• Әдебиет
  • 23 Тамыз, 2012

Жарқамыс

Қазақтың кең даласында киелі жерлер аз емес. Солардың бірі шалғай жатқан Ақтөбе облысындағы – Жарқамыс. Ол аймаққа, о тәубе, Бекет атаның батасы дарыған. Оған өткен өмір дәлел. Мысалы, кезінде қазақты жаппай орыс тіліне шоқындырып, егер ол тілді үйренбесең, бір үзім нанға қол жетпейтіндей күй туғызылды. Одан қалса, орысқол Кеңес үкіметі ата-бабадан мұра боп қалған жердің, судың абзал аттарын өздеріне сай жаппай өзгерте бастады. Соған қарамай, ол жерде Ана тілі бүгінгі күнге дейін ешкімнің алдында әлі бас иген емес.  Сенбесеңіз құлақ түріңіз: Жем (ауылда «Эмба» деген сөзді қазақ құлақ қабылдамайды), Оймауыт, Сам, Доңызтау (ең әрі кеткен өгейлеуі – Қарауылкелді) – мінеки, мынадай қазақи иіс-демі бұрқырап тұрған абзал аттарға қалай құлағыңның құрышы қанбайды? Әсіресе, көңіл көншитін игілікті іс, кезінде ауданға берген рудың аты – Табын! Кеңес өкіметі нағыз күшінде кезде жүрексінбей ауданға қойылған ат. Артынан ол (қазіргідей Байғанин болғанға дейін) Тасаудан деп те аталды. Бірақ ғұмырында Ильичевский немесе Сталин ауданы болған емес. Осыдан кейін «Тәрбие тілден басталады» дегенге қалай сенбейсің. Ана тілі мерейі үстем болған жерде Бекет атаның жолынан тайып кету мүмкін емес. Айтайық, кезінде киелі Семейдің жері атом полигонына айналды. Жері де, терісі де кең қазақ оған барынша шыдады. Империя баскесерлеріне ол аймақ аз болғандай, атом бомбасын әкеп Жарқамыстың жанында жарды. Ал енді не болды? Сол апаттан кейін көп кешікпей Кеңес өкіметі өзінен-өзі құрып кетті... Айтып отырмын ғой, о жерде бомба жармақ түгіл, тіпті о жаққа қарай тас лақтыруға болмайды. Неге десең, ол құдіретті топырақтан жаратылған екі жанның біреуі – я ақын, я жазушы. Ана тілінің тайқазаны тасып тұрған жерде басқаша болу мүмкін емес. Өлең-жыры арнасынан асқан өзендей, алшын иіс ақындардың көш керуенін бастаған Нұрпейіс Байғанин бүкіл ұлтымыздың мақтанышы емес пе? Әрі ақын, әрі сазгер Бәкір Тәжібаев­ты қай қазақ білмейді? Дарынды жанның ақ моншақтай ән-жырларын жіпке тізбегеннің өзінде, «күндіз-түні бір тынбай, дала кезген шапқылап» деген «Ақбұлағымен» мәңгі есте қалады. Нағыз қазақтың қандай екенін білгің келсе, оған даланың жусанын иіскет, я болмаса, төбесінен сол даланың бозторғайын сайратып қой. Сол бозторғайдай бұ дүниеден жырлап өткен Сағи Жиенбаев та Оймауыттан. Кеше ғана дүниеден озған Өтежан Нұрғалиевтың тұла бойы өлеңге тұнып тұрған-ды. Шолақ белсенділер оның Құдай берген тік мінезін көтере алмайтын еді. Бірақ ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың «Өтежан – қазақтың Есенині» деген бата сөзінің өзі неге тұрады! Түнгі аспандағы Құсжолы жұл­дыз­дары сияқты, Жарқамыстан шыққан талантты ақын-жазушылар керуені әрі қарай шұбатыла түседі – Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұқамбетқалиев, Мәди Айымбетов, Есенбай Дүйсенбай, Сәбит Баймолдин... Бұл асыл жандарды білетін себебім былай: Кезінде жетімдік ноқтасы жетелеп, мен Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, Ойылдан Жарқамысқа, нағашыларыма барғанмын. Сонда Тобықпен танысып, онымен орта мектепте бірге оқыдық. Артынан достасып кеттік. Осы арада айтайын дегенім, мен сияқты шалақазаққа Жарқамыс – Ана тілінің академиясы болды, ал дос-жолдастарым сол академиядағы менің ұстаздарым болды. Өзара ойнап-күліп жүріп-ақ, Ана тілі арқылы жастар өмірдің қай саласында болмасын өнеге ала алатынын сонда білдім. Мысалы, «асар жасады» деген ұғымның түпкі мағынасын мен сол жерде (жұрт жұмыла жиналып, бір күннің ішінде шымнан үй салғанда) түсіндім. Ол асардың арты ойын-сауыққа айналып, біз сияқты бозбалаларды ұйымшылдыққа жетелеп, рухымызды көтеріп тастайтын еді. Соғыс алдында туылған балалардың көбі әкесінен айрылған жартылай жетім, ал мен болсам, тіпті тұқыл жетім болдым. Жетім жандардың ғұмыры неге аяулы болатынын мен өсе келе, осы өзара достық арқылы жетік түсіндім. Өйткені мұндай жағдай сол кездегі ел күллі жастарының басына түскен тағдыр. Ойлап қараңызшы, әрбір жетімсіреген жас жүректе ата-анаға деген, жаратылысыңнан тек соларға арналған мейір-сезім солайымен тұнып тұр... Бірақ, ол іс жүзінде шығарға жол таба алмайды, неге десең, сені аялап өсіріп жатқан әкең я шешең қасыңда жоқ. Тек қана айнала жолдастарың. Сосын әлгі мөп-мөлдір сезім қысыла-бастығырылып барып, бір сәтте көзін ашып жіберген бұлақтай жан-жағына ытқып атады ғой, әсіресе, ол дос-жолдастарыңа қарай лек-легімен, шіркін-ай, төгіледі емес пе! Жарқамыс қазір де мен үшін қа­зақ тілінің Қоянды базары, ол ба­зар­да қандай бұйымтайың болса да, сирек сөз­ді тауып аласың. Есімде, ба­ла кезімізде, бірде мен ересек адамдар­дың сөз саптауларына еліктеп,Тобық­қа «жағыңа жылан жұмырт­қа­лады ма?» деп едім, ол бір сөзбен менің бетімді қайтарып тастады – «Өш!» деп. Ішімнен сонда ойладым: «Апыр-ай, адам баласының мазасы сенен біреу ақылдырақ болса да кетеді екен ғой» деп. Содан кейін оқша атылатын қысқа сөздерден қорқатын болдым... Осылай әңгіменің орайы келіп тұрғанда, неге Тобық досым туралы бірер сөз айтпасқа. Жармағамбетов аз ғұмыр сүрсе де, қазақ әдебиетінің даңғыл жолында өзіне сай із қалдырған жан. Оның шығармашылығы туралы сыншылар кезінде жазды. Солардың ішінде төбені көкке жеткізетін Зейнолла Қабдоловтың «Отамалы» деген Тобықтың шығармасына берген зор бағасы – «бұл классика ғой» деп. Бұл сөзді мен өз құлағыммен есті­ген жоқпын, бірақ бір той-жиында Зекең­ді кездестіріп, ретін тауып одан сұра­дым: «Тобық туралы осылай айтқаныңыз рас па?» деп. Ол аяулы жан: «Рас» деді. Сосын мен құшағымды жайып едім, ол кісі қарсы болған жоқ. Құшақтастық. Осының өзі менің қалған өміріме жетіп жатыр... Қазірде, егде тартып, еңкейе бастаған шақта, менің өмірдегі табан тірегім, сүйенішім – Ана тілі деп айтар едім... Сондықтан айналайын Жар­қамыс! Сенің сыбызғы сыбысындай ат-есімің құлағыма шалынса, кәрі жүрегім осы күнге дейін елең ете қалады, елжірейді; сол жұдырықтай жүрегімнен шым-шым шыққан ләззат сезім бүкіл ішкі дүниемді алау­латып, тіпті тұлға-тәнімнің тоқсан тоғыз жүйке тамырын сыздаты-ы-ып барып өтеді. Мен Жарқамыста Ана тілінің уызын таттым, адал достық пен алаулаған махаббат таптым! Мен бақыттымын! Неге десең, бұ дүниеде ғұмыры тиын-тебен қуалап, сатылмас достық пен «ләйла-мәжнүн» сияқты махаббаттың иісін сезбей, біте кеуде, соқыр жүрек боп өмірден өтіп бара жатқан жора-жолдастарым да аз емес. Сәду Нұржау

4877 рет

көрсетілді

80

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6121

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5667

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3408

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2789

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2753

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2730

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2460

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2446

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы