• Қоғам
  • 26 Тамыз, 2010

Еліміздің құқықтық тірегі

Тәуелсіз Қазақстанның қолданыстағы Конституциясының қабылданғанына биыл он бес жыл толмақ. Еліміздің Конституциясы өзінің өміршеңдігін көрсете білді. Ата Заңды қолданудың, оның нормаларын жүзеге асырудың мол тәжірибесі мен бай дәстүрі қалыптасты. Оның негізінде еліміздің даму бағыты айқындалды. Конституцияда бекітілген құқықтық, демократиялық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда түпкілікті бекітіліп, өз нәтижелерін беруде. Халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланбалы органдарды конституциялық мерзімге қалыптастыру дәстүрге айналды. Өткен кезең ішінде бірнеше рет Елбасын сайлау, жоғары заңшығарушы орган – Парламент пен жергілікті өкілді органдардың – мәслихаттардың депутаттарын сайлау өткізілді.

Ата Заңда Елбасы – Президенттің конституциялық мәртебесі, оның өкілеттіктері, мемлекеттік органдардың өзара тиімді түрде тежемелік және тепе-теңдік қағидаттарын ұстана отырып қызмет етулерін қамтамасыз ету тетіктері, шығаратын актілері мен олардың қоғам өмірін реттеудегі нысандары және өзге де мәселелер көрсетіліп бекітілген. Конституцияға сәйкес Қазақстан басқару нысаны жағынан Президенттік Республика болып табылады және оны өзгертуге еш жол берілмейді. Қазақстанның конституциялық дамуындағы Тұңғыш Президент – Елбасының ерекше рөлін ескере отырып, биыл Парламент оның мәртебесін заңшығармашылық тұрғыда ұлықтағаны белгілі. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті − Елбасы туралы» Конституциялық заңда Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, Қазақстан халқының бірлігін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуші рөлі атап көрсетілген. Конституция мемлекеттік органдардың жүйесін қалыптастыруда да үздік шықты. Бұрынғы үлгідегі кеңестердің орнына шынайы халық өкілдерінен тұратын Палаталы Парламент пен жергілікті мәслихаттар құрылды. Мәжіліс пен Сенаттан тұратын Парламенттің функционалдық қызметі анықталып, ол шын мәніндегі өкілді органға айналды. Өзінің өкілеттігінің көлемі жағынан Республикамыздың Парламенті өзге елдердің заң шығарушы-өкілді органдарынан ешбір қалыспайды. Отандық Парламенттің құ­зы­реттері басқа мемлекеттердің парла­менттерінен ерекшеленеді. Мысалы, жекелеген мемлекеттер парламенттерінің Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі құқықтары нысандық немесе процессуалдық жағынан шектелген. Заң шығарушы жоғарғы өкілді органның Парламент аталуының өзі өркениетті елдердің қатарына қосылудың шынайы белгісі ретінде танылды. Шындығына келсек, әрине, мәселе атында емес, затында. Егер Кеңес өкіметі заманында және одан кейінгі кезеңде Жоғарғы Кеңес жылына небәрі оншақты заң актілерін қабылдайтын болса, қазіргі Парламент заңшығарушылық қызметіне барынша ден қояды. Республика Конституциясы атқарушы органдардың қызметі мен ұйымдастыру жүйесін реттеуде де ілгері қадамдар жасады. Конституцияның негізінде еліміздің Үкіметі Елбасы мен Парламенттің Ата Заңда бекітілген өкілеттіктері шеңберіндегі өзара қатынастары нәтижесінде құрылады. Нақтылап айтсақ, Президент Үкімет басшысы – Премьер-министрді тағайындау үшін ең алдымен Парламент депутаттарының келісімін алуы тиіс. Конституция Қазақстан Үкіметінің мәр­тебесі мен оның өкілеттіктерін жаңаша айқындады. Атқару органдарының жүйесін басқаратын, олардың қызметіне жетекшілік жасап, басқарушылық шешімдерді дербес қабылдай отырып, Үкімет экономика мен әлеуметтік саладағы іс жағдайына толық жауапкершілікті мойнына алады. Конституциялық өкілеттіктеріне сүйене оты­рып Үкімет елді жер шарын шарпып келген қаржылық-экономикалық дағдарысқа төтеп бере алды. Конституциялық Кеңес – Қазақстан Рес­публикасының 1995 жылы бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылданған Конституциясы күшіне енгеннен кейін құрылған, еліміздің барлық аумағында Ата Заңның үстемдігін және мызғымастығын қамтамасыз етуші, тәуелсіз мемлекеттік орган. Бұл органның Ата Заңның тұрақтылығы мен елімізде конституциялық заңдылықтың дамуына, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын баянды болуына қосқан үлесі айтарлықтай. Конституцияның 78-бабының талаптарына сәйкес республика соттары Ата Заңда баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқылы емес. Егер сот қолдануға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституцияда баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұрып, осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті. 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 Нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес дене мүше­лерін зақымдау пікір (қарсылық) білдірудің нысаны болып табылуы және бас бостанды­ғы­нан айырылған адамдардың өз құқықтарын қорғауының тәсілі ретінде қарастырылуы мүмкін деп атап көрсетті. Кеңес мұндай жағдайларда дене мүшелерін зақымдағаны үшін жауаптылыққа тартуды Ата Заңның 20-бабымен кепілдік берілген әркімнің пікірін еркін білдіру құқығын шектеу деп бағалаған еді. Конституциялық Кеңес Қылмыстық кодекстің негізсіз қылмыстық қудалауға жол беретінін, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын заңмен шектеудің өлшем­деріне, сондай-ақ Негізгі Заңда баяндалған конс­титуциялық мақсаттарға жауап бермейті­нін өзінің қорытынды шешімінде атап көрсетіп, оның 361-бабын конституциялық емес деп таныды. Конституциялық Кеңестің Конституция нормаларына түсіндірме беру құзыреті – Ата Заң нормаларының құқықтық қатынастарды реттеуде тікелей қолданылуын қамтамасыз етуші механизмдердің бірі және ерекшесі. Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме беру – Конституциялық Кеңеске беріл­ген айрықша құқық. Конституциялық норма­ларға түсіндірме беру арқылы Кеңес олардың мазмұны мен мағынасын айқындайды, ашады, тікелей қолданылу жолдарын көрсетеді. Осындай түсіндіру арқылы Конституцияның әлі де болса ашылмай жатқан әлеуеті пайдаланылады. Мысал ретінде жақында ғана Консти­туциялық Кеңес қараған мына өтініш бо­йынша конституциялық іс жүргізуді келтіруге болады. Республика Парламенті бір топ депутаттарының өтініші бойынша осы жылғы 1 шілдеде қабылдаған қаулысында Кеңес, Ата Заңның 26-бабының 3-тармағын ресми түсіндіре отырып, жолаушылардың белгілі бір санаттары үшін жеңілдіктер белгілеу кезінде мүлікті иеліктен айыру болмайды, керісінше, мемлекеттік, атап айтқанда, әлеуметтік мә­селелерді шешуді қамтамасыз ету мақсатында мүлікті пайдалану режимін заң жүзінде реттеу орын алады деп көрсетті. Себебі депутаттар өздерінің өтініштерінде еліміздің жекелеген заңдарындағы, атап айтсақ, 1994 жылғы 21 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» заңындағы жолаушылардың жекелеген санаттарының жолақысын төлеу жөнiндегi жеңiлдiктер туралы 13-бабының қаншалықты Конституцияның аясында екендігін Ата Заң нормасын түсіндіре отырып Кеңестің қарастыруын сұраған болатын. Кеңес, әрине, Конституция нормасына түсіндірме бере отырып, Заңның конституциялығын тексермейді. Дегенмен де норма түсіндіру құқығын пайдалана отырып, Конституция баптарының қолданылу шарттарын, тәртібін, олардың мән-мағынасын кеңінен ашып береді, оларды қолданудың жолдарын белгілейді. Берілген мысалға қайта тоқталатын болсақ, мынаны айта кеткен жөн. Депутаттар­дың пікірі бойынша жоғарыда көрсетілген заңда жол жүру жеңілдіктерін бекіту арқылы жекелеген азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету көлік ұйымдарының меншігін шектейді екен. Конституциялық Кеңес осы сұраққа байланысты «заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн» деген Конституцияның 26-бабының 3-тармағына түсіндірме бере отырып, ондағы норма меншік құқығын, мүлікті иеліктен айырумен байланыстырмай отырып, заңдармен шектеулер белгілеуге кедергі жасамайды деген қорытындыға келді. Жалпы айтқанда, жекелеген заңдарда азаматтардың кейбір санаттарына жеңілдіктер беру жөніндегі меншік иелеріне жүктелген міндеттерді Республика Конституциясы қолдайды. Осы уақыт аралығында Конституциялық Кеңес қабылдаған шешімдердің жалпы саны жүз сексеннің үстінде. Конституциялық Кеңестің шешімдері қоғам өмірінің қай саласын болса да қамтиды. Конституциялық заңдылықтың қоғамда үстем болуын қамтамасыз ету мақсатындағы Кеңес қызметі Ата Заңымыздың тұрақтылығының бір нышаны ретінде танылады десек, қателеспеген болармыз. Конституция негізінде және соған сүйене отырып, елімізде жүргізілген реформалардың оң нәтижесі ретінде қоғамда тыныштық пен бейбітшілік қалыптасты. Қазақстан қоғамды жаңартудың қай саласында болмасын тереңдігі мен кеңдігі жағынан бұрынғы Кеңес республикаларының ішінде көш басында келеді. Кең көлемді жекешеленді­руді, зейнетақы реформасын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалауды, халыққа білім беру мен мемлекеттік қызметті қайта құруларды айтқанның өзі де жеткілікті. ТМД-ның бірқатар мемлекеттері аталған салаларды реформалауға енді ғана кірісуде. Осы орайда ресейлік белгілі саясаткер және ірі кәсіпкер А.Чубайстың мына мағынада айтқандары еске түседі: «Егер жуық арада Ресей либералды империя болмаса, оның орнын Қазақстан басады». Ойының түпкілікті астарында не жатқанын кім білген, дегенмен бұл – еліміздің экономикалық, әлеуметтік дамуына берілген оң баға деп түсінуге болады. Осылайша Конституция жинақы түрде, қысқа тұжырымдарымен еліміздің басты сипаттамасын, қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік негізін, демократиялық бастамаларын көрсетіп берді. Конституцияның нормалары мен принциптері іс жүзінде уақыт сынынан өтіп, дәлелдеуді қажет етпейтін сипат алды. Мейрам Кемалов, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Аппаратының талдау бөлімінің меңгерушісі

3079 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8775

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7067

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4811

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4197

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4159

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4120

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3850

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3850

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы