• Қоғам
  • 21 Шілде, 2010

«Алты Алаштың» арыз-арманын кім тыңдайды?

1-bet4

Бәрі есінде. Қалай ұмытсын?.. 2003-тің жазында Астанаға ат басын бұрғандардың қатарында Жамбыл облысының, Шу аймағынан Рахымбаевтардың отбасы да қоныс аударды. Отағасы Ылшыбай жұмысқа орналас­ты. Мамандығы бухгалтер Мейрамгүлдің жұмысқа табан іліктіруі ұзап кетті. Не істеу керек? Астанадай мегаполисте жалғыз жанның жалақысымен төрт бала, екі үлкен кісінің жан бағуы қиын. Бармаған жері, ашпаған есігі қалмады. «Жасыңыз қырықтан асқан екен әрі бос тұрған орын жоқ» дейді бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Бір сауда дүкеніне сәкі жууға бел буды. Бүйтіп жүре беруге бола ма?!.

Бір қызығы, кішкентай тран­зис­тор-радиосын тас­тамай алып жүреді. Дыбысын ақырын шығарып, қазақ тіліндегі хабарларды тыңдайды. Ар­қалы ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың қазақ тілін қайтсек көгертеміз деген жан айқайын естіді. Қайтіп қол ұшын берсе екен? Біраздан бері байқап жүр. Астанадағы дүңгіршектерде қазақ тіліндегі газет-журналдар жоқтың қасы. Ілуде біреуін көзі шалады. Намысы келді. Неге бұлай? Сол күндердің бірінде түс көрді! Бір бума қағаз көтеріп жүр. «Бұл не?» деп ойлады таң қалып. Сүйтсе, алдағы кездегі нәсібі – газет-журналдар болатынын сездірген, Алладан жеткен аян екен! Жаратушы Хаққа қатты сенетін әйел осылай жорамал жасады түсіне...

Шуға дейін Тараз қаласында тұрғандарында газет-журнал сатып, шағын дүңгіршек ашып, аз-кем уақыт кәсіп істеген еді. Сол нәсібін жалғастырса болмас па? Жолдасы мен балаларының қолдауымен ертеңінде Алматыдағы редакцияларға хабарласып, басылымдарын жіберулерін өтінді. Аптаға жетпей қазақ тілінде шығатын газет-журналдар келе бастады. Намысқой әйел ол басылымдарды сөмкеге салып, қолтығына қысып, Елорда көшелерін кезіп сата бастады. Күн ыстық. Шаршады, шалдықты. Мәңгүрт біреулерден сөз де естіді. Одан сайын өршеленді. Қазағым дейді жүрегі өрекпіп! Қайран тілім дейді жігерленіп! Кей-кейде көңілі босайды. Жылы-жылы сөз айтып, қазақ газеттерін сатып алған кісіні құшақтап алғысы келеді. Қуанады, шаттанады! Көбінесе жүретін жері, бұрынғы орталық базар, қазіргі Сәдуақас Ғылмани атындағы мешіт маңайы. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде жолдасы Ылшыбай: – Кім келгенін көрдің бе? – деді. – Кім? – Шаханов Мұхтар ағаң... – Қалаша? – деді сенерін де, сенбесін де білмей. Қазақ басылымдарын сатып жүрген қайсар әйелдің тілектес, жанашыр тұтынушылары көбейе бастады. Қасына сол ниеттес жандардың екеуін ертіп, Парламенттегі Мұхтар Шахановқа барды. Жолықты, сөйлесті. Одан сайын қанаттанды Мейрамгүл. Орталық базар маңында бір шоғыр қарағаш өсіп тұратынын байқаған әйел, сол жерге келіп газет-журналдарын сата бастады. Өте ыңғайлы орын, көлеңке, ыстықтан пана сол жерге орын тебе бастады. Күнде келеді. Өзі де үйренді, сатып алушылар да үйрене бастаған. Сүйтсе, ол жерге орыстар демалыс күні келіп, ит саудасын жасайды екен. Орыстардың ит сататын базары! Саялы, тыныш жерді қалай-қалай таңдаған. Айқайласып жүріп, ақыры кетіріп тындырды оларды. Біраз күн өткен соң жолдасы шағын стол жасап берді. Келе-келе жалғыз столы екеу болды, үшеу болды. Халық қолдады. Тіл жанашырлары көбейді. * * * Бұлайша далада тұрып жұмыс істеу болмады. Заңды түрде жер алып, дүңгіршек ашуы керек. Дүңгіршек атын қалай атаса екен?! Оқырмандарымен ақылдаса келіп «Алты Алаш» атауына тоқтады. Жер алудың да реті келді, рұқсат алып, құжаттарын жинады. Жинағаны бар болсын, айқас басталды дейсіз. Ең әуелі «Алты Алаш» деген атауына тиісті. Неге Алты Алаш?! Неге Абай емес? Неге жай ғана дүңгіршек емес? Алматы ауданындағы кейбір шенеуніктердің қарсылығына қасқайып қарсы тұрды. Әсіресе Мирошихина деген әйелдің қарсы болғанын көрсеңіз. Өткенде жолыққанда, Мұхтар Шаханов ағасы сыйға тартқан кітабына: «Мейрамгүл қарындасыма, сеніммен!» деп қолтаңба жазған болатын. Осы жалғыз ауыз сөз керемет рухтандырды. Отбасы да, жанашыр оқырмандары да ақшалай көмектесіп, қолдады. Сонымен «Алты Алаш» дүңгіршегі ашылды. Орталық базарда сауда жасап, нәпақаларын айырып жүрген кісілерді, жанашыр оқырмандарын шақырып, Алла разылығы үшін нәзір құрбандық шалып, той жасады. * * * Әсілі, мынау фәни жалғанда ақ пен қараның, қуаныш пен қайғының қатар жүретіні несі екен?! «Алты Алаштың» басына да осындай нәубет орнады. Дәл сол тұста Мұхтар Шаханов депутаттықтан кетіп жатқан болатын... Дәл сол тұста орталық базар таратылып, қала сыртындағы жаңа орынға қоныс аударғалы жатқан... Осы жағдайлар себеп бола кетті. Құқық қорғау органдары «Алты Алашты» жауып тастады. Оның алдында көпе-көрінеу келіп тиісіп жүретін. Тіпті бір күні түнде дүңгіршекті автокранмен көтеріп әкеткелі жатқанның үстіне жолдасы Ылшыбай екеуі келе қалып, аман алып қалды. Базаршылардың қала сыртына көшпейміз деген қарсылық акциясын ұйымдастырды деген желеумен Мейрамгүлді бір күнге милицияға апарып қамады!.. – Ол күндерді еске алғым келмейді, – дейді төрт баланың анасы, қазақтың қайсар әйелі көзіне жас алып. * * * Мақсатына шын ұмтылған адамда шаршау болған ба? Бұрынғы қала әкімі Асқар Маминге хат жазды. Ол кісі қайта рұқсат бергізді. Сейфуллин көшесінің бойынан, «Артем» сауда үйінің қасынан. Екі айдай «Алты Алаштан» көз жазып қалған оқырмандардың қуанғанын көрсеңіз. – «Мейрамгүл қайдасыз?» деп «Ана тілі» апталығы мен туралы мақала жазды, – дейді кәсіпкер әйел. – Ол дағы үлкен медеу болды маған... Мәселе бұнымен біткен жоқ. Кедергілер кездесе берді. Тағы да қала әкіміне баруға, айтуға, сұрауға ұялды. Өзіне нан сұрап жүргендей ойлауы да мүмкін деп қысылды. – Қазақ тіліндегі басылымдардың таралуына, насихатталуына мемле­кеттің өзі қамқор болуы керек қой, – дейді кәсіпкер әйел. Ойына Парламент Сенатындағы қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов оралды. Орнықты ойларына, парасатына, елім деп соққан іс-әрекетіне риза болған азамат қой. Қабылдауына жазылып, ақыры тілдесті. Бәрінен бұрын ізетпен, ілтипатпен қарсы алғанына разы Мейрамгүл. Арыз-арманын байыппен тыңдаған Қуаныш Сұлтановтың сол қабылдауынан соң 2 дүңгіршектің тиісті құжаттарын заңдастырды. Ешкімнен қорықпайтын болды. Тынышталды. Бірақ, қалалық электр желілері мекемесінде істейтін кейбір азаматтар біресе жарықты ағытып тастайды, біресе жалғайды. Ығыр қылып жүр әлі күнге. Мейрамгүл Рахымбаеваның әңгі­месін тыңдап отырғанда, қасында мамандығы заңгер, үлкен қызы Анар да болды. Анар қазір шешесіне көмектесіп, «Алты Алаш» дүңгіршегіне қызмет істеп жүр екен. – 7 жылдай болды осы істі бастағанымызға, – дейді Анар. – Бүгінгі таңда «Алты Алаш» дүңгіршегінің 2 жерде ғана орны бар. Ол меніңше аз. Дүңгіршектеріміздің көбеюіне, қазақ басылымдарын насихаттауға, таратуға дайынбыз. Астанада, «Алты Алаштың» 10 дүңгіршегі болса да көп емес! Мәселен, Елордада әр автобус аялдамасында «КазПресстің» киоскілері бар. Оларда қазақ басылымдары сатылмайды. Бар болса да бірлі-жарым ғана... Жалпы, Астана ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша қазақ басылымдарын көптеп сататын дүңгіршектер неге ашылмайды? Туған тілдің, ұлт баспасөзінің со­йылын соғып жүрген Мейрамгүл­дің еңбегі ересен. Ешбір дабырасыз қазақ тілінің қанат жаюына үлкен күш жұмсап жүр. Егер Мейрамгүл­дің орнында әлжуаз біреу болса, «Алты Алаш» баяғыда-ақ жабылып қалар еді. Қазақтың қайсар қызы хан қалада осылай қазақ басылымдарын насихаттап жүр... Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы

Астана

3667 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8768

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7063

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4807

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4193

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4155

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4116

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3846

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3846

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы