазақтың тұрар дара! Уақыт пен тіршілік Күтсең – бейне тым ұзақ, Ал асықсаң – тым қысқа. Уақыт солай танылмақ, Күй жеңетін әр тұста. Салып бәрін «қалыпқа», Уақыт зырыл қағады. «Кеңістік» деген алыпта, Тіршілік өзен ағады. Тіршіліксіз өмір жоқ, Өмір деген – уақыт. (Екеуіне «қожа» боп, Өмір сүру бір бақыт). Тындыруға үлгеріп, Асығасың әр іске. Бітпес тірлік күнде еріп, Салсаң да сан әдіске. Уақыт пен тіршілік Тынымыңа көнбейді. Қабаттаса бір жүріп, «Кеңістікті өңдейді». Уақыттың тезімен, Өзгереді замана, Тіршіліктің көзімен, Өркен жая жаңара! Күлімхан Жұмабаева АЛМАТЫ

***

Ағаларым Еліктеп өздеріңе ержеткенбіз, Арманды ақ бесікте тербеткенбіз. Жеңге боп жарасып тұр бүгін сізге, Кеше мен хат тасыған бойжеткен қыз. Ағаларым қамқоршы асылдарым, Жеңгелерім жайнаған жасыл бағым. Сендер барда кеудемде тасып әнім, Сендер барда ешкімге бас ұрмадым. Сендер барда қаймықпадым ешкімнен, Қадіріңді кешіріңдер кеш білсем. Жағам жайлау алаң болмай көңілде, Өздеріңе арқа сүйеп өстім мен. Сендер барда балалығым қалмаған, Өздеріңсіз кең әлем де тар маған. Қуат беріп демеген соң қолтықтан, Қанаттанып биіктерге самғағам. Сендер барда өзімді зор сезіндім, Сырын ұқтым таусылмайтын төзімнің. Қиналғанда өздеріңді есіме ап, Жан жайланып тынышталып көз ілдім. Таудай болсын талабың Тәй-тәй басқан қадамың құтты болсын Шұғылам, Сен арқылы өмірдің тәттілігін ұғынам. Денің сау боп балапан бақытыңа жол тартшы, Сақтай көрсін жасаған тіл мен көздің сұғынан. Әрбір тәтті қылығың сүйсіндіріп жанымды, Қуанышқа бөлейді күлкің атқан таңымды. Ешкімге де ұқсамас балбыраған нұр жүзің, Жүрегіме нәр беріп қыздырады қанымды. Құтты болсын, Шұғыла, ең алғашқы қадамың, Тұсауыңды кескізіп түзу жолға саламын. Тәй-тәй басып балапан ұлы өмірге аттадың, Сүрінбе сен ешқашан таудай болсын талабың. Жалынан сипап жүйріктің... Тұлпардың дулы дүбірін сыйлап далама, Бабалар сөзін сіңіріп берік санаға. Ғасырлар асып жоғалмай жеткен бүгінге, Сейістік өнер дарыған ба екен балама. Тебіреніп кеттім жүйрікті көріп зулаған Атойлап жүрек кеудеге сыймай тулаған. Пенде жоқ шығар суырылып озса тұлпары, Көңілі көл боп, жанарын жаспен жумаған. Сейістік өнер қалған дейді үлкен атаңнан, Әкең де талай додаға түсіп бата алған. Талабың өрлеп жеткізсін Алла мұратқа, Сен қосқан жүйрік қалмасын әсте қатардан. Ниет қып сенде бабалар ісін жалғадың, Орындалсын сол қол созған асыл арманың. Әр жарыс сайын тұлпарлар бағы таласқан, Түсінерсің деп білем жауапкершіліктің салмағын. Жақсы ісіңді шын пейілменен құптадым, Демедім әсте жүлдені ұттың, ұтпадың. Ақ ниетпенен төгілген терің өтелсін, Бір Алла қолдап жеңістің кәусар жұт дәмін. Тілеймін балам өрелі болсын биігің, Сындарда қиын түспесін әсте иінің. Жалынан сипап жанын ұғын да жүйріктің, Құлағын келтір домбыра – жүрек күйінің.

Рахима Файзекеқызы Алматы облысы Қарасай ауданы

***

Аралым – алтын бесігім І Ауыл, ауыл! Алты Алаштың кұты едің, Құтым қайта қонар күнді күтемін. Қабағыма сіңсін дедім аптабың, Табаныма кірсін дедім тікенің... Сонан менің жаздай жарқын қабағым, Таймады түк тайғақ жолда табаным. Ауыл – алтын бесігі Алты Алаштың, бесігіңді түзе, бүгін, қарағым. Мамыр желі манауратқан майса бел, Төрт түлігін төскейінде жайса жер.... Бұлтқа күнің тығылмады бұйығып, Жұтқа жүнің жығылмады, қайсар ел! Бір сағыныш, Нұр сағыныш со күнім, Аңсатып жүр жантағың мен шөгірің.... Дәулетті екен сеніменен көңілім, Сәулетті екен өзіңменен өмірім. Ауыл аман болса – ел аман болғаны, Қасыма құт, басыма бақ қонғаны, Кім ауылдың сөндірсе отын соқыр боп, Кім бүлдірсе, Сынсын соның қолдары! ІІ ...Сен деп білем, Дарқандықты, Кеңдікті. Серілікті, Салқамдықты, Елдікті. Менің осал болуға түк жоқ қақым, Бұл далада Ел тұрғанда ең құтты. Сен деп білем, Батырлықты, Ерлікті. Мамыражай тыныштықты, Теңдікті Биіктерге беттеп келем, бойлап мен, Сен арқылы өтетұғын ендікті. Сенсің Елдің іркілмеген тілегі, Сенсің Жердің бүлкілдеген жүрегі. Сенің отың мәңгі бақи маздаса, Менің атым асқақтайды үнемі... Сен деп білем, Махаббатым, Сезімді. Шаңқай түсті, шапағатты кезімді. Алар сәтте демімді де ақырғы, «Ау...ыл...ым» деп аяқтармын сөзімді.... ІІІ ...Аман ба, «Құмар» құла дүз?! Аман ба, ата қонысым?! Азамат болдық мына біз, Алдыңда көп қой борышым. Алдымда дарқан далам кең, Аралап сонау көк белді, Сағынып келем «Саман» мен, «Ақбике»... «Аяқөткелді»... Жарысып қырдың желімен, Жүйткиді жүдеу балалық. Келеді «Майтұз» төрінен, Құс табан кезім оралып... IV Білу керек, қадірінді, қаліңді! Ұғу керек, дауылыңды, қарыңды.... Көрем тентек мінезімдей, көшеңде, бұрқыраған құйыныңды...маңыңды... Ұқсастық бар, тұстастық бар бір өзге, екеуіміз де кенде емеспіз мінезге... Ақыныңды сынаққа сал, аяма, арынды ма, дарынды ма, біл, ез бе?! Ұлыңда бар керемет күй бір өзге... Кеңдігіңді, елдігіңді өңге елден, Өле-өлгенше мен ешкімнен кем көрмен, тең болсын деп мына жасыл жайлаумен, кең болсын деп ұлан-асыр жер берген... V ...Сен көтердің тау көтермес салмақты, төзген қабат, безбенге сап бар-жоқты. Қара нардай Қағанатсың қазаққа, Бабалардай Аманатсың ардақты. Ережеңді Төзім деген ел көрген, Керегеңді безілдеген жел керген... Ұлы теңіз ұзаса да іргеңнен, Қашып қоныс аудармадық бұл жерден. Аз көрмедің, жақсы менен жаманды. Аз көрмедің, бақсы менен наданды. Сондықтан да суға салса батпайтын, Саған ұқсап болам перзент табанды. VI ...Ауырғанда, желеп-жебеп түске ендің. Сағынғанда, қиялымды үш бөлдің... Күй қонғанда көңіліме шаттанып, қиналғанда, мен өзіңсіз не істермін?! босағаңнан Бақ пен Дәулет бірге енсін, Тойың бүгін, Ойың-қырың түрленсін. батпан дауға қалдырмаған жақсысын, шапқан жауға алдырмаған іргемсің... VII Бір өзіңнен басталады жер шегі, алып тау да, асқаралы, еңселі. Сенсің мәңгі жалын жырдың өзегі, Сенсің сәнді сайын қырдың бөлшегі. Сахараның кіндігісің, мекенім. Сен болмасаң, ел болмаса нетемін?! Татар дәмім таусылғанда, бір уыс топырағыңды көрге бірге ап кетемін... Басқа бақыт тілемеймін, мекенім, төрің емес, жетіп жатыр етегің... Ай-күніңді, Ой-қырыңды дүниеде, Мәңгібақи жырға қосып өтемін. VIII Айтар ем бір, ауыл деген тәтті мұң... Мәртебең бұл – Меймандостық мәрттігің. Адамының намысы – дүр, ары – нұр. Алабының қамысы – гүл, дәрі бір... Жекжат шыққан, танысқанда адамы. Бекзаттықтан ар-намысы жоғары. Кеңескенде, кезек берсең кішік дер. Емес кенде ешуақыт пысыққа ел. Терісі кең, тау жығардай екпіні. Ел ішінен таптым талай тектіні.... Асқазаным ауырғанда «сайранмен». Бас жазамын ақырған у айранмен ... Толыбай Абылаев, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Қызылорда облысы Арал қаласы

*** БАЛАЛЫҚ ШАҚ Көз алдымда — Балалық шақ – елік-күн, Елесі тұр баяғы бір желіктің. Ойын қуып жүрген сонау жас кезде, Жатқанын еш байқамаппыз кеміп күн... Таңғы шықтай мөлдір, тұнық сезімді, Балалық-ай, аңсаймын сол кезімді. Не деріңді білмей кейде қаласың, Жас балалар «шал» дегенде өзіңді. Біз де ерке бала болып өскенбіз, Жатыр сайда ұшып-қонып көшкен із. Көргеніміз – ауыл, үйдің тәртібі, Дей алмаймын үлкен алдын кескенбіз. Қапелімде түскен жоқпыз көктен біз, Ұстаздардың алдынан көп өткенбіз. Өзге емес, өзімізге сенгеннен, Болған де емес ешкімге құр өкпеміз. Өзіме тән өршіл сенім, күшпенен, Жас келсе де мойымай еш тістенем. Бала кезден қалған жалғыз белгі – осы, Жақсылығы шығар бәлкім, істеген?! Балалық шақ – ертегідей нұр шағым, Шертті көңіл сонау кезден сыр шағын. Өмірімнің айнасындай жарқ етіп, Көз алдымда көлбеңдейді бір сағым! Бір сағым... ЖАҢҒЫРЫҚ Күзетшісі жын болса Құдай үйі тоналар, Ұры-қары сұм болса халық қайтіп оңалар? Жолы сұйық, қолы арам – жемқор жатса көбейіп, Мына қоғам бүлініп, берекесі жоғалар. Жан азығы – иманға, ар-ұжданға тапшылық, Қайбір міскін пендеге әкеледі жақсылық? Аласапыран бір дүние – ақша, мансап соңында, Жүгіріп жүр біреулер кететіндей жан шығып. Мейірім, қайыр, шапағат – қайда сол бір асыл ән?! Жан көбейді көкірек мейманасы тасыған. Қоямын деп халықтан жоғары өзін жүрген көп, Қара басы қамы үшін қу байлыққа бас ұрған. Қайбір дүние орнына келіп жатыр, байқарсың Көзбен көріп, көңілмен соның бәрін айтарсың. Сенің дауысың жетер ме, жетпейді ме, кім білген, Тауға барып тасты жаңғырт, түк бітірмей қайтарсың. ҚОС БҰРЫМ Қыз ғұмыры – әсемдіктің әлемі, Қыз бұрымы – көзге ыстық, әдемі. Осында ғой арулардың ай жүзді, Ерке мінез қылығы мен әдебі?! Қыз дегенің – құпиялы сырлы шың, Толқындатып ойнатады бұрымын. Қазағымның қолаң шашты қыздары, Сақтай берсін әсемдіктің тұнығын! Қыз ғұмыры – жылулықтың шырағы, Қыз бұрымы – сұлулықтың шынары. Қолаң шашты сұлу қыздар жайында, Ақындардың сарқылмайды жыр-әні! Қос өзендей ағып жатқан бұлқынып, Қос бұрымда көп қасиет тұр тұнып. Құлпыра бер, ару қыздар аяулы, Көктемдегі қызғалдақтай құлпырып! ҮМІТ КӨКТЕМІ Кешігіп жеттің, көктем-нұр, Жүр едім жазбай көптен жыр. Жүрегім мынау дүрсілдеп, Іздейді жер мен көктен сыр. Жадырай жайнап, күліп күн, Бойымды менің жылыттың. Кешегі қысқы дүрмектің, Қақаған аязын ұмыттым. Бөлек-ау жөні көктемнің, Жеті қат жерді жібіткен. Үстіне шығып көк белдің, Қарайсың алға үмітпен. Қалыппыз тіпті сағынып, Құстардың ұшқан тізбегін. Көктем-ай, дүрия – ақ үміт, Жастығымды сенен іздедім. Ибрагим Бекмаханов ҚАРАҒАНДЫ

3900 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6116

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5665

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3406

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2787

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2751

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2726

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2458

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2444

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы