• Әдебиет
  • 17 Қараша, 2010

Сағыныш

Күн жексенбі болатын. Жатақхана тып-тыныш. Әсел әдеттегіден ерте оянып, аяғының ұшымен басып балконға шықты. Көктем айының таңғы самал желі неткен керемет десеңші! Әсел ауылдан келген, алты баланың бірі, әкесінен ерте айырылып, анасының тәрбиесінде болған. Жас кезінен жұмысқа араласып, анасына қолғабыс жасап, тіршіліктің тауқыметін ерте татқан. Әйтсе де оқуға өте зерек талдырмаш қыз өз бетімен қалаға келіп оқуға түскен болатын. Сол жылы жаратылысынан аққұба өңді, әрі әдемі, әрі тәрбиелі қызға бір курста оқитын Талғат та бір көргеннен ғашық болып еді. Уақыт та зымырап өтуде. Талғатпен жүрген күндерін ой елегінен өткізіп, көңілі толқып, рахатқа бөленіп, балконда біраз тұрды. Олай дейтініміз, бұл күн Әсел үшін ерекше күн болатын, өйткені уәде бойынша Талғат оны бүгін ата-анасымен таныстырып, орайы келсе, үйленуді де жоспарлап қойған болатын. Сол себепті ме, әйтеуір, біресе қуанып, біресе аздап көңіліне қорқыныш ұялағандай ма, әлде бір нәрседен қорыққандай болып денесі тоңып, тітіркенгендей болды.

Талғаттың ата-анасы байырғы қаланың тұрғыны, бай, қуатты болса керек. Талғат көздерінің қарашығындай жалғыз бала болғандықтан, олар оның теңін тауып, бақытты болғанын қалайтындығы сөзсіз. Әне-міне дегенше кешкі сағат 7.00 де болып қалды. Әсел ең әдемі көк көйлегін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, шашын түзеп, айнаға сұқтана қарап тұрып, өз-өзіне сәл жымиып, «Жолың болсын, Әсел» деп іштей сыбырлағандай болды да, тез-тез басып бөлмеден шығып кетті. Далада құшағы гүл шоғына толы Талғат оны тағатсыздана күтіп тұрған еді. Талғаттың әкесі басқа жаққа іссапарға кеткендіктен, үйінде үстелді жайнатып әзірлеп анасы ғана күтіп отыр екен. Хор қызындай сұлу қызбен қол ұстасып баласы Талғат үйге кіріп келгенде, анасының қуанышында шек болмады, әттең, сол мезеттегі қуанышы ұзаққа созылмады. Үстелге жайғасқан соң, дастарқан басында танысу, сұрап білісу басталады. Әсел өздерінің отбасы туралы, өзі туралы жасырмай бәрін айтуы мұң екен, көз алдында отырған сұп-сұлу реңіне әлгінде ғана тамсанып қызыға қарап отырған Талғаттың анасы Сағираның мінезі тез арада өзгеріп сала берді. Оған ұнамағаны – кедейшілік өмір кешіп отырған Әсел­дің отбасы. «Масқара, сақтай гөр, тақыр кедейден шыққан қыз, Талғатымның байлығына қызыққансың ғой, шамасы. Жо-жоқ, ондайға жол берілмейді, есің барда еліңді, өз теңіңді таба ғой, шырағым, сен сияқты «жалаңаяқтар» Талғатымның тырнағына да татымайды, бар, бара ғой, уақытымды алып, босқа әуре болма, шырағым», – деп екі көзін ежірейте бір қарағанда, Әселдің ішкі дүниесі астан-кестен болып, екі көзі жасқа толып, далаға қарай жүгіріп шығып кетті. Анасының айтқан ызғарлы сөзі Талғаттың тас төбесінен мұздай су құйып жібергендей есеңгіреген күйге түсіп, есін жиған соң ол анасына қарап бір нәрсе айтқысы келіп сәл-пәл ернін жыбырлата түсті де, Әселдің артынан тұра жүгірді. «Әсел, Әсел, тоқташы жаным, кешірші мені, бәрібір екеумізді ешкім ажырата алмайды...» деп айғай салып Талғат Әселді өзінше жұбатпақ болды. «Айтылған сөз атылған оқпен тең» дегендей, Әселдің құлағынан Талғаттың анасының балағаттап сөйлеген сөзі кетер емес. Әсел аялдамаға бірінші келген автобусқа отырып кете берді... Кешкісін іссапардан оралған жұбайына Талғаттың анасы Сағира болған мән-жайды тәптіштеп айтып еді, оның да түсі бұзылып, ол да баласына ренжіген кейіппен Әселмен кездесуіне қарсылық білдірді. Әсел жатақхана жанындағы орындық­қа келіп отырды. Көзіне жасы еріксіз үйірі­ліп, көңілі жай табар емес. «Не үшін? Сонда қалай? Біз бір-бірімізді жақсы көре­міз ғой, маған Талғаттың байлығы емес, өзі қымбат емес пе, оны қалай түсінбейді ата-анасы?» деген сұрақтар мазалаумен болды. Бір кезде «Әсел, Әсел, жаным, мен сені сүйемін» деп өзіне қарай жүгіріп келе жатқан Талғатты байқап қалып, ұшып түрегеліп жатақханасына кетпек болды да, қайтадан орнына сылқ етіп отыра кетті. Екеуі ұзақ отырды. Әйтеуір, Талғаттың оған деген шынайы махаббаты оның сан-саққа жүгірген ойын сейілтті ме, әлде Талғатқа деген өзінің махаббатын жоғалтқысы келмеді ме, әйтеуір, екеуі бір-бірінен ешқашан ажыраспауға бел буды. Екеуінің бір-біріне құштарлығы күн сайын үдей түсіп, бақытты күндері өтіп жатты. Бір күні Әселдің қызуы көтеріліп, басы айналып, жүрегі айнып, науқастанып қалып, жүкті емес пе екенмін деген сезігін Талғатқа сездірген еді, Талғаттың да түсі бұзылып қоя берді, бірақ сыр бермегендей болып, «ештеңе етпейді, барлығы жақсы болады, қажет болса ақша берейін, түсік жасатарсың» деді. Әсел ертеңіне ерте тұрып ауруханаға барып анализін өткізіп, өзінің жүкті болып қалғанына көз жеткізді, бірақ Талғатқа да, басқаларға да тіс жарып, ештеңе айтпады, өйткені Талғаттың «ақша берейін, түсік жаса» деген сөзінен кейін оған деген сезіміне күмәндана бастады. Бір күндері «денсаулығым болмай тұр» деген сылтаумен кездесуден бас тартып, оны ұмытпақ та болады. Талғат Әселдің аяғы ауыр екенін іші біліне бастаған кезде байқады да, «енді созудың амалы жоқ шығар, маған бала болса, оларға немере емес пе, неге менің үйленуіме кедергі болады» деген ойын талай рет ата-анасына айтпақшы болып оқталғанымен, батылы бара қоймады. Сол күні Астана қаласынан әкесінің досы Марат қызы Жайнамен бұлардың үйіне қонаққа келді. Талғаттың әкесі өткенде іссапарға барғанда келісіп келген болуы керек, шамасы, әдейі шақырып келген сыңайлы, бұндағы ойлары Талғат пен Жайнаны жақынырақ таныстыру екен. Әрине, Жайна қыз өте әдемі, киімі өзіне жарасқан, бірақ мінезі өте жеңілтек тәрізді көрінді Талғатқа. «Үйге келген қонақ қызбен қыдырып кел, театрға апар» деген анасы кешкісін Талғатқа, сол үшін бе, әлде Әселді ұмытқысы келгендей болды ма, әйтеуір ертеңгісін Жайнамен тез тіл табысып, қыдыруға шығып кетті. Осыдан кейін екеуінің жұбы жазылмай, әйтеуір үйленетін болды. Талғаттың ата-анасының қуанышында шек жоқ. Талғат та ауыр жүкті арқалаудан құтылғандай жеңіл сезінді, әйтсе де, сөз арасында «Әсел екіқабат болып қалды, не істеймін?» деп анасына жеткізген. «Қапаланбай-ақ қой, өзі кінәлі, мен өзім барып түсіндіріп сөйлесемін онымен» деді анасы. Әсел бұл түні дөңбекшумен жатты, таңертең ерте тұрып аяғының ұшымен басып балконға шықты. Балконда ұзақ тұрды, «оқуды қалай бітіремін, үйдегілердің бетіне қалай қараймын, нәрестемнің жағдайы не болады, қалада кім маған қол ұшын береді» деп өзегі өртеніп, өмірге қапаланып, көз жасы еріксіз төгіліп, ой үстінде тұр еді, кенет бөлме есігін тарсылдатқан дыбысқа елең етті, «Әсел деген қыз осында ма, шақырып жіберіңдерші» деген әйелдің даусы естілді. Әселдің жүрегі аузына тығылып, қорқып кетті. «Ауыл жақтан келген таныс біреу емес пе екен, ойбай-ау, енді не істеймін, қалайша олардың көзіне көрінем, күйдірем ғой сорлы анамды» деп есінен танып қала жаздағаны сол еді, бөлмедегі құрбысы Айсұлу балконға жүгіріп шығып, Әселге бір әйелдің келгенін айтты. Далада күтіп тұрған Талғаттың анасы екенін бірден таныды да, қасына жақынырақ келіп сәлемдескені сол-ақ еді, Талғаттың анасы «Менің Талғат балам өз теңін тапты, осы жұманың аяғында тойы болады, ал сен ренжіме, екіқабат екеніңді баламнан естігем» деп қолына ақша ұстатты да, кетіп бара жатып: «Енді бізді де, Талғатты да мазаламай-ақ қой, өз жөніңе жүр» деп мәшинесіне отырып кетіп қалды. Әселдің екі аяғынан жан кетіп қалғандай орнында тұрып қалды, сәлден соң сүйретіле басып бөлмесіне зорға жетті. Іші білініп қалған Әсел сабаққа баруды мүлде қойды. Елдің бәрі оған «Әне, қараңдар, анау қызды жігіті тастап кеткен», – деп саусақтарын шошайтып, көр­се­тетін тәрізді. Енді Әсел не істесін? Бөлмелес қыздарының ақылымен түсік жасауға бекінді. Қасына пысықай құрбысы Гауһарды ертіп, емханаға келді. Дәрігер шаршаңқы жүзді, егде әйел екен: «Неге бұл қадамға бел будың, жап-жас әдемі қыз екенсің, болашағыңа балта шаппа», – деп оны шешімінен айнытуға тырысты. «Кезек күтіп отырыңдар», – деп екеуін кең дәлізге қалдырды да, зертханаға кіріп кетті. Ал Әселдің ойы сан-сақта. «Бейкүнә сәбидің қандай жазығы бар?!» – деп бір ойласа, екінші жағынан, «Елге қарабет болып қалай жүремін», – деген ой тағы мазалады. Бір кезде медбике қыз «Следующая», – деп айтып үлгерместен, Әсел ақырындап орнынан тұрып, сыртқа шығатын есікке беттеді. Арт жағынан Гауһар: «Әсел, қайда кетіп барасың, жындысың ба, сенің кезегің ғой», – деп жүгіріп кеп, иығынан жұлқылай бас­тады. Әсел оның бетіне тіктеп қарап: «Өзім білемін, қолыммен істегенді мойным­мен көтеремін», – деді. Әселге ашуланған құрбысы «Өзің біл» дегендей автобус аялдамасына қарай бет алды. Содан не керек, көп ұзамай Әсел сырттай оқу бөліміне ауысып, жатақханадан кетіп, қаланың шетінен бір орыс кемпірдің пәтерін жалдап тұрып, жұмыс іздеді. Үлкен қалада жұмыс табу оңайға түспеді. Әйтеуір әрең дегенде бір кәсіпорыннан жұмыс тапқан Әселдің қуанышында шек болмады. Іштегі титімдей тіршілік иесінің қозғалғанын сезе бастады. Әселдің аяғы ауыр екенін бай­қаған кәсіпорын басшысы оны жеңіл жұмысқа ауыстырды. Кешке жұмыстан келген соң, ойнақтап жүріп от басқан өкінішке толы өткен күндерді еске алып, жылаумен өткізді. Айы, күні жақындағанда үй иесі Тамара Федоровна оған ерекше жылы көзбен қарай бастады. Ол кісі сонау сұрапыл соғыс жылдарында Ленинград блокадасын көрген адам болатын. Әселдің босанатын уақыты жеткен кезде «Жедел жәрдемді» де өзі шақырып, перзентханаға бірге барып, босанғанын күтіп отырды. Әсел ұл босанды. Тамара Федоровна тап өзі немерелі болғандай мәз-мейрам болып қалды. Перзентханадан өзі шығарып алды. Әсел бір сәтке мұңайып қалды. Мүмкін Талғат келер деген үмітте еді. Бірақ ол қарасын да көрсетпеді. Ауылын, апасын, бауырларын, сүйген жігітін сағынған Әсел ұлының атын Сағы­ныш деп қойды. Талғат мүмкін іздеп келіп қалар деп бекер үміттенген екен. Ол іздеп келмеді. Аз-маз жиған-терген ақшасы да бітуге айналды. «Енді ақшаны кімнен алмақ? Пәтерге қалай төлейді? Баланың тамағын қайтеді, оны қалай асырайды?» Осындай ойлар оны күнде мазалап жүрген ол бір күні қызуы көтеріліп, төсектен тұра алмай қалды.Оттай лаулап жатқан Әселдің аянышты халін көрген пәтер иесі оның қарсылығына қарамай дәрігер шақыртты. Ауруханаға жатпаса болмайды екен. Өкпесі қабынып, қызуы түспей қойған жас қыздың бар уайымы – баласы. Бұл ауруханаға жатса, титімдей сәбиіне кім қарайды? Ауылдағы анасы бұның бұл халінен мүлде бейхабар. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» дегендей, не болса да анасының көзіне тірі күйік болмай, бар бақытсыздықты өзі көтеруге тырысқан, енді не болды?

Дәрігерлер қызуын қайтаруға тырысқанымен, жағдайы күн санап төмендей берді. Ақыры ол: «Мен дұрыстап емделмесем, туберкулез деген жұқпалы дерт нәрестеме жұғып жүрер. Мен өліп қалсам, бұл бейкүнә сәби мынау қатыгез өмірде жалғыз қалар. Сосын оның зар илеген үнін естіп, көрде де тыныш жата алмаспын. Ең болмаса, сол аман-сау жер басып жүру үшін мен емделуім керек. Енді тек бұл өмірде сол сәбиді бақытты қылудан өзге мен үшін мән де, мақсат та жоқ. Әкесіне де, ата-әжесіне де керегі болмаған сәби тек маған ғана керек қазір! Өйткені оған өмір сыйлаған, өзім!» Баланы сәбилер үйіне өткізсем, жағдайымды түзеп алған соң, кейін алып кетермін деп амалсыз бел буды. Сағыныштың жөргектерін, киімдерін алып, бір параққа аты-жөнін жазып, автобус аялдамасына келді. Әншейінде бір толас­тамайтын автобус та келіп болмады. Жүрегі қан жылап, баланы қимай, бауырына баса береді. Автобус та келіп жетті. Сәбилер үйінің алдына келіп, баланы табалдырықтың үстіне қойды да, біреу болмаса, біреу шығып қалар деп арырақта күтіп отыра берді. Сағыныштың қарны тоқ, ұйықтап жатыр. Бейкүнә сәби ешнәрсені сезбейді. Міне, есік ашылып, орта жастағы бір әйел баланы алып, ішке кіріп кетті. Әселдің денесі дірілдеп,аузы құрғап, әзер дегенде автобусқа отырып үйге жетті. Сол күні дәрігерлер берген жолдама қағаздың көмегімен ауруханаға орналасқан Әсел жарты жыл бойы емделді. Бастапқы күндері көз алдына Сағынышы елестегенде жанын қоярға жер таппай, аласұрған жас ана бірте-бірте өзін жұбатып: «Осыдан аман-сау жазылып шықсам, міндетті түрде іздеп барып, баламды қайтарып аламын. Ол жердегілер де жүрегі бар адамдар ғой, құжаттарды, дәрігерлік анықтама қағаздарымды көрсетсем, аяр, түсінер, баламды қайтып берер. Амалсыз осындай іске барғанымды кешірер», – деп ойлайтын. Алты ай алты жылдай созылып кеткен сияқты. Екі көзі төрт болып, терезеге телміреді... Түсіне де енетіні – тек сол нәрестесі ғана. Ауруханадан шыққан соң салып ұрып сәбилер үйіне жетіп барды. Барғаны не керек, бармағын тістеп қалды. Баласын басқа біреулер – баланың зарын шеккен, ерлі-зайыпты отбасы асырап алыпты. Олардың кім екенін де, аты-жөнін де біле алмады. Айтуға болмайды. Тәртіп солай. Амалсыз: «Құлыным-ай, барған жеріңде бағың ашылғай еді!» – деп еңіреп қоя берді. «Уақыт – емші» дейді ғой. Біртіндеп жұмысына кірісіп, университетті де сырттай бітіріп, қолына диплом алды. Енді Әсел алыстағы бір облыстың шалғай ауданына келіп жұмысқа орналасты. Ай сайын тапқан ақшасын ауылдағы шешесіне салып отырды, үйде іні-сіңлілері бар, соларды жеткізу керек. Уақыт жылжып өте берді. Талай жігіт сөз салды,бірақ Әселдің жүрегі ешкімді қаламады. Біраз уақыт өткен соң совхоздың бас есепшісіне тұрмысқа шықты. Ол Әселден он жеті жас үлкен. Әйелі қайтыс болған. Балалары ержетіп, өз алдына жанұя құрып кеткен. Әсел ол күйеуінен бір қыз сүйді. Бірақ жүрегінде тұла бойы тұңғышы Сағынышы тұрды. Күйеуінің мінезі қатал, көп сөйлемейді. Сағынышы туралы айтайын десе бата алмады. Талай рет Алматыға барып, ұлын іздегісі келгенімен, күйбең тіршіліктен шыға алмады. Күйеуінің де көңіліне қарады. Күйеуі Әселге бар жағдайды жасап, үлде мен бүлдеге орап қойды. «Бәрібір мен ол ұлды түбі тауып аламын, тек аман-есен болса екен», – деп тілегін тіледі. Шешесі қайтыс болып, іні-сіңлілеріне бас-көз болып қалды. Одан кейін ірілі-ұсақты оқиғалар бірінен соң бірі болып жатты. Ал Сағынышты асырап алған отбасы мүшелері көп ұзамай жол апатынан қайтыс болғасын, ол қайтадан балалар үйіне түседі.Мектепте оқып жүргеннің өзінде-ақ Сағыныш өте зерек, ақылды болып өсті. Басқа балалардан өзінің сүйкімділігімен, оқуға деген ынтасымен ерекшеленіп тұратын. Сурет салғанды жақсы көреді. Басқа балалар бір-бірімен алысып ойнап жүргенде, ол терезенің алдындағы орындыққа жайғасып, далаға ұзақ қарап отыратын. Мүмкін қазір мамам келіп алып кететін шығар деп ойлап, тіпті азын-аулақ киімдерін де жинастырып қоятын. Тәрбиешілер де Сағынышты өз баласындай жақсы көрді. Кейінірек жоғары сыныпта оқығанда, «Кім болғың келеді?» деген сұраққа дәрігер боламын дейтін. Мектепті үздік бітірді. Балалар үйінің директоры Жәмила апайдың қолдауымен медициналық институтқа түсіп, оны да үздік аяқтады. Жолы болып, аспирантураны да тәмамдап, ғылым жолына түсті. Медицина ғылымдарының докторы, белгілі профессордың ассистенті болды. Сол кісінің жетекшілігімен медицина ғылымдарынан кандидаттық диссертация қорғады. Сағынышқа студент кездегі профессорлардың «Талантты, болашағы мол бала» деген қолпаштау сөздері де жақсы әсерін тигізді. Отбасын құрып, ұлды болды. Жұбайы Әйгерім – мінезі ақжарқын, көрікті, адамның жан дүниесін түсінетін абзал жан. Әйгерім қарапайым отбасынан шыққан, әкесі ертеректе қайтыс болған, анасы тігін фабрикасында жұмыс істеген, қазір зейнеткер. Осы екеуінің тілегін тілеп отырады. Әселдің өміріне келер болсақ, күйеуі қайтыс болған, қызы тұрмыста. Соңғы кезде денсаулығы сыр бере бастады. Асқазанында жара бар екені анықталды. «Асқынбай тұрғанда шұғыл операция қажет, бірақ ол операцияны біз жасамаймыз», – деп облыс дәрігерлері Алматыға жолдама берді. Әсел қызын ертіп, Алматыға келіп, анализдерді қайта тапсырды. Облыс дәрігерлері қойған диагноз анықталып, операция жасалатын күн белгіленді. Егде тартқан профессор қарап, «қобалжымаңыз, бәрі жақсы болады» деп жұбатты. Әлгі профессордың қасында келбетті келген, жылы жүзді жігітті көрген бетте: «Апырым-ай, жүзі таныс, бір жерден көрген адамым сияқты», – деп Әсел қайдан, қашан көргенін есіне түсіре алмады. Операция сәтті аяқталды. Біраз күннен соң палатаға ауыстырды. Бір күні түнгі кезекте әлгі сұңғақ бойлы дәрігер жігіт кезекші екен. Әселдің палатасына келіп, «Апай, халыңыз қалай» деді. Әсел оның жылы жүзі мен мейірімді сөзіне риза болды. «Айналайын, рахмет, денсаулы­ғым ақырындап түзеліп келе жатыр, енді төрт-бес күнде шауып кетемін», – деп әзілдеп қойды. Содан соң: «Шырағым, сенің анаң қандай бақытты, осындай бала тәрбиелеген, өзің қай жақтансың?» – деді. Сағыныш көзі мұңайып, сәл ғана жымиып: «Апай, тезірек жазылыңыз», – деп, палатадан шығып кетті. Әселдің көңілі алабұртып, дәрігердің жүзін кімге ұқсайтынын есіне түсіре алмады. Сол көзінің астындағы меңін, оның жымиып күлгенін, жүріс-тұрысын таныс бір адамға ұқсатты. Бірақ ол танысы кім? Ойына түссейші... Көзден кеткен көңілден де кететіні рас-ау, сірә... Ауруханадан шығатын күн де келіп жетті. Әсел ризашылығын білдіріп, рахметін айту үшін дәрігер жігіттің аты-жөнін дұрыстап медбикеден сұрастырды.Сағындық Омарұлы екен. Ақырындап сөз тартып медбикеден қай жақтың баласы, әке-шешесі кім екенін сұрағыштап еді, медбике: «Ол кісінің ата-анасы жоқ, балалар үйінде тәр­бие­ленген», – деп сыбырлап қана айтты.Бәлкім, соны естіген соң ба, неге екені, Әселді түрлі ойлар мазалап, сонау жастық шағы жиі-жиі есіне түсе берді. Әсел ауруханадан шыға салысымен, қаладағы жетім балалар үйін аралап, әзер дегенде бұдан қаншама жыл бұрын Сағындық Омаров деген бала тәрбиеленген үйді табады. Тәрбиешілер бірден: «Иә, әрине, ол біздің балалар үйінің мақтанышы, белгілі дәрігер», – десті бірауыздан. Әсел сол жылдары жұмыс істеген тәрбиешілер туралы сұрастырып еді, ешкім жөндеп айта алмады. Тек егде тартқан бір тәрбиеші еңбек ардагері Вера Михайловнаның мекен жайын беріп: «Бір білсе, сол кісі біледі», – деді. Алып-ұшып қызы екеуі жүректері дүрсілдеп, есіктің қоңырауын басты. Есікті сексендер шамасындағы кәрі әйел ашты. Ол аң-таң болып: «Сіздерге кім керек еді?» – деді. Әселдің қызы Жадыра: «Кешіріңіз, сіз Вера Михайловнасыз ба?» – деп сұрады. «Иә, менмін», – деп жауап берді үй иесі. Әсел ішкі тебіренісін басып: «Сағындық Омаров туралы не білесіз? Ұзақ жылдар бойы көз жазып қалған жақын туыс­тары едік. Сіз сол кісінің бала кезі жайлы айтып берсеңіз», – деп өтінді. Вера Михайловна біраз үнсіз отырды да: «Сендер ол баланы неге ертерек іздеп келмедіңдер. Ол өзі сондай ерекше бала болып өсті. Анасын күтетін, мектеп бітіргенше үмітін үзбей күтті. Суретті жақсы салатын, міне, мынау анасын аңсап отырып салған суреттері, жазған хаттары», – деп үстелдің суырмасынан сарғайып, тозығы жеткен бір бума қағаздарды алып, Әселге ұсынды. «Оның шын аты Сағыныш болатын. Жетімдер үйінде біз оны Саня дейтінбіз. Алғаш асырап алған ата-анасы атын сәл өзгертіпті. Кейін паспорт алғанда солай Сағындық болып жазылып кетті. Ал фамилиясы Омаров», – деп сөзін аяқтады. «Ал сіздер оған қалай туыс болып келесіздер?» – деп Әселге қарады. «Мен оның тәтесімін» деген сөзді Әсел зорға айтты. Вера Михайловна: «Саня үлкен бастық болса да әлі күнге дейін келіп, кейде телефон шалып халімді біліп, көмектесіп тұрады, өте мейірімді», – деді жымиып. «Иә, айтпақшы, – деді Вера Михайловна есіне бірнәрсе түскендей, – осыдан отыз жыл бұрын оны сәбилер үйінің табалдырығына қатыгез анасы тастап кеткенде алғаш рет қолға алып, бауырыма басқан мен едім». Сол сәтте дүние төңкеріліп бара жатқандай Әсел талықсып отыра кетті. Қызы: «Мама, не болды?» – деп шыр-шыр етеді. Үй иесі ас үйден бір стакан су әкеліп, бетіне бүркіді. Әсел есін жиды. Сәл отырған соң кетуге ыңғайланды. Қош айтысып, далаға шықты. Екеуі де үнсіз. «Мама, сіз маған неге айтпадыңыз? Ол сонда менің ағам екен ғой», – деді біраз үнсіздіктен соң қызы Жадыра. Қонақ үйге келген соң, Вера Михайловна берген суреттерді, хаттарды мұқият қарай бастады. Суреттерде бала жетектеген әйелдің суретінің тұсына «мама» деп жазып қойыпты. Ертесіне қызы екеуі сол өзі жатқан ғылы­ми институтқа келді. Арманы – Сағынышын бір көру. Медбикеден сұрастырып еді, ол: «Сағындық Омарұлы бүгін шетелге үш жылға оқуға кетеді, сағат 13.00-де рейсі», – деді. Қызы екеуі таксиге отыра салып әуежайға жөнелді. Тек тезірек үлгеру керек. Әуежайға алып-ұшып, жолаушыларды тіркейтін жерден Сағынышын бірден тауып алды. Қасында үріп ауызға салардай бір келіншек, өзінен аумайтын сүп-сүйкімді кішкентай ұлы бар екен. Сол мезетте Әсел: «Сағыныш! Сағынышым, құлыным», – деп өкси шыққан дауысқа Сағындық жалт бұрылып, Әселге қарады. Бірақ ұшаққа отырғызу басталып кеткен. Екеуі де енді не істерін білмей мелшиіп тұрып қалды. Жанары жасқа толған Сағыныш өте алмады. Сағыныштың қасындағы келіншек те, бала да Әселге таңырқай қарап қалды. Жерден көтеріліп, ақ бұлттар арасынан көрінбей кеткен ұшақ соңынан Әсел ұзақ уақыт телміре қарап тұрды. «Кешір, балам, кешір», – деді сыбырлап. Ұлының «Мама, маматай» деген сөзі бұлтты аспаннан талып естілгендей болды... Мақсат РСАЛИН

7561 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6511

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5868

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3609

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2995

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2955

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2931

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2661

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2646

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы