• Әдебиет
  • 27 Қазан, 2010

Нәубет шындығы. Зобалаң жылдарды бастан өткерген Ораз Исаев туралы сыр

(Соңы. Басы өткен санда)

Орталық Қазақстанның 10-12 қазақ ауданында халықтың едәуір бөлігі қазір де аштыққа ұшырауда. Алынған болжамды деректерге қарағанда, биылғы көктемде 10-15 мың адам аштан өлген, әсіресе, 1931 жылы ерекше етек алған жаппай қонысынан ауу, басқа өлкелер мен республикаларға кету қазір де тоқталмай отыр. Көптеген қазақ аудандарында 1929 жылмен салыстырғанда халықтың жартысы да қалмаған. Өлкедегі шаруалар шаруашылықтарының жалпы саны 1931 жылғыдан қазір 23-25% кем. Арып-ашыған қазақтар мен олардың панасыз балалары өнеркәсіп орындарының, Семей және Ақтөбе аудандарындағы совхоздардың, теміржол станцияларының төңірегінде сеңдей соғысады, ұрлықпен айналысуда, колхоз егініне түсіп, масақты көктей жұлуда. Аштық, ойдан-қырдан жиналған елдің есепсіз көбеюі, тазалықтың жоқтығы жұқпалы аурулардың (қара шешек, сүзек, қантышқақ және басқа) таралуына жол ашты....Мал шаруашылығын қазіргі күйге душар еткен басты себеп Қазақстанда партия саясатының, артта қалған ұлт аудандарындағы коллективтендіру туралы Сіздің талай рет айтқан нұсқауларыңыздың бұрмалануы деп білу керек... ...Ауыл ұшыраған жағдай едәуір дә­режеде партия ұйымы және оның басшылары жіберген қателіктер мен кемшіліктерге байланысты. Қателіктер шын мәнісінде түзетілмеді. Алынған көптеген шешімдер орындалмады және өзінше бір «қолпаштау» мен «жалбарынулар» түрінде қалып қойды. Өлкелік басшылықтың қателіктері бірде-бір рет шындап талқыланбағанын айту керек. ...Өлке басшылары ауылда қалыптасқан жағдайды айқын түсініп отыр ма? – деген сұрақ туады. Ал мен: «өкінішке орай, айқын түсініп отырған жоқ» деп сендіремін. Демек, жағдайды шын мәнінде түзей алатын шаралар белгіленген де жоқ. ...Егер жергілікті ұлтшылдық қазақ халқының күйзелген бөлігінің нара­зылығынан туындайтын болса, ал ұлы державалық шовинистік кулак элементтері ұлтаралық алауыздықты өршіту үшін аш қазақтардың ұрлық жасау фактісін пайдаланады, аш қазақтар орыстардың балаларын жеп жатыр деген қауесет таратады, қазақтарға жақындамаңдар, өйткені олардан неше түрлі ауру жұқтырасың деп қорқытады, т.б. Менің ұсыныстарым: 1.Орталық Комитетке (алдын ала тексеру жүргізіп барып) Қазақстан Өлкелік Комитетінің баяндамасын қою және қазақ ұйымының негізінен қазақ ауылын дамытуға байланысты кемшіліктері мен негізгі міндеттері көрсетілетін ауқымды шешім қабылдау керек... 2.Орталық Комитеттің шешімінде мал шаруашылығы өзекті орын алуы тиіс... 3.Жадап-жүдеген малшыларға жедел көмек көрсету үшін өнеркәсіп товарларынан және астықтан қор бөлу қажет. 4.Тұқым және азық-түлік қарызын (Қазақстан бойынша 10 млн.) қайтаруды бір жылға шегеру және орталықтандырылған астық дайындау жоспарын 3 млн. пұтқа азайту керек, бұл егінді аз егетін мал ша­руашылығы аудандарына арналған жос­парды азайту және алып тастау есебінен жүргізілуге тиіс... 5.Орталық Комитеттің шешімінде, ұйымдық-партиялық, бұқаралық және тәрбиелік жұмыстың жолға қойылуын ерекше атап көрсету, төменгі орта буын қызметкерлерден, әсіресе, ауыл үшін кадрларды кеңінен даярлау жүйесін белгілеу қажет. 6.Қызметкерлер көптеп жетпей жатқанда талай қазақ қызметкерлері кетіп қалып, басқа өлкелерде жұмыс істеуде, жоғары оқу орындарын бітірушілердің едәуір бөлігі Қазақстанға қайтып оралмайды. Мұның өзі, әрине, кездейсоқ емес. Оларды Қазақстандағы қиындық қаймықтырса керек, сондай-ақ оларға жөнді көңіл бөлмеудің, тіпті көбінесе теріс көзқараста болудың зияны аз емес. Осы қазақ қызметкерлерінің бәрін, «бұрынғы көсемдер» тобын қоспай (олар қазір де топ құруға қабілетті), Қазақстанға қайтару қажет. 7.Біздің кемшіліктеріміздің бар кінәсін бір кісіге итере салуға болмайды, әрине. Бұл арада тұтас алғанда Өлкелік Комитеттің де, Қазақстандағы біздің бүкіл жұмысымыз­дың да кемшіліктері мен қателіктері үшін менің өз басым белгілі дәрежеде жауапкер­ші­лікті мойныммен көтерем, өйткені мен Қазақстанның басшы қызметкерімін. Алайда жұмысты батыл түрде қайта құрып, бас­шылықты күшейту үшін Өлкелік комитет басшыларын жаңартып, жандандыру керек. Бірінші хатшының рөлі айрықша екені баршаға мәлім. Өз басым былай деп ойлаймын: Қазақстанда зор жұмыс (ауылдарды советтендіру, жікшілдікке қарсы күрес және т.б.) жүргізген Голощекин жолдас Өлкелік Комитеттің де және тікелей өз басының да жіберген қателіктерін аяусыз сынау негізінде батыл бетбұрыс жасауға жеткілікті күш таба алмайды. Коммунистік сәлеммен О.Исаев. (Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты, 141-қ., 17-т., 607-іс, 1-14-пп. Екінші данасына да қолы қойылған. «Қазақстан коммунисі», 1990, №5, 53-60-беттер).

1932 жылғы қыркүйекте ВКП(б) Орта­лық Комитетінің «Ауыл шаруашылығы, атап айтқанда, Қазақстанның мал шаруашы­лы­ғы туралы» қаулысын қабылдағаны белгі­лі. Онда республикаға зор материал­дық көмек көрсету көзделген. Дегенмен бұл қаулы көп ретте жағдайды жеңілдеткені­мен, Ораз Исаевтың Сталинге хатында көрсетілген маңызды мәселені шешпеді. Бұл Голощекиннің «Орталық Комитет тағы да менің саясатымды қолдады, сондықтан Өлкелік Комитеттің, партия ұйымдарының қызметіне қандай да бір өзгерістер енгізу қажет емес» деп мәлімдеуіне жақсы сылтау болды. Мемлекеттік жоспарлау комитетінің сол кездегі төрағасы Ұ.Құлымбетовтің айт­уынша, ол және О.Исаев ауылдағы жағдайды түзету жөніндегі мәселе бойынша, тым болмаса, облыстық комитеттер хатшыларының қатысуымен кеңес өткізу қажеттігіне Голощекинді көндіре алмаған. Ел басына қара бұлт төндірген, қазақ халқын қырғынға ұшыратқан, жерінен безу­ге мәжбүр еткен, ұлт араздығын қоздырған, ұлы державалық шовинизмнің отына май құйған Қужақ – Филипп Исаевич Голощекин Қазақстанды сегіз жыл сергелдеңге салып барып, 1933 жылғы қаңтардың 21-інде орнынан алынды. Соңғы сөзінде де ол өзінің бүкіл сәтсіздігін қазақ коммунистеріне аударуға тырысып бақты. Ол қазақ коммунистерінің бір тобын ешқандай тәрбиеге көнбейтін, пайдалануға мүмкін емес, ұлтшыл уклонис­тер қатарына жатқызды. Екінші катего­риясын жағдайға қарай бетпердесін өзгер­тіп отыратын хамелеонға теңеді. Әлбетте, үшінші топ – өз қателерін бір ғана Голощекинге аударғысы келетін арамзалар. Демек, ол Қазақстаннан бірде-бір ары таза коммунист көре алмаған. Мәскеуге КСРО Халық Комиссарлары кеңесінің жанындағы мемлекеттік бас арбитрі болып кетіп бара жатып та, өзінің осынау арам пиғылын жасыра алмады. Елді қу тақырға отырғызып, халықтың аузын айға қаратқан адам ақырында өзіне лайықты жазасын алды. Ол 1942 жылдың күзінде атылды.

Мирзоянмен бірге

1933 жылғы ақпан айында Қазақстан Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Левон Исаевич Мирзоян сайланды. Ол осының алдында Орал облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған еді. Ұлты басқа, нәсілі өзге болса да, қасіретті көп көрген қазақ халқына ол қолдан келген жақсылығын аямады. Сонау 1937 жылдың сұрапылында жазықсыз жазаланып кетсе де, күні бүгінге дейін халық оны «Мырзажан» деп атайды. 1933 жылғы шілденің 10-16-сы аралығын­да ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің плену­мы болып, онда О.Исаев «Ауылдағы жұмыс және мал шаруашылығының дамуы туралы» баяндама жасады. Пленум орақ науқаны және мемлекетке астық тапсыру, ауыл мен деревнядағы партиялық жұмыс, мал шаруашылығын дамыту туралы үш мәселені қарап талқылады. Осылардың ішінде әсіресе соңғы екі мәселе күн тәртібіне өте өткір қойылды. Онда пленум Қазақстан еңбекшілерінің социалис­тік құрылыстағы табыстарын атап көрсе­те отырып, ауылды ұжымдастыру мен көш­пелі халықты отырықшыландырудағы ірі кемшіліктердің себептерін ашты. Пленумға қатысушылар өз сөздерінде ұжымдастырудың шапшаң қарқынына жетеміз деп орынсыз асығушылыққа, асыра сілтеушілікке жол берген Ф.И.Голощекин мен оның төңірегіндегі бұрынғы басшылықтың жұмыс әдісін қатты сынға алып, бұған қатысты көптеген келеңсіз фактілерді көпшілікке жасырмай айтты.

Пленум стенограммасынан үзінді

Исаев: Қорытынды сөзімде баян­дамаға кірмей қалған бір елеулі жерді толықтыра кетсем деймін. Ол менің бұрынғы басшылықтағы орным және сол кезде жіберген өз қателерім туралы болмақ. Бұл мәселелерге шынында да аз тоқталдым. Әрине, мен жауапкершіліктен жалтар­мақшы емеспін. Қателіктеріміздің барлық ауыртпалығын бұрынғы басшылықтағы кейбір жолдастарға, солардың ішінде Голощекин мен Құрамысовқа аудара салу ниетінде де болғаным жоқ. Олай етудің өзі партия жолына сыйымды іс те бола қоймас еді. Баяндамамды да, қорытынды сөзімді де тек сын ғана деп есептеймін, нағыз сын, өзара сын деп білемін; оның ішінде де өзімді баса сынағаным деп білемін. Бәріңізге мәлім, бұрынғы басшылықта ме­нің орным оңай орын болған жоқ. Шынында да, мен «шабақ» немесе қатардағы артель­ші ғана болсам, онда үкімет адамы болғаным қайсы?! Ірі бай, шонжарлардың шаңырағын ортасына түсіріп, белін сындырған дәуірде де, Қазақстан партия ұйымында болған ұлтшыл уклондарды, жіктерді қиратқан дәуірде де мен аз жұмыс атқарғаным жоқ. «Қосшы» ұйымын құрған кезеңде, жерді бөліске салғанда, сов­хоздар орнатуда, алғашқы бесжылдықта мен тағы да аз жүк арқаламадым. Алайда осындай даусыз игі істеріммен қатар, менің Қазақстандағы соңғы екі-үш жылдың ішінде болған асыра сілтеу, бұр­малаушылықтардағы орным да шағын болмай шықты. Сондағы менің қателеріме келсек, мынадай бір жайды еске түсіру керек. Мен жас қазақ коммунистерінің «солшыл» тобының ішінен шыққандарының бірімін... Көпке мәлім, басшы қызметкердің қа­телері оның іс жүзіндегі қызметінде із қал­дырмай қоймайды. Қатенің орны мен тереңдігіне қарай басшы қызметкердің әр­қайсысына түсетін айып та, жауапкершілік те тиісінше болатыны тағы анық. Өз басыма келгенде мұның жайын мен жақсы сеземін. Документтерімде қай жерде қалай сөйлегенімнен, жазғандарымнан және басқа сондай іс-әрекеттерімнен сөз тергенім жоқ. Ал енді жазған мақалаларым мен жасаған баяндамаларымда дәл қазіргі өзара сынның тұрғысынан қарағанда олардан кемшілік, қателер аз табылмайды, бұған ешбір күмәнім жоқ. Өткен кездегі қателерімде, Құрамысов айтқандай, айғайшы ғана болып қойғаным жоқ, мен кейбір мәселелерде өз бетіммен өзімше ойластырып шығарып та жүрдім. Атап өтуімді міндет деп білемін: Өлкелік Комитеттің отырықшыландыруды шапшаңдату жайындағы бірсыпыра қау­лыларын, солардың ішінде отырықшы­лан­дыру ісін жалпы алғанда 1933 жылдың ақырына дейін аяқтау жайындағы қаулыны жазып ұсынған менмін. Мұнан басқа, шамасы, 1931 жылдың орта кезінде бір жасаған баяндамамда мал шаруашылығын ойсыратқан себептерді жалпы дұрыс талдай келіп, бұл жағдайдан құтылудың жолы мал шаруашылығы аудандарын колхоздастыруды шапшаңдату деген мәселені өз басым ашық көтердім. ...Қатеміз сол, біз мал шаруашылығын ойсыратып отырған түпкі, негізгі себептерді ұғынбадық. Ол енді, міне, қазір ғана алақандағыдай ап-айқын болып отыр: көшпелі, жартылай көшпелі аудандарда мал басының азаюын тоқтату үшін оты­рықшыландыру мен колхоздасуды шап­шаң­датуды қоя тұрып, қателер мен асыра сілтеулерді тежеу керек еді, қалың бұқараның арасындағы үгіт-түсінік жұмыстарын күшейту керек еді, көппен қосылып, көпті бастай отырып, байларға, олардың ептестеріне со­йылды батыра сілтеу керек еді... Қатеміз сол, ауылды үлкен қиыншылықтарға ұшыратқан, малдың басын кеміткен шын себептерді ұқпадық, содан дұрыс қорытынды шығара алмадық, сондықтан, әрине, теріс істер істеп, ағаттықтарға жол бердік. ...Сонымен жауапкершіліктен жалтар­мақшы емеспін; қайта бұрынғы басшылықтағы орнымды саралап, толық көрсетіп отырмын, менің ондағы орным, салмағым бюро мүшелерінің қай-қайсысының салмағымен де бірдей емес. Ісімізде болған үлкен-үлкен қателерге де менің өз басым айрықша жа­уаптымын. Мұнымен қатар мен бәрін билеп-төстеп отырдым, өзгелер Голощекин мен Исаев секілді үлкен жайын балықтар­дың жанындағы «шабақ» болды десем, оным орынсыз мақтау болып кетер еді. Олай деудің қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Мен басшы болдым, басшы орында болмасыма әбдім жоқ еді. Өйткені мен үкімет ағасымын, партияның белсенді қызметшісімін; бірақ қандай болсам да осы дәуірдің ішінде Қазақстанда болған барлық игі істі де, жаман істі де қолымнан жалғыз өткізіп отырдым дей алмаймын. Басшылықтағы ең басты орын (роль) ұйымның бірінші хатшысы Голощекиндікі болды; солай болған соң, әрине, айыптың адам айтқысыз мол жағы сонда, бұл даусыз нәрсе. Әрине, қазірде де, басшылықта менің орным бірінші хатшымыз Мирзоян жолдастың орнымен бірдей емес. Мирзоян жолдас ұйым басшысы болғандықтан саясат пен басшылыққа алдымен жауапты, әрине, менің мұным жауапкершілікті өз мойнымнан түсіргендік емес. Менің мұны ерекшелей айтып тұрғаным, кейбір жолдастар өзім­нің бұрынғы басшылықтағы орнымды айта келіп, ұйымның бірінші хатшысы болған Голощекиннің айыбын да, жауапкершілігін де бүркеп, қымтап кеткісі келеді. Жарыссөзге қатысып, сөйлеген жолдастар бұрынғы басшылықтың қателерін сынағанда, сол қателерде менің орным қандай болғандығын да көрсете сөйледі. Бұлары әбден дұрыс деп білемін. Мұның, керісінше, жұрт бұрынғы басшылықты мінеп, сынап жатқанда мені ауыздарына алмаса, япырай, бұл қалай деп менің көңіліме де келер еді. Бұрынғы басшылықты сынағанда жұрт мені ауызға алмай өте шықса мен жаңа басшы­ның да, бұрынғы басшының да қатарында жоқ, не онда, не мұнда емес, бірдеңе болып қалған болар едім. Жоқ, жолдастар, мен ондай болып көргенім жоқ, болғым да келмейді. Мен жоғарыда айтып өттім ғой, жалпыға бірдей қателермен қатар мен өз басымда да болған кемшіліктер бар, олар­ға жауапты болуға, мойындауға дайынмын, өзім аман қалып, қаңқу сөзді, жаманатты басқаға аударғаннан да мәселені жаңағыдай қоюды нағыз большевиктік турашылдық деп білемін. Осы айтылып өткен қателеріме қарамастан, бұрын ешнәрсені көргенім де, сезгенім де жоқ, кеше осы пленумның дәл мына мінбесіне шыққанда бірден ақылыма келдім десем, оным өзіме жала жапқандық болар еді. Пленум мінбесі, пленумның алды – үлкен, келелі жер; бұл жер көп жұртты ақылға келтіреді, көп жұрттың ақылын жөнге салады; бұл – даусыз шындық. Ал енді мен қатенің бәрін кеше ғана ұғындым, ақылға кеше ғана келдім десем, оным дұрыс болмайды. Бұл айтылып отырған кемшіліктер­ді мен бұдан біраз бұрын, ертеректе-ақ сезгенмін. Атап айтқанда, VII конференцияда сөйлеген сөзімде көңіліме көлденең келген жайдың бірі көшпелі аудандардағы жеке меншікті мал шаруашылығының мәні мен маңызы ескерілмей жүргендігін ашық айтқанмын. Мұның дұрыс еместігін, өйтке­ні мал шаруашылығын колхоздастыруға жеткілікті негіз жоқ екенін сол кезде-ақ баяндағанмын. Онан соң 1931 жылы жасаған баяндамамды ескерте кетуіме болады, онда мал шаруашылығын ойсыратқан негізгі себептерді ашып көрсеткенмін. Бірақ сондай кемшіліктерді көргенмен, бір шатақтың барын сезгенмен шынында да не болып жатқандығын толық қорыта сезіп, әбден ұғына алмадым. Мәселені көтеруге партиялық ерлігім жетпеді емес, өз пікірімнің, өз қорытындыларымның дұрыстығына көзім жете алмады, сене алмадым. ...Мен тағы да мына бір жайтты ескертіп өтуді қажет деп білемін: Өлкелік партия комитетінің бұрынғы басшылығы Қазақстандағы шын ахуалды Орталық Комитетке дұрыстап, анық жеткізе алған жоқ. Бұл жөнінде дұрыс істеген Өлкелік Комитет­тің жаңа басшылығы ғана болды. Соның арқасында Қазақстанға жәрдемдесу туралы Орталық Комитет бірсыпыра қаулы шығарды. Егерде шын, айқын мәлімет ертерек берілген болса, сөз жоқ, қателеріміз де едәуір ертерек түзетіліп, қазіргі қиыншылықтар да едәуір кем болар еді. Мұнымен қатар айтып кетуім керек, мен өзім Өлкелік комитетті аттап өтіп, Орталық Комитетті хабарландыруға тырыстым. Былтыр, 1932 жылы тамыз айында, Қазақстанда­ғы кемшіліктер, оның негізгі себептері туралы Орталық Комитетке үлкен хат жаздым. Бұл хат кемінде бір жыл кешігіп жазылса да негізінен дұрыс болды дей аламын. Хатта мен колхоздандырудың қарқыны, әдісі, ұлы орыс шовинистігі туралы, ұлт саясатын бұрмалаушылық жайлы айттым. Орталық Комитетке жазған хатымда тағы да қыркүйектің 17-сіндегі қаулыға деген өз көзқарасымды баяндадым. Онда бұл қаулыға Голощекин, Құрамысовтың көзқарастарынан өзгеше баға беріп, бюроның Құлымбетов, Сәдуақасов сияқты мүшелерінің де пікірлерін көрсеттім. Мұның бәрін айтқанда кінәмді кемітіп, кешірім сұрамақ емеспін... (Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты, 141-қор, 17-тізбе, 607-іс, 271-279-б.). Сталиннің Ораз Исаев жөнінде: «Ол – Қазақстандағы өз қызметіне өте лайық басшы. Ол Голощекинмен бірге асыра сілтеулер жіберіп алды. Енді Сізбен (Мирзоянмен – Т.К.) бірге қателерді жөндеуге қатыссын» дегені О.Исаевтың өз қызметінде қалу-қалмауы туралы екіұшты мәселені түпкілікті шешіп берген болатын. Бұл жағдайда Сталин Голощекинді басынан сипағандай болғандықтан Исаевты да жазалай алмаған. Ал Голощекинді жазалағаны – жеке басқа табынушының Қазақстанда жүргізген саясатының кедір-бұдырларын мойындағанымен бірдей болатын. Бұл арада бірінші скрипканы Голощекиннің ойнағанын жақсы біле тұрып, оның орнына мүлде бөтен адам Л.Мирзоянды жібере отырып, Сталин өзінің жаңа өкілі республикада орнығып алғанға дейін Ораз Исаевтың бай тәжірибесін пайдаланғысы келді.

Дағдарыстан шығу

Ораз Исаев Мирзоянмен қоян-қолтық жұмыс істеді. Республиканың қос басшысы аштық зардаптарын жоюдың нақты шараларын қолданды. Олар одақтық үкіметтің кең қолдауын пайдалана отырып, мемлекеттің шұғыл көмек көрсетуіне қол жеткізді: мал өсіруші аудандардың шаруа қожалықтары мемлекеттік салмақтан екі жылға босатылды. Өткен жылдардағы қарыздарына кешірім жасалынды, күйсіз шаруашылықтарға өтеусіз дақылдармен азық-түлік берілді, мал ұстауға көмек жасалды, отырықшы аудандарда бас­пана, әлеуметтік мәдени және тұрмыстық құрылыс нысандары салына бастады. 1935 жылы мемлекет кеңшарларға жерді тұрақты пайдалануға актілер тапсырды. Ауыл шаруашылығының жағдайы біршама көтерілгеннен кейін, республика басшылары бар жігерін Қазақстанды индустриялы-аграрлы елге айналдыруға жұмсады. Екінші бесжылдық жоспар бойынша Балқаш мыс қорыту комбинаты, Шымкент қорғасын зауыты, Қарағанды көмір бассейні іске қосылып, Түрксіб теміржолы толық қуатында жұмыс істей бастады. Өлкелік партия комитетінің 1933 жылғы 9 ақпандағы бюро мәжілісінде босқындар жағдайы жан-жақты талқыланып, осыған байланысты тиісті қаулы қабылданды. Мұнда Ақбұлақ, Арыс, Жосалы, Қызылорда, Әулиеата, Шу, Аягөз стансаларында бос­қындардың біршама көп шоғырланып қалуына байланысты Халком кеңесінің арнайы комиссиясының өкілдерін жіберіп, босқындарды орналасатын жерлеріне дейін жеткізу және қажетті көмек көрсету шараларын ұйымдастыру әрекеттері белгіленді. 1933 жылы 27 ақпанда үкімет мәжілісінде «Халық Комиссарлар кеңесінің жанынан босқыншылыққа байланысты барлық мәселелермен айналысатын арнайы орталық құру» туралы шешім қабылданды. Көрші елдер мен республикалардағы қазақтарды елге қайтару жұмысын басқару С.Меңдешев пен Ұ.Құлымбетовке жүктелді. Нәтижесін­де 1933-1934 жылдары 160 мың қазақ ата-баба жұртына қайтып оралды. Елге орал­ған босқындарға 1 миллион 500 мың сом көлемінде көмек көрсетілді. Ораз Исаев панасыз қалған жетімдерді орналастырып, қамқорлыққа алуға зор мән берді. Панасыздардың көбеюіне байланысты оларды облыстар бойынша бөліп орналастыру шаралары белгіленді. Бұл үшін 265 балалар үйі мен еңбек коммуналары ашылды. Ондағы балалардың саны 60 мыңнан асты. Мемлекеттің панасыз балаларды қамқорлыққа алу жөніндегі ұйғарымы өз жемісін берді де, 1934 жылдан бастап балалар арасындағы өлім-жітім тез азайды. Қазақстандағы әлеуметтік саладағы жетістіктердің бірі 1934 жылдың аяғындағы нанды карточкасыз сатуға көшу болды. Бұл халықтың көңіл-күйін көтеріп, олардың тұтыну мүмкіндігін арттыруға қолайлы жағдай жасады. Л.Мирзоян мен О.Исаев өлке бас­шылығында отырған жылдары Қа­зақ­станның халық шаруашылығына жұмсалатын қаржы едәуір артты. Егер бірінші бесжылдықта күрделі қаржының жалпы көлемі 2.190 млн. сом болса, екінші бесжылдықта ол 5.242 млн. сомға дейін көбейді. (Российский государственный архив социально-политической истории – РГАСПИ, ф.5451, оп.1, д.2825, л.129-130). Ең алдымен, өлкеде ауыр индустрияның табиғи ресурстары, өте мол түсті металлургия, көмір және мұнай өнеркәсібі секілді салаларын өрістетуге көп көңіл бөлінді. Ораз Исаев ұлттық мәдениетті дамыту­ға мейлінше қолайлы жағдай жасады. Қазақ музыка театры Абай атындағы опера және балет театры болып соның тұсында қайта құрылды. Алматының Астана ретінде құлаш жайып, құлпыруына көп еңбек сіңірген оның Сталинге жолдаған баянхатында елордада жаңадан еңсе көтерер құрылыстарға қаржы бөлінуін өтініп, салынатын ғимараттар қатарында қазақтың ұлттық мәдениет сарайы мен театрларды атауы – өнерге деген қамқорлықтың ай­қын куәсі. Күләш Байсейітова, Ахмет Жұбанов, Қали Жантілеуов сияқты даңғайыр дарындарды қадір тұтқан ол ел ішінен өнер­паз­дар іздестіріп, топжарғандарын аста­наға алдырып отырды. Қазақ мемлекет­тік университетін (1934) ашып, Мәскеуде қазақ өнерінің алғашқы онкүндігін (1936) ұйымдастырды. Қазақ тілін дамытуға зор көңіл бөлді. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар қызметтерінде қостілділікті дамыту және қолдану тәжірибесі қалыптасты.

И.В.Сталинге, В.М.Молотовқа қазақ ауылдарының қайта дәуірлеуі туралы (баяндама-хабарлама) 1934 жылғы 19 қараша

Орталық Комитеттің 1932 жылғы 17 қыркүйектегі «Қазақстанның ауыл шаруашылығы туралы, атап айтқанда, мал шаруашылығы туралы» қаулысымен көшпелі, жартылай көшпелі қазақ шаруашылықтарында мал шаруашылығын дамыту жөнінде және Қазақстанның шаруашылық пен ұлттық ерекшеліктерінен туындайтын шараларды жүзеге асыруда бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мынадай тәжірибе жүзеге асырылды: бір қазақ шаруашылығына және жеке пайдалануға 100 басқа дейін қой, 8-10 бас ірі қара, 3-5 түйе, 8-10 жылқы, ал отырықшы жер шаруашылығымен айналысатын аудандарда – еңбекшінің жеке шаруашылығына пайдалану үшін 2-3 басқа дейін сиыр, 10-20 бас қой-қозылар, 10-20 шошқа-торай бөлінді. Бұлардан бөлек мынадай да шарттар қарастырылды: қазақтардың мал шаруашылығы қожалықтарынан мемлекеттің барлық қарыздарына кешірім беріліп, оларды 2 жыл бойы мемлекеттік салықтардан және міндетті салықтардан босатты. Қазақ ауылдарының шаруашылық тұрмысы көтеріле бастағанына қарамастан, біз ОК пен Совнаркомның алдына 1932 жылғы берілген жеңілдіктерді тағы да кемі үш жылға созу туралы мәселе қоюды өте қажет деп санаймыз: Осы айтылғандардың негізінде біз ОК пен Совнарком алдында мынадай ұсыныс талаптар қоямыз: 1.1935 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанның 41 мал шаруашылығы аудандары бойынша қазақ ұжымшарлары мен ондағы еңбеккерлер мемлекетке міндетті түрде дәнді дақылдар, ет, май, сүт тапсырудан және салықтардың барлық ақшалай түрі мен төлемдерден 8 жылға дейін, ал жеке шаруалықтар бір жылға дейін босатылсын. 2.1935 жылдың 1 қаңтарынан бастап шекаралық аудандар, сондай-ақ отырықшы жер шаруашылығы аудандарына бекітілген қазақ ұжымшарлары мемлекетке міндетті түрде дәнді дақылдар, ет, май, сүт тапсырудан және ақшалай төлемдерден 70 мың шаруашылық екі жыл мерзімге босатылсын. БК(б) П Қазөлкеком хатшысы Л.Мирзоян КАКСР Совнаркомының төрағасы О.Исаев. (РГАСПИ, оф. 85, оп. 1, д.86, л.382) О.Исаевтің ҚК(б) П-ның І съезінде сөйлеген сөзінің стенограммасынан 1937 ж. 9 маусым

Жолдастар! Өлкелік партия комитетінің баяндамасында өткен съезд бен осы съездің арасында жасалған көп жұмысты көрдік. Мұнымен қатар қанша табыстарымыз бар, соны көрдік. Одан кейін есепті баяндамада алдымызда тұрған зор іс, міндеттерді көрдік. Біз осы өткен уақытта VIII конференция мен бірінші съездің арасында шаруашылық құрылысында, мәдениет жұмысында тапқан үлкен, зор табыстар бар. Біздің республикамыз осы уақытқа дейін Советтер Союзында артта қалған республика қатарында келді. Қазір біз шаруа жөнінде де, мәдениет жөнінде де алдыңғы қатардағы бір республика болдық. Әрине, бұл табыс өзінен-өзі келген жоқ. Бұл біздің жалпы колхозшылар, жалпы еңбекшілер, партияда бар, партияда жоқ большевиктердің күшімен табылды. Бұл кешегі ескі басшылықтың қатесін, бұрмалаған істерін аянбай түзеумен табылды. Өткен уақытта біздің Қазақстанның ішкі тұрмысындағы, саяси тұрмысындағы үлкен әңгіменің бірі – бұл біздің кешегі автономиялы Қазақстан автономиялы республикадан Союздық республикаға айналды. Бұл табыс бұдан да көбірек болар еді, егерде біздің ұлтшылдар, оңшылдар, троцкистшілдер істеген зор кеселдер болмаса. Бұлардың біздің ісімізге кесел келтіруі, біз мынау саяси, таптық қырағылықты азырақ ұмытыңқырап жібердік. Соны дұрыстап орындамаудан болды. Зиянкестік біздің шаруа құрылысында, болмаса мәдениет құрылысының қай тарауларында болса да, аздап бәрінде де болды. ...Соңғы жылдары тәжірибе не көрсетіп отыр? Троцкист оңшыл ұлтшылдар ауыз жаласып, тап дұшпандары екендіктері көрініп отыр. Олар жапон, герман фашистерінің жалдама құлы екендіктері көрініп отыр. ...Асылбековтің Қарқаралыда тұрған уақытта алашордашыл ұлтшыл Сұлтан­бековтерді, солармен бірге табақтас болып, оларды қонаққа шақырып отырғандары, оңшыл ұлтшылдармен бірге үйірлес болған­дығы туралы бірқатар жолдастар айтып кетті. Аты аталған екі жолдастың, Нұрсейітов және Асылбеков жолдастар сияқты аңғармай қалып, дұшпанмен бірге астасып отырғаны көрініп қалды. Бұдан қандай нәтиже туды? Бұл – үкіметтің, партияның мақсатына қарсы іс жүргізіп отырғаны, осылармен күресуді, әсіресе, жоғарғы қатарға қоюдың керекті­гін көрсетіп отыр. VII конференцияның қаулысын іске асыра отырып, ұлтшылдар, троцкистшілдер, оңшылдардың бәрін жойып бітіру керек... ...Менің қазіргі істеген қызметімде, жүрген жүрісімде оларға, алашордашыларға көзқарасымның қандай екенін жақын жүр­ген жолдастардың өздері де көріп жүр. Қазақстанның басшылық орнында отырған Исаев, Жангелдин, Құлымбетов жолдастар алашордашыл Тоқтыбаев, Кенжиндерді жақтап келген дейді. ...Қазақстанның партия ұйымының тарихына таныс кісілер шынында біледі ғой. Кенжинді, Тоқтыбаевты Исаев жақтап келді деп айта алмайды. Жолдас Баймұратов бұл жөнінде жақсы білуі керек... ...Ал Кәрім Тоқтыбаевқа келетін болсақ, Амангелді Имановты өлтіргені 1933 ж. басында ғана ашылды. Тоқтыбаевқа жәрдем етті деуі бекер. Тоқтыбаев Голощекиннің ғана оң қолы болғаны рас. «Голощекиннің істеген ісіне мен айыпкермін, оны мойныма алам», – десем, оным қате болған болар еді. Тоқтыбаев туралы оған жәрдем етті дегені түгел бекер. Өзара сын айту керек. Бірақ анау, мынау деп, өзара сын – өтірік сөйлеу неге керек, жол­дас­тар. Өтірік – өзара сын болмайды. Өті­рік – өзара сынға жатпайды, жолдастар... (ҚРПА, 708-қор, 1-тізбе, 5-іс, 152-158, 164-168 п.).

Қуғын-сүргін құрбаны

30-жылдары еліміз жұртшылы­ғы­на көптеген қиыншылықтар­ды жеңіп, уақыт алға тартқан күрделі мәселелерді шешуге тура келді. Бұл жолда қателіктер мен олқылықтар да, өкінішті жайлар да аз болмады. Елде партиялық-мемлекеттік басқарудың әкімшіл-әміршіл жүйесі біртіндеп нығая берді. Қазақстанда қуғын-сүргін мен орынсыз жаппай жазалау орын алды. Бұл кезеңде Өлкелік партия комитетінің, облыстық, аудандық комитеттер хатшылары мен мүшелерінің, кеңес, комсомол, кәсіподақ ұйымдары басшыларының, кәсіпорындар мен колхоз-совхоз жетекшілерінің сталиндік саяси террорға алдымен ұшырағаны мәлім. 1937 жылдың 27 ақпанынан бастап, айналасы он күнде республика мен облыс басшыларынан 500 адам атылып кетті. Қазақстанның басшы қызметкерлері Ұ.Құлымбетов, С.Нұрпейісов, Ж.Сәдуақасов, К.Сарымолдаев, А.Асыл­беков, Т.Тоғжанов, М.Ғатауллин, А.Досов, Ә.Лекеров, С.Меңдешев, І.Жансүгіров, Ж.Сұлтанбеков, І.Құрамысов, З.Төреғожин, Н.Сырғабеков, Т.Төлепов, Қ.Тәштитов, О.Бораев, А.Кенжин, М.Орымбаев, Ж.Шанин, Х.Юсупбеков және басқалары бірінен соң бірі тұтқындалып жатты. Жан-жақтың бәрін жалмап, көзге түскеннің бәрін жұтып жатқан сол аждаһадай жалмауыздың қазанына қайнату үшін кезекті бір құрбандық керек болғанда, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Л.И.Мирзоян 1938 жылы 16 мамырда қызметінен босатылып, Мәскеуге шақыртылды. Барған бойы тұтқындалып, жеті айдан соң нақақ атылып кетті. Ол тұста сен ақпысың, пәкпісің, адалмысың, тазамысың, еңбегің бар ма – оған ешкім қарамайтын. Оған тағылған айыпта: «Левон Исаевич Мирзоян – халық жауы. Жиырма жыл бойы Кеңес құрылысына қарсы әрекет еткенін мойындады», – делінген. Өлім жазасына кесіліп, 20 жыл түрмеде отырып шыққан Бекболат Мұстафиннің естелігінен: «...Қазақстанда қалыптасқан жағдайды анықтау үшін Сталиннің бұйрығымен Мәскеуден Н.А.Скворцов басқарған, құрамы 40 адамнан тұратын бригада келіп жатқан. Қазақстан Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы С.Нұрпейісов тұтқындалып, оның қызметін уақытша атқару маған жүктелді. Сол Скворцов аз уақыттан кейін екінші хатшы міндетін атқарушы болып шыға келді. Жамбыл Жабаевтың тойын өткізу маған жүктеліп, бас баяндамашы етіп мені, қосымша баяндама жасауға М.Әуезов пен Ә.Тәжібаевты бекітті... 1938 жылы 20 мамырда жиналыс басталар алдында Н.А.Скворцов мені шақырып алып: «Жиналысты қалалық советтің төрағасы Қонысбаев ашады. Сен баяндамаңды жасайсың, бірақ Совнарком төрағасы Ораз Исаевқа сөз бермейсіңдер», – деді. Бұл біз күтпеген оқиға болатын. Республикадағы екінші адамға сөз бермеу – ақылға сыймас іс еді. Мен дереу Қонысбаевпен хабарласып, Скворцовтың айтқанын жеткіздім. Мұны естіген Қонысбаев қатты шошынып, «мені де құртатын шығар» деді. Өйткені бүгін орнында отырған министр ертеңінде түрмеден бір-ақ шығып жатқан кез. Исаевқа жол бермеу – қызметінен тайды деген сөз. Ал қызметінен тайған лауазым иесі – халық жауы. Мұны Қонысбаевтың өз басына төнген қатердей қабылдау себебі осы. Алайда астыртын әңгімеден Ораз Исаевтың хабардар болуы парыз. Жамбыл тойында ол қалайда сөйлеуі керек. Мен оған алдын ала дайындалған өз сөзімнің тексін ұсындым. Қара басқанда сол текспен Скворцовтың таныс екенін естен шығарыппын... Сонымен Алматы қалалық советі мен Қазақ ССР Жазушылар одағының Жамбыл тойына арналған салтанатты плену­мы басталды. Президиумда – одақтың түк­пір-түкпірінен келген мәдениет және өнер өкілдері, қоғам қайраткерлері. Баяндама жасалып бітісімен, арнайы сөз берілуін күтпей-ақ Ораз Исаев мінбеге көтеріліп келе жатты. Скворцовта дегбір қалмады. «Оған сөз бермеңдер дегенім қайда? Почему ему авторитет создаем?» деп тығыртты. Мен оған: «Жиналыстан кейін әңгімелесейік», – дедім. Хатшы қатты ашуланды. Орысшадан хабары жоқ Жәкең қаннен-қаперсіз. Содан екі-үш күнге созылған тойда Ораз орнығып отыра алмай, кіріп-шығып қана жүрді. Бейбіт жағдай болса, президиум тізгінін өзі ұстап, жиынды басқаруға тиісті адам лажсыздан осылай еткен болуы керек» («Түркістан», 1996, 21 тамыз). Осы жиыннан кейін Ораз Исаев «халық жауы» деп айыпталып, тұтқынға алынды. Ол қанша адал, бар қабілет-қасиетімен, қайрат жігерімен еңбек етсе де, әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің жазалаушы тобының құрығы мен құрдымынан құтыла алмады. 1938 жылы 10 шілдеде өткен ҚК(б) П-ның екінші құрылтайында бірінші хатшы Н.А.Скворцов өз баяндамасында: «...Заодно с троцкистско-бухаринской агентурой работали и буржуазные националисты в различных республиках, в том числе и в нашей Казахской республике. Контрреволюционные, буржуазно-националистические организации, возглавляемые Мирзояном, Исаевым, Кулумбетовым, Ескараевым, Садвокасовым и другими, являясь агентурой германо-японского фашизма, готовили отторжение Казахстана от СССР и превращение его в колонию японского империализма. Исаев в своих показаних говорит, что «Мой арест пресек мою вражескую работу и я понимаю, что теперь, когда я поставлен лицом к лицу с фактами своей измены и предательства, было бы более чем бессмысленно запираться и пытаться что-либо скрыть. Почти 20 лет я обманывал партию и народ. Ложь... было моей второй и подлинной натурой. Я до ареста был одним из руководителей антисоветской националистической организации в Казахской ССР, действовавшей по директивам центра правых. Наша организация ставила своей целью отторжение Казахстана от Советского Союза во время войны и установление в Казахстане буржуазного строя», – деді. (ҚРПА, 708-қор, 2-тізбе, 4-іс, 406-407 п.). Арада жарты ғасырға жуық уақыт өткенде ғана сол жазықсыз жапа шеккен асыл азаматтар ақталды. Бірақ соның өзінде де оларды сорттап, «анау анадай еді, ол Голощекинге көмекші болды ғой» деп, әлі де ақтағысы келмей, атын атамай, пендешілік жасап жүргендер жоқ емес. Сол ретте Садық Нұрпейісов, Ізмұхан Құрамысов, Сұлтанбек Садықбеков, Қайсар Тәштитов, Нығметолла Сырғабеков, Ілияс Қабылов, Әзімбай Лекеров, Сәдібек Сапарбеков, Жұматай Шанин, Мұхаметқали Мырзағалиев, Зарап Темір­беков, Мұхамедияр Тұнғаншин, Телжан Шонанов, Бірмұхамед Айбасов, Әшір Бүркітбаев, Сейітқасым Көлбаев, Мұхаметқали Тә­тімов, Кәрім Әбдірахманов, Рақым Сүгіров, Ахметқали Ынтықбаев, Рамазан Ордабаев, Хамза Қадырбеков, Мырзахан Төлебаев, Әбдірахман Айсарин, Әбілқайыр Досов, Тасан Мұсабеков, Махмұт Қожанов, Омар Бәйкенов, Жәкен Ахметов, Әділ Серікбаев, Хамза Тасқұлов, Зәкір Сералин, Шахзада Шонанова сияқты саңлақтарымыздың аты бүгінге дейін аталмай келеді. Ал Ораз Исаевты халық ұмытқан жоқ. Оның есімі Алматыда, Оралда көшелерге берілген. Ақжайық ауданында оның атында мектеп те бар. Асыл адамның бейнесі, ісі отандастарының, қандастарының есінде мәңгі сақталмақ.

Тілеу Көлбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналис­тер одағы сыйлығының лауреаты

5270 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6064

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5637

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3377

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2758

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2722

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2698

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2430

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2416

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы