• Әдебиет
  • 17 Қараша, 2010

Сахнаның Спандияры

d181d0bfd0b0d0bdd0b4d0b8d18fd180Спандиярдың әкесі Мұқыш ағам тарих пәнінің мұғалімі болатын. Алдында отырып, сабақ алдық. Көкпаршы. Дүниеден ерте өтті. Балалары жас қалды. Жеңешем жақсы кісі еді. Балаларын өзі тәрбиелеп, өсірді. 1968-1969, 1969-1970 оқу жылдарында ауылда бастауыш кластардың мұғалімі болдым. Спандияр алтыншы-жетінші кластарда болу керек. Сәуле мен Зәуре бастауыш кластарда. Зерек болды. Айналасына сабырмен, байыппен қарайтын. Қабақтарына көзім түскенде, үн-түнсіз ойланып қалушы едім. Көз алдыма марқұм Мұқыш ағам келетін. Балаларының өсіп, мұраттарына жетулеріне тілектес болдым. Кейін Қазақ ұлттық университетінде оқыдым. Университетті бітірген соң, Алматыда қалдым. Анам мен інім менің қасыма келді. Кейінгі жастардың, өзім оқытқан балаларымның көпшілігінің қайда жүргенінен хабар ала алмадым. Уақыт шіркін ағып өте беріпті.

Университетте оқытушы болып жүр­ген кезім. Бір күні кафедраға Спан­дияр келді. Інімді көріп, қуанып қалдым. Оқу­ға келіпті. Журналистика факультетіне. Інімнің талабын мақұлдап, тағы сүйіндім. Облыс орталығындағы мәдени-ағарту училищесінің театр бөлі­мін бітірген. Өлең, әңгіме, очерк жазады. Жарық көрген шығармалары толып жатыр. Облыстық драма театрында білдей актер. Университетте оқуға лайықты деп тануға негіз болатын жетістіктері толып жатыр. Спандияр құжаттарын қабылдау комиссиясына тапсырды. Екі емтиханды біздің оқытушылар, бір пәнді тарихшылар қабылдайды. Спандияр үш емтиханнан да сүрінбей өтті. Күзде сабақ басталды. Кафедрада профессор-оқытушылар сабақ кестелерін нақтылап, оқу жоспарларын толықтырып, қайта бекітуге дайындап жатқан. Бәріміз абыр-сабырмыз. Спандияр інім бас көрсетті. Шықтым. Оқуға түсіпті. Сабақтары басталыпты. Жүзі жарқын. Інімнің жүзіндегі қуанышты көріп, мейірім қанды. Спандиярдың кластастарының, қа­тарларының көбі әдебиетке, өлеңге құштар еді. Олардың ортасынан кейін Шорабек, Серік секілді ақындар, Әбділда, Болат, Көсемәлі, Телғара сияқты журналистер мен жазушылар шықты. Бәрі де журналистика мамандығы бойынша оқығанды дұрыс көрді. Жарамды маман, жақсы адам болып қалыптасты. Шорабек ақындық айтыста өнер көрсетті. Серік сыршылдығымен, ойшылдығымен ерекшеленді. Спандияр өлеңмен қатар проза, драма саласында да қалам тербеді. Прозасы мен драмасының өзегінде әрі трагедиялық, әрі комедиялық уыт жатты. Өлеңдерін сырға бөлеп жазды. Солардың ішінде маған кезінде «Алыстап кеткен арманым» деп аталатын өлеңіндегі шындық сыр қатты әсер еткен болатын. Көңілдің мұндай күйі қандай өмірлік ахуал негізінде пайда болатыны жайында ойланып қалғанмын. «Жаным қырау, бүгін маған күз келді», – деу ақындық өнерде жас айтса да, қарт айтса да көңілге қона беретін сөздердің қатарына жатады. Ал енді осыны: «Кеше ғана қолтықтасып бір жүрген, құм жабады-ау, құм жабады-ау іздерді», – деп жалғастыру сырын білу үшін автордың өмір туралы ойының, көзқарасының тереңіне бойлау керек. Мен сол тереңге бойлай алмадым. Бойлау­дан тартындым. Ақынның бір сәт жылт еткен сырлы сезімінің сәулесі болар деп жұбанғам. Сөйтсем де, інімнің сезім сарынына үңіліп отырып, өзімнің ойым да қозғалып кеткен-ді. Көңілімде: «Баланың мұнысы қалай болды екен?» – деген сұрақ жауапсыз қалды. Спандияр менің көзіме ыстыққа да, суыққа да төзімді, ойы да, сезімі де анық, айқын, ерік-жігері, рухы күшті, қайратты жас болып көрінетін. Мен інімнің осы қасиеттеріне сендім. Одан бері де талай жылдар өтті. Бүгінде де сол сенімімді өзгерткенім жоқ. Журналистика факультетінде сырттай оқитын студенттердің ішінде мерзімді бас­пасөз беттерінде жазғандары бұрқы­рап шығып жататын жастар жүрді. Олар оқудан гөрі жазғанды жақсы көретін. Университетті бітіруге асықпайтындар да осындай талантты жастардың арасынан шығатын. Жастың бойындағы талант қынсыз қылыш сияқты ғой: жү­зінен жарқ-жұрқ сәуле шашырайды. Спандиярдың таланты өзгеше қырынан көрінді: білім іздеді. Білім бейне бір күн іспетті. Оның жарығы баршаға ортақ. Ал көңілі қараңғы адамға білімнің жарығы түспейді. Ол қанша оқығанмен, қанша оқытқанмен, баз қалпынан өзгермейді. Соған орай білімді шартты түрде екіге бөлуге болады. Біріншісі – кісінің бо­йында табиғатынан бар білім. Екіншісі – оқумен, іздеумен, ізденумен табылатын білім. Бірінші білім кейінгі білімнің негізі болады. Сондықтан бірінші білім қонбаған жерге, яғни негіз жоқ жерге, екіншісі қонбайды. Спандиярдың бо­йында табиғаттан дарыған білім болды. Бір пәнді менен оқыды. Көркем әдебиетті, әсіресе, драмалық шығар­ма­ларды жақсы білді. Емтихан үстінде драма туралы қосымша сұрақ қойғаным есімде. Арнайы мақсатпен. Студентім жауабын әдебиеттің үш тегі туралы сөзден бастады, ойларын Аристотельдің «Поэтика» атты еңбегіндегі қағидалармен бекітіп, драма­ға көшті. Тілі жатық, ойы анық, жүйелі. Талдауға да, бағалауға да, дәлелдеуге де төселіп қалған. Әдетте, Аристотельді оқу­ды, Аристотель еңбектерінен конспект жасауды күндізгі бөлімнің студенттерінен талап ететінмін. Сырттай оқитын студенттер теориялық қағидалар жүйесіне терең бойламай-ақ, бағдарламаның жалпы мазмұны деңгейінде білім көрсетсе, соған қанағаттанамын. Спандиярым өзімен бірге оқитын студенттерден асып түсті. Көңілім марқайды. Театр қыз­меткері болған соң, драманың теориясын терең білгенге не жетсін. Сол кездерде Аристотельдің «Поэтикасын» оқып білмек түгіл, оның атын естімеген драмашылар, театр қызметкерлері бар еді десем, артық айтқандай болмайтын шығармын. Менің Спандиярым олардай емес екен. Биіктігін көрсетті. Негізі, тіл өнері саласында маманданушы студент үшін әдебиеттің тегі туралы біздің заманымыздың ойларымен қатар Аристотельдің қағидаларын білу жай білім емес, терең білім деуге лайықты. Спандияр әдебиеттегі тек пен түр, драма теориясы туралы білімінің тереңдігін көрсетті. Оқытушы алдында емтихан тапсырып отырған шәкірт білімінің осындай тереңдігіне көз жеткізгенде, сүйсінбей тұра алмайды, риза болады. Өйткені мұндай негізі терең білім үзілмейді. Мұндай білімнің өзі білім іздейді. Спандиярдың біліміне лайықты бағасын қойып жатқанымда, осындай оймен көңілімнің көтерілгені есімде. Сырттай оқудың сессиялары Алма­тыға алыс ауылдан келген студенттер­дің қайсыбіреулері үшін демалыс, мейрам сияқты өтетін. Олардың ішінде сы­раханаға жақындары да болатын. Енді біреулер ақынның арыстанындай жалы күдірейіп, күркіреп жүретін. Алтыннан ардақты уақыт ә дегенше осылай өте шығатын. Спандияр солардың бәрінен де аулақ болды. Сыра ішкенін де, темекі шеккенін де көрмедім. Қатты сөйлегенін де, қарқылдап күлгенін де, біреумен сөз таластырып, дауласқанын да естімедім. Мінезі көркем, сөзі мен ісі орнықты болды. Зейнолла Қабдолов, Ханғали Сүйіншәлиев, Тұрсынбек Кәкішев, Темірбек Қожакеев секілді әдебиеттану мен журналистиканың көшін бастаған, әрқайсысы бір университет секілді ғұлама ұстаздардан дәріс тыңдады, тәлім алды. Сессияға келгенде, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында жүріп жатқан спектакльдерді көретін. Сонда інімнің театрға қатардағы көрермен болып емес, білім іздеп, тәжірибе іздеп баратынын байқаушы едім. Кейде қолынан актердің шеберлігі, режиссер еңбегі туралы зерттеулерді көретінмін. Ізденісінің бағытын содан аңғаратынмын. Ол тұстарда ақылы оқу деген жоқ. Жоғары білім беру ісі мемлекеттік қаржыландыру негізінде жүргізілетін. Содан ба, сырттай оқитын студенттердің ішінде алты жылдың орнына он алты жыл оқитындар да кездесетін. Спандияр жақсы оқыды. Оқуын созбай, уақытында бітірді. Ертеде өткен ақсақалдар игіліктің басы білім деп есептейді екен. Кейінгі жастардан мал табуды емес, білім табуды талап еткенге ұқсайды. Спандияр білімді өзі іздеді, өзі тапты. Университеттің аудиториясы мен кітапханасынан алған білім Спандияр үшін игілікті болды. Таланты ашылды, кәсіби кемел деңгейге көтерілді. Театр өнерінде, кино өнерінде, тіл өнерінде бірдей үлкен жетістіктерге жетті. Ол жетістіктердің жарығы өнер сүйген қалың елдің қабағын ашты, көңілін тасытты, ойын байытты. «Жамбылдың жастық шағы» көркем фильмінің тұсаукесері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті. Фильмнің сценарийін жазған автор, Жамбылдың, Жамбылдың әкесі Жапаның, Жамбылдың ғашық қызы Бұрымның бейнелерін киноэкранға шығарған әртістер – бәрі де біздің университеттің түлектері. Бұрымның бейнесі де, әкелі-балалы Жапа мен Жамбылдың бейнелері де келісті болып шығыпты. Жамбылдың әкесі Жапа фильмдегі ең бір мазмұнды, мағыналы, ғибратты тұлға болып көрінді. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде ота­ғасының жанұядағы, ауыл айнала­сын­дағы, қоғамдағы орнының қанша­лықты салмақты, салиқалы, тағылымды екенін Спандияр тамаша танытты. Спандиярдың өнері театр сахнасында ашылды, таланты сонда кемел тартты. Әдеби шығарманы сахналау, сахнаға шығару өте күрделі, қиыны да, қызығы да мол шығармашылық еңбектердің қатарына жатады. Өйткені әдеби шығарма тіл өнерінің үлгісі болғанда, оны сол қалпында театр сахнасына алып шығу мүмкін емес. Әдеби шығарманы театр сахнасына лайықтау, театр сахнасына алып шығу бір адамның емес, тұтас бір өнерпаз ұжымның бірлесе атқарған, жарасып жасаған шығармашылық еңбегінің нәтижесі болып табылады. Спандияр осы өнерпаз ұжымның жас маманынан бас маманына дейінгі жолдан өтті. Оңай болған жоқ. Адамның жолы өмірдің қай саласында да қиын екені рас. Талантты тани білетін, таланттың қадіріне жете алатын ұлағатты ортада талантты жанның нұры шалқиды, мәртебесі өседі. Бірақ ондай орта ақыл мен ойдың, ар мен ұяттың ұлы тұлғалары тұрақтаған жерде ғана қалыптасады. Спандиярдың театрының әкімшілігі жайында ұлы тұлғалар тұрақтаған орта болды деп айтуға батылым бармайды. Бірақ театрдың өз жарығы, өз нұры болғаны анық. Сол жарық пен сол нұрдан жақсылық тапқан, игілік көргендердің санында есеп жоқ болуы мүмкін. Спандияр да сол жарыққа ұмтылды, сол нұрға құштар болды, сонымен ағарды, сонымен нұрланды, содан тоят тапты. Алайда театр өнерінің облыстық ауқымында таланттың жолы жіңішке екені ешкімге жасырын емес. Мұндай жағдайда талант неғұрлым жарқын болған са­йын оның жолы да соғұрлым тар, тіпті тайғақ болып келеді. Білетін кісілер оны таланттың даралығымен, жалғыздығымен түсіндіреді. Спандиярдың театрдың жас маманынан бас маманына дейінгі жо­лын­дағы қилы кезеңдер сырын осындай жағдайдың аясында ғана ұғуға болады. Талант тар жолда да, тайғақ кешуде де, қандай қилы кезеңде де талант болып қала береді. Оны тарға, тайғаққа салуға болғанмен, жоюға, өзгертуге, өңдеуге жол жоқ. Өйткені талант – Жаратушыдан. Оған Жаратушыдан басқаның билігі жүрмейді. Спандиярдың өзіне билік жүргізгендер болғанмен, оның білімін, талантын ешкім билеп-төстей алмады: сахна төріне шықса болды, телегей-теңіз төріндегі алып ақ кемедей өрлеп жүре берді. Дұшпаны күйінді. Досы сүйінді. Өнер сүйген көпшіліктің көңілі еріді, жаны тебіренді. Театрының мерейін өсірді, жарығына жарық қосты, нұрына нұр қосты. Халықтың құрметіне бөлен­ді. Елбасының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Спандияр сахнаға шығарған об­раз­дардың қатарының өзінен көз қарыққандай болады. Олардың тобында Еуропа халықтарының мемлекеттік тарихында билік жүргізген корольдер де бар, дүниежүзін бетіне қаратқан Шыңғыс хан мен Сталин де бар, батырлар мен билер де, ақындар мен ғашықтар да жеткілікті. Бұлардың әрқайсысының болмысы, табиғаты, ісі әр бөлек, бірі екіншісіне қайшы келіп те жатады. Соған қарамастан, Спандияр солардың бәрін сахнада жанды бейнеге айналдырып, тарихи тұлғаның да, көркем бейненің де шындығын аршып, шырайын ашып көрсетті. Әртістердің көпшілігі сахнаға өзінің танымына, ойлау, сезіну табиғатына жақын кейіпкерлердің бейнесін шығаруға күш салады, соған талпынады. Ал Спандияр секілді театр сахнасында ғашықтар мен батырлардың, ақындар мен даналардың, хандар мен патшалардың бейнелерінің әрқайсысын сара шығармашылық шабытпен, шын шеберлікпен сомдау, сөйтіп, көрермен жұрттың ойын балқыту, сезімін шалқыту, ақырында мейірін қандыру екінің бірінің қолынан келмейді. Мұндай жетістікке таланты ашылған, қайраты тасыған, білімі шалқыған, театр өнеріне бойындағы бары мен жанындағы нәрін түгел арнаған кемел дарын ғана жете алмақ. Менің Спандияр інім осындай жетістіктерге жетті, таланты ашылған, қайраты тасыған, білімі шалқыған өнер қайраткері ретінде, өзі шексіз сүйген театрына бойындағы бары мен жанындағы нәрін түгел арнаған кемел дарын ретінде дараланды. Алла рақым етсін Спандияр інімнің рухына. Жанғара ДӘДЕБАЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, Абай институтының директоры

2917 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6519

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5872

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3613

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2999

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2959

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2935

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2665

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2650

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы