• Қоғам
  • 07 Наурыз, 2013

Қазақ баласын неге қазақша оқытпайды?

Аялдамада өзіме таныс Орынгүл апа мен боянып-сыланған «тетя Оля» отыр. Олардың әңгімелері еріксіз назар аудартты. – Мен сендерге қызығамын. Орынгүл апа: – Неге? – Сендерді балаларың сыйлайды, бағады. Ал біз қанша бала тапсақ та бізді тастап кетеді, жалғыз қаламыз. Ойланып қалдым... Шындық осы. Онда біздің қазақтар балаларын неге орысша оқытуға құштар. Бір әріптесімнің айтқаны есіме түсті. Әріптесімнің баласын орыс мектебіне беруге қамданғанын естігенде, қызметтес үлкен кісі ренжіп, «өзің қазақша басылымда істейсің, осыдан балаңды орыс мектебіне беретін болсаң, сені газет бетіне шығарамыз, мұның ұят емес пе?» деп қатты ренжігенін, содан бүкіл Алматыны іздеп жүріп жақсы деген қазақ мектебіне бергенін айтқан еді. «Өзім ауылда өстім, орыс тілін білмегендіктен көп қиындық көрдім, талай рет дүкеннен алғым келген затты ала алмай кеткен кездерім болды, мысалы қысқаштың орысшасын білмеймін, қолыммен көрсетсем орыс әйелі түк те түсінбейді... Осындай жағдайдан кейін баламды орыс мектебіне бергім келді. Қазір ойлап отырсам, менің қызметтес ағаларым көреген екен, маған дұрыс бағыт беріпті. Қаланың баласы қазақ мектебінде оқып жүріп-ақ орысша сайрай береді. Түпкі қазық, тәрбие қазақша болу керек» деген-ді бір әңгімесінде сол әріптесім. ...Жаныма кішкентай екі қызын жетектеп, жатақханада тұратын келіншек келді. Сөйлесе келе, қызының биыл бірінші сыныпқа барғанын сөз қылды. Қай мектепке бергенін сұрап едім, орыс мектебіне бергенін айтты. Мен сауалды текке қоймағанмын. Өйткені келіншекті жақсы білетінмін, өзі де, сіңлісі де орысша оқығандар. – Бұл да аралас мектеп, алайда орыс сыныбына бердім. Орыс тілінің болашағы зор, қазақ тілінің проблемасы көп. Оның үстіне баламның сабағын қадағалау үшін қазақ тілі маған қиындық туғызады. Қазақ сыныбына берсем деп ойлағанмын, құжаттарын тапсыруға барғанда ондағылар орыс сыныбына беріңіз, кейін өкініп қаласыз деді. Сосын ойланбастан орыс сыныбына құжаттарын өткіздім, – деді. Қаланың жоғары жағындағы орыс мектебінен баласын алуға келген қазақ келіншекпен танысып, «Өзіңіз қазақ бола тұра, балаңызды неге орысша оқытасыз?» дедім себебін білмек болып. Өзін Жанна Теміреева деп таныстырған замандасым әңгімесін былайша өрбітті: «Өзім орыс мектебін бітірдім. Қазіргі заманда қазақ тілін білу өте маңызды. Баламның болашағын ойлап 1-ші сыныпта қазақ мектебіне бердім. Бір күні баламның сабақ үлгерімін білейін деп мектепке барсам, бір-бірімен айғайласып, ұрсысып жатқан мұғалімдерді көріп шошып кеттім. Келген ата-анамен ешкімнің шаруасы жоқ. Мектеп қабырғасында мұғалімдер өздері бір-бірімен осылай айғайласып жатса, мұндай мұғалімнен бала қандай тәрбие алады? Көңілім біртүрлі болды, бірақ мән бермеуге тырыстым. Келесі жолы баламның білімін тексеруге тағы да бардым. Екінші жолы барғанымда мектептің сырт жағында жаюлы тұрған жаялықтарды көрдім. Мектеп – білім ордасы емес пе?! Мектеп ауласында жаялықтар?! Тәртіп қайда... Үн-түнсіз баламның құжаттарын алып, баламды жетектеп жанында тұрған орыс мектебіне бардым. Мүлдем кереғар жағдай. Мәдениетті, жылы жүзді мұғалім бірден қуана қабылдады. Екінші баламды ойланбастан бірден орыс мектебіне бердім, көңілімнен шығады, білімдері де қанағаттанарлық. Ал қазақ тілін қосымша қаражат төлеп оқытып жатырмын...». Осыдан кейін ұстаз деген ардақты атты иемденіп жүрген мұғалімдермен тілдеспекке ниеттендік. Барлығы бірауыздан қазақ мектептеріне қатысты айтылған бұл пікірді мойындамады. Ал «қазақ баласы неге орысша оқиды» дегенімізге, өз ойларын ашық айтуға именбейтіндерін, бірақ кейбірі аты-жөндерін толық атамауымызды өтінді. «Жеп отырған нанымызға кесірі тиіп кетуі мүмкін» деген жорамалдарын жоққа шығармайды. Қаладағы №130 гимназияның қазақ тілі пәнінің мұғалімі, еңбек ардагері Бақыт Сегізбаеваның айтуынша, қазақ сыныбының бағдарламалары өте күрделі. «Мен қазақ мектебінің білімі орыс мектебінен төмен дегенмен келіспеймін. Рас, біздің бір кемшін тұсымыз бағдарламаларымыз жиі өзгереді. Бұрын бес жылда бір рет өзгеретін, яғни бір бағдарламамен бес жыл бойы оқытатынбыз. Ал қазір жарты жылда немесе жылына бір рет өзгеріп отырады. Осы бағдарламаға үйреніп, енді оқыта берген кезде тағы да басқа бағдарламаны қабылдайды да, қайтадан жаңа бағдарламамен жұмыс істеуге тура келеді. Мұның барлығы қағазбастылыққа әкеліп тірейді, бұл балаға да оңай емес, бала психологиясының қабылдауына өте қиын соғады. Содан барып қазақ ата-аналар балаларын көп жағдайда орыс сыныбына апарып жатады. Мұндай жағдай қазақ мұғалімдердің арасында да бар, өзі мұғалім болған күннің өзінде баласын орыс сыныбына береді. Себебін сұрағанда қазақ сыныбының бағдарламасы жиі-жиі өзгеріске ұшырайды, дұрыс білім жоқ, баланың басын қатырып қайтемін деген жауап аласыз. Мен өз тарапымнан бұл уақытша қиындық, қазақ баласы қазақ сыныбына баруы керек деп жас ата-аналарға үнемі ақыл-кеңесімді айтып отырамын». Қазақ мектебінің мұғалімі Ардақ: «Бүгінгі қазақ мектебіндегі оқыту бағдарламасы балаға қиындық туғызатыны рас. Баланың жас шамасына қарай үйретуіміз керек. Үйге берілетін тапсырмаларды орындау кезінде де ата-аналар тарапынан сын айтылып, оқушыларымыз қиналып жатады. Оқулықтар да күрделі тілмен жазылған. Осыны министрліктегі лауазымды адамдар ескерсе екен деген тілегіміз бар. Ал енді тәрбие жағына келетін болсақ, біздің балаларымыз өте өнегелі, ата-ананы қадірлеуді, үлкенді құрметтеуді, сыйлауды біледі. Орысша оқығандар бойларына орыстың мінезін сіңіреді, тік мінезді, бетке айтып тастайтын, қазақы құндылықтардан жұрдай болып келеді. Орыс мектебін бітірген қазақ қыздарынан ата-енесіне жайлы, жақсы келін шықпайды, себебі олар мектепте орыс қаламгерлерінің шығармаларын оқиды, ол жерде қазақы тұрмыс, үлкенге құрмет, кішіге ізет жайлы әңгімеленбейді. Жақында бір ата-ана орыс мектебінде оқитын баласын бізге ауыстырды. Себебін сұрағанымызда, баласының қайырымсыз, тік мінез болып, өзімбілемдікке салынып бара жатқанын алға тартты. Орысша оқитын балама «балам десем», «что, чего тебе», ал қазақша оқитын балама «балам десем», «ау, мама» дейді. Мұны көпшілікке ой салсын деп айтып отырмын» деді. Орыс лицейінің мұғалімі, қазақтың қызы Тамара: «Орыс мектебінің білімі қазақ мектебіне қарағанда тәуір. Нақты айтылады. Жай ғана мысал, орыстарда баланы кішкентай кезінде тамақ жейсің бе, дәретханаға барасың ба деп нақты сұрап, оған иә немесе жоқ деген нақты жауап алады. Ал бізде ше? Баланы кішкентай деп есептеп, өзіміз нақты сұрақ қойғанның орнына «кіш дейсің бе, піш дейсің бе?» деген сияқты сөздерді қолданамыз. Бала да нақты сұрақ болмаған соң нақты жауап бермейді. Дәл осындай нақтылық, бірізділік жоқ себепті қазақ мектебінің білімі де нашар, мұғалім мен оқушы арасында еркіндік те жоқ. Менің ойымша, орысша оқыса да қазақ болып қалуға жағдай жасауымыз керек. Ол үшін қазақы қасиеттерді әр баланың бойына сіңіре білуіміз керек» деді. Сонымен, қазақ баласын неге қазақ мектебіне бермей, керісінше орысша оқытады? Бұдан шығатын қорытынды, бұған қазақ ата-ананың өзі кінәлі. Себебі қазақ – қазақ тілімен күн көре алатынына сенбейді. «Орысша білсе далада қалмайды» деген пиғыл әлі бар. Қазақ тілі қашан өз тұғырына көтеріледі, қашан төрден орын алады деп қол қусырып, әрекетсіз қарап отырмай, әр отбасы, әр шаңырақ бұл істі өзінен бастаса, қанеки. Қазақ тіліне, оның болашағына қазақтың өзінің жаны ашымаса, өзгелерден не қайыр? Осыны түсінетін уақыт әлдеқашан жетті емес пе?.. «Игі істің басы – тіл. Тәрбие басы – тіл» деп М.Қашқари айтқандай, тілге үлкен мән беруіміз керек. Әр шаңырақта нағыз қазақы тәрбиенің негізі қалануы тиіс. Қазақы тәрбиенің түп-тамыры – ол таза қазақ тілі. Әр қазақ бүлдіршіні – қазақ мемлекетінің іргетасы, қазақ мемлекетінің мықты тіреуі. Осыны бала жүрегіне жеткізе білсек, ол ертеңдері өмірден өз орнын табары анық. Бағдагүл Балаубаева

4674 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9253

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7339

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5082

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4464

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4428

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4388

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4124

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4116

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы