• Әдебиет
  • 27 Қазан, 2010

Әйгілі әулет

Асылы, арғы жақтағы – қадым ғасырлардың қойнауынан тамыр тартатын бабалар шежіресін таратып таныстыру қиын болса, бергі жақтағы – атап айтқанда, біздің кітабымыздың басты өзегі – Әбдіманап әулетесімі Шорабай атадан бастап сөз сабақтап, тек тарқату жеңіл екені белгілі. Халықтану ғылымына (демографияға) жүгінсек, әр буынға шамамен 30 жыл мерзім тән, енші болып келеді. Осы өлшемнің біз жазып отырған әулет өмірбаянына да ортақ екендігін ескерсек, Шорабайлар өмір сүрген уақыт – ХХ ғасыр кірісінде артта қалғанмен, екі-үш қыр астынан көрініп тұрған кезең-белес. Алланың маңдайға жазғаны шығар, аса көп дәурен кеше қоймаса да (1917 жылдан 1991 жылға дейін) Кеңес өкіметінің кезеңі – жатқан бір алағай да бұлағай, аласапыран заман болды. Әсіресе, қазақ баласы Ақпан революциясынан бері қадам басысымен-ақ қызыл төңкеріс жеңіске жетіп, ағайындылар ақ пен қызылға, тап пен топқа бөлініп, бірін-бірі қырған азамат соғысының өрті өршіді. Алаш арыстарын қудалау зорлықпен ұжымдастыруға, байлар мен барлардың мал-мүкәмалын тәркілеуге, алапат ашаршылыққа ұласты. Халықты қансыратқан 1937-1938 жылдар Ұлы Отан соғысына жалғасып, бүлінген халық шаруашылығын қалпына келтіру Тың игеру «эпопеясына» жол ашты...

Әке орнына әке болған... ХІХ ғасыр соңында жарық дү­ние есігін ашқан Шорабай 1920 жылдары ес жиып, ержетіп, ат жалын тартып міне бастайды. Шорабайға заманына сай кәсіп қуып, ат үстінде жорықта жүруге тура келеді. Бір күні тама Көтібар батыр үйіне жолы түсіп, құмар ойнайды. Не керек, қызын ұтып алады да, батыр оны Шорабайдың атының артына мінгізіп жібереді. Бұл қыз – Қаншагүл әжеміз – оның екінші әйелі еді. Бұған дейін бәйбішесі бар. Қарасарының қызы. Одан жалғыз Бибігүл атты қыз туыпты. Бір күні Қаншагүл әжеміз түс көреді. Әулие қолына екі қара бақыр беріпті. Екі перзент қой (Бейсен, Дүйсен). Әлгі бақырлардың біреуі қолынан шелектегі суға түсіп кетіп, су ішінде жалтырап жатады. Ол – шамасы, Бейсен болса керек. Өйткені осы Бейсен сымбатты, өте зерек, оқып туған бала болады. Ал ол мектепке бармай тұрып-ақ кітапты судыратып оқи беруге шамасы жетсе, 4-класқа көшкенде күллі КСРО тарихын біліп үлгереді. 14 жасқа келгенде ауырып, қайтыс болады. Көз тиіпті дейді. Ал Дүйсен аман-есен ержетіп, әке оны Сейсеннің қызына айттырып, бесік кертпе құда болады. Осылайша аумалы-төкпелі заманда Дүйсен Сәрсенкүл Сейсенқызына үйленеді. Найман, оның ішінде Бесбаланың қызы. 1932 жылы туған екен. Әкесі Сейсен темірден түйін түйген ұста болыпты. Қара дүкен ұстаған. Сонымен екі жас үйленгенде: Дүйсен 17 жаста болса, Сәрсенкүл 15 жаста екен. Бұл – әлі қиын кезең, отбасы Өзбекстанды са­ғалап жүрген кез. Тәуір киім ілуде біреу. Содан Дүйсен атасының үйіне барарда ая­ғына киімді досынан сұрап алып киеді. Қа­лыңдығын алып келісімен-ақ әлгі келіп тұр: – Дүйсен, аяқ киімімді өзіме бер, қонаққа баратын болып қалдық, – дейді. Шорабайдың сүйегі Велико-Алексеевск ауылында жатыр. Қазір Сырдария облы­сын­дағы бұл елді мекен Бақыт деп аталады. Өкінішке орай, өмірден Сәрсенкүл де ерте өтті. Небәрі 38 жасында. Алайда артында 10 балапан қалды. Қазір осылардың 8-і тірі. Бұл әулеттің тұңғышы – 1950 жылы жарық дүние есігін ашқан Әтіркүл. Бұдан кейін Жұпаркүл өмірге келді. 1961 жылы сәуірдің 13-і күні өмірге Әбдіманап келді. Әбдіманап өзбек жерінде мектеп есігін ашты. 1965 жылы әулет «туған жер, ел, қайдасың» деп Сыр бойына ат басын бұрды. Шиеліге келіп орналасты. Ол кезде бұлар орныққан көше Красноармейская аталатын №7 үйде тұрды. Әтіркүл мен Жұпаркүл, әжелері – бірінші келгендер. Ал білікті маман Дүйсенді жұмыстан бірден босатпайды. Қалған көшті бастап, ол 1967 жылдың күзінде елге оралды. Бұлар содан бері сол орналасқан ме­кендерінен ірге аударған жоқ. Көшелері кейін Ломоносов, №13 үй атанса, егемендік алғаннан кейін әл-Фараби есімін иеленді. Тек енді үйдің рет саны – 56. Әбдіманап – осы Шиелідегі №46 орта мектептің түлегі. Анасы қайтыс болғанда Манап 9 жаста еді. Ал әке мәңгілік мекеніне аттанғанда 25 жастың жотасына шығып тұрған кезі-ді. Бұл әулеттегі ұлдың үлкені Әбжали еді. Ол 1985 жылы 3 мамырда кенеттен қай­тыс болды. Алдағы аға оралмас са­парға кенеттен аттанған соң, үлкендік те, әулеттің қам-қарекетінің жауапкершілігі де Әбдіманаптың мойнына түскені өз-өзінен түсінікті. Бұл шаңырақтағы үшінші ұл – Әбдіғани. Кенже ұл 1991 жылы жеке отау тікті. Сонда ағасы жас шаңыраққа «Москвич» машинасын сыйға тартты. Осылайша аға болып қана қалмай, әулетбасы болып, әке орнына міндет атқара бастаған Әбдіманап қа­рындасы Райхан Тараз жігітіне тұрмысқа шық­қанда құдалығын атқарды. Соңынан жас отау то­йына бір топ бауырларын аттандырды. Дүйсен ақсақал – үш әйел алған адам. Сәрсенкүлден бұлар тарап отыр. Екінші әйелі Кенже Абыз қыпшақтың қызы еді. Үшін­ші жұбайы, бұлтың қыпшақтың қызы Ны­шанкүлден де Бақтыбай атты перзент көрген. Міне, сол әулеттегі екінші бір кенже ұл Бақтыбай 1999 жылы Жазира келінмен бас құрағанда тағы да той жасады. Жолға жарай­тын жай той емес, тонға балайтын үлкен той. Қыздардың ең кішісі Нәйла 2000 жылы ұзатылды. Тұрмыстың тар кезі болғандықтан ғана емес, жалпы қыз ұзату қашанда үлкен сын екені ақиқат. Әбдіманап өз атына сай әрекет танытып, қарындасын жақсы шығарып салды. Жол-жорасын түгендеп, жұрттан ілгері төсек-орнын берді. Осындай жауапкершілік жүгін көтеріп, қыздарды ұзатып, ұлдарды аяқтандырған Әбдіманапты қалай әке орнына әке болмады дерсің. Әбдіманаптың мұн­дай ағалық, әкелік жасауы, материалдық ауырт­пашылықты көтеріп алуы енді ба­уыр­ларының ұл-қыздарын демеп, шарапат тигізуге ұласты. Атап айтқанда, ол 2003 жылы Әбжалидың баласы Бағланбайды үйлендірді. Ағасын жоқтатқан жоқ, ұлан-асыр той өткізді. Салтанат келінді құда түсіп алды. Жастардың қызығына Алматыдан күміс көмей әнші Роза Рымбаева арнайы келіп қатысып, ақ тілегін айтып кетті. Уақыт зулап тез өтеді. Күні кеше өмір есігін былдырлап ашқан балалардың қалай ержетіп, бойжетіп қалғанын білмей де қалатының бар. Бағланбайдың Нәйла әпкесінен кейін көп ұзамай-ақ жеке шаңырақ құруы – осының айғағы. Екі арада Әбжалидың қызы Анжела да бойын тіктеп, бойжетіп үлгеріпті. Әулетбасы Манап ол қызын да абыроймен ұзатты. *** Бір атадан, екі анадан өрбіген он бір жан бұлар. Құдайға шүкір, қазір қатарда солардың тоғызы жүр. Адам ағасын, әсіресе, жақсы көретін бауырын ажалға қияр ма? Әбжалидың қазасынан әбден ес жиып, айыға алмай жүргенде әулетке бірге туған бауырларға әке орнына әке болған Әбдіманаптың қазасы ауыр тиді. Әрине, өмірден әке өткен соң, ал­дыңдағы аға өткен соң, амал жоқ, үлкен боласың, әке орнына әке боласың. Алайда әйтеуір әке орнына әке болу бар да, оны абыроймен асқақ атқару бар. Бұл үшін бауырларыңды жақсы көру, оларға қамқоршы болу аз, мұқтажын өтеп, елдің алдында мерейі үстем болатындай қам­қорлық жасау керек. Мына заманда ол қар­жысыз шешіле ме? Ендеше, еңбек-қабілеті, ұйымдастырушылығы арқылы өзінің бағын жандырып, басқалардың да маңдайын жарқыратқан Ерді айтпайсың ба? Әбдіманап Дүйсенұлы, міне, сондай ер. Ол – бауырларының ғана алғыс-ықыласына бөленіп қоймай, Шиелінің, қала берді, Сыр бойының да талай адамдарының алғыс-махаббатын иеленген Азамат. Ағайындылар Қазақтың тілі бай да бейнелі тіл екені белгілі. Бірақ иесімен қоса ол да бірнеше ғасыр орыс елі бодандығына тап болды. Сондықтан да туған тілін ұмытып, өзге тілде сөйлейтін мәңгүрттерді айтпағанда, таза ана тілінде қарым-қатынас жасайтын талайымыз кейде орысша ойлап, соны қазақша жеткізетініміз бар. Мәселен, менің осылай қойған тақырыбымды көріп, бір әріптестің: «Мына сөз бір әке-шешеден өрбігендердің туыстығын толық жеткізе алмайды ғой» дегеніне куә болдым. Ол – сөз жоқ, орысша ойлап тұр. Яғни ағайындылардың орыс тіліндегі нұсқасы – братья демекші. Баз бір тұрғыдан бұлай байыптаудың жаны бар сияқты көрінгенмен, қазақ халқы ұғымында бағзыдан бұл сөз бірге туған ұл-қыздар деген мағынаны қамтыған. Әдетте ағайындылар дегенде әуелі ер-азаматтар жадқа оралса да, соның ішінде қыз бауырлардың да – әпке-қарындастардың бар екені ақиқат. Міне, сондықтан да ағайындылар және апалы-сіңлілер деп жатпасақ керек. Ағайындылар! Әрине, бірден еске маздақ ақын Махамбеттің: Өтемістен туған он едік, Онымыз атқа мінгенде Жер қайысқан қол едік, – дейтін жолдары еске түсетіні бар. Тарих тұңғиығында­ғы тұлпар мінген Тұмар ханымды (Томиристі) алға тартпасақ та, жылқы мініп, жау қа­йыр­ған қазақ қыздары жеткілікті ғой. Ендеше, Ма­хаңның мына жолдары оқылғанда, әсі­ре­се, бүгінгі күні атқа мінген ағайындылар қа­тарында арулардың да бар екені анық-ау. Бұл жерде тағы бір айта кетеріміз – Дүйсен ағадан тарағандар да Махамбет ақынның осы айтқанын қайталай алатыны. Бұған олардың хұқығы да бар, көбінің әулетке қоса халық алдында да сіңірген елеулі еңбектері бар. Сонымен Шиелідегі әйгілі Шорабаевтар әулетін таныстыруға тікелей кіріссек, бұлардың төлбасы тұңғышы, ең үлкені – Әтіркүл Дүйсенқызы. Ол – қазақтың белгілі қыздарының бірі. Әсіресе, Шиелі халқы жақсы таниды десек те, оның жұртына сіңірген үлкен еңбегі, өнегелі өмір жолы, жүйесін тауып айтқан сөзі Қазақстан халқына ортақ, егемен ел көлемінде қадірленіп, бағалануға лайық десек, асыра айтпаймыз. Халқымыз: «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ» дегендей, Әтіркүлдің партия, комсомол қызметінде атқарған жұмыстары, сауда саласында бітірген ша­руалары, әсіресе, Иіркөл ауылдық округіндегі 16 жыл бойғы жемісті әкімдік жұмысы – осы айтқанымыздың дәлелі. Бұрын да Әтіркүл Дүйсен­қызының қыз­мет белестерінен жақсы хабардар басым тілдесе келе түсінгенім – ол қазақтың қадірлі қызы ғана емес, қазақтың қайраткер қызы. Қашанда бабы келіп, білімі мен білігі жетіп тұрғанмен, бағы әрқашан жанып, биіктері жаңа биіктерге жетеледі ме екен?! Әлде өзі мансап қуаламады ма? Әйтпесе Әтіркүл Шорабаева облыстық деңгей түгіл республикалық ауқымдағы қандай қызмет тізгінін ұстатса да, дөңгелентіп алып кетерін сезінесің. Елтай Әбішевтей жары бар Әтіркүл – береке-құт дарыған отбасының алтын қазығы. Алтын асықтай перзенттері: 3 қыз, 2 ұлы өсіп, ержетіп-бойжетіп, жоғары білім алып, өмір өріне беттеп, мына тіршіліктегі өз орындарын тауып, берік кірпіштер болып қаланып жатса, немерелер сүйгізсе, қанағат – құтты қазына, Құдайдан бұдан артық не тілейсің?! Елтай Әбішев – белді экономист. Партия, совет қызметтерінде жауапты жұ­мыстар атқарған жан. «Алмалы» жеміс-жидек кеңшарының директоры болған. Зейнетке шықса да, абыройлы бейнетке батып отыр. Қазіргі таңда ол – аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Жұпаркүл – бұл әулеттегі екінші қыз. Қолы ұсынықты маман. Тігін тікті. Ине ілікпесе, саусақ бірікпейді. Жұрт қалап жатпаса, киім тігілмейді. Аудандық тұтынушылар одағында кондитер мамандығы бойынша еңбек етті. Бір кездегі дүрілдеп тұрған бұл мекеме тарап кеткелі көп болса да, Жұпаркүл – әлі кондитер. Тек қазір нан цехында жұмыс істейді. Жолдасы Ибрагим Омаров та – өз ісінің шебері. Қос ұл, қос қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Әбдіжәлел (Әбжали) орта мектепті Шиелі кентінде тәмамдады. Әрине, өз ортасындағы абыройлы азамат әке тәрбиесін көріп, әке өнегесіне еліктеп ержетті. Әсіресе, атқа құмарлық танытты. Бәйгеге шауып, көкпарға түсті. Орынкүл – Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтына оқуға түсіп, биология факультетін бітірді. Елге оралып, аудан орталығындағы білім ұясына жұмысқа орналасты. Біздің байқағанымыз, ол – шын ұстаз, қабілетті педагог. Мұнымызды оның өмір белестері де, мектептегі қызмет баспалдақтары, ұс­таз­дық ізденіс-табыстары да айғақтайды. Орынкүл Дүйсенқызы Шорабаева – бүгінгі таңда №46 орта мектеп ди­рек­торының ғылыми әдістемелік істер жөніндегі орынбасары. Жолдасы Намазбай Сынасапов – ауыл шаруашылығы маманы. Салалық жоғары оқу орнын үздік бітірген ғалым-агроном. Райхан – Алматыдағы мемлекеттік ме­ди­цина институтын бітірді. Дәрігер-им­му­нолог мамандығын алды. Теңін тауып, өзі сияқты адам денсаулығының сақшысы, дә­рігер-уролог Керімжан Алтынбековпен бас қосты. Әбдіғани ерте есейді. Мына нарықтық заман әсері бар, алдындағы ағасы Әбдіманап үлгісі бар, еңбекке араласты. Орталық базарда мал бордақылау цехы ашылғанда сол жұмысқа бас-көз болды. Ақылды да адамгершілігі мол, іскер ағасы Әбдіманап осы жекеменшік базарын өрістетіп, қайта жабдықтап, заман талабына сай аудандағы, ауданды айтасыз, аймақтағы ірі сауда орнына айналдырғанда Әбдіғани таптырмас көмекші, сенімді серік, тынысын кеңіткен інісі бола білді. Жалпы, Әбдіғани Әбдіманап ағасы не бастап, қандай жұмысты атқарса да, қасынан табылды.Имандылық шараларында шырақ оты болып жағылды. Мәселен, Төңкерістегі зәулім мешіт саңғырап бой көтергенде бұл Алла үйінде Әбдіғанидың зор үлесі, төл қолтаңбасы жатқанын барлық ағайын біледі. Ыбырай Жақаев ауылындағы мешіт. Аға ел алдында оны салатынын айтты. Ақшасын бөлді. Құрылысын бастады. Бірақ толық бітіруге мезгілсіз келген ажал мүмкіндік бермеді. Әбдіғани бітірді, уақытында пайдалануға берді. Аға алдындағы борышын орындап, аға аманатын абыройлы атқарды. Жұртшылық алғысына бөленді. Әбдіғани – қазір шаңқай түс шағында. Табиғаттың заңдылығы да, тарихтың шын­дығы да адамның қырықтың қырқа­сында күш-қуаты әбден толысып, ақыл-ойы да әбден кемеліне келетінін айғақтайды. Нұрлы істер де, ұлы оқиғалар да көбіне-көп адамның осы жасында атқарылып, жүзеге асқан. Бұл – біздің сөздің реті келген соң айтып жатқанымыз ғой. «Бақ қонып, Қыдыр дарыған әулеттің өкілі ғой, Әбдіғани да – талантты жігіт. Тек талайын кемітпесе, талаптана түссе, оның әрқашан кәсіп өрінен, нәсіп-несібе төрінен табылары, өмір биігіне өрлей берері күмәнсіз деп білеміз. Ағайындылардың кенжесі, кішісі – Нәйла қыз. Жезқазған мемлекеттік педагогика институтына оқуға түсіп, география пәні бойынша мамандық алды. Жолдасы Нұрлан жерге орналастырушы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бақтыбай – әулеттің ең кенжесі. Кәсіпкер. Жұбайы Жазира Оразқожа­қызы екеуі 2 қыз тәрбиелеп отыр. Әбдіманаптың ісі жалғаса береді Осымен ағайындылар туралы сөзді тұжырсақ дейміз. Өсіп-өнген әу­леттің мүшелері туралы әр­түр­лі көлемде және әртүрлі деңгей­де жаз­дық. Бұл – бір-бірінен бөлгеніміз, әйт­пе­се алалағанымыз емес. «Бес саусақ бір­дей емес», өмірдегі алған орындарына, жеткен биіктеріне сәйкес бедерледік деп құтыла салуға болады. Рас, мұнда да шындық бар. Дегенмен басты себеп – біздің білу деңгейіміз. Жақсырақ білетіндеріміз туралы жақсырақ, молырақ жазуымыз заңды; ал әулеттің өзіміз аз білетін мүшелері туралы қалай көбірек көпіртерсің. Мұның үстіне әулеттің жас мүше­ле­рінің келешегі әлі алдында екенін атап айтқымыз келеді. Мүмкін керемет ке­лешегі. Бұлар өмірбаяндарын енді жазып, өмір белестеріне жаңа көтеріліп келеді. Бәлкім, болашақ Әбдіманаптар осылар­дың арасында жүр. Араларында болмауы мүмкін емес. Мұны айтасыз, бәйтерек Әбдіманаптан да асып кетіп, қазақты жалт қаратар, бай қылар, меңгерер Манаптар шығар. Ал олар туралы, олардың сондай ең­бектері, ерліктері туралы замандас ақын Дәулетбектері мен қаламгер Бақыттары қалам тербер.

Бақыт Сарбалаұлы

3600 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6362

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5794

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3535

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2917

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2878

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2857

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2587

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2572

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы