• Әдебиет
  • 23 Тамыз, 2012

Генерал-губернатор өткізген жиын

Орыстың озбыр отаршылдық саясатына қарсы ең алғаш бас көтерген – иісі қазаққа белгілі тұлға Сырым Датұлы мен оның замандастары туралы жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы «Тар кезең» атты тарихи роман жазып бітірді. Біз осы шығармадан шағын үзінді ұсынып отырмыз.  Уфа және Сіңбір әкімшілік аймағының құрамына кіретін Орынбор уәлаятындағы оқыс уақиғаға байланысты, істің мән-жайын анықтауға арналған үлкен жиынға Ұлы мәртебелі патшайымның наместнигі, генерал-поручик Игельстром жан-жақтан барынша көп адам шақыртқан болатын.Бас-аяғы бір аптаның ішінде жиылып болған жұрт, дәл айтылған күні, белгіленген сағатта осы өлкені он алты жыл билеген баяғы құпия кеңесші Иван Иванович Неплюев марқұм салдырған Сарайда, сондағы губернатордың қабылханасында бас қосысты. Талқыланатын негізгі мәселе күні бұрын хабарланған: Таналық секілді мықты қамалдың оқыстан шабылуы турасындағы шатақ әңгіме еді... Алайда, жаңадан тағайындалған генерал-губернатор әңгімені шиеленістен бастамай, әуелгі сөзді «Қай жерден ши шығып кетер екен?!» деп іштен тынып отырған жұртпен жайма-шуақ танысудан бастады. Әуелі өзін, сонсоң өзімен бірге келген Уфа наместничествосының правителі генерал-майор Александр Александрович Пеутлингті, әскери дәрігер Авраам Мойсеевич Коганды, Уфадағы төменгі расправаның судьясы, коллегиялық асессор1/1 Меңдияр Бекчуринді таныс­тырып өткен соң, енді осы өлкедегі қызметтестері мен жиынға шақырылған бірер игі-жақсыларды да таныстырып шығуды сыпайы ғана, Орынбордың обер-комендантынан өтінген... Обер-комендант, һәм осы өлкедегі Шекара істері жөніндегі экспедицияның бастығы генерал-майор Яков Михайлович Зенбулатов та әуелі өзін, сонсоң өзіне жалғас отырған Шекара істері жөніндегі экспедицияның надворный советнигі Петр Микифорович Чучаловты, Орынбор кеденінің бастығы Петр Величконы, мұнан кейін таза әскери адамдар: полковник Дмитрий Гранкинді, Орынбор гарнизонының батальон командирлері, премьер-майорлар – Кульнев пен Петрашевичті; Орынбор корпусының обер-аудиторы Иван Фризель мен секунд-майор Иван Капустинді; осындағы православ шіркеуінің священнигі Кирил әкей мен мұсылман мешітінің бас имамы, ахун Мұхаметжан Хұсайыновты, Сейіт слободасынан келіп отырған әйгілі бай-саудагерлер Сейфолла Сәлеев пен Мірмукум Мірдебаевты, ең соңынан Жайық қалашығындағы казак әскерлері Уәйіске кеңсесінің бастығы, бригадир һәм әскери атаман Иван Иванович Акутин мен оның орынбасары, премьер-майор Даниил Дмитриевич Донсковты жағалай таныстырып шықты. – Іске байланысты арнайы шақыр­тылған адамдардың енді бірі – қырғыз-қайсақтардың ханы Его высокостепенство Нұралы Әбілхайырұлы еді. Бірақ ол кісі келе алмады, – деді сөзінің соңында. – Иә, неге «келе алмады» хан?! Қандай себеп айтады?! – деді генерал-губернатор шақыртылған әрбір адамды есепке алып отырғанын әдейі байқату үшін, жұрт назарын осыған аударып. – Анық-қанығын біле алмадық, айтқаны – «денсаулығым жарамай тұр!» – болыпты, Ваше высокопревосходительство! – Жарайды, оны тағы да анықтай жатармыз. Қане, басты мәселемізге көшелік... Таналық қамалының шабылуы­на байланысты тексеру комиссиясының қорытындысын баяндау үшін, сөз өзіңізге беріледі, обер-комендант мырза! – деді генерал-губернатор барынша байсалды да бейтарап үнмен. Жұрт аңырып, сілтідей тына қалды. Бұларды сілтідей тындырған – көптен күткен мына жиынның басталуы да, бірінші сөздің кімге берілгені де емес-ті; гәп – генерал-губернатордың іс қорытындысын баяндауды осыған тікелей жауап беретін кісінің өзіне тапсырғанында және... онымен қоймай, «...сөз өзіңізге беріледі, обер-комендант мырза!» деп, кінәлануға тиісті адамға тым артық сыпайыгершілік жасап жібергенінде-тұғын. Жұрттың жақтырмағанына онша мән бермеген кейіппен Зенбулатов орнынан баяу тұрды да, Шекара істері жөніндегі экспедиция кеңсесінде өздері алдын ала даярлаған қағазға еңсесін сала, қорытынды мәтінін ақырын оқи бастады... Зал жым-жырт. Баяндаушының бәсең де бірқалыпты үніне құлақ тосқан жұрт, ұшқан шыбынның ызыңы естілердей марғау тыныштық құшағында тербетіліп отыр. Қарап тұрсаңыз, мына жиын – төтен­ше оқиғаға байланысты шақырылған жиын емес, кәдуілгі көп басқосулардың бірі тәрізді: қамал шабылмағандай... Кісі өлімі болмағандай. Көп адам жат қолда жәсір боп кетпегендей... Әрі-беріден соң, ұзап бара жатқан осы бір бөстекі сөз жүйкесіне тие бастаған Уфа наместничествосының правителі Пеутлинг шыдай алмай, қайта-қайта генерал-губернатордың жүзіне қарағыштай берген. Ауа жайылып, албаты сөйлей беруге тыйым салар; мәселенің нақты мән-жайына оралуды талап етер деп еді. Бірақ барон былқ еткен жоқ. Жүзінен де еш өзгеріс байқалмады. Құдай-ау, әнеугүні тас қараңғы түн ішінде мұны шақыртып алып: «Масқара! Хас масқараның нағыз өзі ғой мынау, генерал Пеутлинг!!!» деп бұған ашына айғай салатын бастығы осы кісі ме, жоқ әлде басқа біреу ме?! – қазір соны тани алмай, аң-таң болып отыр... Жиынға қатысушылардың дені – әскери адамдар еді. Негізінен, орынборлықтар-тұғын. Сол орынборлық әскери әкімқаралар да жиынның мынадай тым жайбарақаттықпен өтіп жатқанына түсіне алмай, дағдарып отырған сықылды. Дағдармай да қайтсін, жоғарыдан келетін үлкен бастықтар (әсіресе, осындай төтенше оқиғалар тұсында келетін бастық атаулы), әдетте, Орынборға айдаһардай ысқырынып келетініне еттері үйреніп кеткен бұлар, қамал шабылып, қаншама адам өліп, қаншама адам жарақаттанып; оған қоса, байырғы әскери адам, әрі тәжірибелі басшы, қамал коменданты – майор Рештейнер мен казак станицасының белгілі атаманы Овчинников бастаған көп кісі жәсір боп кеткен соң, Орынбордың обер-коменданты, әрі Шекара істері жөніндегі экспедицияның бастығы генерал-майор Зенбулатовқа бүгін бір шойтым болатын-ақ шығар деп келген... Сөйтсе, дүние тып-тыныш... Тексеру қорытындысын обер-коменданттың өзі баяндап тұр. Генерал-губернатор тарапынан ешқандай зіл сезілмейді. Бұл неғылған кеңшілік?! Соны ұға алмай, әрі-сәрі күй кешіп отырыстары мынау... Ал, тақуа Кирил әкей, ахун Мұхаметжан Хұсайынов, уфалық башқұрт судья Меңдияр Бекчурин, іргедегі Сейіт слободасынан келген бай-саудагерлер Сейфолла Сәлеев пен Мірмукум Мірдебаев, кеденнің бастығы Петр Величколар болса, бұлар бейбіт кәсіп иелері ретінде, жаңадан тағайындалған генерал-губернатордың бұрынғы бастықтарға қарағанда мүлде басқа адам екендігіне, бұл бір... сабырлы да жұмсақ мінезді жан боп шыққанына шүкіршілік етіп, «Бәсе, ел ұстаған кісіде осындай да бір кеңдік болуы керек қой!» дегендей, оған ырзашылықпен, һәм сүйсініп, үміттене көз тігіп қалыпты. Бұл жерде еш нәрсеге мүлде селт етпеген, бейтарап екі адам ғана бар: олар – түу Жайық қалашығынан келіп отырған, сондағы Казак әскерлері Уәйіске кеңсесінің бастығы, бригадир Акутин мен оның орынбасары, премьер-майор Донсков қана. Егде тартып, енжарлық жеңген кісі – бригадир Акутин алыс жол қажытқандықтан, қашанғы дағдысымен астаудай ұзын басын сәл қисайта ұстаған күйі әңгіме тыңдағансып (ал, шындығында, ештеңеге де байыптап құлақ салмай), мүлгіп қана отырса; сырт кейпінің сергектігінен-ақ әрекет пен іс-қимылдың адамы екені байқалып тұрған Даниил Донсков Орал казактарының орынборлықтарды онша менсінбейтін ескі әдетімен керт басын кекшите ұстап, жиын басталғаннан-ақ: «Қолдарыңда соншама күш бола тұра, жаман қазақтардан қорлық көрсеңдер, обалдарың жоқ! Қайта сауап болған екен сендерге» деп, бұларды іштей табалап күліп отыр. ...Жым-жырт бөлмедегі бәсең де бірқалыпты үн ұзаққа созылған соң, біраздан кейін біркелкі ызыңға айналып, жұртты әлдилей бастағандай еді... Басқаларды былай қойғанда, жиынды басқарып отырған баронның өзі марғау тыныштық құшағында тербетіліп бара жатыр екен! Құдай оңдап, баяндаушының дауыс ырғағы кенет өзгергені. Сөйтсе: – Таналық қамалы тап болған қасіретті жайт – бір емес, бірнеше себептердің жиынтығынан туындаған! – деп, Зенбулатов сөзінің соңғы жағын шегелей бастаған екен. Құлағын тіге қалды. Жұрт та елеңдесіп, осы кезде ғана оған мұқият назар салған. Соны аңдаған обер-комендант та ойын барынша нақтылай түсті... – Бірін­ші­ден, бұрын-соңды мұндай шапқыншы­лық көрмеген қияндағы қамал тұрғын­­дары да, ондағы әскер басшылары да қамсыз отырған. Екіншіден, қырғыз-қайсақ­тар пикетте жүрген шолғыншы­ларды ұстап алып, көз-көрекі байлап әкетіп бара жатқандарын көргенде, оларды барымташылар тобы ғана деп қате­лескен қамалдағы әскер басшылары асығыстық жасап, арандап қалған. Үшіншіден, бүкіл шеп бойындағы біздің әскерлеріміздің (жазалау шараларына аттанғанда ғана болмаса, басқа уақытта шекараға таяу келген қырғыз-қайсақтарға қарсы жалаң қылышпен-ақ шабатын) жаман әдетімен, бұлар да жауды қууға шыққанда жеңіл зеңбіректерді ала шықпай, сорақы қателік жіберген... Ал, қырғыз-қайсақтар болса, бұл жолы шапқыншылыққа жан-жақты дайындықпен келгені анық байқалады. Біріншіден, олардың түу қияндағы Таналық қамалына қарай аттанғанын біздің шолғыншылар байқай алмай қалған. Екіншіден, олар қарақұрым қалың қол құрап, Таналық пен оның төңірегіндегі тұрақты да, тұрақсыз да әскерлерді2/1 қоса есептегенде, олардан сан жағынан төрт-бес есе басым болған. Бұл да ештеңе емес; ең қиыны да, қауіптісі де – ұрысқа қатынасқандардың айтуынша, оларда кемі төрт-бес жүз мерген мылтықшылар болған. Және бір сұмдық жері – қайдан үйренгенін, кім үйреткенін Құдай білсін, әйтеуір орыс мушкетерлерінің «қараколе» әдісін шетінен шебер меңгерген мергендер көрінеді. Талай ұрысты көрген тәжірибелі казактар: «Қырғыз-қайсақтардан мұндай сұмдықты күтпеген едік... Бізді баудай түсірген солар!» дегенде, сенбеске лажымыз қалмады. Әрине, бірқатар ұсақ-түйек детальдар әлі де болса анықтай түсуді, жете тексеруді талап етері сөзсіз. Алайда, істің ізі суымай тұрғанда анықталған басты-басты жайттардың ақиқаттығы дау туғызбаса керек. Өйткені, олардың көбі – ұрысқа тікелей өздері қатынасқан, жаралы болған – бірақ тірі қалған адамдардың аузынан жазып алынған деректер. Кейбір жерлерінде, мәселен, қырғыз-қайсақтардың пәлен есе көптігі немесе олардың қолындағы мылтықтың саны туралы мәліметтерде артық-кем тұстар болуы әбден мүмкін; алайда ұрыстың басталуы, барысы, аяқталуы жөніндегі жалпы картинаның тұтастығы, негізінен, оқиғаның осылай өткеніне еш күмән қалдырмай отыр. Мархамат! Қорытындыға комиссия мүшелері тегіс қол қойған... Құлақ қойып тыңдағандарыңызға рахмет! –Кімде қандай сұрақ бар? Көңіл­деріңізде қалған күмәнді жайттар болса, оған обер-комендант мырза жауап беруге әзір шығар деп ойлаймын! – деді генерал-губернатор бағанағы байсалды қалпынан танбастан. Жұрт баяндаманы бар ықыласымен тыңдағандай-ақ, енді соны талқылауға да белсене кірісетін адамдарша, жапа-тармағай орындықтарын сықырлатып, қозғалақтасып қалған. Қазір-ақ сұрақ қарша борап кетіп, өзіне кезек тимей қалатындай-ақ: – Сіздер ойланғанша, менің тек анықтап алғым келіп отырған бірер сауалым бар, мырзалар... Әзірше соны сұрауға мұрсат беріңіздер! – деді барон жұрттан ғафу өтінгендей. – Сонсоң жүзін әлгінде ғана «қорытындымен» таныстырған Шекара істері жөніндегі экспедицияның бастығы Зенбулатовқа бұрып, қатқылдау ресми үнмен сөйлеп кетті: – Обер-комендант мырза, егер мен қате естімесем, жаңа сіз бір сөзіңізде: «Бүкіл шеп бойындағы біздің әскерлеріміздің бір жаман әдеті бар... Жазалау шараларына әдейі аттанғанда ғана болмаса, басқа уақытта шекараға таяу келген қырғыз-қайсақтармен қақтығысқа жеңіл зеңбіректерсіз-ақ, жалаң қылышпен шаба береді» деген сықылдысыз. Біріншіден, бұл жаман әдет – қайдан шыққан әдет?! Кімнің тәртібі бойынша қалыптасқан әдет?! Жалпы, әскери тәртіпке «әдет» дегенді араластыруды қайдан шығарғансыңдар?! Екіншіден, «шекараға таяу келген қырғыз-қайсақтармен қақтығыс» деген сөз айттыңыз. Және оларға қарсы «... жеңіл зеңбіректерсіз-ақ, жалаң қылышпен шаба береді» дедіңіз. Сонда немене, іргелес отырған бодандарымыз шекараға жақын келсе болды – жалаң қылышты жарқылдатып, оларды шаба бересіңдер ме, әлде олардың бізбен жақындасуына, аралас-құраластығына тыйым салынған ба?! – деді шұқшиып. Генерал-губернатор өзін барынша байсалды ұстағанмен, сырты ғана сыпайы, ал іші ызғарлы екені енді ғана байқалды жұртқа. Әскери адамдар еріксіз бойларын жиып алған. Басқосуға қатысып отырған былайғы жұрт: «Ие, әскерде осылай тәртіп талап етілмесе, бола ма?! Жай тірлікте де «бақпасаң – бала кетеді, қарамасаң – қатын кетеді». Оның қасында бұл – әскер ғой!!!» десіп, генерал-губернатордың мұнысын да мақұл көріп, ұнатып отыр. Әлгінде генерал-губернатор: – «Обер-комендант мырза!» – деп өзіне мойын бұрып тіл қатқаннан-ақ, сөзді тікесінен-тік тұрып тыңдаған генерал-майор Зенбулатов, бұл жақта әбден сүйексіңді болып кеткен дағдылы істің осынша түсініксіздік туғызғанына бір жағынан таңырқаса; екінші жағынан, жаңадан келген наместниктің мынадай аңғал сауалынан кейін, оның ит арқасы қияндағы қырғыз-қайсақтармен шекаралас өлке – Орынбордағы жағдайды онша біле бермейтінін байқап, соны мына отырған жұрттың бәрінің көзінше бастығының бетіне басқысы келгендей, біртүрлі қыржия сөйледі: –Ваше высокопревосходительство! Сіз... бұл жақтағы жағдаймен енді-енді ғана танысып жатқан адамсыз ғой! – деді мүдіріңкіреп. («Ә..» деп бастағанда: – Сіз... бұл өлкедегі жағдайды білмейсіз ғой! – деп қойып қала жаздап, Құдай сақтағанда, өзін әрең теткіп қалды.) – «Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп» деген... Сондықтан, біздің жердегі кейбір ерекшеліктер туралы ескерте кеткенімнің артықтығы бола қоймас деп ойлаймын. Иә, көшерін жел, қонарын сай ғана білетін бұл қырғыз-қайсақ дегендеріңіз – ешқандай заң-зәкүнді түсінбейтін, шетінен ұры-қары, басыбұзық ел. Шекараға жақындап кетсе болды, шеп бойындағы жүргіншілерге, форпосттардың тұрғындарына, казак станицаларына тұтқиылдан шабуыл жасайды. Ондайда дайындалып жатуға немесе зеңбірек сүйретіп жүруге уақыт қайда; бекіністегілер – бекіністен, қамалдағылар – қамалдан шыға шабады. Міне, шеп бойындағы біздің әскерилеріміздің бәріне әдет болып кеткен нәрсе – осы. Жаман әдет, әрине! Бірақ соған дағдыланып кеткен жұрт жаман әдеттерінен жаңылар емес! Басқа амал да жоқ!!! Басыбұзық, ұры-қары қырғыз-қайсақтарды ұзатпай қуып жетіп, солайша жазалап; мұнан кейін тек қит етсе қан қақсатып қарудың күшімен қалтыратып ұстап отырмасақ, олар ешқашан ұры-қарылықтан тыйыл­майды да, тыныштық бермейді де. Мұрағат ақтарып қарасаңыз... иә, мұрағат ақтарып қарасаңыз, бұдан қырық жылдай бұрын, марқұм құпия кеңесші Иван Иванович Неплюев Өкілетті Сенатқа апарып бекіттіріп әкелген «Қосалқы жоспардан» да, өзіңізге дейінгі бүкіл генерал-губернаторлардың іс-әрекетінен де соған көзіңіз жетері анық. Сондықтан да, бұл бас асау қырғыз-қайсақтарды бағындырудың бір-ақ жолы бар екенін, ол – мүмкіндігінше жиі-жиі, әрі жой­қын барымта жасап, бұларды шет­терінен қыра беру екендігін бәрі де айтқан... – Обер-комендант мырза! – Сөзді бөліп жіберген генерал-губернатордың дауысы кенет тым ызғарлы шықты. Өңі сұп-сұр боп, оның есесіне маңдайы нарттай қызарып кетіпті. – Обер-комендант мырза! – деді қайтадан, дауысын қатайта түсіп. – Қарамағымыздағы елді қыра беру ғана мақсат болса, оны басқарудың қажеті қанша?! Сіз-з-з.. осы қаланың обер-коменданты ғана емес, Орынбор өлкесіндегі күллі шекара әскерлеріне әмір беріп отырған генерал-л-л... мына Сіз осылай деп отырғанда, өзге бастықтар, – шеп бойындағы қамалдар мен бекіністердің коменданттары,– не істемейді?! Өздеріңіздің жол-жосықсыз істеріңді ақтау үшін, бұрынғы бастықтардың басқару әдісін қайта-қайта айтып жақауратасыз... «Мұрағат ақтарып қарасаңыз...» деп, маған да қайдағы жоқ ақыл үйреткіңіз келеді; ал, сол мұрағатта Ұлы мәртебелі алдияр анамыздың осы өлкені пәлен жыл билеген бұрынғы наместниктерге жолдаған талай-талай нұсқаулары бар екенін; оларда: «... бодан жұрттарымызға ылғи зәбір-жапа көрсете бермей, ара-тұра арқадан қағып қою» саясатын ұстауға кеңес бергенін; керек десеңіз, тіпті... «Генерал-губернаторлық қызметтің өзін ақылмен атқару дегеніміз – тек қана әскер мен қарудың күшін қайта-қайта көрсетіп, қоқаңдай беру емес; сонымен бірге, заң-зәкүнді де бұлжытпай орындай отырып, бастық адам сол арқылы Өзін де, біздің Империямызды да, ең тағы, ең жабайы деген елдердің өзінің қадір-құрметі мен сеніміне бөлеуі» екендігін өзінің алдиярлық мүбәрак жүрегінен шыққан мейірбанды лебіздерімен ескерткенін білемісіз?! Үндемейсіз, ә?! Жарайды! Ұлы мәртебелі алдияр анамызды былай қойғанда, күнделікті істеріңізге байланысты тікелей нұсқау жіберіп отырған Сыртқы істер Коллегиясының сонау бір кездегі Президенті, марқұм граф Никита Иванович Паниннің өзі осыдан жиырма жылдай бұрын өлке бастықтарына жолдаған бір хатында: «... Әрине, ел болған соң, телі-тентексіз бола ма...Бірақ бүтін бір халықтың ішінде жұртына жақсылық тілегендерден гөрі, бұзықтықпен айналысып, бұлғақтап бос жүргендер көп дегендеріңізге кім сенеді?!» деп ескертпеп пе еді, Сіздерге! Істің байыбына барудың орнына, қашанғы қырғыз-қайсақтардың «айыбын» ғана айта бересіздер?! Шынына келгенде, кешегі Таналық қамалының шабылуы да – қырғыз-қайсақтардың басынғанынан болған барымта секілді емес, өздеріңнің шектен шыққан озбырлықтарыңа ашынғаннан туған қарымта секілді көрінді бізге. Мен биылғы жылдың басынан бергі бүкіл істеріңмен танысып шықтым... Генерал-майор Зенбулатов, айтыңызшы: екі ауыр зеңбірек сүйреткен,екі жарым мыңнан астам адамы бар, Орынбор корпусынан жасақталған отряд Елек бойындағы тәртіп бұзған қырғыз-қайсақтарды жөнге салудың орнына, неге мынау іргеде отырған Орынбор түбіндегі түк жазығы жоқ ауылдарды шапты?! Бригадир Акутин, Сіз де айтыңызшы: 17 февральда Орал қаласынан аттанған бір мың екі жүз елу адамдық, Колпаков пен Пономарев отряды Жем бойында жиылып жатқан ұры-қары қырғыз-қайсақтарды талқандаудың орнына, неге Қарабау, Қаракөл деген жерлерде жайына отырған ауылдарды шапқан?! Ол ол ма, неге марттың аяғына таман тағы да жаңадан жасақ құрылды. Назаров бастаған осы отряд неге Сахарный бекінісі мен Карши форпостының аралығында, Орал өзенінің Азиялық бетінде отырған – ханның туған інісі, әрі бір ұлыстың басы Айшуақ сұлтанның иелігіндегі жерге ойран салды?! Осыдан кейін де кінәні тек қырғыз-қайсақтарға аудара бересіздер ме?! Мұрағат ақтарғыш болсаңыздар... (барон Игельстром осы жерде Уфа наместничествосының правителі Пеутлингтің де өткенде Зенбулатовтікіндей пікір айтқанын есіне түсіріп, оған да емеурінмен, көз қиығымен ескерту жасай кетті!!!)... Иә, мұрағат ақтарғыш болсаңыз-да-а-ар, деді, сонсоң тағы да осы сөзге салмақ сала сөйлеп, – Ұлы мәртебелі Императрицаның сол мұрағатта жатқан нұсқаулары мен ескертпелерін неғып көрмейсіздер, неге білмейсіздер!? Күні кеше деуге болады, өткен жылдың май айының екісінде ғана, Императрица генерал-губернатор Аким Иванович Апухтинге: – «Әскер бастықтары, далалық және гарнизондық бөлімдердің басшылары әскери тәртіпті мүлтіксіз сақтауын қадағалауды Сізге бұйырамыз. Ал, олардың әрқайсысы өздерінің қарамағындағылардың қырғыз-қайсақтарды да, басқаларды да тонауына, атып-шабуына, тағы басқа бұзықтық жасауына жол бермесін! Бұған бағынғысы келмегендердің кез келгені – бодан жұрттарымыздың тынышын алушы, сөйтіп, өздерінің жөнсіз істерімен жұртты тәртіпсіздік жасауға итермелеуші қараниет қылмыскер ретінде сотқа тартылып, қатаң жазаланып отырсын! Өйткені, өткен жылдарда да өлкені билегендердің өздерінің жолсыз әрекеттері – ашынған қырғыз-қайсақтардың кек қайтару үшін барымтаға шығуына, ұрлық-қарлық жасауына себепкер болғанына біздің титтей де күмәніміз жоқ» деп жазған рескрипті3/1 жатыр ғой мұрағатта! (Манағы манағы ма, тылсым тыныштық енді орнағандай. Жұрт демдерін ішке тартып, тым-тырыс отыр. Жаңадан келген бастық бәрін сезіп, бәрін біліп қана қоймай, әрбір уәжін көзбен көріп, қолмен ұстағандай қылып, дәлел-дерекпен сөйлеген соң, мына отырғандардың бәрін мысы басып тастаған... Иығы асып, шоқтығы биіктеп, елдің ықыласы ғана ауып қоймай, ақылды адамға еріксіз сүйсінетін пендеге тән ырзашылықпен, жұрттың біразы соның жағына қарай төңкеріліп, бүйректері де соған қарай бұра бастаған-ды). – Генерал-поручик мырза... Ваше высокопревосходительство! – деген біреудің биязы да мінәйі үні осы кезде көпшілікті елең еткізді. Орта жастардағы қозы қарны бұлтиған, бірақ шымыр да ширақ адам екен. Хранцуздарға2 еліктей ме, екі самайын ұртына дейін өсіріп жіберіп, қалың қауметтің етегін қиғаш қайшылапты. Біршама қою мұрты да өзіне жарасып тұр. – Шекара істері жөніндегі экспедицияның надворный советнигі, Петр Микифорович Чучаловпын, – деп өзін тағы бір таныстырып өтті. Сонсоң барып: – Ваше высокопревосходительство! – деп сөзін қайта сабақтады. – Генерал-поручик мырза, өзіңізге белгілі, біз – негізінен бұйрықты орындаушы ғана адамдармыз. Жоғарыдан: «Былай істеңдер!» – дейді, істейміз. «Тоқтатыңдар!» – дейді, тоқтатамыз. Ал, жаңағы Сіз айтқан жорықтар жайына келер болсақ, өткен жылдардағы қырғыз-қайсақтардың шабуыл­дарынан шеккен шығындарымыздың орнын қалай да бір толтыру үшін, оларға қарсы репрессалия жасауға жоғарыдан рұқсат сұрағанымыз рас! Біз ғана емес, Урал казак әскерлерінің Уәйіске кеңсесі де осындай өтініш жасауға мәжбүр болғанын бригадир Акутин де қуаттайды ғой деп ойлаймын. («Солай емес пе, ваше высокородие!?» деп Чучалов Жайық қалашығындағы Уәйіске кеңсесінің бастығына қараған. Астаудай ұзын басын сәл қисайта ұстаған күйінен танбастан, маңдайы жарқырап, мүлгіп отырған Акутин сілкініп қап, қайта-қайта басын изеп қойды). Арыз-шағымдарымызды жоғарғы жақ та орынсыз деп тапқан жоқ. Мемлекеттік Әскери коллегия президенті, фельдмаршал... его светлость княз Потемкин... (надворный советник байғұс мұны генерал-губернаторлыққа тағайындауға Потемкиннің өзі тікелей ықпал еткенін қайдан білсін; Мемлекеттік Әскери коллегия президентінің атымен наместникті қорқытқысы келіп, едәуір жерге дейін князьдің бүкіл атақ-дәрежесі мен лауазымын тізбеледі-ай келіп!) Сосын барып: «...Григорий Александрович Потемкиннің өзі рұқсат берді!» деп дауысын көтеріңкіреп, кеудесін керіп қойды. – Рұқсат беріп қана қойған жоқ, қатаң жазалауға бұйрық берді! Біз бұйрықты орындадық! Бұл жорықтардың кезінде қолға түскен бүкіл олжа, мал-мүлік – бәрі-бәрі шаруасы шайқалып, әр кезде әртүрлі зиян шеккен адамдарымыздың олқысын толтыруға, тұрмысын оңалтуға түп-түгел бөлініп берілді. Ал, енді... ол үшін әлдебіреуді айыптау керек болса, біздің ойымызша, Шекара істері жөніндегі экспедицияның бастығы генерал-майор Зенбулатовты емес, ең алдымен, ұшарын жел, қонарын сай ғана білетін, анау қырда бетімен жайылып жүрген, ешқандай тәр-тәртіп, заң-зәкүн дегенді білмейтін бұратаналарды – басурман қырғыз-қайсақтардың өздерін айыптау керек! («Апырай, бастығы екеуінің сөзіне шейін бір-бірінен аумайтынын қарашы!» деп Игельстром осы жерде қабағын кіржитіп, жақтырмай қалған. Бірақ Чучалов оны аңдаған жоқ). Сізге дейінгі өлке бастықтарының бәрінің пікірі бір жерден шыққанын Его превосходительство генерал-майор Зенбулатов жаңа ғана айтты ғой. Оны ешкім бекер дей алмас! Шынында да, бұл басыбұзық, ұры-қары қырғыз-қайсақтардың бізге қарсы бас көтергендерін шетінен құтырған иттей қылып қырып тастап отырмасақ, ешқашан тыныштық орнамақ емес!.. Таналық – Таналық қой, әлі талай-талай қамалдарды тас-талқан қылады бұлар... –Надворный советник мырза! – Қатты толқығандағы әдетімен, Игельстромның қаны қашқан өңі сұп-сұр боп, есесіне тағы да маңдайы нарттай қызарып кетті. – Сіз өзі... сөзді құлағыңызбен тыңдап отырсыз ба, жоқ әлде... – деп қайта шүйліккенде, дауысынан ызғар есіп қоя берді. – Әлгінде ғана біз не айттық, сіз не айтып тұрсыз?! Егер бастығыңыз екеуіңіздің сөзіңізге қарап, қарамағымыздағы елді «бағынбады» деп қыра берер болсақ, өздерің нанын жеп отырған «Шекара істері жөніндегі экспедиция» дегенді құрудың да, оған мына Сіздерді бастық қылып тағайындаудың да қажеті қанша?! Не үшін отырсыздар, Сіздер мұнда?! Әлгіндей сөзді айтпас бұрын, ең болмаса, алдын ала соны ойлап алмайсыздар ма?! ...Естеріңізде болсын!!! – деді сонсоң басын шалқақтау ұстап шақпақ иегін көтеріп алған барон Игельстром, енді жиынға қатысып отырған жұрттың бәрін жалғыз-ақ иегінің астына сыйғызып. – Ұлы мәртебелі алдияр анамыздың алтын скипетрінің астында өмір сүріп жатқан – қырғыз-қайсақтардан да басқа, толып жатқан жұрт бар, мырзалар! Олардың қай-қайсысын да бұратана деп қаншама кеміткендеріңізбен, басқаның емес, өзіміздің бодандарымыз! Сондықтан олар тек Ұлы мәртебелі алдияр анамыз қатуланса ғана, сол кісінің қаһарына ұшырауға тиіс; ал, мейірбандылық танытса – мүбәрәк жүрегінің қайыр-шапағатын көруге әбден қақылы! Содан да, бұл мәселені шешетін – сіздер емессіздер, тек Ұлы мәртебелі Императрицаның өзі... Өзі!!! Және... Алдияр анамыздың рұқсатымен, осы өлкелерге тағайын­далған наместник қана!!! Жә-ә... ғафу етіңіздер! Күн тәртібіндегі мәселеден амалсыз ауытқып кеткен секілдіміз... Әрине, Орынбор өлкесіндегі өзге де жай-жағдайларға байланысты айтылар әңгіме әлі өте көп. Оларды талқылайтын жиын – бұл емес, кейін арнайы сөз ететін болармыз. Ал, қазір қайтадан негізгі мәселеге оралалық... Иә, тағы кімде қандай сұрақ бар? Мынау қолайсыз әңгіменің уытын шайып жібермек болды ма, сәл үнсіздіктен кейін Сейіт слободасынан келген саудагер-бай Сейфолла Сәлеев орнынан тұрған. Бұл бір... мұсылманша киінген, сабырлы да салиқалы адам екен. Бейтарап кісі ретінде, екі жаққа да сұраулы жүзбен алма-кезек көз салып тұрып: –Мырзалар! – деп сөзін баяу бастады. – Мырзалар, бұл күндері қала-далада бірдей қаңқу күшейіп тұр. Ел ішіндегі сондай лақапқа біз секілді үлкендер басу айту үшін, ақиқатты білгеннің артықтығы болмас дейім. Айып етпесеңіздер, Таналық шабылғандағы өлі-тірі шығынды анық білуге болар ма екен?– деді байыппен. Сабасына жаңа түскен генерал-губернатор енді баяндаушыға қарап иек қаққан. Обер-комендант орнынан ақырын тұрып: – Өлген адам – отыз, – деді қолындағы қағазға шұқшиып.– Жәсір боп кеткендер – сексен сегіз! Сонсоң... жетпіс бір кісіні жараланып жатқан жерлерінен жиып алдық... Құдайға шүкір, бұл оңбаған қырғыз-қайсақтардың бір жақсы жері – майдан алаңында жарақаттанып жатқан бей­дәрмен кісіні ешқашан шаншып өлті­ріп кетпейді, әйтеуір! Оған да тәубе... («Не дейді?! Майдан алаңында жарақаттанып жатқан бейдәрмен кісіні ешқашан өлтіріп кетпейді» дей ме?! – Мына сөзді естігенде генерал Игельстромның жүрегі әлденеге дір-р-р ете қалды!!! – «Ойбай-ау, бағанадан бері бұлар «тағы», «жабайы»... «жыртқыш» деп отырған мына жұрт, – қырғыз-қайсақ деген мына халық, – қайта, нағыз мәрт, иманы орнындағы ел екен ғой! – деп, іші біртүрлі жылып қоя бергенін аңдаған да жоқ). – Алла риза болсын! Жауабыңызға рахмет! Әйтпесе, осы күні не көп – аузына не келсе, соны айтатын көкезулер көп... Кеше базарға барсам, сондайдың біреуі бөсіп тұр екен: «Қырғыз-қайсақтар қамалдағы халықты қызыл ала қан қылып, қойға шапқан қасқырдай қырыпты» деп. Сол жерде ұрсып-жекіп, әрең тыйғанмын. Сосын сұрап жатқаным ғой... – деп бай-саудагер сипай қамшылап қойды. Жұрт қайтадан тына қалған. – Тағы қандай сұрақ бар?– деді, тым-тырыс отырған жұртты жағалай көзбен шолған генерал-губернатор. Жиынға қатысып отырған үлкен-кішінің әр сөзін ғана емес, әрбір қимылын да бағанадан бері үкі көзімен үнсіз бағып отырған Даниил Донсков осы кезде орнынан ақырын тұрып: – Мырзалар! Тыңдап отырсам, сіздер бағанадан бері «қырғыз-қайсақтар», «қырғыз-қайсақтар» деп, қайта-қайта айтып жатырсыздар. Осы Орынборға аспаннан ала-бөле жауған қырғыз-қайсақтар бар ма?! Әлде, оларың – бәріміз білетін кәдімгі қырғыз-қайсақтар ма?! – деді, Орал казактарының орынборлықтарды кекетпей сөйлемейтін кекірттігіне басып. – Меніңше, оларың да кәдімгі – өзіміз күнде көріп жүрген қырғыз-қайсақтар шығар! Ендеше, Таналықты шабуға тікелей қатынасқан немесе соған басшылық еткен қырғыз-қайсақтардың аты-жөндерін анықтадыңыздар ма?! Кімдер екенін білдіңіздер ме, өзі?! Соны айтыңыздаршы!? – Даниил Дмитриевич!– деді, ертеден білетін ескі танысына қарап еркіндеу сөйлегенде еңгезердей бойы бар екенін енді ғана жазып көрсеткен генерал-майор Зенбулатов еңсесін тіктеңкіреп. – Өзіңіз білесіз, Даниил Дмитриевич, Уралдың сонау жоғарғы жағындағы түу бір қиянда жатқан Таналық қамалына бұрын-соңды қырғыз-қайсақтар тиіскен емес. Тиіспек түгілі, ол жаққа қарай аяқтарын басқан емес! Сондықтан «бұл басыбұзықтар ол жаққа барады-ау; барып бүлік салады-ау» деген ешкімнің есіне келмеген нәрсе. Сол себепті де, әлгінде айтып кеттім ғой, қамалдағы әскер де, қара халық та мүлде қам-қарекетсіз отырған. Қамсыз отырған жұрт, бұл ұры-қарылардың қайдан кеп қалғанын білмей отырғанда, «Кім? Кімдер?» екенін қайдан білсін?! Ешкім – ешкімнің атын атап, түсін түстеп бере алған жоқ. Соған байланысты бұл сауалыңыздың басы әзірге ашық тұр. – Ал, біз біліп келіп отырмыз! – деді, дөп-дөңгелек, сап-сары үкі көзінің кірпігін қақпастан, бажырайып жұртты жағалай сүзіп шыққан Донсков. Елдің бәрі аңтарылып, бір соның бетіне қараған. – Қырғыз-қайсақтардың ханы Нұра­лы­дан жақында хат алдық, – деді Донсков сөзін шегелей түсіп. – Хан: «Байбақтының старшыны4/1 Сырым Датов, Табынның старшындары Барақ Сатыбалдиев пен Тіленші Бөкенбаев; Шектінің старшыны Көтібар Бәсеновтер орыстың қамалын шауып, көп-көп адамын байлап, малын айдап келді, – деп, бүкіл Кіші Орданың халқы қуанып, той тойлап жатыр»... депті. – «Олардың даңғаза-дабырасына қосылмай, ертең зауалын тартасыңдар әлі...» деп, мен Калмыковоның қарсысындағы қонысымды тастап, Бұлдырты, Шідерті мен Үш Аңқаты арасындағы жерлерге, Орал қаласына жақын маңға көшіп келіп отырмын. Айтқанымды тыңдамай, бетімен кеткен бұл жүгенсіздердің мекендеріне қарақұрым қалың әскер жіберіп, әкесін танытпасаңдар, бұлар ұры-қарылықтан да, сіздерге шапқыншылық жасаудан да бір тыйылмайды; мені де Хан деп танымайды!» – депті және. Міне, шапқыншыларың керек болса!!! Ашық күнде найзағай ойнап, төбе­лерінен жай түскендей, жұрт мәңгіріп қалған... – Премьер-майор! – деді, үнсіздікті бұзған генерал-губернатор жаңа ғана таныстырылған адамның аты-жөнін қапелімде жадына тұта алмай қалғандықтан, шеніне қарай тіл қатып. – Премьер-майор... мұндай хат алған соң, ханның өзіне қайтадан ақыл салмадыңыздар ма?! «Орынборда үлкен жиын болады... Соған Сізді де шақыртқан; баралық... Басқосу кезінде өз ой-пікіріңізді толық баяндарсыз...» деп. – Ваше высокопревосходительство! Ханның тамырын басып көруін – көрдік... Арнайы адам да жібердік. Бірақ илікпеді. Аңдағанымыз – ауырып-сырқаған дәнеңесі де жоқ! Бұл жиынға неге қатыспай отырғанына келер болсақ, біздің байқауымызша, оның екі түрлі себебі бар. Біріншіден, Таналық қамалының шабылуына байланысты шақырылған бұл жиынға қатысар болса, бұрын көрмеген генерал-губернатор кінәнің бәрін маған артып, басқа біреулер істеген кесапаттың, бәле-жаланың да бәрін маған жабады деп қорқып отыр. Екінші себебі – биылғы көктемде шабылған ауылдарының мал-жаны да; Айшуақ сұлтан секілді белгілі кісілері де әлі күнге қайтарылмай отырғанда, «Хан неге кіріптар кісіге ұқсап, орысқа өз аяғымен барады?» деп ертең елі шу шығаратынынан сескеніп отыр. Неге өйтеді дейсіздер ғой?! Қырғыз-қайсақтарды бір кісідей білетін адам ретінде, мен сіздерге мынадай жайтты айтып қояйын: бұл елдің басы – Хан болғанмен, Ол – жұртын жеке-дара бір өзі билеп отырған адам емес. Ертеден қалыптасқан дәстүрлеріне байланыс­ты, қара халық Ханға қарайлағанмен, Хан да – өзін ақ киізге салып төбелеріне көтерген ел ағаларына қарайлайды да отырады. Өйтпеске амалы жоқ! Осы жолы да, Орынбор қолын бұлғаған екен деп, қоңыраулатып жетіп келер болса, күні ертең-ақ: «Артындағы қалың ел қайғыдан қан жұтып, малынан – бір, жанынан – екі айрылып зар қағып отырғанда, Алдияр Хан алтын тақта табандап отырып, орыс­тан әділеттік талап етудің орнына, ебелекше елп етіп, жүгіре жөнелгені несі?!» деп күллі үлкендері күстаналары сөзсіз. Сондықтан кейде Ханның да жағдайын түсінуге болады-ау деп ойлаймын, Ваше высокопревосходительство! – Бұл бір қызық жағдай екен! Хан біресе мұндағы басшыларға, біресе артындағы ел-жұртына қарайлап, екіұдай жалтақ күй кешіп отырса, халқын қалай билемек?! Ертең біз Таналық қамалының шабылуына байланысты барша шығынды орнына салуын; телі-тентектерін бұғаулап, алдымызға әкелуін талап етсек, оны қалай орындамақ?! – Ғафу етіңіз, Ваше высокопревосходительство! Артық айтсам, алдын ала кешірім сұраймын... Алайда, бірден кесіп айтайын: бұл талаптарыңыздың ешқайсысын да хан орындай алмайды. Неге!? Өйткені біріншіден, «шығынды төлету мәселесі» туралы айтар болсақ, бұл – «дүние-мүлікті тауып, орнына сал; болмаса – құнын төле!» дейтіндей, мемлекет меншігіне қол сұғу немесе Хиуа мен Бұхарға аттандырған сауда керуендерін тонау секілді ұры-қарылық та, барымта да емес. Бұл – шапқыншылық! Екі жақтан да біреу өлген, біреу жараланған... деген сияқты; қысқасы – қан төгілген. Ал шапқыншылықтан кейін, екі арада «дүние-мүлік!... шығын..» деген сөздер айтылмайды. Бұрын-соңды айтылған да емес. Екіншіден, қырғыз-қайсақтар бұл жорыққа бірталай ел болып, ауыз біріктіріп, көпшіліктің келісімімен шыққан соң, ешкім де олардың ешқайсысын «телі-тентекке» қоспайды. Сондықтан ұстап бермек түгілі, ондайды аузына алуға Ханның өзінің қақы жоқ. Ол – қолынан келмейді! Мұндай жағдайда не істеу керек?! Жайық қалашығындағы казак әскерлері Уәйіске кеңсесінің көп жылдардан бергі тәжірибесіне зер салсақ, осындай-осындай шиеленістерді шешудің екі-ақ жолы бар екенін анық көруге болады... (Сол екі жолды ап-анық көріп тұрғандай, Донсковтың сап-сары дөңгелек үкі көзінің қарашығы үлкейе түсіп, кірпік қақпастан, отырғандарды жағалай тағы бір сүзіп шықты). Біріншісі, – деді сонсоң сұқ саусағын шошайтып, – қарымта қайтару үшін, қатаң жазалау шараларын жүзеге асыру! Ол үшін Нұралы ханның өзі айтып отырғанындай, шапқыншылыққа қатынасқан рулардың қоныстарына қарулы қалың әскермен тұтқиылдан тиісіп, бар мал-мүлкін сыпырып алу керек. Қарсыласқандарының басын қағып тастауға тура келетіні, сірә, белгілі ғой. Түскен олжа – шеккен зияндарыңыздың орнын артығымен толтыратынына титтей де күмәндеріңіз болмасын! Екінші жол – сыйлы да сыйымды жол және екі жаққа да бірдей тиімді... Уақытша бейбіт келісім жасау жолы! Әр жылдары әртүрлі себеппен қолға түскен тұтқындар мен биылғы көктемдегі жорықтар кезінде жәсір болған қырғыз-қайсақтарды,– қатын-бала, кәрі-құртаңдарымен, – түгел туысқандарының қолына тапсырып, есесіне олардан Таналықты шапқан кезде әкеткен азаматтарымыз бен бұрыннан жәсір боп жүрген бір-жар адамдарымызды да қайтарып алу... Яғни тұтқын айырбастау жолы! Мәселен, қазір біздің қолымызда белгілі ұлыс басы Айшуақ сұлтан, оның баласы –Егізғали сұлтан, Шекті руының беделді адамының бірі – Шерәлі секілді, есімдері күллі қырғыз-қайсаққа мәлім кісілер тұтқында отыр. Біз жақтан тұтқынға түсіп кеткен тұрақты әскердің қатардағы солдаттары мен қарапайым казактарды – қара халыққа; ал, мыналарды – Таналық қамалының коменданты, қадірменді майдангер – майор Рештейнер мен атаман Овчинников секілді ардақты адамдарымызға айырбастауға әбден болар еді! Әрине, біздікі – тек ұсыныс қой, Ваше высокопревосходительство, түпкі шешім – өздеріңізде... – деп Донсков сөзінің аяғын жібектей сусылдатып жіберген. Жайық қалашығындағы казак әскер­лері Уәйіске кеңсесінің бастығы бригадир Акутин әне... аузын буған өгіздей үнсіз отырғанда, генерал-губернатордың алдында сандуғаштай сайрап тұрған мына орынбасарға жұрт аң-таң... «Бұл премьер-майордың есімін есте сақтай жүру керек екен!» деген ой, осы кезде екі бірдей кісінің басына қатар келген. Бірі – жаңадан тағайындалған генерал-губернатор Осип Андреевич Игельстромның өзі болса, екіншісі – Уфа наместничествосының правителі генерал-майор Александр Александрович Пеутлинг еді. Ойлары бір жерден шыққаны сондай, екеуі де сол сәтте: «Асылы, Орал қаласындағы казак әскерлері Уәйіске кеңсесінің болашақ бастығы сен боларсың» дегендей Донсковқа мейірлене қараса, оның қасындағы бригадирге, – қазіргі сәтте де астаудай ұзын басын сәл қисайта ұстаған күйі маңдайы жарқырап, қалғып-мүлгіп отырған Акутин мырзаға олар күні біткен, сағаты санаулы, үмітсіз науқасқа қарағандай, аянышпен назар салудан арыға барған жоқ. (Жұрттың қас-қабағын аңдумен отырған Донсковтың үкі көзі, әрине, мұны да қалт жібермеді). – Генерал Зенбулатов! Бұл туралы Қырғыз-қайсақтармен арадағы жағдайды реттеу жөніндегі Шекара істері экспедициясының пікірі қандай? Нендей ұсыныстарыңыз бар? – деді Игельстром. – Ваше высокопревосходительство, Шекара істері экспедициясы бұл мәселеге байланысты әзірге нақты шешімге келе қойған жоқ. Ұсыныс-пікірлерімізді мына жиыннан кейін, өздеріңізбен ақылдаса отырып, надворный советник Чучалов екеуміз жазбаша тапсырмақшы едік, – деп, Зенбулатов күмілжіп еді. Баронның қабағы қарс жабылып, қатты түйіліп отырып қалды. «Бәсе, Орынбордың обер-коменданты генерал-майор Зенбулатов» деп жүргендері – осындай кісі болар деп, өзім де ойша топшылап едім... – деді іштей булығып... – онша қателесе қоймаған екенмін!» (Осы қызметке тағайындаларда Его сиятельство граф Александр Андреевич Безбородко­ның айтуымен, мұндағы жай-жағдайды білу үшін түу сонау Санкт-Петербургте жатып жазған хаты есіне түскен... Сонда, сол хатты жолдаған адамы да; оған жауапсымақ, шалалау бірдеңені шимайлай салған да осы Зенбулатов екенін енді біліп, көріп-танып, тіпті түңіліп кетті...). Бірақ онысын наместник сыртқа шығара қойған жоқ. Бар болғаны: – Генерал-майор Зенбулатов! – деді, оған деген ренішін әрең теткіп. –Сіз – генерал-майорсыз! Ал, генерал-майор шеніндегі Шекара істері экспедициясының бастығы істі надворный советниктің ақылымен шешпеуі керек. Керісінше, не айтсаңыз да, надворный советник Сіздің айтуыңыз бойынша орындауы керек істі! Өйткені түпкі шешім – Сіздікі! Қарамағыңыздағы кісі Сізден асып қандай шешім қабылдамақ? Әрине, надворный советник мырза мені кешірсін; алайда субординация солай екенін ешқашан естеріңізден шығармауларыңызды талап етемін, мырзалар! Көңілі қалғандығы сонша, мынадай жайттан соң, жиынды созудың еш мәнісі жоқ екенін сезген Игельстром, сөздің тоқетеріне көшкен: – Ал енді... басқалай ұсыныс-пікір немесе сауал бар ма?– деп сәл кідірді де, ешкім ештеңе дей қоймаған соң: – Жоқ болса, бүгінгі бас қосуды қысқаша қорытындылайық! – деп сөзін сабақтап кетті. – Меніңше, бірталай жайттың беті ашылғандай... оқыс оқиғаның жай-жапсары да біршама белгілі болған секілді. Бірақ қырғыз-қайсақ істерімен тікелей айналысып отырған Шекара экспедициясы әлі нақты шешімге келмегенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Сондықтан шынында да, ол мәселелерді өзіміз әскери кеңесте тағы да бір кең отырып, қайтадан кеңесіп шешетін шығармыз. Ал қазір... ескерте кетпесем болмайтын, бірер мәселеге ғана тоқтала кетейін. ...Орынборға келгеннен бері Уфа наместничествосының правителі генерал-майор Пеутлинг екеуміз осындағы әскерилердің жай-жағдайымен біршама танысып шықтық. Әңгіменің ашығын айтсақ, көп нәрсеге көңіліміз толған жоқ! Мәселен, генерал-майор Зенбулатов мырза, Сіз ғой маған жазған жауап хатыңызда: «Дистанциялық коменданттардың қарамағына 1300 казак атты әскері, 200 қалмақ, 3989 башқұрт пен мешер жіберілді. Шептің ұзына бойында бүгінгі таңда 5489 иррегуляр әскер тұр» деп жаздыңыз. Хош!!! Алайда біз барып көрген жақын маңдағы шекара шептер­ін­де әскери бөлімдердің әрқайсысына тиесілі әскери контингенттің толық құрамы сақталмағаны өз алдына; тексеріс кезінде Сіздің иррегуляр әскеріңіздің көбі шепті күзетудің орнына шекарадағы бекініс коменданттарының бақшасына картоп егіп жүргенін көрдік! Ол ол ма, обер-комендант мырза, өзіңіздің көз алдыңыздағы осы қалада құрамы толық төрт гарнизондық батальон тұрғанына қарамастан, күн сайын қаланы бақылайтын 200 адамдық қарауыл дер кезінде тың адамдармен алмастырылып тұрмағаны анықталды. Ұсақ-түйек кемшіліктерді тізе берсек, тіпті көп. Олардың бәрі-бәрін қазір тәптіштеп жатпай-ақ қоялық. Бірақ Шекара істері жөніндегі экспедицияның бастығы ретінде Сізге мен алдымыздағы аптадан қалдырмай, шеп бойын түгел аралап шығуды, сөйтіп, жағдайды тез арада түзетуді бұйырамын! Бұған қоса, әлгі айтқан 5489 иррегуляр әскеріңіз шекарадағы шептердің қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете ала ма, жоқ па?! – сол туралы, (Меніңше, қамтамасыз ете алмайды... Өйткені Таналық оқиғасының өзінен-ақ бұл айқын көрініп тұр! Ендеше, қанша қосымша әскери күш, қару-жарақ, қаражат керек?) міне, осылар жайында рапорт жазып, Уфа және Сіңбір әкімшілік аймағының наместнигі, генерал-губернатордың, яғни, мына менің қолыма тапсыруыңызды талап етемін. Әрине, алдымызда шешуін күтіп тұрған бұдан басқа да істер көп, мырзалар! Оның бәрін уақыт көрсете жатар. Әзірше, осымен бірінші басқосуымызды аяқтайық! – деп, барон сөзін доғарған. Орнынан көтеріле берген генерал-губернатордан соң, жұрт та жапа­-тармағай түрегеліп, үн-түнсіз тарай бастады.

1/1 коллегиялық асессор – Азаматтық шені бойынша VІІІ сыныптық дәреже. 2/1 тұрақты да, тұрақсыз да әскерлер – регуляр және иррегуляр әскерлер. 3/1 рескрипт – жалпы жұртқа жария етілген Патшаның хаты 2 хрансуздарға – «француздарға» деген сөздің жағымсыздау айтылуы. 4/1 старшын – орыстардың аузындағы сөз. Бұл тұста қазақтың ел басқару үлгісінде ондай лауазым жоқ! 

Қажығали Мұханбетқалиұлы

8242 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6093

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5653

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3394

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2775

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2738

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2714

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2446

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2432

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы