• Әдебиет
  • 29 Шілде, 2010

Қаныш сахнасы

Баянауылдың көл жақ қырында біздің мектебіміз болды. Кенттің тарихи жағының үйлерінің дені қарағай бөренелерден өріп салынған. Солардың ең көріктісі де, көлемдісі де, көп бөлмелісі де біздің мектеп үйі болатын. Басқа бөлмелерінің арасы да бөренелермен бөлінген де бір кішірек және бір үлкенірек екі бөлменің арасы тақтаймен бөлініпті. Бұл екі бөлменің мұндай ерекшелігінің сырын өзіміз көзімізбен көрдік. Ойын-сауық, пьеса қойғанда, не болмаса елеулі мектеп жиыны болғанда тақтай қабырғаны, астына дайын аяқтарын қойып, шалқайта салғанда кіші бөлме сахнаға, үлкен бөлме көрермен отыратын жайға айналып, мектеп ішінен кәдуілгі театр пайда бола қалады. Ал былайғы күндері қолдан театрға айналдырылған бөлмелердің екеуі де сынып еді. Баянауылда тұңғыш оқу орны 1843 жылы Мұса мырза (Шорманов) округқа қазы болып тағайындалғаннан кейін пайда болды. Мырза әуелі болыстардан мал жинау арқылы мешіт салдырып, жанынан медресе де ашады. Жылдар өте медресеге арнайы жай да салынады. Ол уақытта кентке (округқа) 8 болыс қараған. Өркениетті орыс-қазақ мектебі солардың екеуінде, Ақкелін мен Қарамола болыстарында 1903 ашылған. Ал 1933 жылдың күзінде өзім есігін тұңғыш ашқан мектебім осы медресе жайында болды. Содан кейін «Үлгілі» деп аталатын мектебіміз қазіргі әкімшілік ғимаратының батыс жағындағы қазақ-орыс үйіне көшірілді. Онда 3-4 жыл оқығанымыздан кейін, осы әңгімені бастағанымызда тілге тиек етілген қыраттағы ғимаратқа көшірілді. Біздің бұл мектебіміздің жанында христиан шіркеуі болатын. Ол құдайсыздар етек алған уақыт еді ғой. Жаңылмасам, 1937 жыл болар, аудан басшылығы шіркеуді бұзып, соның кірпішінен қазақ мектебін салуға қаулы қабылдапты. Осы шаруаны басқарып, жүргізу кент үйлерінің жартысын салып шығуға үлес қосқан Дүйсенбаев Қарабек деген балташыға тапсырыпты. Ал бұзушылар, негізінен біз, балалар болатынбыз... Өз басымнан, жастайымнан үлкендер сөзіне құлақ салғыш, әр құбылыс бойынша көрінгенге сұрақ қойғыш болатынмын. Сол әдетім бойынша Қарекеңнен бір күні мына шіркеудің қашан салынғанын сұрадым. – Жасыбай көлінің ар жағында он шақырымдай жерде Қанды-қарасу деген жерде мыс балқытатын зауыт бар. Соның иесі Попов Александрдың қаржысына 1857 жылы салынған, – деді Қарекең. Шаруаның үзілісі кезінде Қарекеңді қоршап алып сұрақ жаудырамыз-ай кеп. Осындай уақыттағы әңгімеге құлақ қоятын­дардың барына қуанғандай Қаре­кең сұрақтарымызға ықыласымен жауап қайтарады. Кенттің күнбатыс жағында тастан қаланған қызыл темір есікті 3-4 қойма бар. Оларды «Торговая база» дейтін. Ес біле «Баянауылға тастан қамалдай қалың қылып салынған құрылыс неге керек болды екен?» деп ойлайтынмын. Бірде Қарекеңнен осыны да сұрайын. Ақсақал дереу жауап беруге кірісті. «Баянның батыс жағында ашық аспан астында тұрған столдар мен шатырларды көріп жүрсіңдер ғой? Олар Покров деген орыс көпесі 1888-ші жылы ашқан жәрмеңке. Кентіміз сөз болғанда «Боқырау жәрмеңкесі» деген атау бірге айтылады ғой, сондағы қазақтардың орыс атауын өз тіліне салып «Боқырау жәрмеңкесі» деп жүргендері осы. Ол жыл сайын қазан айының алғашқы жартысында жұмыс істеген», – деді ол. – Баянауыл үйлерінің салынуында сіздің қолыңыздың ізі бар дегенді айтады жұрт. Сол үйлердің ішінде біздің мектеп үйін неге соншама көлемді, зор етіп салған. Ол кезде Баянда кең мектепте оқитындай бала да көп болмаған сияқты. – Ә дегенде ол үй мектеп үшін са­лын­баған. Күз сайын Баянға сауда адам­дары сонау Ташкент, Самарқанд, мына жақ­та Сібір қалаларынан ағылатын көпестер­дің жатақ орнына, сауда мәселесі бойын­­ша келісім-шарттар жасайтын, жалпы, Ре­сей әкімдігінің сауда-саттық мәселесіне бет беретін кеңсе ретінде салынған ғой. 1905-1919 жылдары Ресейден бастап, Ақмо­ла арқылы Семейге дейін оңтүстік Сібір те­мір жолы салынбақ болып, соның бір учас­кесі өзіміздің осы Баянда ашылған. Оның құрылысы кешегі Колчак билеген уақытта да жүрген. Большевиктер өзінің көптеген мүшелерін осы алыстағы учаскеге жіберіп тұтқыннан сақтап қалған. Соның Паны Поздняк, Асқар Сыздықов сияқты белді мүшелері 1919-жылдың күзінде Баянда Кеңес өкіметі жарияланғанда алғашқы кеңсесі мен орыс, каз-тат (қазақ-татар) секцияларын басқарғандар жұмысты осы үйде істеді. Ол кезде ауданда 30 мыңдай қазақ, татар, 2500 орыс болған екен. Соңғылар негізінен осы Баян мен Алексеевка деп аталған қарашекпендер қонысында тұрған. Бұларды большевик Поздяк, ал қаз-тат секциясын Сыздықов басқарған. Кенттің содан былайғы өмірінің дамуына бір адам қатты ықпал жасады десем, сенесіңдер ме, жоқ па? – Ол кім? – Сәтбайдың Имантайының баласы, қазір орталық жақта аты шығып жүрген Қаныш ағаларың. Ол 1917-жылдың күзінде Семейдегі оқуын доғарып елге келген. Мұның себебін, әрине біле алмадым. Ал білгенім, сол азамат келісімен ел көңілді болып кетсін. Семейде оқып жүргенде Еңлік пен Кебек жөнінде жазылған хикаяны көшіріп әкеледі екен. Соңына өнерлі жастарды ертіп алған Қаныш ел-елге шығып, жұртқа ойын-сауық көрсетеді екен. 1920 жылдың жазында сол Қаныш Павлодар уезінің Баянауыл учаскесі бойынша сот болып сайлана қалсын. Ол кезде елде байларға ақысы кеткен кедейлер, теңіне берілмеген қыздар және рулар арасындағы таластардан туған қылмыстар көп болады екен. Қаныштың болыстар халқына ойын көрсетуі қылмыстық істерді қарауға барумен ұштастыруы сәтті болып жүреді. Сол жылдары Қанышқа ерген жергілікті таланттар Қаныштың ойын көрсетуін, яғни далада театр жасауын әлі күнге дейін тамсанып еске алып отырады. Сөйтіп жүргенде бір күні Қаныш әкей екеуімізді көшеде кездестіріп сауда үйіне кіріп-шығуға шақырады. Бардық. Сауда үйінің көп бөлмелерінің бірі кең, бірі тар екі бөлмесін бөліп тұрған бөрене қабырғаны алып, оның орнына қабырғаны тақтайдан жасауды ұсынады. – Сонда ол не болады? – дейді әкей. – Театр... – Ол не? – Мына қабырғаны тақтайдан жасап шықсаңыз, біз онда «Еңлік-Кебек» ойынын қоямыз.Үлкен бөлмеге қоятын орындықтардың ең алдыңғысына өзіңізді отырғызамыз. Сонда бәріне түсінесіз. – Оған да көндік, – деген әкей сол күннен іске кірісе бастады. Осы кезде бір бала Қарекең есіне тас клубтың барлығын салады. – Ағаштан салынған әуелгі мешіт 1917 жылы өртеніп кетіп ояз одан кейін Мұсаның Сәдуақасын шақырып, «біз де қаржы бөлейік, өздерің де ел-елден мал жинап, тастан мешіт салыңдар» дегенді айтады. Ал ол мешіт салына бастағанда Қаныш идеясымен салынған сахна құрылысы бітіп, бір күндері «Еңлік-Кебек» хикаясын қояды. Дүйсекең «Елімізге өнердің жаңа түрін әкелді» деп ақсақалдар атынан Қанышқа алғыс айтады... ...Алғашқы қазақ романисі Жүсіпбек Аймауытов ақталғанда профессор Құндақ­баев Бағыбек оның драматургиясы жө­нінде көлемді мақала жазған. Сонда ол жазушының 1914-жылы Семей қаласында қазақ жастарынан труппа ұйымдастырып, көлемді бір залда сахна жасап, «Біржан-Сара» айтысының пьесаға айналдырылған нұсқасын қойған екен. Біржан рөлінде Жүсіпбектің өзі, ал Сара рөлінде Қозбағарова деген келіншек шыққан екен сахнаға. Содан үлгі алғаны болса керек. Көпшілік көріністерден Қанышты көргендер де болған. Сол Қанекең 1918 жылы сырқаттанып қалуына байланысты елге келгенде Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасын көшіріп және сахна жасау идеясын ала келген екен. Келе, ауылында бостан босқа жата бермей өңірден талантты деген жастарды жинап Еуропаша билеуді үйретіп, «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінділер қойып, соңын жергілікті жерлерден талант тану үшін концертке айналдырып жүреді. Сол пьесада Көбей би рөлін орындап жүрген Дайрыбай Шашкин (белгілі жазушы Зейін Шашкиннің ағасы) сол уақыт жөнінде былай деп естелік айтқаны бар еді: ...1919 жылдың күзінде Баянауыл өңірі­не де Кеңес өкіметі орнады. Халық Орыс секциясы, Қазақ-Татар секция деген саяси топтарға бөлінді. Құрамы ең көбі «Каз-Тат» секциясында 30 мың, орыс секциясында 2500 мүше болды. Секциялардың жастар жағы ерекше міндеттер атқаруға тиісті болды. Оны басқаратын дайын адам бар еді. Ол әрине Қанекең. Осы Қаныш 1920 жылдың жазында өңірге халық соты болып сайланды. Елге мәдениет тармағын жаюға осы қызмет тіпті қолайлы болды. Оныншы учаскеде қаралуға тиісті теңіне берілмеген қыз шағымы, Батырақтардың байға кеткен еңбекақысын, барымта, ашылмаған ұрлықты қууы... сияқты 300-дей іс жатады екен. Осы істерді қарауға болыстарға шыққанда Қаныш өзімен бірге талантты жастарын ертіп, ойын-сауық та көрсетіп жүрді. Қазір қай болыста болған оқиға екенін ұмытып қалыппын, – деп Дакең біраз ойланып барып ойын жалғай берді, – Сол болыста Қаныш сот ісін аяқтағанша қосүй тігіліп болып, жұрт қызық көруге отырыса бастады... Кебек рөлінде Қанекеңнің өзі, Еңлік рөлінде Бісмилдин дейтін оқыған жігіттің Төкен деген келіншегі, қызға таласушы Есеннің рөлінде Қаныштың немере ағасы Әбдікәрім (Кәрім). Сахнада пьесаның Кебек пен Есеннің қызға таласу көрінісі. Қолдарында қанжар (әрине ағаштан жасалған). Біресе Кебек жеңеді, біресе Есен жеңеді. Ғашықтар осылай ырсылдасып жатқан көрініс үстіне көрермен арасынан бір жігіт атып тұрып «сахнаға» секіріп шығып Есенді қамшы астына алып төмпештесін-ай кеп... Сол жерде Қа­ныш ойынды тоқтатып, біраз түсінік бергені бар. Сөйтсе, анау осының алдында ғана Қаныш ісін қарап, байдан пәленбей айлық ақысын кесіп берген батырағы екен... Осылай Қаныш соңына ерген талантты жастардың да ұйымшылдығының арқасында қазақ елінің ту тіккен Баян­ауыл өңірінде ұлы мәдениеттің лаулауы­на алғашқы ұшқын берген болатын. ...Иә, бұл айтқандарымыз елімізді өркениетті мәдениетке қарай жасаған алғашқы бала қадамы. Еліміз тарихынан орын алуға тиісті бояулар... Бұл уақытта елдегі байларды кәм­пескелеу қарқыны ашық жайыла бас­тайды. Бұл зобалаң 2-3 жылға созылады да, көрші елдерден мал алдырып халыққа үлестіру арқылы аяқталады. Халық тоғайа бастаған жылдары Баянауылға қазақтар жан-жақтан көшіп келе бастады. Соған байланысты балалар көбейіп орыс мектебі мен қазақ мектебі қоныстарын ауыстырды. Сөйтіп, кенттегі ең үлкен ғимаратқа қазақ мектебі ие болады. Содан былай қарай Қаныш сахнасы да ойын-сауықтан босамайтын болды. Егер Баянауыл сияқты қазақтың ту тіккен өңірінде өнердің сан түрі кезінде даму тапты десек, ол «Қаныш сахнасының арқасы еді. 1939-1940 оқу жылында қазақ мектебі өзіне арнап салынған екі қабатты ғимаратына кіргеннен кейін орыс мектебі сауда үйіне қайта көшті... Соғыстан кейінгі жылдардың бірінде мектепке – Сауда үйіне кіріп-шықтым. «Қаныш сахнасы» сақталып тұр екен. Алайда сол Қаныштың 100 жылдық тойында оны ғұламадан қалған бір белгі ретінде ауызға алған бір жан болған жоқ. Егер Қаныш тақырыбын көңілден шығармасақ, үкімет Қаныш мүшел тойын 41 шара арқылы өткізудің жобасын жасаса, оның көпшілігі ЮНЕСКО арқылы шет елдерде, ішкі мүмкіндіктер өзіміздің облыстарымыздың орталықтары мен жоғары оқу орындарында және техникалық мекемелерде өткізіп жатты. Ал Халықаралық Сәтбаев қоры арқылы орындалуға тиісті деректі фильм, сахналық қойылым, Жезқазған мен Баянауылда халықтық мереке-той өткізу мен «Қаныш энциклопедиясын» жасау міндеттерінің бір де бірі орындалмады. Осы тұста оқыр­ман «Баянауыл мен Қаныш жөнінде көп жазған Исабайдың Қалмұқанының өзі қайда болған?» деуі мүмкін... Иә, мен де атса­лысқанмын. Соның бірінде осы сахна да тілге тиек болған. Десек те, қарапайым халықтың өз беттерімен республиканың әр тұсында ұлы перзентінің есімін тойлап жатқаны рас еді. Ұлы Абай өзінің талантымен халқы­мыздың гуманитарлық өрісінің жеткен биігін белгілесе, ал ұлы Қаныш арқылы техникалық өрісінің биіктігін өлшеуге әбден болатынында сөз жоқ еді. «Абай қоры» кезінде үлкен ұйымдастырушылық қабілет арқылы «Абай энциклопедиясын» жасап, шығара алса, «Қаныш қоры» өзіне тапсырылған міндеттің бір де бірін іске асыра алмағанын айттық. Бүгінге дейін істері ұлы геолог есімімен байланысты не қор, не оның бөлімдері, не аты бар да, заты жоқ музейдің бір де бірі «Қанекеңнің 100 жылдық мерейтойы орындалмай қалып еді» деп, баяғыда республика үкіметі белгілеген міндеттердің бір де бірін атқарып тастауға ұмтылыс та жасаған емес. Әсіресе қазақ елі үшін техникалық туындыға немқұрайды қарау, ол жалпы ұлт мүддесіне қол сілтей тастау. Сол энциклопедия материалдары әлі күнге дейін «Қазақстан энциклопедия» баспасында қозғалыссыз жатса керек. Рас, Қанекеңнің ЮНЕСКО тарапынан дүниежүзілік көлем­де өткізілген тойда еңбегімен көзге түскен ғылыми мекеме бар. Ол Сәтбаев атындағы Геология институты, академик еңбегінің 9 томын шығарып ұлы ұстазға алғыстарын білдірген. Ал Қордың мөрін ұстағандар да бірер кітаптар шығарған. Алайда олар бұрын жазылған авторлар еңбегін көшіріп алудан алысқа бармаған. Қанекең еңбегін терең зерттеу нәтижесінде дүниеге келтірген бір де бір ғылыми жұмыстарды көре алмадық (Соншама көп айтылған «Қаныш алгебрасының» өзін Халықаралық Сәтбаев қорының қатысынсыз басқа ғылыми мекеме қызметкерлері тапқан). Әңгімені «Қаныш сахнасынан» бас­та­дық. Тек «Сәтбаев қорын» басқар­ған­дар өгей баладай жұртына тастап кеткен «Қаныш энциклопедиясын» шығару қашан да кеш емес. Сөз болып отырған сахна жасалған ғимараттың салынғанына биыл кәміл 100 жыл болады екен. Қа­некең Баянауыл жастарының жетекшісі (өңірдегі алғашқы қазақ орта мектебі де есігін осында ашты) міндетін атқарғанда, сот болғанда қызмет орны осы ғимарат­та болды. Осының бәрін жинақтай келе айтарымыз, биыл Баянауыл құрылысы тарихының алды ретінде осы ғимараттың 100 жылдығын атап өту керек. Қалмұқан Исабай

3394 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5900

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5538

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3276

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2660

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2621

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2598

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2332

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2315

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы