• Әдебиет
  • 08 Ақпан, 2018

Күміс жүзік

Тұрсынбек токин

Ұзын бойлы, палуан денелі жігіт Мақсұтпен Қапшағай теңізінің жағасында таныстық. Қасында 5-6 жасар баласы бар екен. Оның да аты Мақсұт. Әке мен баланың аттас болғанына таңғалып: – Балаңызбен аттас болғаныңыз ба? – деген әзіл сұрағыма: – Иә, баламмен аттас болғаныма қуаныштымын, ағасы, – деп қысқа жауап қайырған болды да: – Сіз суға түспейсіз бе? – деп кішкене Мақсұтты суға қарай қолынан жетектей жөнелді. Суда ұзақ шомылдық. Ыстық құмға жатып дем аламыз да, суға қайта түсеміз. Уақыт кешкіріп қалған кез еді. Мақсұт ас іше отырып: – Аға, бағана сіз баламмен аттас болға­нымды сұрап едіңіз? Сіз жазушы болған соң ешкімге айтпаған сырымды айтайын, – деді де әңгімесін бастап кетті. Бұл махаббат туралы хикая десе де болады. Мақсұт тоғызыншы сыныпта оқып жүріп, ауылда тұратын нағашысының үйіне қыдырып барады. Сонда Айнакөз (құрбылары қысқартып Айна дейді) атты бойжеткенмен танысады. Бір көргеннен ұнатып қалады. Мектеп бітіретін кезде Айнаға бола нағашысының ауылына тағы келеді. Сөйтсе туыс ағайындарының бірі Айнаны Ресейдегі оқу орындарының біріне түсіру үшін ауылға келіп, қызды алып кетудің қамын жасап жатыр екен. Алайда Айнаның ол жаққа барғысы жоқ. Сөйтіп, ол өз еркімен, Мақсұтқа еріп, үйінен қашады. – Ғашық жүректердің құдірет күшінің арқасында екеуміз де 18-ге толар-толмаста бас қосып, ерте үй болдық, – деп Мақсұт әңгімесін жалғастырды. Біз үйленгеннен кейін үш жылдан соң әкем, артынша екі жылдан кейін анам қайтты. Үйде Айна екеуіміз ғана қалдық. Отбасы болғанымызға алты жыл болса да, осы уақыт ішінде бір нәресте көрсек деген арманмен өмір сүрдік. Айна қашандағы салмақты мінезіне салып: «Басымыз әлі жас қой, Құдай өзі ықыласы түскенде берер» деп көңілді жұбатқанмен, уақыт өткен сайын үйде баланың жоқтығы сезіліп-ақ тұрды. Тұрмысымыз жыл сайын түзеліп, жақсарып келеді. Әттең-әттең көңіліміз­де жалғыз арман – сәбилі болу. Өзегі­мізді өртеген осы бір арман қашан орындал­ған­ша, Алладан тілек тілеп, үмітімізді үзбей келеміз. Бар бәле, дүкенші қыз Ғалияның туған күнінен басталды. Сағат түнгі он кезі еді. Ғалияның дүкені үйге жақын болатын. Темекі алмақшы болып келсем, қыздардың көңілді күлкісі, сыңғырлай шыққан дауыс­тары естіледі. Есік қақтым. Ар жақтан: «Дүкен жабық» деген Ғалияның апасының қатқыл үні естілді. Мен: «Темекі керек еді» дегенімде, ол дауысымнан танып: – Ә, Мақсұт екен ғой, кір-кір, – деп бірден бәйек болды да қалды. Ғалияның туған күнін атап жатыр екен. Менің келгенім Ғалия мен апасына үлкен қуаныш әкелгендей болды. Бұған дейін Ғалияның апасы әр кездескен сайын: – Шырағым-ау, соқа бас қатынның соңында жүре бересің бе? Ана Ғалия сияқты уылжыған жас қыздарды көрмейсің бе? Ертең оны біреу-міреу алып кетпей тұр­ған­да, сөйлеспейсің бе? – деп өз сіңлісін мақтап ала жөнеледі. Сол түні ақыры қақпанға өзім келіп түскендей болдым. – Мақсұтжанды Құдай айдап әкелген шығар. Төрлет, қонақ бол, – деп апасы құрақ ұшуда. Оған қоса Ғалия да, қасындағы үш қыз да мені қолқалаумен үстел басына әкелді. Иә, сол қарғыс атқан түні мас болып, Ғалияның қасында қалғанша у ішіп өлгенім дұрыс еді. Түннің бір уағында шала мас болып жатқан мені Ғалия оятты. Ол көйлек-шалбарымды асығыс кигізіп жатып: – Тез тұр, таң атпай тұрғанда үйіңе апарып салайын, – деді. Мен бұл түнді Айна­ның қасында емес, Ғалияның қасында өткіз­генімді бір-ақ білдім. Үйге кіргенде, ұйықтамастан өзімді күтіп отырған әйелімді балағаттап, қол жұмсап: – Бар бәле сенен, кет үйден, – деп қуып шықтым. Менен мұндайды күтпеген Айна төбесінен жай түскендей, үрейі ұшып, сол түні қораға тығылып жан сақтапты. Мен сол құлағаннан түс кезінде бір-ақ ояндым. Мең-зең күйде аулаға шыққаным сол еді, көршінің әйелі есік алдынан өтіп бара жатып: – Айна Алматыға кетті ме? Жаңа екі сөмкені зорға көтеріп, автобус аялдамасына қарай кетіп бара жатқанын көрдім, – дегенде, төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей селк ете қалдым. Кір жайғышта кеуіп үлгермеген су көйлекті үстіме асығыс іле салып, автобус аялдамасына қарай тұра жүгірдім. Ентіге жеткенімде, автобус енді жүргелі жатыр екен. Алдыңғы қатарда, терезе жақта отырған Айна көзіме бірден шалынды. Ентігімді баса алмай, екі қолымды кезек-кезек бұлғап: – Үйге қайт, үйге қайт, – деймін. Ол үнсіз басын шайқап, теріс бұрылып кетті. Автобус орнынан қозғалғанша қас қылғандай жауын да сіркіреп қоя берген еді. Ол терезеден басын шығарып: – Күн жауып барады, жаюлы киімдерді жинап ал, бау-бақшаны уақытында суғар, қош бол! – деп кете берді. Шіркін, Айна­шым-ай! Өзі кетіп бара жатса да, артында қалып бара жатқан үйді де, мені де ойлап барады. Дүниеге әйел болып жаралған соң, ол жалғыз бала емес, сол үйдің де анасы ғой. Үйге жанашырлықпен қарап, ие болатын да аналар ғой. Құдай-ай, мен не істедім? Үйімнің, отбасымның анасын қалай дәтім барып қудым, не деген сұмдық, не деген айуандық?! Жаңа автобустың ішіне кіріп, өзінен кешірім сұрап, неге алып шықпадым? Оны үйден қуып шығуға батылым жеткенде, осы жолы неден жасқандым? Автобус аялдамасында жалғыз қалған жетім балаға ұқсап не істерімді білмей әлі тұрмын. Түнгі ішкен арақтың уыты бойымдағы күш-қуатымды жалмап кеткендей дәрменсізбін. Жауын күшейіп барады. Дүниенің бар қызығы Айнамен бірге кеткендей. Қаңырап бос қалған дүние құшағында жападан-жалғыз қалғандаймын. Жан дүниемді жаулап алған өкініш пен күйініштен арыла алмай тұрғанымда, бір бүйірден ескі мотоциклін борылдатып гараж күзетшісі Рашид шыға келгенде, қуанып кеттім. Ол қасыма тоқтай бергенде, мотоциклге қарғып мініп: – Бол, бол тез, автобусқа жету керек, – дедім. Обалы нешік, ол өтінішімді орындады. – Айна, Айнажан, үйге қайт, үйге қайт! – деп сүріне-қабына айқайлап келемін. Қанша жанымды салып жүгірсем де автобус ұзай берді. Әбден қалжыраған денеге ие бола алмай аяғым тайып, ұзын жолдың бойына өкіре құладым. Сол сәттегі ағыл-тегіл жылағаным құйып тұрған жауыннан кем болған жоқ. Бала кезде де былай жылап көрмеген шығармын. Үйге кіргенде үстел бетінде жатқан бір парақ қағазға көзім түсті, Айнаның жазуын бірден таныдым. «Мақсұт, мен саған ренжімеймін. Екеуміз үйленгенде туған анамның риза­шы­лығын алмағандықтан, осылай болды ма деп те ойлаймын. Көзі тірісінде ризашылығын алып қалу керек еді. Сәті болмай, арты өкінішке айналды. Ата-ананың ризашылығын алмаған махаббат баянсыз бола ма деп қалдым. Баланың жоқтығы екеумізге де батты. Бірақ осы уақыт ішінде бір-бірімізге ренжіген емеспіз. Сонда да бір күні үлкен өзгеріс болатынын, түбі айырылысып тынатынымызды сезетінмін. Себебі сен өте балажансың, баланың болғанын әйел менен де бетер аңсайтынсың. Сенің балажандығың маған да қатты әсер ететін. Енді қалған ғұмырда бақытты болуыңды ойлап, өзіңді сүйгендіктен қолбайлау болмайын деп үйден біржола кеткенім дұрыс деп шештім. Жастай сүйіп қосылған сенің бағың үшін бәрін де өзіңе тастап кетіп барамын. Менен кейін кімге үйленсең де бақытты, ұрпақты болуыңды тілеймін. Алла тілегімді қабыл етсін. Мені іздеп әуре болма. Айна». Ақыры тағдыр өз дегенін істеді. Айна сол кеткеннен оралмады. Оны айнала іздеумен, сарыла күтумен жүріп бір жылдан кейін Ғалияға үйленіп тындым. Үйленгеннен кейін Айнаны ұмытамын ба деп едім. Жоқ, керісінше, оған деген сағынышым артқан үстіне арта берді. Оны жиі-жиі ойлауым Ғалияға да ұнамады. Ақыры екеуміз екі жылға жақын тұрып, айы­рылысып тындық. Ғалиядан да нәресте сүйе алмадым. Сірә, бар кінә өзімнен шығар. Жастықтың желеуімен, көршім Костя екеуміз шынығамыз деп, қыстың суық күндері, өзеннің мұзын ойып суға түсіп, аппақ қарға жалаңаш аунайтын едік. Суықтан болды ма екен, бір Алла біледі. Енді Ғалиядан айырылысу маған оңай болған жоқ. Жасынан саудамен көзін ашқан ол апасымен екеуі қосылып алып, дауласумен, соттасумен мал-мүлкімді тегіс сыпырып алды. Бәрінен айырылсам да, Айна екеуміз­дің қолымызбен тұрғызған үйімізді аман алып қалғаныма қуандым. Ғалиядан айырылысқаннан кейін Айнаны іздеуден жалықпадым. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Ауылына да екі рет бардым. Бірақ ол таптырмады. Оны іздеумен әбден шаршағанда басыма жаман ой да келді. Мүмкін, ол бұл өмірден түңіліп, өз-өзіне қол жұмсаған шығар деп те ойлаймын. Күтумен өткен күндер әбден жанымды жегідей жеп бітті. Кей күндері үйге кіруге зауқым болмай, далада көп жүріп қаламын. Айна кеткен жолдың бойымен жүріп отырып, ауылдан ұзап кеткенімді де білмей, үйге шаршап ораламын да, шаршап барып ұйқыға кетемін. Оны сағынып ұйықтап кеткенімде, Айна таңғы ұйқыдан өзі оятып алғандай болады. – Тұр, шай дайын, – деген үні құлағыма анық естілгенде, селт етіп оянып кетемін. Осы сәтте ол ас бөлмеде жүргендей сезінемін. Басқа түскенде ғана біледі екенсің. Дүниенің ауыры да, азабы да ­айырылып қалған асылыңды күтумен өткен күндер екен. Сағынышқа толы күндер бір-біріне жалғасып, таусылар емес. Кейде жынды адамға ұқсап, Айнаның өз қолымен отырғызған жеміс ағаштарына келіп, әрқайсысымен сөйлесіп, көңіл-күйімді бөліскен боламын. Бос уақытымның көбі өзіме осынша ыстық, осынша жақын ағаштарды күтіп, баптаумен өтеді. Әр ағашқа жалынумен Айнаны шақырыңдар, ол сендердің аналарың ғой, – деймін. Айнаның туған күні болған сайын, өзі отырғызған ағаштардың жемісін жесін деп, әр жемісті мұқият жинап, үстел үстін жайнатып қоямын да ол енді келе қалатындай әр минутты санап, терезеге қарап, ұзақ отырамын. Ол кіріп келгенде, үй-іші жарқырап қоя беретіндей... көңілімде ерекше қуаныш сезімі пайда болады. Сол бір сәтте көңілді жайлаған алданыш сезімге бой алдыра отырып, күйінемін, өкінемін. Айнадай асылжан енді маған табылмасы белгілі. Шын ғашық ештеңемен санаспайды да, ештеңені керек етпейді екен. Алланың нұрынан жаралғандай, жан дүниесінің таза екендігін ол кеткенде ғана түсіндім-ау. Қайтейін, ағат жіберген бір қатем үшін содан бері қаншама жан азабын тартумен келемін. Айна да мені ойлап жүрген шығар. Маған ренжіп ашумен шығып кеткенімен, қайта оралуға намыс­танып жүр ме екен? Болмаса бағына қарай жақсы адам кездесіп, балалы-шағалы болды ма деп те ойлаймын. Дегенмен, бұл дүниеде оның тірі жүргенін көрсем екен. Аман-сау жүргенін көрсем, соның өзі маған шексіз бақыт. Әттең- әттең, бар арманым тірі жүргенін бір көру! Бұрын махаббат жайында талай естісек те, басқа түспеген соң, жай әншейін көруші едім. Жоқ, олай емес екен. Адамның жан дүниесін еркінен тыс жаулап алатын белгісіз сезімнің құдіретті күшін еш­­теңемен теңестіруге болмаса керек... ­Махаб­бат дегенің – ұлы күш, ұлы сезім екен. Ләйлі мен Мәжнүнді, Жібек пен Төлегенді, Баян мен Қозыны дүниеге әкелген махаббаттың орасан, қасиетті күшін өз басымнан өткенде ғана түсіндім. Айнаға деген махаббатым оны сағынған сайын өрши берді. Әрі Ғалиядан айырылысудың басты себебі, Айнаның маған сыйлаған жүзігінің жоғалуынан басталған еді. Сол күні Ғалияның алыс ­ауданда тұратын ағасы келгенде қойдың басын үйітпекші болып әбігерге түсіп жүріп, жүзікті саусағымнан алып, аула ішіндегі ұзын орындықтың шетіне қоя салған едім. Артынша жүзікті орнынан таппай қалдым. Ғалиядан сұрап едім, ол көрмедім дегеннен басқа ештеңе айтпай қойды. Кейін де талай сұрадым. Ақыры жүзіктің жоғалуы үлкен дауға айналып, айырылысып тындық. Біз айырылысқаннан кейін бір апта өтпей жатып, Ғалияның апасы: «Жүзігің табылды, ақысына екі қой берсең, қайтарамыз» дегенде мен бірден қуана келістім. Айнаның көзіндей көріп жүрген жүзігімнің қайта оралуы жаралы жанымды қайта тірілткендей болды. Сол сәттегі қуанышымда шек болсайшы. Айнаның өзі оралғандай сезіндім. Ертеде Естай ақын да құлай сүйген ғашығы Қорланның өзіне берген жүзігін өмір бойы жанындай сақтап жүріп, өлерінде саусағынан алғызбай бірге жерлеуін өтінген дейді. Апыр-ай, десейші. Махаббат деген құбылысты ештеңемен теңеуге болмайды екен ғой. Соның жолында құрбан болғандар аз ба?! Егер Айнаның бұл дүниеден өткенін білсем, оның обалына қалған өзімді де құрбан етуге дайын едім. Амал не? Оның өлі-тірісін білмеймін. ­Хабарсызбын. Мені аяусыз сынаққа алған қатал уақыттың немен аяқталарын бір Алла біледі. Енді басқаға үйленуге зауқым жоқ. Айнаны іздеумен жүріп, балшыға да, құмалақшыға да талай бардым. Түбі табысасыңдар, кездесесіңдер дегенде сол қуанышты күн жақын қалғандай үмітімді үзбей күтумен келемін. Ауылдан кетіп, Алматыға келгеніме үшінші жыл. Сыныптас досым Самат екеуміз ­несие алып автобөлшектер сататын дүкен ашып, бірыңғай коммерцияға бел шеше кірістік. Кейде Германиядан, Балтық жағалауындағы елдерден машиналар әкеп сатамыз. Табысқа табыс қосылып, жұмысымыз жақсарған үстіне жақсара түсуде. Алғаш жиналған ақшаға бір жер үй және үш бөлмелі пәтер сатып алдым. Ол кезде үйдің де, пәтердің де арзан кезі еді. Ұзақ жолда Германиядан машина алып, шаршап келе жатқанда да оны жол бойы­нан шыға келетіндей көремін. Ол мені сыртта аңдып жүргендей сезіледі. Кейде елес беріп, оның жұмсақ салмақты үні құлағыма келгендей: «Жұмысыңды істей бер, түбі кездесеміз, табысамыз» дегендей болады. Ертелетіп Тараздан шығып Алматыға келе жатқанмын. Түс ауа қалаға кіре берісте Алтын Орда базарына соқтым. Не себепті соққаным есімде жоқ. Базардың сөрелерінде жайылып жатқан неше түрлі мүліктерге көзімді жүгірте қарап келе жатыр едім. Ту сыртымнан: – Мақсұт, Мақсұт, тоқта! Тез қайт! Қазір мамаң да кеп қалады. Ешқайда жүгірме, – деген дауысқа жалт бұрылдым. Егделеу әйел 3-4 жасар ер баланы қуып жетіп, жетектей жөнелді. Әйел өзінің сауда жасап отырған орнына жайғасты да, балаға кәмпит ұстатып жатып: – Ешқайда жүгіруші болма. Қазір мамаң да келіп қалады, – деп оны басынан сипап бауырына тартты. Апыр-ай, менімен аттас баланың келеді деген анасы кім екен? Баланың анасын көрмекші боп шеткері шығып тұрдым. Көп кешікпей бір бума киім-кешек көтеріп баланың анасы да келді. Ол құшағындағы заттарын түсірген кезде жүзі анық көрінді. Бірден таныдым, сол баяғы Айна, аздап толысқан. Ол заттарды орналастырып жатып баласына: – Қалай, мен жоқта бұзық болған жоқсың ба? Әженің мазасын алмадың ба? – дейді. Бала үнсіз басын шайқады. Құдай-ай, мен шынымен Айнаны көріп тұрмын ба? Қаншама жыл оны көруді аңсап жүріп, қалайша шыдап тұрмын. Оны тірі көрсем енді айырылмаспын, аяғын құшып өлемін деп жүрген Айнашым ғой. Апыр-мау, неғып тұрмын? Тағы да біреу күш-қуатымды сыпырып әкеткендей, дәрменсіз күйдемін. Аяғым орнынан қозғалар емес. Тұрған жерімнен қозғала беріп, қайта орнығамын да, апырым-ау күйеуі бар, баласы бар әйелге енді не деп барамын, – деп жүрексініп тұрғанымда, бір бүйірден: – Азамат, неғып тұрсыз? Құжатыңызды көрсетіңіз, – деген полиция қызметкерінің өктем үні естілді. Ұйқыдан оянғандай, селк ете қалдым. – Құжаттар машинада. Костюмімнің қалтасында, – дедім. Машинаға тақай бергенімізде тура менің көлігім жанында такси тоқтатып тұрған Айна мені көріп қалды. Жақындай беріп, не істерімді білмей тұрып қалдым. Ол да сасқалақтап қалды да, ышқына ­дауыстап маған қарай тұра ұмтылды. Мен де: «Айна, Айнашым!» деп ілгері жүрдім. Иә, зарығумен сегіз жыл өткенде біз бір-бірімізбен осылай көрісіп, осылай табыстық. Оның өмірі былай болған екен. Айна Алматыға келіп, Қытайдан келген қартаң әйелмен бірге сол үйде тұрып, екеуі базарда сауда жасайды. Екі жылда Қытайдан тауар тасып, сауда ауқымын кеңейтіп, бір бөлмелі пәтер сатып алады. Өзіне-өзі енді ерге шықпаспын деп ант берген Айна дәрігерлермен ақылдасып, жасанды жолмен сәбилі болады. Осы алдымызда ойнап жүрген ақсары бала Алланың маған берген сыйы. Атын да Мақсұт қойыпты. Ол сағатына қарап алды да, «Айнаның келетін уақыты жақындап қалды. Тезірек автобус аялдамасына жетейік» деп асыға жиналды. Біз аялдамаға жете бергенде соңымыздағы машина даусына жалт бұрылдық. Ақ джиптің рөлінде отырған аққұба келіншек: – Ей, жігіттер, қалай демалдыңдар? – дегенде, кішкентай Мақсұт мамалап тұра жүгірді. Ана мен бала екеуі шұрқырасып болғаннан кейін, Айна біз жаққа бұрылып: – О, аға тауып алғансыңдар ма? – деп, жарқылдай күліп келді де, менімен қол алысып амандасты. Алматыны бетке алып жүріп келеміз. Рөлде Мақсұт, жанында мен. Жол бойы кішкене Мақсұт анасына теңіз жағасында көрген қызықтарын айтып мәз болып келеді. Баланың сөзіне күле отырып, Алматыға да жетіп қалдық. Қаншама жыл басқа түскен осынша қиындыққа мойымай, сезімдерін сақтай білген екі асыл жанның нұрлы жүздерін көргенде ғажап бір әлем құшағына еніп бара жатқандай болдым. Оларға дән риза болғандықтан ағалық сезіммен толғана тұрып батамды беріп, қимастықпен қоштасып кете бердім.

2345 рет

көрсетілді

76

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6817

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6021

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3760

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3148

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3106

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3082

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2810

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2795

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы