• Қоғам
  • 17 Қаңтар, 2013

«Мен қауіп еткеннен айтамын...»

Әнебір жылы көршілес, тілі бір, діні бір Өзбекстаннан меймандар келгенде ресми әңгіме барысында қазақтың бір шенеунігі жайына қарап отырмай: «Біз мемлекеттік тілге көшуге кірісудеміз, ол үшін пәленбай миллион қаржы бөлдік» депті. Сонда өзбекстандық мемлекет қызметкері таңғалып: «Оған қаржы бөлудің не қажеті бар? Заң бар емес пе?!» деген екен. Сол жерде отырған әлгі атқамінерден өзге қазақтар намыстан жарыла жаздап жерге қарапты. Басқасын қойшы, біз өз елімізде ұлттық тілімізді соншалық мү­сәпірліктен алып шығып, өзінің құрметті орнына қоя алмай күл­кі болып келе жатқанымызды Құдайдан да, адамнан да жасыра алмаймыз. Енді, міне, Елбасы өз Жолдауында 17 миллионға тарта жамағаттың алдында қазақ тілін басты тіл ету мәселесін жолға қою туралы тағы да атап өтті. Елбасы­ның айтуынша, 2025 жылға қарай қа­зақстандықтардың 95 пайы­зы қазақ тілін білуге тиіс. Бұған қалың қазақ түп-түгел қуанып отыр. Дегенмен, жаңағы көрші ұлт өкілдеріне тағы да күлкі болмасақ жарар еді деген күдік те жоқ емес. Сонау 1989 жылы ана тіліміз туралы алғаш Заң қабылданғаннан бері осылайша талай-талай дүбірлі шара, думанды мерекені өткізіп, солардың ешқайсысы күні бүгінге шейін аржағы әлемдегі, бержағы түркі тектестер ішіндегі ең бай, ең көркем тілдің бірі – қазақ тілінің, туған тіліміздің өз елінде ең биік мәртебеге көтеріліп, қазақтың мерейін үстем ете алмағаны баршаға мәлім. Бұл мәселе бізді досқа күлкі, дұшпанға таба ететіні де жоғарыдағылардың санасын селт еткізер емес. Ал әнебір жылы Алматы қаласына Иманғали Тасмағамбетов әкім боп келіп: «2006 жылдан бастап Алматыда бүкіл ісқағаздары қазақшаға көшіріледі» деуі мұң екен кейбір азаматтар бұған шу етіп қарсы шықты. Солардың кейбірі қазір Мәжіліске халық қалаулысы болып кетті. Содан кейін-ақ Алматы бұл мәселеде ауызын ашудан қалды. Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілген әлгі ұлы бас­тама әлі де қолға алына қойған жоқ. «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп ақын Мұрат Мөңкеұлы айтпақшы, күн өткен сайын бұл ұлы бастаманың орындалуына да қаупіміз күшейе түсуде. Себебі белгіленген, алға қойылған қай шаруаны да атқару үшін оған әуелі дайындық, оның алғышарттары, оның жоба-жос­пары, басталу-аяқталу мерзімі анықталып, жамағатқа жариялануы керек. Ал бізде Президентіміз айтқаннан бері жергілікті жерлерде мұның бірде-бірі жасалған жоқ. Сондықтан ең кішкентай, ең шағын мекемелерден бастап, қала, аудан облыс әкімдіктеріне, жеке компанияларға дейін оның әлгіндей алғы шарттарын, даярлықтарын, жұмыс жоспарын жасап, міне, біз осындай шаралар жасап жатырмыз деп жамағатты құлағдар етуі керек. Бұл – олардың тікелей міндеті. Ал қазақ, орыс тіліндегі БАҚ-тар мен телеарналар Елбасының осы сөзін ту қып көтеріп, түрлі-түрлі бағдарламалар, жобалар жасап, телехабарлар, көрсетілімдер өткізуі керек еді... Оның есе­сіне телеарналардан күндіз-түні көретініміз арзан әзіл-қалжыңға толы бағдарламалар, тіпті болмаса, бір самаурын шай, табақ толы бауырсақ пен үйме табақ қазы-қартаны ортасына алып отырған 5-6 қазағы бар жарнама мен корей фильмдерін көрсетіп қояды. Саясаткер Дос Көшім бір сөзінде: «Ертең қазақ тілі орыс тілінің деңгейіне көтерілсе, қазіргі билік басындағылардың, «ақсүйектердің» 80 пайызы жұмыссыз қалады. Ал олардың бүгінде Швейцарияда, Англияда оқып жатқан балалары, немерелері 100 пайыз жұмыссыз қалады. Сондықтан олар қолына қосауыз мылтық алып, көшеге шығып, «қазақ тілі көтерілмесін» деп соғыс ашудан тайынбайды» деген екен. Мүмкін осының бәрі сондай дүбаралардың аяғымызға оралып, ісімізді ілгері бастырмауға күш салып отырғанынан да шығар-ау, ә?! Біз бір нәрсеге сүйінсек, өйтіп жатырмыз да бүйтіп жатырмыз деп алты әлемге жар салып, азандаған дауысымыз айға жететін, ал күйінсек көкірегімізде күн тұтылып жатса да іштей ғана күйініп жүре беруді ғадетке айналдырып алдық. Бірақ оның да шегі бар ғой. Сондықтан Елбасымыз Жолдауында әлгіндей ұлы да ұлағатты бастама айтқалы не министрліктегілер, не аудан, не облыс әкімшіліктері не сүйінгенін, не күйінгенін білдірмей, еш қарекетсіз отырғанын қалай түсінуге болады? Бұл ретте «Алматы», «Астана», «31 канал» телеарналары Президентіміздің сөзіне неге қызу қолдау көрсетпей отыр? Әлде олардың басшыларының ішінде де мемлекеттік тіл – қазақ тілінің туын көтеруге ниеті жоқтар бар ма деген күдік көңіліңді күпті қылады да тұрады. Иә, дүние жалған дөңгелеп, күні ертең-ақ 2025 жыл да жетіп келер-ау! Ал біздің Президентіміздің бастамасына, қазақтың өз еліндегі ең басты мәселесінің бірі болып отырған туған тілі мәселесіне бұлайша бұйығы, бұлайша керенау қарап, тым-тырыс отыруымызды ненің, қандай пиғылдың нышаны деп түсінсек екен? Ертең-ақ 2025 жыл келгенде «Құрметті Елбасымыз! Сіздің айтқаныңыз орындалмады. Сөзіңіз желге ұшты. Оған себеп...» дейміз де ар жағын жұтып қоямыз ба? Әлде «Е, оған шейін Елбасымыздың ол айтқаны ұмытылып қалады ғой» деп отырғандар бар ма? Ендеше «Ау, мына түрімізбен 2025 жылы 95 пайыз қазақша сөйлеген халқымызды көрмек түгіл, осымызға зар боп қалмаймыз ба? Ал сол жылы 100 пайыз қазақша сөйлеуге тиісті бүгінде үш тіл үйреніп жатқан мектеп оқушыларымыз ше? Сонда қазақ халқына да, Елбасымызға да не бетімізді айтамыз? Көршілес, тілдес, діндес ұлттарға күлкі болмаймыз ба? Жоқ, осы күлкі болғаның да жетер қазақ! Іске кірісетін сәт туды!» дейтін кім бар?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

5284 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9120

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7264

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5003

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4388

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4352

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4313

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4047

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4039

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы