• Әдебиет
  • 16 Тамыз, 2012

Мір ШАЙЫР. Ен байлығым – ойымның тереңінде

 Туған жер Беу, менің ардақ мекенім, Өмірлік сапарларымнан, Мәңгілігіме жетерім. Әр бұлақ, әрбір тасыңды, Кәрі менен жасыңды, Киелі тұтып өтерім! Келемін ғұмыр кешіп мен, Жаралған сенен жүректе. Маңғыстауымдай айбарлы, Махаббатымды көтеріп! Жерлерді өскен ойға алам: Сам бойын шүйгін айнала, Тасастау, Қайнар, Айрықты, Доңызтау, Желтау, Саркөлді Қара орман малды қалың ел Әнебір жылдар жайлаған! Суырған қыннан семсердей Жігерімді ашулы Сенің келіп, туған жер, Шатқалдарыңа қайрағам! Елім деп өткен еңіреп Кемеңгер бабаларымның Оқыдым ізін сайраған! Талқысын тартып өмірдің, Келеді төніп небір күн! Дүркіреп тұр дәурені Алаяқ пен жебірдің! Берген асқа бүгінгі Әккілер менен жырынды Қарнауы толған көпшілік Оданы сөйлеп мастанып, Әсіреқызыл бүлінді! Талауға түскен дүниеде Әркімдер қожа боп кеткен Несібесін ұрпақ көргенде Теңселдім де бүгілдім! Жұмбағын ойлап жалғанның Тасыңа басым сүйедім, Қара жердей ғұмырлым! Семсерім жүзі өтпеген, Білектің күші жетпеген, Шыңыраудайын таусылған Төзім дегенің, әттеген! Алдамшы-түлкі күндердің Алдынан орап көкжалдай, Ел-жұртты еге қылудың Амалын тапсақ деп келем!!! Жалақы (Бір қаржыгерге) Төндірмек боп төбемнен қара түнді, Неменеге бұлдадың жалақымды?! Алаулаған кеудемде жүрегім бар, Жалақысыз жаққанмын мен отымды! Қызғаныштан тұз бен мұз жалап, ішің Тарылмасын, көрсетпе дара пішін. Дүниеде үлкен бір арманым бар, Өмір сүріп жүргем жоқ жалақы үшін. Баянды іске мен құштар жаратылдым, Күн батырып табыспен, таң атырдым. Маған Құдай мол берген несібе қып Жалақыдан мың қымбат қара ақылды. Ен байлығым – ойымның тереңінде, Аламын да жұмсаймын – керегінде. Көкірегіне шам жақсам сендейлердің Деген оймен өмірде келемін мен. Қайыр қылсаң, сауабы тиет деген, Талай жанды қолтықтан сүйеп келем. Ырыс деген – періште, өзі қонар, Қызмет қылсаң елге адал ниетпенен. Адамның да алтыны, күмісі бар Морт мінезді шойыны, мырышы бар, Адамның да алтыны, күмісі бар. Шар болаттың шайқаста мыңы сынар, Алмасы бар адамның, құрышы бар! Ауыр мінез – әуелден жолдасы шын, Адамның да болады қорғасыны. Қарабайыр, еңбекқор темір де бар, Дүниенің дей көрме ол жасығы. Қара судай қайнатар алау-демім Пенделердің болады әлеумені. Қола мен мыс, шипалы жезді ұмытпа, Көп қасиет бұларда бар-ау, тегі. Платина адамдар – олар да бар, Пайғамбарлар болса олар, болар, болар. Қара түнді қақ тілген нажағайдай Нұрын шашып тұрады Ғаламға олар. Дей алам ба бәрінің дарасымын? – Өзім қайсысы екенмін дәл осының? Білем, тегін жан емен, Барлығының Саф құймасы шығармын мен, асылы. Көлеңке Күнмен бірге тұрып едім мен ерте, Алқам-салқам соңыма ерді көлеңке. Аялдамаларға қарай жүгіріп, Тұрдық бір сәт жарнамаға үңіліп. Базарға да бірге ілесіп қалбаңдап, Кәуап асап тұрды ол да жалмаңдап. Таңғажайыптарға толы жан-жағым – Бірге өзіммен жүрді ол қарап таң қалып. Өткен күнді еске алған боп толғанып, Жан досыма елпеңдесті ол-дағы. Біреулермен айқайластым, айтыстым, Көрсең еді сонда түрін байғұстың. Сүйетіндей мені өртене өзегі, Менсіз күні жоқ қой, соны сезеді. Сезеді де елпеңдейді соңымнан, Айналшықтап оңымнан да солымнан. Сөйтіп жүріп еріп кетті ол талтүсте Бәз біреуге күн сәулесі мол түскен. *** Толмайды көңілім өткенге, Өткенге, қолым жеткенге. Қапысыз болып озалдан Жаралған болсам, әттең, мен! Жанымды тасқа жанып ап, Кітап пен қалам қолыма ап, Жалаң аяқ жүгіріп, Қуып ем өмір соңынан! Жылдарым зулап бос әуре, Өткен жоқ текке десем де, Ойға алған істің көбін мен Бітірмеген екем де… Біріне уақыт жетпеді, Тыныштық бірде көкседім. Өткізіп алдым ал бірде Жанымның жасыл көктемін! Жетер ме әлі көктемдер? Сабағын алып өткеннің. Кезеңім, саған келеді, Қарыздарымды өткергім. Жазбаймын жырды – сене бер, Атақ үшін керемет. Даңқ деген де бір – дақпырт, Дақпыртың маған не керек?! Жазамын жырды От өрген Талабын таудай көтерген, Өмірді қуған жандарға Пайдасы тиер ме екен деп. Өмір, сенде есем бар!.. Өмір деген ғажабым – Тартыстың қара базары! Есем кетіп, Кештім мен Өкініштердің азабын! Қанталапай базарда Білім алдым аз-аздап. Күнелтес қудым! – Жеңдірмей Сараң тағдыр сазарған! Байымады білімім! Толықпады білігім! Өзегімді өрт қылды Бейнетқор жұрт ілімі! Нарыққа қалдық жалманып! Ол-дағы кетті барды алып! Ең байлықтан ада боп, Ұрпақ отыр қарманып! Ей, Өмір, саған не дейін, Есем бар қалай демейін! Қамкөңіл мына елімнің Өсірсек деп ек мерейін! Талайын көрген тозақтың, Басыңда тұр ғой азат күн! Зейнетің үшін бейнет қыл Қара баласы Қазақтың! Дала кеші Қырлардан қоңыр салқын самал есіп, Беткейде көлеңкелер барады өсіп. Төңірек қоюланып, Үнсіз ғана Маңайға төнеді жай дала кеші. Жүзіне шулан бұлттың арай кіріп, Ішінен тамашалап қарайды жұрт. Толған Ай толықсып бір көтерілді, Аспанның қақ төріне шарайна іліп. Астына ап болат тұяқ жаңбырының, Алыста тентек үйір салды бүлік. Қою шаң баяу ғана қалқып барып, Ауада құс жолындай қалды ілініп. Шалдардың ақсақалды сөзіне ерен Осындай бір кештерде кезіге гөр! Алқақотан ортада отыр жыршы, Сыр толғап арғы-бергі шежіреден. Көңілдің серпе керіп керегесін, Тыңдайды бала да оны, бала емесі. Баба жұрттың сан ғасыр тарихы боп, Маңайға төнеді үнсіз дала кеші. Кеш Күн батты жер бетіне көп қарайлай, Көкжиек алтынменен аптағандай. Шүйке бұлт Күн соңынан үңіледі, Күйбеңдеген кемпірдей от жаға алмай. Жұмбағы жетерліктей бір басына – Жұлдыз-қыз жымыңдасқан сырласына. Қияда жіңішкеріп жаңа Ай туды Қылыштайын шанышқан қыр басына. Қымтанып мамық қара көрпелерін, Маңайға баяу жылжып түн төнеді. Бозбала-жел жасқанып іркіледі, Құрбы-гүлді мықыннан түрте беріп... Крепдишен көйлекті қыр үстінің, Тұр қазір сүттей ұйып тыныштығы. Қара жерден еседі аптап болып, Талтүсте сіңіп қалған күн ыстығы. Шығыстан атқанынша таң білініп, Дала ойлауға кірісті бар ғұмырын. Талып-талып алыстан естіледі, Күндізгі шулы өмірдің жаңғырығы. Таң суреті Алаулатып аспанның таңғы алабын, Көтерілді қызыл күн доңғалағы. Керуендей түн аса жаудан қашқан Бұлт жөңкиді қанатын қанға малып! Жалғыз жұлдыз көкжиек өтіндегі Қоламтада жалғыз шоқ секілді еді. Күнбатысқа алмас Ай барады ағып, Қып-қызыл боп секпілі бетіндегі. Түні бойы тарқамай бар құмары, Таңғы дала керіліп, алқынады. Құзар шыңдар қияда тұр желбегей, Бір-бір қызыл орамал тартып алып! Қызыл арай қуалап сай, бөктерді, Бозторғайлар әуеде сайрап берді. Бәйшешектің ибалы инабаты, Қып-қызыл боп жүзінде ойнап берді. Көшкен бұлттар... Құзар шың... Берен жазық... Күй толғайды табиғат терең, нәзік. Қызыл жота үстінде Ақын отыр, Қызыл дәптер бетіне өлең жазып! Күйіну Бар азабын жалғаннан шексем деймін, От-жалыннан аяусыз өтсем деймін. Мен-ақ жаман болайын, ей, пенделер, Шығасы боп араңнан кетсем деймін. Бойым толы ыза бар өлшенбейтін, Күйінемін дәрменсіз көрсем кейпің. Жан баласы баспаған тауларды асып, Өлігімді көрсетпей өлсем деймін. Қайтем енді, Дертімді қара мына: Ақ ниетім тапталды табаныңа. Сендер үшін шарқ ұрсам, Аш бөрідей Талап жүрсің жармасып балағыма! Қуанышпен жарқырап жүрсең деп ем, Жүздеріңнен күншуақ көрсем деп ем – Дүниеге ашсам деп көздеріңді, Несібемнен айырып берсем де мен! Сөйтсем, өзім екен ғой дұшпандарың?! Кеудем һарам екен ғой құшқан жалын?! Аңғал басым, Қолына қондырам деп Алауыз пенделердің ұшқан бағын... Қолтаңба Гөзәлім – Айжан, Саз-әнім – Айжан. Нәресте-нәркес Жанарың, Айжан! Әлемнің керік Көп сұлуларының Ішіндегі ең Ғажабы – Айжан! Желтоқсанда да Күлімдеп тұр-әй, Шуағын төгіп Назарың, Айжан! Күнелтіс жайлы Алуан ойдан, Қазақ қызының Әр күні – майдан! Тырмысып жүріп, Қағасың жайнаң. Сені өстіп қойған Қазағым, қайран! Ай-Күндерім-ай, Сүйіктілерім, Мейірімін нұрдың, Үйіп тіледім! Пайғамбарлар мен Әулиелерден де Армандарың асыл, Биік, білемін! Аласапыран, Білесің бе, Айжан, Көңілім менің, Күресіп ойран! Марғаулау жұртым Көркейер қашан, Марғаулығымен Тіресіп, Айжан?! Аяулым, Айжан, Қаяулым, Айжан! Ұлтымның ешбір Қалғымайтұғын Ояу күні – Айжан! Ояу күні – Айжан!!! Ақын досқа Қайтесің сол сәл нәрсеге қамығып, Не өкпелеп, не жабығып, тарылып?! Бола қойсын, қалап тұрса көңілі, Бізден басқа ақындардың бәрі ұлы. Бола берсін керемет те өздері, Жылп-жылп етіп мәмпәсидей сөздері. Қайсысына баян болар дейсің бұл, Тұрған заман мың құбылып өзгеріп?! Кеуде керіп, төсін соғып өңмендеп, Өршеленіп жүргендерге «Мен! Мен!» деп. Дей салғайсың, сұрап тұрса қиылып: «Әнтексің ғой, құбылыссың сен, сен!» – деп. Күні бүгін керек емес дертті өлең! Өтімді ғой өтпелі елге тәтті өлең! Күні – ертеңде Туған жырдың аңырап Кеуделерде запыран мен өрт жеген. Көңілім Басылдың ба, Көңілім, Қор болдың ба, Қыраным?! Су сепкендей – Сенімің, Сор болды ма тұрағың?! Тайталасқан, таласқан, Құм болды ма Жігерің?! Бұл басыңа қара аспан, Төнді ме кеп түнеріп?! Еріншек пен ездерді, Сүйрей-сүйрей ілгері. Әл біткенін сезгелі, Қалды ма құр сүлдерің?! Жетпегендер – жетсін деп, Көрмегендер – көрсін деп. Тентек едің тепсінген, Енді қара жерсің бе?! Нұр құйсам деп жүгірген, Соқыр пенде, Өзіңнің. Пиғылдардан түңілген, Шұқыды ма көзіңді?! Келді ме деп күткен күн, Дұшпан күліп табалап. Жылбысқы қол жылжып кеп, Жармасты ма жағаңа?! …Сонда да сен сөнбедің, Қайсар Көңілім жалынды! Жалт ойната сермедің, Қылыш – қанаттарыңды! Екпініңмен салалап, Құз-шатқалдар шайқаған. Меңіреу ой-санаға, Майдан аштың қайтадан! Елеуреген Көңілім, Байлығым да Серігім! Көмейі отты Көрігім, Жалаулаған Өмірім! Хан Тәңірі* шыңынан, Асқары асу Арманым! Адай-дохы* шыңынан, Адуынды Аруағым! Байтақ Көңілім данышпан, Сенсіз тірлік – жат маған. Ойым жеткен алысқа – Қолым жетпей – тоқтама! *Хан Тәңірі – Алатаудағы биіктігі 6995 метр шың. * Адай-дохы (Адай-хох) Солтүстік Осетиядағы (Үлкен Кавказ) биіктігі 4408 метр шың.

3164 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5803

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5475

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3213

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2599

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2560

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2538

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2272

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2254

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы