• Қоғам
  • 05 Қыркүйек, 2012

Көше атауындағы келеңсіздіктер немесе біріздендіруге жергілікті басшылар жауапты

Тіл мәселесінде ономастиканың алатын орны ерекше. Бүгінде жер-су, елді мекен атауларының төңірегінде қордаланып қалған мәселе былай тұрсын, ауыл, қала көшелердің аттары да ала-құла жазылып, бірізділікке бағынбай жүргені шындық. Таяуда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында өткен «Өңірлердегі ономастика мәселелері: көше атаулары жазылған тақтайшаларды біріздендіру» атты республикалық дөңгелек үстелде осындай мәселелер ортаға салынды.

Кейінгі кезде баспасөзде көптеген елді мекен­дердегі көшелерге елге еңбегі сіңбеген, беймәлім адамдардың есімдері беріліп жүргені, оған жер­гі­лікті жұрттың наразылығы жайында жиі жазылып жүр. Көше атауларының жазылуындағы ала-құлалық немесе «өзім білемдіктер» жайлы ес­­тіп те жүрміз. Бірақ бүгінгі айтпағымыз басқа. Әрине, кө­шедегі әр үйге әдемі һәм тасқа қашалғандай анық жазылған атаулар керек-ақ. Дегенмен, күнде­лікті көріп, көз үйреніп кеткендіктен бе, ол жазулардан еш өрескелдік байқалмайтын. Сөйтсек, онда да олқылық жетіп-артылады екен. Мәселен, көшенің атауынан кейін жазылатын «көшесі» сөзі «көш.», «к.», тіпті, «к-сі» деген кейіпте немесе «даңғылы» деген айқындауыш сөз «даңғ.», «д-лы» деп әртүрлі жазылып жүр. Жоғарыда аталған жиынға қатысушылар, тіл басқармасының мамандары, ономаст ғалымдар көше атауларына қосарлана жазылатын айқындауыш сөздердің бірізді болып жазылуы мемлекеттік тілге деген құрметтің белгісі екенін айтып, осы мәселеге қатысты өзара пікір алмасты. – Ұлттық ономастика өңірлерден басталады. Облыстардағы, аймақтардағы халық Тіл заңының, мемлекеттік бағдарламаның орындалуына Президент пен Үкіметтің және орталық мемлекеттік органдардың арнайы мән беріп отырғанын, нақты көңіл бөлініп, қадағаланып отырғанын сезінуі керек. Екіншіден, бұл мәселені жергілікті жердегі тіл басқармалары­мен, ғалымдармен бірлесе, ортақ ой бөлісе оты­рып талқылаудың маңызы ерекше, – деп атап өтті жиында алғаш сөз алған Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы. Төраға орынбасарының сөзіне қарағанда өзге өңірлерді айтпағанда, еліміздің қазіргі астанасы мен бұрынғы астанасы Алматы қаласы көшелеріндегі көше атаулары жазылған тақтайшалар әртүрлі екен. Оның бірінің көлемі – бір, бірі – жарты метр болса, ал кейбір тақтайшаларға ою салынып бедерленсе, енді бірінде «көше» сөзін, үйдің реттік санының алдына, ал оның атауын соңына жазып жүрген жайттар жиі кездеседі екен. Сондықтан елдегі ономастикамен айналысатын мамандар көптеген елдердің, соның ішінде көршілес елдің астанасы – Мәскеу көшелері атауларының жазылуын көріп-зерттеп, біздегі атаулардың да бірізділікке көшуіне атсалысып жүрген көрінеді. Олардың сөзіне жүгінсек, көше атаулары жазылған тақтайшалардың үлгісі, түсі, өлшемі бірдей болу керек. Біздің «бұл мәселенің жергілікті жерлерде қолданысқа енуі қаншалықты жүйелі болады деп ойлайсыз?» деген сауалымызға Шерубай Құрманбайұлы аймақтардағы тіл басқармаларының басшылары, осы шаруаға тікелей жауапты аудан әкімінің орынбасарлары сынды басшылар оны уақыт оздырмай ойлас­тыруы керектігін айтты. «Әлемдік тәжірибеде осындай үлгілер бар, соны жолға қоюымыз керек. Ономастикалық жұмыспен айналысып отырған құрылымның мамандары мұнымызды дұрыс түсініп, нақты жолға қояды деген үміттеміз. Ал біз де аталған мәселені өз тарапымыздан қадағалап, көше атауларының бірізді жазылуының нәтижелі жалғасуына атсалысатын боламыз» деді төрағаның орынбасары. Иә, қала көшелерінің көбі, атап айтқанда, 600-ден астам көшесінің он пайызға жетер-жетпесі ғана қазақша аталатын Өскеменнің бұл мәселеде бой көрсетуінің өзінде үлкен мән жатқан сияқты. Өскеменде талқыланған өзекті мәселе алдымен осы өңірде нәтижесін бере ме, оны уақыт көрсетер. Сонымен қатар жиында «Ономастика туралы» Заңның қабылдануы жайлы да сөз болды. Мұндай заң депутаттар кезекті демалысқа кеткенге дейін бірнеше мәрте қаралып, талқыланыпты. Арнайы құрылған жұмыс тобы да осы бағытта жұмыс істеп жатқан көрінеді. Жалпы алдағы уақытта ономастикалық жұмыстарды алдымен құқықтық түрде негіздеу мәселесі қолға алынбақ екен. Дөңгелек үстел отырысында өз облысындағы жағдайды мысалға ала отырып, ойын ортаға салған Атырау облыстық Тілдерді дамыту бас­қармасының бастығы Қилымғали Қайненұлы көрнекі ақпарат пен мемлекеттік мүдде турасында пайымды пікір айтып, деректер келтірсе, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Қуат Сапаров ономастикалық атауларды қалыптастырудың тарихи және мәдени негіздері жайлы Шығыс Қазақстан облысы мен Павлодар аймағын салыс­тыра отырып баяндады. Ал «Ономастикалық атауларды нормаландыру» деген тақырыпта баяндама жасаған Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеттің магистранты Арайлым Батырбекованың салыстырмалы бағытта өрбіген сараптамасы көпшілікке ой салды. Ол әлемнің ірі қалаларындағы көше атауларының бірізділікке түсіп, қалыптасқанын арнайы слайд арқылы көрсете отырып, осылардың біреуіне тоқталу керектігін көлденең тартты. Сөз арасында өз қаласының көшелеріндегі ала-құла атауларды да атап, жергілікті билік өкілдерінің қаперіне салды. Жиында көше атауларындағы өрескел қателер жайлы сөйлеген Гүлбану Құсманова тілдің қолданысын толық қадағалап отыратын тіл инспекциясының құрылуы кезек күттірмейтін мәселе екенін алға тартты. Ал өз кезегінде сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, қарымды қаламгер Оңдасын Елубай осы жылдың аяғында қабылданатын «Ономастика туралы» Заңға кірсе деген ниетте өз ұсыныстарын айтып, есімдері елеусіз қалып бара жатқан көптеген тұлғалардың атына көше беру туралы да өзекті ойларын ортаға тастады. Жиналғандарды елең еткізген облыстық ономастика комиссиясының мүшесі, белгілі ғалым Бердібек Бияровтың Шығыс өңіріндегі топонимдердің тарихи-лингвистикалық сипаты туралы баяндамасы болды. Өз өлкесінің ой-шұқырын жете білетін ғалымды толғандыратын дүние де аз емес екен. Сонымен тілдің сүбелі бір саласы – ономастика жайын, оның ішінде көше атауларын біріздендіруді құзырлы орындар басшылары, жергілікті билік өкілдері, ғалымдар, мамандар болып талқылаған дөңгелек үстел отырысы көптеген толғақты мәселенің түйінін шешкендей болды. Министрліктің ұйғарымымен Шығыстан бастау алған бұл тың үрдіске өзге өңірлер де өз үлесін қосар деген үміттеміз. Ең бастысы, мұндай ұсыныстар екшеленіп, нақтыланып, алда қабылданар заңға депутаттар ұсынысы болып енгізілуі тиіс. Ғафура СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ ӨСКЕМЕН

3907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9131

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7271

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5011

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4395

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4359

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4320

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4054

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4047

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы