• Әдебиет
  • 21 Қазан, 2010

Нәубет шындығы. Зобалаң жылдарды бастан өткерген Ораз Исаев туралы сыр

d0bed180d0b0d0b7-d0b8d181d0b0d0b5d0b2Іргесі берік, рухы биік, озық өркениетті мемлекетке айналуымыз үшін бірінші кезекте өткен ғасырларға әділетті көзбен қарай отырып, өз тарихымызды сындарлы сана сүзгісінен қайта өткізіп шығуымыз қажет-ақ. Елдігімізді сезініп, еңсе көтеруге жол алған соңғы жиырма жыл сол ата тарихымызға бетбұрыс кезеңі болды. Уақыт шаңына көміліп, ұлтымыздың ұмытыла бастаған талай асыл ұлдары ақталып, тарихи жадымызда кеш болса да әділеттілік салтанат құрды. Жұрт кеңестік саясат жексұрын етіп көрсеткен асыл азаматтарының аруағына бас иіп, тағзым ете бастады. Кеңес өкіметінің ұрандарына Құдай сөзіндей сеніп, бар ғұмырын, еңбегін ел игілігіне бағыттаған, сөйтіп жүріп, тоталитарлық жүйенің қатыгез жазалаушыларының қолынан жазықсыз құрбан болған мыңдаған боздақтың бірі – қазақтың асыл азаматы Ораз Жанұзақұлы Исаев.

Оның қоғамдық және саяси қызметі Қазақстан тарихының күрделі де қай­шылықты кезеңіне тұспа-тұс келді. Қазан төңкерісінен бастап өзі репрессияға ұшыраған 1938 жылға дейінгі республика өмірінде болған тарихи өзгерістердің бәрі оның көз алдынан өтті. Ораз Жанұзақұлы сол оқиғалардың куәсі ғана болып қоймай, сонымен бірге республика көлемінде ірі қызметтерді атқара жүріп, олардың бәріне тікелей атсалысты. Сондықтан да оның өмір жолына зер салу белгілі дәрежеде сол жылдардағы қайраткерлердің, ұлттық интеллигенцияның қоғамдық-саяси позициясын, болмысын түсінуге көмектесе алады. Ораз Исаев 1899 жылы Батыс Қазақстандағы Ілбішін уезінде (қазіргі Ақжайық ауданы) Жанұзақ деген кісінің отбасында дүниеге келді. Бес жасында молданың алдына барған ол онда төрт қыс оқыды. Одан кейін Қарасу-Шалқар екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, 1915 жылы бітірген ол әкесінің қайтыс болуына байланысты отбасындағы арқа сүйер ретінде жұмысқа тұруға мәжбүр болды. Шалқар болыстық мекемесіне хат тасушы, шабарман болып орналасты. «Осында істеп жүргенде 1917 жылғы ақпан, одан кейінгі Қазан төңкерістері жөніндегі хабарды естіп қайран қалдым» дейді ол. Төңкерістердің мәнін, дүниенің не себепті екіге жарылып жатқанын азамат соғысының барысында түсіне бастаған Ораз 1919 жылы наурыз айында Ілбішін уездік милициясына милиционер болып қызметке кіреді. Кейін Әбдірахман Әйтиев басқарған ревкомда нұсқаушы болып істейді. Большевиктер партиясының ұран­дары әуелде еңбекші халықтың көкейіне қонымды болды. Әділдік, әлеуметтік теңдік жолындағы күресті жастар, оның ішінде Ораз шын жүрекпен қабылдады. Сөйтіп, жастардың Орал өңіріндегі алғашқы ұйымдары құрылғанда, оны ұйымдастырушылардың бірі О.Исаев болды. Ол 1920 жылы партияға өтіп, сол жылдары кеңестерге қарсы шыққан ақ казактарға тойтарыс беретін айрықша әскери бөлімде Орал губерниялық төтенше комиссияның аудандық өкілі қызметін атқарды. Жас жігіттің адал қызметін, іскерлігін байқаған Оралдағы Кеңес басшылары 1922 жылы оны Кеңестердің жалпы қазақтық үшінші құрылтайына делегат етіп жіберді. Құрылтай оны Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі етіп сайлады. Сөйтіп, Ораз Жанұзақұлы жасы 25-ке келер-келместе республикалық деңгейдегі жауапты жұмысқа көтерілді. 1924 жылғы мамыр айында ол өлкелік партия бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып бекітілді. Артынан өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы болды. 1925 жылы қаңтарда өткен РКП(б)-ның пленумы Қазақстан өнеркәсібін өр­кендету ісіне айрықша назар аударып, тек Риддер мен Қарсақбай кен орындарын дамытуға 23 миллион сом қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл түсті металлургия өнеркәсібіне бөлінген одақтық қаржының жартысы болатын. Орталық комитеттің шешімдерін іске асыру жолдарын талқылауға арналған Қазақ өлкелік комитетінің пленумында О.Исаев жергілікті өнеркәсіпті дамыту мәселелеріне байланысты баяндама жасады. Ол республикада шикізат өндіру орындарымен бірге, қайта өң­деу өнеркәсібін, сондай-ақ жергілікті шикізат негізінде жұмыс жасай алатын ұсақ кәсіпшілік орындарын кеңейте түсу төңірегінде әңгімеледі. Өнеркәсіпті өркендетумен бірге қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығының алға басып отыруы­на ерекше назар аударылды. Көп ұзамай мұндай жүйелі, табанды істің нәтижесі көріне бастады. Мал басы 1924-1925 жылдары 24 миллион 880 мың болса, арада үш-төрт жыл өткенде 41 миллионға жетті. Осы аралықта егістік жер көлемі 2.260 мың гектардан 3.836 мыңға жетті. 1925 жылы республикада әртүрлі бағыттағы 281 кооператив, 35 колхоз, 96 коммуна, 557 артель, 58 серіктік жұмыс істеді. Қазақстан тіпті сыртқы сауда органдары арқылы шетелдермен де байланыс жасай бастады. Бұл кезеңде тауар айналымы 1923 жылмен салыстырғанда төрт еседей өсіп, 225 миллион сомға жетті. («Большевик Казахстана», 1936, №7, 14-б.). Жас республика үшін бұл аз табыс емес еді. «Ұлы көсемнің» ұртоқпағы Көп ұзамай бүкіл Кеңес Одағында жағдай ушығып, жаңа экономикалық саясат бұрмаланып, жоққа шыға бастады. Сондықтан 1925 жылғы қарашада өткен партияның XІV құрылтайында бүкіл халық шаруашылығының социалистік қайта құрудың жаңа жүйесіне өту шаралары белгіленді. Міне, нақ осы тұста, яғни 1925 жылдың желтоқсанында Қызылорда қаласында V өлкелік партия конференциясы өтті. Өлкелік комитеттің есепті баяндамасын РКП (б) Орталық Комитеті Қазақстанға арнайы жібер­ген Ф.И.Голощекин жасады. Алғашқы конференцияда-ақ ол «Ауылда шынайы Кеңес өкіметі жоқ, тек байдың үстемдігі мен ру билігі ғана бар» деп салды. Сөй­тіп, осы оқтай атылған бір-ақ сөзбен екі қоянды атып алмақ болды. Бірінші­ден, ол автономиялы республика партия ұйымының бұған дейінгі жұмысы­ның бәрін мансұқ етті. Екіншіден, қазақ сахарасында тезірек «Кіші Октябрь» идеясын жүзеге асыруға негіз салды. Міне, осы тұста Голощекиннің әкімшілік-әкімгер басшылық әдісіне қарсы шыққандарға неше түрлі жала жабылды. Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Н.Нұр­мақов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, С.Меңдешев, Ә.Әйтиев сияқты партия, Кеңес қызметкерлерінің, өнер қайраткерлерінің атына ғайбат сөздер айтылып, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және басқалардың соңына шам алып түсушілер көбейді. 1928-1930 жылдарда Қазақстанда, әсіресе, солтүстіктегі аудандарда егін шықпай қалды, астық тапшылығы көбейді. Ал осы жылдардың қысы да қоғамдық малды қынадай қырып салды. Астық жинау, ет дайындау жөніндегі жоспарлар өсе түспесе, азайған жоқ. Мұның бәрі шаруаның тұрмысын күйзелте берді. Дегенмен халыққа, әсіресе, қазақ халқы­на ауыл шаруашылығын жаппай ұжым­дастыру, көшпелі халықты бірден отырықшылдандыру жөніндегі соқыр саясат тым ауыр тиді. Голощекин қазақ сахарасында «кіші Октябрьді» жүзеге асыру ниетімен 700-ге жуық байдың бар малын тартып алды. Елдің дәулетті адамдарын тәркілеу­ге Т.Рысқұлов қарсы шықты. – Өйтке­ні – деді ол, – орта шаруа, қалың бұқара ертең өзіміз де тәркіге түсеміз бе деп секем алады. Совет үкіметінен шошынады. Расында да, солай болып шықты. «Берсе қолынан, бермесе жолынан». Халық малы тартылып алынды. Халық көшіп келе жатқан жеріне күштеп қондырылды. Не суы, не нуы, не баспанасы жоқ шөлде мал түгілі адамдар қырыла бастады. 1930 жылы аштықтан 313 мыңнан астам адам өлді. 1931 жылы ондай өлім 755 мыңға жетті. 1932 жылы 769 мыңнан астам адам өлді немесе атақонысын тас­тап көшіп кетті. Аштық, індет және басқа жоқшылықтар салдарынан толық емес деректер бойынша 1 млн. 750 мың қазақ немесе ауыл халқының 40 пайызы тікелей шығынға ұшырады... Тек 1930 жылғы қаңтардан 1931 жылғы маусым аралығында 280 мыңнан астам қожалық, 1 млн. 70 мыңдай адам көшіп кетті. (М.Қозыбаев, Қазақстан тарихы, «Атамұра» баспасы, А., 1993, 112-б.). «Жолдас Голощекин», «Жолдас Голюдов», «Жолдас Ерназаров» аталатын киіз үйлі қалашықтар қаңырап бос қалды. Қалада да, далада да алба-жұлба, аш-жалаңаш босқындар көбейіп кетті. Баяғы қоғамдастырылған 40 миллион мал жем-шөбі, су-суаны, күнделікті күтімі болмағандықтан жаппай ақ сүйекке ұшырап, 1932 жылдың аяғында оның 4 миллиондайы ғана қалды. Өзегі талған халық, сірә, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген голощекиншілдік ұранды нақ осы тұста мәтелге айналдырса керек. Қазақ халқының басына тарихтан этнос ретінде жойылып кету қатері төнгенде оның азамат ұлдары бас көтере бастады. Голощекиннің жүгенсіздігі жөнінде Тұрар Рысқұлов Сталиннің атына екі рет хат жолдады. Сол тарихи кезеңдегі хал-ахуал мына хаттан айқындала түседі: «Қазақстанмен көр­шілес өлкелерге көшіп барғандардың жерлерінен шамамен алынған деректер бойынша қазір: Орта Волгада – 40 мың, Қарақалпақстанда – 20 мың, Батыс Сібірде – 50 мың, Қырғызстанда – 10 мың, Орта Азияда – 30 мың қазақ бар. Көшіп кетушілер тіпті Калмыкия, Тәжікстан, Солтүстік өлке және басқалар сияқты алыс жерлерге де барған. Байлар бастаған халықтың бір бөлігі Батыс Қытайға көшіп кеткен... Бұл әдетте жаздыгүні жақын жерлерге және мал бар кезде болатын жай көшу емес, едәуір дәрежеде аш адамдардың тамақ іздеп босуы». (Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты, 141-қор. 1-тізбе, 6403-іс, 13-парақ). Елдегі ашаршылық пен ха­лық­тың күйзелісін нақты деректер келтіре отырып Сталинге хат жол­даған Ғ.Мүсірепов, М.Ғатауллин, М.Дәу­летқалиев, Қ.Қуанышев, Е.Ал­тын­беков сияқты азаматтар ұзақ жылдар бойы қуғындалды. Осы хаттың бес авторының бірі, 1937 жылы халық жауы деп қамауға алып сотталған, кейін ату жазасына кесілген Мансур Ғатауллин сотқа тұтылғандар орындығында отырған өз жолдастарын көрсетіп былай деді: «Мыналар халық жаулары емес. Жау менмін. Сондықтан да бір мені соттаңдар. Бірақ мен де халық жауы емеспін, халық жауларының жауымын. Ал ондай жау болуым 1932 жылы командировкамен кентке (Қарқаралы маңындағы елді мекен) келгенімде басталды. Машинадан түстім, айналада тірі пенде көрінбейді. Ештеңе жоқ, ұзыннан салынған қора ғана тұр. Есігін ашсам өліктер жатыр. Үлкен қораның іші қатар-қатар жиналған мәйіттерге толы. Кейбір адамдардың көздері ашық жатыр, бірақ әне-міне өлетіні көрініп тұр. Айғай-шуды естіп сыртқа шық­тым. Шаштары жалбырап, көздері қанталаған, қолдарында пышақтары бар әйелдер жүргізушіге тарпа бас салып, оны бауыздамаққа әрекеттенуде. Әуеге оқ аттым, олар тұра қашты. Жан-жағыма көз салсам, бір ошақта үлкен қазан қайнап отта тұр. Бірдеңе пісіп жатыр. Қақпағын ашсам, – қайнап жатқан судың ішінен жас баланың бірде аяғы, бірде қолы, бірде өкшесі көрінеді. Міне, сол кезден бастап мен халық жауларының жауы болдым» («Жалын» журналы, 1993, №7, 47-б.). Соған қарамастан Мәскеу мен Алматыға қарай аштық туралы жеделхаттар ағыла бастады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Тезірек қолұшын беріңіздер. Өзегіміз талып, аштықтан үзіліп барамыз» деген сипаттағы хаттар мен сәлемдемелер қардай борап жатты. Ашаршылыққа ұшырап, босқындық күй кешкен халықтың осынау жан даусына Голощекин құлақ аспады. Қайта елінен, жерінен ауғандарды «Колхозға барасың не өмірмен қош айтысасың» деп қорқытты. Әлдеқалай колхоздан кетпей не тұрақтап қалған шаруаларға алым-салықты шектен тыс көбейтті. «Қайдан тапсаң, одан тап, қаптың түбін қақ!» деген қиқулы ұран атарман-шабармандардың аузынан түспейтін болды. Сталиншіл жандайшаптар жа­зықсыз жазалауды күшейтті. Олар екі сө­зінің бірінде момын шаруаға: «Социа­лизм тұсында сотталмайтын бірде-бір адам болмайды» деп көкіді. Қазақстан тарихшылары өз зерт­теуле­рінде 2 миллион 100 мың адам опат болып, оның 1 миллион 650 мыңы қазақтар деп көрсетеді. Жазушылар Б.Нұржекеев пен С.Елубаевтар отаршылық жылдарын публицистикалық қырынан зерттей келіп, құрбандар санын 2 миллионнан 3 миллионға дейін есептеуде. («Ақиқат», 1994, №3, 7-б.). Голощекин патша отаршылды­ғын кеңестік тәсілмен пәрменді түрде жүргізген Қазақстандағы екінші Сталин еді. Патшалы Ресейдің екі ғасыр бойы іске асыра алмағанын коммунистік жүйе он-ақ жыл ішінде жүзеге асырды. Саясатын тежеуге тырысқан және қазақ интеллигенциясын аға ұрпақтың демократиялық дәстүрлері негізін­де топтастырып, саяси аласапыранда қазақ халқының мүддесін қорғауға ашық күш салған азаматтар да болды. Қазақстан большевиктерінің ал­ғашқы тобын құрайтын бұл топ рес­публикалық деңгейдегі басшы және жауапты қызметте болды. Бұлар сталиндік-голощекиндік, қазақ жеріне басқаларды қоныстандыру жолымен отарлау бағытына қазақ шаруаларын күштеп меншігінен айыруға және ұжымдастыруға негізінен ашық қарсы шықты. Бұл топтың негізгі өкілдері С.Сәдуақасов, Ә.Әйтиев, Ж.Мың­баев, С.Асфендияров, Н.Нұрмақов, А.Кенжин, А.Қаратілеуов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Сұлтанбеков, З.Төре­ғожин, М.Саматов, Т.Жүргенов, С.Са­парбеков, тағы басқалар. Голощекиннің жүргізіп отырған саясатының қате екеніне, қазақ халқының аштықтан қырылып жат­қанына, оған тек көмек керек екеніне Сталиннің назарын аударуға бағытталған, сол тұстағы көзқарас тұрғысынан айтқанда, бас кететін батыл әрекеттер болмай қалған жоқ. 1932 жылы Қазақстанда жаппай ашаршылық басталып келе жатқанда Сталинге хат жазған Қазақ АСР Халком төрағасы Ораз Исаев болды. Ораз Исаевтың хаты Сталин жолдас! Тамыз, 1932 ж. Қазақ ауылындағы қазіргі жағдай мені мына бір жайтты тікелей Өзіңізге хабарлауыма мәжбүр етіп отыр. Бізде, Қазақстанда атқарылған және атқарылып жатқан істерді түгел тізіп, Сіздің уақытыңызды алғым келмейді. Одақтың бір бөлігі ретінде Қазақстанда жасалып жатқанның бәрі социализмнің еліміздегі жалпы жеңісінің нәтижесін бейнелейтіні хақ. Алайда Қазақстанның халық шаруашылығының аса маңызды бір саласы – мал шаруашылығы, оны дамытуда түбірлі өзгерістер болғанымен (совхоздар, коллективтендіру), сан тұрғысынан алғанда тұп-тура қиямет жағдайға ұшырап отыр. Бұл арада біздің жағдайымыз сөзсіз өзгеше, оны мал шаруашылығын дамытуды тұтас алғандағы жалпы қиыншылықтармен салыстыруға әбден болмайды. 1929 жылғы есептің деректері бо­йынша Қазақстанда 40 миллион бас мал болған (төлді бөліп-жармай түгел қоса есептегенде), ал қазір небары 6 миллиондай мал қалды, оның 2 мил­лионы совхоздарда, ал колхоздық сектор мен жекеменшік сектордағы 4 миллион бас малдың көп бөлігі қазақтың бұрынғы негізгі малшаруашылық аудандарында емес, орыс аудандарында. Мал шаруашылығы қазақ халқының көпшілігі үшін негізгі кәсіп және бір­ден-бір дерлік табыс көзі болғандықтан, мал шаруашылығының мұндай жай-күйі қазақ жұртын күйзелтіп отыр. Тура­сын айту керек, мал шаруашылығын­дағы қазіргі қалыптасқан жағдай қазақ ауылын өркендетуде қолымыз жет­кен табыстарымызды едәуір ке­мітіп тас­тайды. (Жалғасы бар)

7365 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6006

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5607

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3346

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2729

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2692

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2668

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2401

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2386

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы