• Әдебиет
  • 27 Қазан, 2010

«Қалдырған ізің мәңгілік»...

d183d187d0b8d182d0b5d0bbd18c1Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген екен. Иә, мектептің айнасы саналатын ұстаздың еңбегі ерен.

Орыс қыздарының өнегесі Елуiншi жылдардың басында iшкi Ресейдiң Ярославль қаласынан пединс­титутты бiтiрiп, бiр топ орыс қыздары ауданымызға келді. Олар өздерiмен бiрге ашық-жарқын, кiсi жатырқамайтын жайдары мiнезбен қатар Л.М.Каганович атындағы қазақ орта мектебiне жаңа леп, жастық жалын да ала келгендей болды. Бұлардың келгенiне, әсiресе, бұдан бiр-екi жыл бұрын Алматыдан оқу бiтiрiп кел­ген бес-алты жiгiт қатты қуанды. Бұлардың ішінде тек Төлен Әубәкiров қана ЖенПИ-дi бiтiрген Қызылжардың ажарлы қызы Гүлсiм Қаленовамен отбасын құрған еді. Онан өзгелері салт жігіттер болатын. Бұл Гүлсім апайымыз аздап ақындығы бар әрi мақала жазып тұратын едi. Оны бiз жазғандары үшiн кейiн «писатель апай» деп атап кеткенбiз. Айтқандай-ақ, ол зейнеткерлiкке шыққан соң үш-төрт кiтап жазып, жарыққа шығарды. Бiр топ орыс қыздарының келуi әлгi Алматыдан келген ұстаздарымыз үшiн үлкен мейрам болды. Астанада оқып, қала мәдениетiне әжептәуiр қалыптасып қалған жас мұғалiмдерiмiз үшiн бұлармен араласу, әңгiме-дүкен құру сабау қамшылы өмiрлерiне қызық-думан әкелгендей-тін. Өзiмiздiң ауылда жоғары бiлiмдi қазақ қыздары аз-тұғын. Бар болса қазақы тәрбие алған ауыл қыздары жiгiттермен ашық-жарқын, емiн-еркiн араласып кетпей­тiн, өздерiн ұяң ұстайтын. Ал орыс қыздары болса, тiптен бөлек мiнездi, ешкiмдi жатырқамайды, әзiлдесiп кете бередi. Өздерi шетiнен сұлу. Жәнiбек Аязбаев, Байман Отыншин, Жатай Жұмадiлов, Мұқа­тай Бижанов, Күншырақ Ертағин және басқа ұстаздарымыз да өз қатарластары­мен әңгіме-дүкен құрып, бiр жасап қалады. Ән сабағынан беретiн гармонист әрi пианист Эйбов деген ағамыз өте тамаша адам едi. Мектептегі жас мұғалiмдер мен келген орыс қыздарын ұйымдастыра отырып кештер өткізіп, би үйірмесін жандандырды. Мектебiмiз бейнебiр өнер институтына айналып кеткендей болды. Тіпті мектепте хор үйiрмесi де ұйымдастырылды. Оған Байман Отыншин ағайымыз дирижерлік ететiн. Оның басқаруымен «Бейбiтшiлiк туы берiк қолда», «Демократияшыл жастар маршын» шырқағанда залды дуылдатып жiберетiнбiз. Зикен Бекенов ағайымыз біздің таңертең сапқа тұрып, жаттығу жасауымызды қатты қадағалайтын. Ал Дастан Сәтиев деген мұғалiмiмiз болса әскери-спорт, денешынықтыру, футбол, волейбол ойындарынан жарыс ұйымдастырып, интернат пен мектеп арасындағы алаңды бiр босатпайтын. Осылайша мектеп өмiрi қызыққа толды. Балалық кездің қызығы көп қой. Әр нәрсеге құмар боламыз. Тіпті ұстаздарымыздың iс-қимылын да жiтi бақылап жүретiнбiз. Жас ағайларымыздың орыс қыздарының әрқайсысын өздерiне сыртынан иемденiп алғанын да сезетiнбiз. Ағайларымыз ол қыздарды көргенде жүздерi жайнап шыға келетiн. Олар мектепке келгенде қыры сынбаған шалбар, жағасы үтiктелмеген көйлек кимейтiн болды. Мұғалiмдермен қоса бiз, жоғары сыныптың оқушылары, би үйрету сабағына қатыстық. Сондықтан да бiздiң көбiмiз Алматыға келгенге дейiн биден біршама хабарымыз болды. Мектептегi осы мәдени қозғалыстың ұйытқысы Алдаберген Сәрсенбаев аға­йы­мыз еді. Ол бұл жұмысқа орыс қыздарын, өзi қатарлас жас мұғалiмдердi түгел тартты. Елуiншi жылдардың басында күзге қарай бiздiң мектеп өмiрiнде өз iздерiн қалдырған iшкi Ресейдiң қыздары 2-3 жылдан кейiн Ярославльге қайтты. Елдерiне оралды. Бұл үшiн оларды ешкiм айыптаған жоқ, қайта iштей қимастықпен жылы қоштасты. Аудан тұрғындары кiлең қазақтар болатын. Тек бiр совхозда ғана жер аударылған күрдiлер тұрды. Онан өзге екі-үш орыс пен бір неміс отбасы ғана бар. Міне, осындай тiлдiк ортасы кемдеу елде еңбек еткен орыс қыздары өздерi туралы жақсы әсер қалдырды. Бiлiктi ұстаз болды, орыс тiлi мен әдебиетiнен сабақ бердi. Тiлдiк ортасы жоқ оқушыларға тiлден сабақ беру оларға оңайға түспедi, бiрақ олар соған шыдады, төзiмдiлiкпен үйретуден жалықпады. Сөздердiң екпiнiн дұрыс қою, сөздердi септеудi үйрену, сан есiм мен зат есiмдi қосарластыра пайдалану бiз, қазақ балалары үшiн жеңiл болмады. Әлгi орыс ұстаздарымыз, бүгiнгi тiлмен айтқанда, толеранттық көрсеттi, жалықпай үйретумен болды, қосымша оқуға жеңiл кiтапшаларды ұсынды. Әсiресе, Александра Дубинг, Тамара Соколова, Нина Затейкина, Валентина Трофимова, Татьяна Сорокина секiлдi ұстаздарымыз нағыз педагог қана емес, тамаша адами қасиеттерiмен бiзге үлгі-өнеге қалдырды. Әрине, мәдениеттiлiгiмен, әдептiлiгiмен, инабаттылығымен ерекше әсер еткен орыс қыздарынан кейін де мектебімізде ұлағатты ұстаздар көп еңбек етті. Солардың iшiнде Нағашбек Қалманбаев, Шолпан Илья­сова, Бибiгүл Бөлегенова, Фаузия Жанпозова, Қошқар Сәрсенбаев, Эрна Вагнер, Манат Мұхамеджанова, Ғалия Қажымова, Бiргебай Мамыраев, Тұрсынбек Ысқақов сынды білімді де білікті ұстаздарды ерекше атап өтуге болады. Алдаберген ағаның адалдығы Ярославльден келген қыздар бізге көп нәрсе үйретіп кетті. Қаланың мәдениетін сіңірді бойымызға. Олардың әдемілігі ауылдағы басы бос салт жігіттерді еріксіз баурап алды. Ағайларымыздың бәрi қызыл көрген түлкiдей жамырап, осы қыздар тұрған пәтердi жағалап үйiрсектеп кеттi. Біз болсақ сол ағаларымыздың махаббат отына шалынып жүргендерiне сырттай қанығып, мәз болып күлушi де едік. Мұны мен қайталап бекер айтып отырған жоқпын. Осылардың ішінде тек Алдаберген ағайымыз ғана салмақты, сабырлы болатын. Бәлкім, қоғамдық пiкiрден, алып-қашпа әңгiмеден аулақ болғысы келген шығар. Әр нәрсені жеті рет өлшеп барып қана шешім қабылдайтын ағамыз әрқашан бекзаттылық танытушы еді. Бәрiн сабырға жеңдiретiн, жасынан тым маңғаз, салмақты едi. Әрi Үмiтжан жеңгемiзбен сөз байласқан болуы керек, соған селкеу түсiрмеудi де ойлаған болуы ықтимал. Бала кезімізде ол кісінің түрі бізге тым сұсты көрінетін. Бірақ кейіннен мінезі жұмсақ, өте мейiрбан, кiшiпейiл жан екенін ұғындық. Қарапайымдылығынан болар, мансап қуып, қызметінің жоғарылауын көксеген емес. Баз біреулер «мен мансап қумаймын, қызметке қызықпаймын» дей тұра іс-әрекеті мүлдем басқаша болады. Мұның өзі – жалған кішіпейілдік. Ал Алдекең биік лауазымға ие болсам екен деп армандаған да жоқ. Ол үлкен бе, кiшi ме, қызмет болсын, «сол орынға өзiм лайықпын ба, ол қызметке сай бiлiм, күшiм, қабiлетiм бар ма» деп ойлайтын. Әрине, әркiм өзiн қандай жұмысқа да лайықпын деп ойлауы мүмкiн. Бiрақ мәселе – сол лайық деген сөздi айналаң, қызметтестерiң, қоғамдық пiкiр айтуы керек. Бұл кiсi осы қызметке лайық деп солар мойындауы қажет. Алдаберген ағамыз осыған ұмтылды. Кейіннен Талас аудандық партия ко­митетiне Рафик Асадуллин 1-хатшы, Алдаберген Сәрсенбаев 3-хатшы болып сайланды. Біраз жылдан соң бiрiншi хатшы ауысып, орнына Рахыжан Ерсеитов деген азамат келдi. Сонда «Социалистiк Қазақстан» газетiнде iстейтiн менi «Бiздiң ауданға бiр соғып кетсейшi, жасап жат­қан жұмысымызды көрсеңшi» деп тiлек бiлдiрген еді. Ағаларымның өтінішін жерге тастамай көп кешiкпей Ақкөлге келдiм. Ауданның ажары кiрiп, халықтың тұрмысы әжептәуір түзелген екен. Аудан өмірінен очерк жазатынымнан хабардар болған Алдекең: «Менi атамай-ақ қой, бiрiншi басшымыз Рахыжан ғой, соны жазсаң болады. Екеумiздiң көңiлiмiз жақын екенiн көп ел бiледi, бауырына өзiн мақтатыпты дер жұрт!» дедi. Арда азамат-ай, өзін мақтауды да құп көрмейтін еді. Атаққұмарлыққа, данғазалыққа үйір еместігінің бірден-бір дәлелі ғой. Дегенмен айтқанын iстедiм. «Аупартком секретары» деген «СҚ»-да көлемдi очерк жарияладым. Алдекең риза болып, телефон соқты. «Аудан азаматтарының еңбегiн жақсы көрсетiпсiң. Ел жазғаныңа риза!» – дедi. Өзi туралы бiр ауыз сөз болмаса да, ризашылық бiлдiрiп жатты. Кiшiпейiлдiк деген осы емес пе?! Алдекең қай жерде қызмет істесе де адалдығынан тайған жоқ. Ауданнан кейiн Жамбылға ауысып, облыстық мәдениет басқармасының бастығына дейін жоғарылатылды. Сонда зейнетке шыққанынша қалтқысыз қызмет етті. Алдекеңнің үйiндегi жеңгемiз Үмiтжан да тамаша адам болатын. Әпкесi Шайза үшiншi сыныпта бiздiң жетекшiмiз болған Төкен Әбдiбеков деген ағайға тұрмысқа шыққан-ды. Мен Төлен аға туралы бекерден-бекер сөз қозғап отырған жоқпын. Себебі ол кісі менің ақылшым әрі журналистік жолдағы алғашқы ұстазым болды. Мектептегі кезім. Бiр күнi «Қазақстан пионерi» газетiн ашып қалсам, менiң мақалам шығыпты. Балалар шуылдасып, қуанып жатыр. Не дерiмдi бiлмедiм. Сөйтсем, Төкен ағайымыз менiң атымнан мақала жазып жiберiптi. «Алғашқысына мен көмектестiм, ендi өзiң жазып тұр» дедi қолымды қысып ағай. Осыдан соң өзiм аздап жаза бастадым. Жазған дүниелерімді ең алдымен Төлен ағаға тексертіп жүрдім. Мақалам тағы да шықты. Дәндеп алған мен енді жиi-жиi жазуды әдетке айналдырдым. Сөйтiп, газеттiң белсендi тiлшiсi де болып алдым. Содан жазуға үйiрлiгiм қалыптасты. Міне, сондықтан да журналистикадағы алғашқы ұстазым Төкең деп айтып жүремін. «Ұстаздан шәкірт озар»... 1956 жылы мектеп директоры Алдаберген Сәр­сенбаев қол қойған аттестатымды алып, Алматыға оқуға аттандым. Мектеп бiтiрушiлердiң көбi оқуға iлiктi. Бiраз бала КазГУ-ге түстiк. Уайым қайғысы жоқ, Сырдың суы сирағымыздан келмейтiн немесе Әзiлхан Нұршайықовша айтсақ, «Махаббат, қызық мол жылдар» басталып кеттi. Сабақтан аса қиналған жоқпыз, өйткенi мектепте бiздi бiлiм негiздерiне жаман дайындаған жоқ. Тамағымыз тоқ, ел қатарлы киiмiмiз бар, онымен қоса аздаған шәкіртақымыз бар. Осылайша бiреуден озық, бiреуден кем студенттiк күндер өтiп жатты. Ең бастысы, білімге, бiлуге деген құштарлығымыз күштi болды. Ауылдан келген бiз үшiн қала өмiрi аса қызық болып көрінетін. Киноға барамыз, театрлардан қалмаймыз, парктегi ашық алаңдағы тегiн концерттi де жiбермеймiз. КазГУ-де оқитын Айтжан Орақбаев, Серiкбек Орынбеков, Бәйiмбет Бекмағамбетов деген жерлестеріммен бір жатақханада тұрдық. Айтжан мен Бәйiмбет қай кезде де мені жандарына жақын тартып жүретін. Емтихан тапсырған күндері: «Жиен, жүр, бүгiнгi «бесiмiздi» жуайық» дейтiн. Серiкбек болса әзiлқой, көңілді жігіт еді. Емтихан тапсырам деп әбiгер болып та жүрмейтiн. Емтиханнан кештетiп бөлмесiне келгенде, «Не алдыңыз, Сәке» деп барсам: «Ағаң бес пен төрттен төмен баға алуға тиiс емес қой, қартайғанда несiне оқып жүр дейсiң. Кеттiк мейрамханаға!» деп, жанынан бір елі тастамайтын. Аш құрсақ студент қой, тоя тамақ жесiн дейтiн болуы керек, мейрамханаға барған соң түрлі тағамға тапсырыс беретін. Кей кездері ішімдіктен де аздап алып, бой жазып қайтатынбыз. Мұндай сәттерде ауылдағы жаңалықтан біршама хабардар болып қалатынмын. Сәкең ауыл жайын ұзақ әңгіме ететін. Алдекеңнен білім алған шәкірттердің көпшілігі білім-ғылымның биігіне шықты. Бірі белгілі ғалым, бірі ақын, бірі елге танымал дарын иесі болды. Сейфолла Қожаханов, Сағадибек Қалманбаев, Сәбит Жаданов, Ақатай, Тұрымтай сынды шәкірттері де ел үшін еңбек еткен біртуар азаматтар еді. Алдекеңнен алған тәлім-тәрбиенің әсері болар, бұлардың бәрі де қарапайым, ақкөңіл, тамаша жандар. Әсіресе, Сағадибектің адалдығы, тіпті аңғалдығы да бәрімізді таң-тамаша қалдыратын. Ол өзі мектепті күміс медальмен бітірді. Оқуға да жүйрік болды. Бiрiншi курстың бiрiншi семестрiн бiтiрiсiмен бiр жолдасымен бәстесiп, екеуi оқуды тастап, келесi жылы Мәскеуге баруға сөз байласады. Ертеңiне институтқа барып, «Үй жағдайыма байланысты» деп өтiнiш жазып, оқуын тастап кетедi. Уәделескен жолдасы қайта ойланып, оқуында қала бередi. Сағадибек болса ауылына оралып, келесi жылы Мәскеуге емес, Алматыдағы ауылшаруашылық институтының мехфагiне түседi. Оқуын бiтiрiп, мамандығы бойынша тәп-тәуiр жұмыс iстедi. Не де болса, ұстаздары мен айналасындағы жандарға жаман ат келтірмей, еңбек етті. Онымен өмірінің соңына дейін сыйлас болдым. Адамға сенгiш жан еді. Өзi таза, адал, өтiрiк айтуды бiлмейдi. Ой-өрiсi кең, бiлiгi күштi, дүниеде не болып жатқанын саясаткерлерден кем бiлмейтін азамат болатын. Өкiнiштiсi, бұл жiгiт те өмiрден озды. Өмiр шолақ деген осы. Дүниеге келмек бар да, кетпек бар. Бұлар да, бәрiмiзге ұлағатты ұстаз болған Алдаберген Сәрсенбаев та қазiр арамызда жоқ. Өмiрi қысқа болса да, Алдаберген ағайымыз мәндi де мазмұнды өмiр кештi. Бүгінде оның ұл-қызы ата атына кір келтірмей, білікті маман болып, елі үшін еңбек етуде. Өмір бойы ұстаздық етуден жалықпай келген Алдаберген ағамыз ұл-қызына да тәлімді тәрбие, білікті білім беріп кеткені анық. Жақсы ұстазымыз Алдаберген Сәрсенбаев биыл шiлдеде тiрi болғанда сексенге толар едi. Өмiрден озғанымен оны бұрынғы әрiптестерi, шәкiрттерi әрдайым жылы лебiзбен еске алады. Оның азаматтығын, туралығын, ағайынға бауырмалдығын ерекше бағалайды. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы

4633 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6044

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5628

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3367

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2749

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2713

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2689

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2421

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2406

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы