• Әдебиет
  • 27 Қазан, 2010

Сезім сыры

...Туған күн кеші. Бекеннің алпыс жасқа толған торқалы тойы. «Самал» ықшамауданындағы «Достық» мейрамханасына туған-туыс, дос-жол­дастарын шақырды. Бас-аяғы екі жүз адамнан асты. Оның ішінде көп қабатты бір үйде тұратын көршілері, бес жыл университет қабырғасында бірге оқыған курстас достары бар. Көптен көрмеген достары Бекенді көріп, төс қағыстырып құшақтасып жатты. Алдымен сөз алған қағілез асаба жігіт жұртты ұйытып, сөзге шешендігін білдіріп, біраз көсіліп сөйледі. Сөзінің аяғында: – Бүгінгі той – басқа тойларға ұқ­самайтын ерекше той. Бүгін бүкіл өмірбаянды айтып, жиналысқа келгендей көп сөйлемейік. Адам тойға сөз сөйлеуге емес, көңіл көтеруге, өз өнерін ортаға салуға келеді. Ендеше, бүгінгі той ән мен жырдың, әсем бидің тойы деп біліңіздер, – деп Бекеннің сексеннен асқан әкесіне сөз берді. Сақалы белуарына түс кен қарт: «Айналайын Бекен, мен сексеннен асып селкілдеп жүрсем, сен арындаған алпысқа жаңа толдың. Бар өмірің алда, айналайын. Қуанышың құтты болсын», – деп сөзін қысқа қайырды. Бекеннің анасы бұдан бір-екі жыл бұрын қайтыс болған еді. Сүйген жары да қатты ауырып, ақырында ажал алып тынды. Шалдың сөзінен кейін әншілігімен жұртқа танымал асаба «Әке туралы» әнді асқақтата шырқады. Риза болған көпшілік ду қол шапалақтады. – Енді Бекен ағаның кемел ша­ғы­на – алпыс жасқа толғанына орай қос ақ­қудай жарасқан Ботакөз екеуінің әсем биін тамашалаңыздар, – деді асаба. Осы арада мың сан құбылып, өн-бойыңды балбыратып, сиқырлы әуен құйқылжып, төгіле жөнелді. Бекен жас қыздың қыпша белін орай құшақтап, батылырақ қимылдады. Мынау айнала дөңгеленген дүние ер адам мен нәзік әйел баласының қос аққудай жарасқан билеріне таңыр­қап, тым-тырыс тына қалғандай. Тек құдіретті әсем әуен ғана адамның өн бойын, буын-буынын балқытып барады. Туған күнге жиылған жұрт сол дастарқан басында отырған күйлері сілтідей тынып, Бекен мен Ботакөздің әсем ырғақты, сан құбылған сиқырлы биінен көз айырар емес. Ең соңында қол ұстасқан күйлері екеуі де иілді. Құ­діретті әуен де, би де тоқтады. Бекен ақ көйлекті, қынама бел, қызыл қам­золды талдырмаш қыздың алдын­да ті­зер­леп отыра қалып, қолынан сүй­ді. Осы уақытта тәтті әсерден жаңа ғана ес­терін жиған қалың көпшілік ду етіп, орын­дарынан тұрып, қол соқты. Бе­кен Ботакөз екеуі тағы иіліп, тағзым етті. – О, рахмет, Ботакөз қызым! Жас­тық шағымды еске түсірдің, – деген Бекен елжіреп, Ботакөздің бетінен сүйді. Көңілі босады ма, жанарына жас толып, теріс айналды. Қартаң тартқан шағында он сегіздегі жас қызға ғашық болуға хақысы жоқ екенін, бірақ осы еліктің лағындай сүйкімді қыздың жан дүниесін жаулап алғанын еріксіз мойындағандай. ...Бекен осының бәрін ой елегінен өткізіп, қалың ой құшағында тұнжырап келеді. Күз. Сарғайған жапырақтар. Бекен ойланып келеді. Ойына өткен-кет­кеннің бәрі оралып, бала күнін, орта мектепте оқып жүрген шәкірттік шағын, университет қабырғасындағы студенттік думанды күндерін – бәрі, бәрін ойша тізбелеп, келе жатты. Аяқ астындағы қызыл-сары күзгі жа­пырақтар Бекеннің аяқ астына кілем болып төселіп, көз қуантады. Ботакөз есіне түсті. Өткен жылы Ботакөзбен кездейсоқ «Алма-Арасан» демалыс орнында танысып қалған. Ботакөзді би алаңында байқап қалды. Жас қыздың сымбатты денесі, мөлдіреген бота көзі бірден ұнап қалды. Бекен де мектепте оқып жүргенде вальс, танго сияқты билерді жақсы көретін. Бірде батылданып, жас қызды вальске шақырған. Ботакөз жеңіл қимылмен әсем билейді екен. Бір көргеннен осы жас қызды ұнатып қалғанын сезді. Ботакөз – атына заты сай, ерекше жаратылған бекзат жан. – Аға, сіз жақсы билейді екенсіз? –деп, инабатты мінезімен сызылып тұрғаны. Бекен күндегі әдетінше көрші столда отырған жас қыздан көз алмайды. Өзіне сұқтана қараған еркектің көзқарасынан қымсына ма, Ботакөздің жүзі лезде қызарып шыға келеді. Бекен өзінің әдептен тыс көп қарағанын сезе қалып, тезірек қоштасып, Ботакөзді көргеніне қуанышы қойнына сыймай, бөлмесіне қарай асықпай аяңдайтын. ...Жұмыр жерді жұмақтың жерұйы­ғына айналдырғандай тылсым сырлы таңғажайып жұмбақ әуен беймәлім рахат әлемге жетелегендей.

Бақыт МЕРЕКЕНОВА

2745 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6278

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5745

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3485

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2867

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2829

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2808

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2538

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2523

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы