• Әдебиет
  • 29 Шілде, 2010

Сезім жұтаң, көңіл бай

Аян НЫСАНАЛИН

Уыз Сол көктемде келді ерте дегелек, Бәлкім, қоян аяғын көп жеген ек. Жетімтаудың ауылы қыстан қысылмай, Ұзынсайға қонып жатты не керек.Кеңсесінен көктің пәрмен берілді, Нөсер құйып, кемпірқосақ керілді. Абысындар от алуға асықпай, Тарқатқандай Қойқаптағы шеріңді. Шипа желі соқты Алтынкүректің, Жер дегдіді қалауындай жүректің. Баурайдағы пырдай болып бәйшешек, Тұр тамылжып тіршілікке тірек күн. Бейқам бәрі. Ашатұяқ өрісте, (Сағынамын кездер, шіркін, періште). Ғажап еді аспан асты, жер үсті, Көшпелі өмір дұрыс па, әлде теріс пе? Бұрқырайды қырдан жусан иісі, Әлдилейді түнде малдың күйісі. Бейуақта көктен жұлдыз жауады, Қытықтайды сылдырап су сүйісі. Маған бастан қыр мінезі дарыған, (Жиі ойлап сол сәттерді зарығам). Көктөбеге ақсақалдар жиналып, Айтушы еді уызынан жарыған. Түйдім тәлім алдын көріп дананың, Таттым талай тәтті дәмін қаланың. Жерошақта, бірақ, ана пісірген Уызына жетпейді еш даланың. Түс Бұл өмірдің келіп-кетер қонағы, Адамдардың тоғысады тағдыры. Бақытсыздық кездейсоқта болады, Табиғаттың перизаттай пәк нұры... Алтын таққа қонжиыппын жоқ қайғы, Ауыздығын қарш-қарш шайнап арғымақ. Ағып жатқан өмір қалай тоқтайды, Алыпты иттей Жантықтарды қарғылап. Әуіздегі шоршып алтын балықтар, Айдындарда салады асыр аққулар. Гүл көмкеріп қадамымды қалыпты әр, Байқалмайды түк шадыман шақты улар. Көрінбейді көзге пенде кейісті, Құмыр бұлбұл тәтті әуез төгеді. Қызықтаймын аралап мен пейішті, Ізгілік дән кеудеңізге егеді. Жүре берсең топырақтан тысқары, Араластырды, жазмыш, қандай ойынға?.. Шырт ұйқыдан оянсам бұл түс бәрі, Сұрқай дүние мінді қайтып мойынға. Қоғам Қайда, айтшы? Бұзып-жарып кимелеп, Өлексеге тазқаралар үймелеп. Теңіз тентек толқындары тулайды, Күңіреніп күй бөлек. Едіреңдеп төрге оздың еліріп, Қай құбыладан беймаза тұр жел үріп. Монтанысың сондай мысықтабандап, Жатсың жанды кеміріп. Қолтығыңа дым бүркіп һәм жебелеп, Соқыр жауын өтер бір кез себелеп. Ұшарын жел, қонарын тек біліп сай, Ел-жұрт қалды ебелек. Құбыласың сан айлакер түлкідей, Күмілжіп кіл көлгірсисің күлкідей. Тілкім-тілкім жұдырықтай жүрегім, Көп запыран (кілкіді, ей). Сазарыңқы сықпытыңа үңілдім, Керегі жоқ маған тегі түгің дым. Қайда аптығып барасың сен, жарқыным, ...Тіпәй, қатты түңілдім. Түз тағдыры І Емін-еркін сезініп күзде демін, Өліп-өшіп өзгені іздемедім. Өксіп өмір демі ыстық өзеурейді, Басқада емес тағдырым түзде менің. Жықпыл-жықпыл жан болса бадал әлі, Ұмыттырмай барлығын жад алады. Әлдекімнің тімтініп жылан көзі, Өңменімнен сұп-суық қадалады. Домаласа көре алмай тасымызды, Жүген-құрық симайтын басымызды. Бар болғаны сала бар дәргейінде, Иген шығар Аллаһ көз жасымызды. Шынымен біз бәрінен азатпыз ба, Таңсық таңды Тәңірім, боз атқызба. Кеуде керіп қашан да тыныстайтын, Тиым салды сүйгеннен қазақ қызға. Емін-еркін сезініп күзде демін, Өліп өшіп өзгені іздемедім. Өксіп өмір демі ыстық өрекпиді, Қызғанба сен, тағдырым, түзде менің. ІІ Алтын қазық – өмірімнің өзегі, Қауын-қарбыз піспектеген кез еді. Дедектетіп мені әкетті қасқа жол, Аттай тулап жүрек нені сезеді? Шөп пәркіндік тама жаздап түн шығы, Сәндітамдар қоштасқандай сыңсыды. Қасқа құлын оттап тұрған кісінеп, Қос құлағын қайшылап аз тыншыды. Боз далам-ай, сенде неткен төзім көп, Жылан арбап бозторғайың безілдеп. Жас сұңқардың қандай самғау сезімі, Жалт-жұлт етті бала жігіт көзінде от. Сүдігерде дән қайтадан өнді ме? Жылдағыдай қарлығаштар келді ме? Кемпірқосақ сынып көлге түскендей, Тұр белдеулеп көкмайсалы белді не?! Азайыпты айтақырдың бозаңы, Не әкеле жатыр құйын тозаңы? Тыныштықты тек адамдар бұзады, Ал, қалғаны – бұл даланың өз әні. Сені ойласам қалың-қалың құса-мұң, Туған жерге құстай түлеп ұшамын. Қайта-қайта саған бұрды бүйрегім, Тартты мені оттай ыстық құшағың. Айналайын, ауыл! Өмір өзегі, Қауын-қарбыз піспектеген кез еді. Көз боталап, жоталарға жәутеңдеп, Келді қимас қоштасудың кезегі. ІІІ Бурадай маңқияды бұйра белім, Ботаңмын бауырыңдағы бұйыр, елім! Жаманат шыға қалса жазатайым, Бүлк етіп бүлкілдейді бүйрегім. Көріп мен көк байрақты шаттанамын, Ешкімнің ала жібін аттамадым. Есіме еңірегенде сен түсесің, Баққанда түсі суық жат қабағын. Артық па ұлтым десем, халқым десем, Білесің барлығының парқын да сен. Суырып өзегімді берер едім, Сен үшін бола білсең жарқын да әсем. Берілмес құдайына бұлай бір құл, Долы жел зікіріне шыдай ма гүл? Туған жер келбетіңе тоймайды көз, Даланың тау мен тасы қандай тарғыл. Сағынып сәлем айтты бұлты маған, Жезі де алтын түстес жылтыраған. Жүремін жаға жайлау, көңілім тоқ, Тұрғанда тіл-көз тимей жұртым аман. Кенесары кәлласы Кекіліксай. Күңіреніп күйікті үн, Көңілі еді Тәңіртаудан биік тым. Кесілген бас әлі іздеп жүр кеудесін, Батпағынан шыға алмай ұйықтың. Неге мені қапалы ойлар жанышты? Қыран құстың қанатымен таң ұшты. Көкбеттеніп жарқ-жұрқ жасын ойнады, Қамшы осып, жанығандай намысты. Құлжа тағдыр әй-шәйіңді ұрсын ба? (Қынаптағы өткір қылыш құр сынба). Опа берген емес өмір ешкімге, Әлде, баба, назаланып тұрсың ба?! Сұмдық сезіп шулады ұлар шыңдағы, Қаңсығандай қырдың алтын құндағы. Өтті-кетті сатқындықпен бар ғұмыр, Шешілмеген күйі қалды жұмбағы. Бостандықтың құрбаны кім келесі? (Кіріп келе жатыр енді ел есі). Асқақ рух кең даланы кезіп жүр, Бір буалдыр бейтаныстың елесі. Шақырайып орап оттан сәлде күн, Байланыпты ауыр шоқпар белде тың. Жетім жүрек тоқтап қала жаздайды, Сонау шыңнан қылт-қылт етіп әлдекім. *** Сұм өмір абақты ғой саналыға. Мағжан. Қорытады кеудем гулеп көріктей, Қайран басым – ойқазына көмбесі. Ерте гүлдеп, үсік шалды өріктей, Арман еді ол – толған айдың он бесі. Маңдайымның соры қалың бес елі, Сонша менің әлде тұзым жеңіл ме? Бойды буып, уақыттың кеселі, Бұлт қабарып, кірбің түсті көңілге. Кетті маза қамалғандай түрмеге, Қапырық күн қаусырады қаумалап. Ызың-ызың жел ыздиды іргеде, Бейғам неге шал сақалын саумалап. Шалажансар шағала – ой кезеді, Енді қалай отырамын омалып. Әлдекімнің елесі еңсе езеді, Мұң үстіне тағы да мұң жамалып. Сөнді жұлдыз өлеусіреп жанатын, Сығалаңдап жүр ме біреу есікте. Пыр-пырлайды сүйреп сынық қанатын, Беймаза ойлар тұншығады бесікте. *** Бір қызық дәурен сүргендей, Өтінде желдің тұр шілік. Бар сенде сиқыр сыр нендей! Тәттісің қандай, тіршілік. Бәрі бір саған іңкәр көп, Өмірдің сондай сияғы. Қанаты бүтін сұңқар жоқ, Тұлпар жоқ бүтін тұяғы. Барады бастан бәрі өтіп, Мәжнүндей жүрдім мәңгіріп. Бір ауыз сөзге зар етіп, Баурым да кетті мәңгілік. Рухын қайда қалдырды? Көкем де ерте жұмды көз. Есімнен талай тандырды, Жанымды жеді мұңды кез. Жеңіл ме тұрмыс құраған, Шайқастан шықтым сан аман. Құдайдан медет сұраған, Дамылдап жатыр жан анам. Қайырылмай қойды досым да, Жоғалды сіңіп сағымға. Тып-типыл етіп тосында, Қаратпай қас қағымға. Сәулем жоқ соқа басыма, Пешене – осы. Не шара? Тасыма, сонша жасыма, Ей, көңіл, дейтін бейшара. Ақысы бардай асылы, Торып жүр біреу жағалап. Тағдырдың соқпа жасыны, Қаламын кімді сағалап?! *** О, уақыт, безекте, Дәуір дерті тарады. Өрт түсіріп өзекке, Өмір өтіп барады. Көкіректі нұр кернеп, Қыстығамын бірауық. Күрең күзді тұр тербеп, Тырна мұңлы тырауы. Өскен ән мен күй еміп, Оған заман жат әдді. Қырда таяқ сүйеніп Қойшы ойға батады. Келеді түк түсінбей, Ханталапай ішінде. Сырт айналды пішін кей, Аян беріп түсінде. Хақтан басқа жоқ тірек, Табан асты сусиды. Төбесімен көк тіреп, Жүрегін жан құшиды. Сыбаға ал құр кетпе, Сезім жұтаң, көңіл бай. Аялда сен бір сәтке, Өмір, Өмір. Өмір-ай! *** Түскендей барған сайын тұлғалана, Сезінем өзімді еркін бұнда ғана. Тартады тәтті түтін түзу шығып, Түбінде сен шығарсың құбыланама. Алыпқа ұқсайтындай жатысың бар, Жасампаз өміріңе қатысым бар. Алтын күн алаулайды аспаныңда, Бәрі бір шығысың ба, батысың ба? Қарамай тағдырыңа күле сенің, Білемін қайтар тегі бір есенің. Кеудеме қолды қойып айта аламын, Қалғанша сүйем жерің күресемін. Лүпілдеп тамырымның бүлкілінде, Ғашықпын сондай ділмар тұл тіліңе. Сандырап қайбір пенде не демейді, Түрмейді ешкім құлақ күңкіліне. Томсарып тамылжыған таң күліп пе, (Ләйім мағынасыз мәнге ілікпе). Аттанып болашаққа бара жатып, Жаса сен, елім менің, мәңгілікке! Жат пиғыл әлдеқандай құлыққа еріп, Бәз біреу сызданады сұлық келіп. Лаулайды Прометейдің жан алауы, Жүрегін ат басындай жұлып беріп. Жусаны бұрқыраса ғажап белі, Жетпей жүр төбем көкке аз-ақ елі. Ешқашан өкінбеймін құлың болып, Атыңнан айналайын, Қазақ елі!

3122 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6761

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5993

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3732

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3121

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3077

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3054

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2783

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2768

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы