• Қоғам
  • 17 Қаңтар, 2013

Келешек үшін маңызды қадам

айтбаевӨмірзақ Айтбайұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жариялап, мемлекет дамуының басты бағыттарын айқындап бергені белгілі. Стратегияда саяси-мәдени, әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар мемлекеттік тілге де ерекше назар аударылды. Осыған орай біз халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлына бірқатар сауалдар қойып, пікірін білген едік.  

– Өмірзақ Айтбайұлы, Елбасы өзінің кезекті Жолдауында елдегі жазу реформасына байланысты ойын білдіріп, қазіргі қолданыстағы әліпбиді 2025 жылдан бастап латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешім қабылдағаны белгілі. Тілші-ғалым ретінде осы бағыттағы жұмыстар қалай жүру керек деп ойлайсыз? – Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы бұл шешімін ел дамуын жаңа өреге бас­тайтын маңызды қадам деп білемін. Әліпби ауыстыру жайлы осы кезге дейін де бірнеше дүркін әңгіме болған еді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мұны өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында көтеріп, латынға көшуді ұсынып қана қоймай, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін ескерген жаңа әліпбидің нұсқасын да қоса жасаған болатын. Бұған қаламгерлер мен әртүрлі сала мамандары үн қатып, латын жазуының көптеген нұсқалары жасалды, оның қажеттігі мен зәрулігі негізделді. Бұл талқылауларға Елбасы нүкте қойып, латынға көшетінімізді айқындап берді. Ендігі мәселе латынға көшудің дайындық жұмыстарын жүйелі, тыңғылықты жүргізудің тиімді тетіктерін қолға алуда. Осы кезге дейін реформа жасалмаған сала қалған жоқ. Бұл реформалар белгілі бір салаларды ғана қамтыса, жазу реформасы еліміздің бүкіл азаматтарын қамтитын болады. Сондықтан бұл мәселе асқан жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Әліпби ауыстыру деген тек таңбаларды ғана өзгертуден тұрмайды. Бұл жерде жалпы жазу жүйемізге, емле-ережемізге түбегейлі өзгерістер енгізу қажет. Ашығын айтқанда, қазіргі қолданыстағы әліпбиіміз бен емле-ережелеріміз орыс тілінің заңдылықтарын негізге алған көшірінді дүние. Тіпті қазақтың төл дыбыстарының өзін анықтауда жаңсақтықтарға жол берілген. Сөйтіп, тіл білімінде қателіктердің өзі қалтқысыз қағидаларға айналып кетті. Мұның барлығын белгілі тілші ғалым, фонетика саласының білгірі, профессор Әлімхан Жүнісбек ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдап, дәлелдеп берген. Жаңа әліпби қабылдайтын болған соң осындай келеңсіздіктерден қоса арылуымыз қажет. Бұл үшін білікті тілші ғалымдардан, информатика, психология, т.б. салалардың мамандарынан іріктелген арнайы жұмыс тобы құрылғаны жөн. Аталған топ латын жазуына негізделген жаңа әліпбиімізді, латын әліпбиі негізіндегі емле-ережені көп ұзатпай дайындап беруі тиіс. Үкімет қаулысымен бекітілген әліпбиді жаңа оқу жылынан бас­тап мектеп оқушыларына жеке пән ретінде оқыта беру керек. Газет-журналдар мен интернет сайттардың жартысын жаңа латын әліпбимен шығарып, жұртшылықтың көзін үйрете берген абзал. Сонымен бірге кириллицадан латынға ауыстырып беретін компьютер бағдарламаларын да дайындай беру қажет. Сонда биыл мектепке іліккен бала 2025 жылы мектеп бітіргенде латын жазуына көшуге толық дайын болып шығады. – Жаңа сіз басы артық әріптерден арылу туралы да айтып қалдыңыз. Егер орыс тілінен келген ол әріптерді қоспасақ, тілімізге басқа тілдерден енген сөздерді қалай жазамыз? Халықаралық терминдерді қалай таңбалаймыз? – Сіздің айтып отырғаныңыз көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткен жаңсақтықтардан бастау алып отырған алаңдаушылық. Мәселенің ашығына келетін болсақ, халықаралық термин дегеннің өзі қатып қалған дүние емес. Жазу реформасының өзі де қазақ тілінің төл заңдылықтарына сай емле-ережелерін түзіп, өзінің табиғатына сай дамуын қамтамасыз ету үшін қолға алынып отырған жоқ па? Біз шет тілдерден енген термин сөздерді тікелей сол шет тілінен емес, орыс тілінің негізінде алып отырмыз. Ал орыстар ол терминдерді орыс тілінің дыбыс­талу ерекшеліктеріне сай икемдеп пайдалануда. Біз сол қалыптан ауытқымай, тіліміздің төл заңдылығын белден басып отырмыз. Енді бұл ескі сүрлеуден шығуға тура келеді. Демек, бұл терминжасам қағидаттарын да қайта қарау қажет деген сөз. Бұл мәселеге Елбасының өзі де арнайы тоқталып, былай деді: «Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Осы заманғы ғылыми терминоло­гияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүниежүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек. Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң, оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек... ...Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн». Бұл пікір терминологиялық жүйемен бірге Мемлекеттік терминологиялық комиссияның да жұмысын заман талабына сай басқаша ұйымдастыруға жетелейді. – Жазу реформасын іске асыруда ел Үкіметінің алар орны ерекше. Ортақ іске пайдасы тиюі үшін Үкіметке нақты қандай ұсыныс айтасыз? – Жаңа Премьер-министр Серік ­Ахметов Үкімет басына келген кезде Үкіметтің мәжілістері қазақ тілінде жүретін болады деп ресми мәлімдеме жасағанда ерекше қуанған едік. Еліміздің зиялы қауымы, әртүрлі ұйымдарының басшылары Премьер-министрдің бұл бастамасына тілектестігін білдіріп, қолдау хаттарын жолдаған еді. Алайда Үкімет мәжілістері әлі де орыс тілінде өтіп жатқанын көріп біліп отырмыз. Ата Заңымыз бен «Тіл туралы» Заңымыздың талаптары сақталуы тиіс. Сондықтан біз Үкіметтен артық нәрсе талап етпейміз. Ең алдымен мемлекеттік тілге қатысты заңдар сақталса, орындалса дейміз, жазу реформасын жүзеге асыруға белсене кіріссек дейміз. Өйткені бұл келешек үшін маңызды қадам деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Н.Асқаров

5297 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9497

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7519

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5265

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4644

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4608

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4565

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4302

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4296

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы