• Әдебиет
  • 16 Тамыз, 2012

«Ай сауалына» жеткен жедел жауаптар

1. «Ономастика туралы» Заң қабылдана ма? 2. «Шығыс» неліктен «оңтүстікті» басып озды? 3. Тіл шаруасын қолға алатын құзырлы комиссия керек пе?

1. ҰБТ-мен үрейлендіргеннен не ұтамыз? 2. Биылғы ҰБТ қорытындысы білім саласының шынайы деңгейін көрсетіп отыр ма? 3. Бірінші сыныпқа барған балаға ағылшын тілін оқытқан дұрыс па? 

«Ай сауалына»  жеткен жедел жауаптар:

Алмат (Алматы), талапкер: – Неге жоғары оқу орнына түскен грант иелерінің тізімін қарап отырып, әдеттегідей әділетсіздікті көзім көрді. Неге бір мамандыққа тапсырған орыс және қазақ балаларының жинаған балдарында үлкен алшақтық бар. Кез келген факультетті алсаңыз да орыс бөліміне грантқа аз балмен өткен. Ал қазақ тобына түскен балалардың жинаған балдары әжептәуір жоғары. Сонда қалай? ҰБТ-дан кім ұтты?

Әмина апа (Орал қаласы), зейнеткер: – «Ономастика туралы» Заң дереу қабылданбаса әбден миымыз ашып кетті ғой, айналайындар. Кезінде біздің облыстағы қазақ драма театры алғаш ашылған тұста сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев оған қазақтың атақты актрисасы, өз өңіріміздің перзенті Хадиша Бөкееваның атын беру туралы бас­тама көтерген. Алайда ол аяқсыз қалды. Естуімізше, сондағы айтқандары – тірі адамның есімін (ол кезде Хадиша апамыздың көзі тірі болатын) беруге болмайды, өмірден өткеннен кейін де бес жыл күту керек екен. Содан бері театрымыз ешкім атын иеленген жоқ. Қызығы сол, кеше Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Өскеменде салынғалы жатқан спорт кешеніне Лондон олимпиадасының жүлдегері Ольга Рыпакованың атын беретінін естідік. Сонда қалай өзі? Осы мәселелерді «Оно­мастикалық заң» реттеуі керек емес пе? Жайна (Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы), мұғалім: – Өз басым министр Б.Жұмағұловтың алдағы уақытта бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылады дегенін естіп қуанып қалдым. Меніңше, оған жата кеп тулаудың қажеті жоқ. Баламыз бірнеше тілді еркін меңгеріп шықса несі жаман? Кезінде өзім шет тілін білмегенім үшін талай опық жегенім есімнен кетпейді. Қазір балам қазақ тілі мен орыс тіліне судай. Өкініштісі сол, мектепте ағылшын пәніне дұрыс ден қойылмағандықтан оны ақылы түрде қосымша курсқа барып үйренуіне тура келді. Ай сайын 56 мың теңге төледі. Бірақ 4 айда ағылшынша сайрап шыға келді. Қазір бір шетелдік компанияда қызмет етеді. Айлығы әжептәуір. Ізбасар (Жамбыл облысы, Меркі ауданы), зейнеткер: – «Тіл шаруасын қолға алатын құзырлы комиссия керек пе?» деген сауалдарыңа үзілді-кесілді жоқ дегім келеді. Қазақта «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз бар. Тілге жауапты құзырлы органдар бар. Тіл комитеті, Тілдерді дамыту басқармалары, т.б. Сондықтан бұл бастамаларыңды жылы жауып қоя салғандарың дұрыс. Байжігіт (Шымкент), көлік жүргізуші: – «Шығыстың» «оңтүстікті» басып озғалы» қашан... Оңтүстік өңір әліпбидің соңғы әріптерінің бірі Х-ті меншіктегелі осы өңір­дің көліктері алыстан «менмұндалайтын» болды. «Икс? Техассың ба? Южанмын де...» деп басталатын келекелеу, төменсіту дегенді өзім жүргізуші болғаннан кейін жиі естимін. Байқаймын, алдағы автокөліктерді нөмірлеуде де жарымайтын сияқтымыз ғой...

1. Бірінші қыркүйекте балаңыз бен немереңізді  қазақ мектебіне беруге не кедергі?

Еліміздегі 8 мыңнан астам мек­тептің ұжымы жас бүлдіршіндерді қабылдау қамында. Оның ішінде қазағы да, орысы да, араласы да бар. Анау бір Шона ағалар аттандаған кездегі әр мектептен бес-бестен, он-оннан қазақ сыныптарының ашылу үрдісі тоқталмай, жыл сайын жалғасын таба бергенде одан бергі 10-11 жылдың өзінде-ақ бар қазақ баласы қазақша тәрбие-білім алып, қазақ болып шыға келер еді. Өзгеде өшіміз де, есеміз де жоқ, тек аз қазақ өзге тілде шүлдірлемесе болғаны. Өкінішке қарай, қашанда жақсы ісіміздің аяғы сұйылып жатады, «әрі тарт, бері тартпен» әлі алысып келеміз. Баласы мен немересін қазақ мектебіне беруге ешкім де, ешнәрсе де кедергі емес! Заман өзгерді, мүмкіндік молайды. Бар кінә тек өзімізде, аға һәм ата буынның ана тілінің қасиетінен қорықпауында, заманға күйлеп, өзгеге иленуінде. Болашағын Қазақстанмен бағамдайтын өзге ұлт өкілдері бауыр етін қазақша балабақшаға, қазақ сыныптарына сүйреп жүргенде өз ағайынымызға айтар сөз де түгесілді. Міне, «ай сауалы» емес, адами сауал, жалпыұлттық алаштық сауал осы болса керек. Оны тек «Ана тілі» емес, барша отандық БАҚ жалаулатса нетті?! Ұлты мен нәсіліне, діні мен тіліне қарамай барша қазақстандық (әрине, алдымен қазақтар) бүгін де, ертең де осы сұраққа жауап іздеп өтпек... Сондықтан сұрақ біреу: «Бірінші қыркүйекте балаңызды немесе немереңізді қазақ мектебіне беруге не кедергі?»

2. «Қазақша оқулықтар сапасыз» деп үркіту кімге пайдалы?

Сұрақтан сұрақ туады. Оның бір тармағы – «Қазақ мектептеріндегі білім сапасы анағұрлым төмен» деген қауесет болса, оған сүйеу мен тіреу ретінде «Қазақша оқулықтар түкке жарамайды» деген жалған тұжырым жасалады. Тілін орысша сындырған, қазақша қара танымайтын ата-анаға бала-шағасының оқу-сызуын қадағалау, күнделігін тексеру, ақыл-кеңес беру оңай шаруа емес. Бауырыңнан өрген балапаныңды бау­лыма деуге болар ма?! Оның үстіне күнделікті БАҚ екі күннің бірінде оқулық авторлары мен оны шығарған баспалардың өнімдерін іске алғысыз етіп жатса. Сондағы жазатындары не: әріп қателері, сөз қолданысы, стильдік орашолақтар... Қауесет дегеннен шығады, кешегі ҰБТ-да журналистер тест сұрақтарында небір өрескел сауалдар болды деп еді, министр нақты мысал келтірулерін талап етті. Ешкім де құлағынан сүйреп, бір сауалды көрсетіп, «Мынау не деген масқара?» дей алмады, баяғы сол «анау айтқан, мынау айтқан» болып қала берді. Сонда дейміз-ау, жазғыш ағайындардың, жоқты-барды дабыралап сынағыштардың мақсаты не? Сонау 1911 жылы Ахаң – А.Байтұрсынұлы шығарған «Оқу кітабын» (Әліппесін), басқа да Алаш зиялылары жазған араб қаріпті алғашқы пән оқулықтарын, одан соңғы латынша кітаптарды қолға ұстап көрген жайымыз бар. Жалпы мектеп оқулықтары әрбір онжылдықтарда жаңарып, жаңғырып тұрады. Оқулық авторы ешқашан бірдеңе ойлап тауып, ғылыми жаңалық ашпайды. Әлемнің барлық елінде, түрлі-түрлі тілде оқулықтар ескілі-жаңалы болып шығып жатады. Көктен түскен кітаптай қазақ үшін деген айырым оқулық болуы мүмкін емес. Бар болғаны сол мол қазынадан бар жақсыны теріп ал да, өзіңе икемде. Шәкіртке бағдаршам, ұстазға қолқанат болса болғаны. Әрине, көпке түсінікті, тілі жатық болуы шарт. Егер осындай талаптарға сай болмаса, әр бетінде «Америка ашып жатса», әріп қателері өріп жүрсе – оған тіліміздің қандай қатысы бар?! Жауапты адам жауабын берсін, кінәлі жазасын тартсын. Сол себепті де алдағы уақытта қандай да бір қазақ оқулығын сынағымыз келсе, аттандап атақ шығармай, қайта заң жолымен ана тілімізге келтірген моральдық нұқсаны үшін кінәлілерден айыппұл өндірген дұрыс. Әйтпесе, ғасырлық тарихы бар қазақ оқулығының басынан қиқу кетпейді. Оның кесірі қырқылған қанатын қалпына келтіре алмай жатқан қазақ мектептеріне тиеді.

3. Оралманға жоғары оқу орнының есігі осы жабылғаны жабылған ба?

Бұл жолғы әңгіме біреуден естіген ұзынқұлақ емес, көз көрген келеңсіз жағдай болды. Қытайдың маңдайалды университеттерін бітіріп келген бакалавр, магистрант қаракөз бауырлар енді бақтарын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сынамақ. Құжат қабылдау комиссиясындағы бес-он адамның айтқан талаптарын толық орындап, ақшаларын кассаға төлеп, құжаттарын әупірімдеп өткізгендерге араға бірер күн салып, телефон шалыпты: «Құжаттарыңызды қайтарып алыңыздар» деп. Шырылдаған ағайындардың шаруасымен университетке біз де бардық. Бәріне жауапты проректорды тауып алып жолықтық. Ол да өзінің пұшайман болып отырғанын алға тартты. Жоғарыдан келетін қаулы-нұсқауда бұрын магистратура мен докторан­тура түсушілерге қатысты «Қазақ диаспорасы өкілдерінен өзге шетел азаматтары құжат тапсыра алмайды» деген айырым болады екен. Биылғы нұсқауда ол жоқ. Заңгер­леріміз алашапқын болды. Жоғарыға қайта қайырылып, анықтадық. Ешбір шетелдік азаматтың құжаты қабылданбайды. Қабылдан­ғандарының бәрі заңсыз, құжат та, кассаға өткен төлем де қайтарылып беріледі... Енді біз де пұшайман болдық. Басымыз салбырап келе жатсақ, PhD болмақ философ Арай деген бауырым: «Сіздерде ресми бір құжатты жарға іліп қою деген жоқ екен. 15 күн сандалғанда он адамнан он түрлі түсінік алдық» деп қалды. Мен де үнсіз қалдым. Үміт артып барған проректор құрдасым да көз жасын көл қылғанымен, бір бет құжат (қаулы, нұсқау) көрсетпеген еді...

Ғарифолла ӘНЕС, филология ғылымдарының докторы

Жоғарыдағы ай сауалдарына қатысты ортаға салар ойыңыз болса, хат жазыңыз, хабар күтеміз. Біздің электронды мекенжайымыз: anes_gk @mail.ru, anatili_gazeti @mail.ru, aiser-1987@mail.ru

2833 рет

көрсетілді

33

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6886

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6050

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3790

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3177

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3137

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3111

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2839

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2825

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы