• Әдебиет
  • 17 Қараша, 2010

Пір Мүсірәлі ұмыт қалмасын

Қазақ хандығын тұғырландыру кезінде аса маңызды діни ағартушылық және қоғамдық-қайраткерлік қызмет атқарған, ел ертеңін елден бұрын көре білген көріпкел-пірадар, тарихта Тәуке ханның «Жеті жарғысы» атанған алғашқы Ата Заңға мұсылманшылық қағидаларын дала дәстүріне бейімдеп ендірген хазіретіміз, ел тарихындағы алғашқы дінбасымыз Жәдікұлы Мүсірәлі сопы әзіз, есептеп отырсақ, биыл тұп-тура 370 жасқа келеді екен. Солай бола тұра, не діни орындар, не республикалық заң орындары жұмған ауыздарын ашар түрі жоқ.

Жалпы, 1680 жылы Күлтөбедегі үлкен жиында Тәуке хан болып сайланған соң, үш жүздің бас билері сынақтан өткізгенде, ел аузында «жеті адамға жан берген Мүсірәлі» атағымен аты қалған, осындай ерекше ұлық қасиетімен бүкіл қазақтың тұңғыш пірі болып ақ киізге отырғызылған, қазақ елі тарихындағы бірегей дінбасы – Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі сопы әзіз туралы жазып отырған бұл – менің екінші мақалам. Алғашқы мақалам «Қазақ елі» газеті бетінде 2000 жылы «Бас мешітке Мүсірәлінің, Астанадағы мешітке Ғылманидың есімдері берілсе...» деген тақырыппен жарияланып, сол жылы осы мақалаға орай «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» және «Егемен Қазақстан» газеттері беттерінде – «Жақсы­ның өзі өлсе де, аты өлмейді», «Алғашқы дінбасы», «Пір тұтып, қол тапсырған талай адам...», «Сыннан сүрінбей өткен шәкірт», «Киелі пір иесі», «Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі», «Пір болғанды қор қылмайық», «Жеті өлікке жан бітірген», «Мүсірәлі Қосым сыры», «Бас мешітке Мүсірәлінің есімі берілсе...», «Орынды ұсыныс орындалса...» атты қызылордалық ел ағаларының бірі С.Далдабаев бастаған бірсыпыра қарттардың қуаттау мақалалары бірінен соң бірі жарық көрген болатын. Тіпті осы мақалалардың басын біріктіріп Құрманғали Ашанов деген кәсіпкер азамат бүгінде марқұм болған, Республика Ғылым академиясы жанында­ғы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Манаш Қозыбаевтың «Пірге құрмет – елге құрмет» деген тақырыптағы алғы сөзімен «Мүсірәлі абыз» деген атпен жеке кітапша да шығарды. Қазақ хандығы алғаш қалыптасқанда, әсіресе, әз Тәуке ханның тұсында халқымыз бірінші кезекте сайланған ханның жанына, ең алдымен, елдің діни сенімін нығайтуда дін қайраткерін, ел танып мойынсынған пір ұстау мәселесін шешкен болатын. Өйткені пір мәселесін шешу Құран Кәрімде жазылған тәртіп негізінде ел басқару Жарғысын да­йындау үшін өте қажет еді. Далалық заң «Жеті жарғының» бірінші жарғысы «Халықтың ханы, сұлтаны, Пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін» деп жазылуының өзі Пір-әзіреттің кім екенін ұғындырса керек. Сол кезде Әйтеке би ұсынған, жеті өлікке жан берген, әулиелігі, тақуалығы және көріпкел-пірадарлығымен Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі абыз өзінің 40 жасында қазақтың тұңғыш пірі болып тағайындалды және Тәуке ханның «Жеті жарғысының» негізгі авторы болды. Бұл кісі туралы бүкіл идеологиясы атеистік тәрбиеге негізделген Кеңес үкіметі кезінде шықса да, «Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы» 1-томының 644-бетінде Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі сопы әзіз туралы «Пір, діндар, азан шақырып қойған аты – Мүсірәлі. Руы Керейт болғанымен, дінге шын берілген сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары Керейтқо­жа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбе­де Тәуке ханды сайлағаннан кейін артынша пір таңдалды. Бүкіл қазаққа пір болу үшін үш арыстың пірлеріне жеті сұрақ беріліп, үш шарт қойылады. Осыдан сүрінбей өткен Әжіқожаны (Мүсірәліні) билер бүкіл қазақтың пірі деп жариялайды да, оны ақ кигізге отырғызып, хан сарайына көтеріп апарады», – деп жазған. Энциклопедиядағы бұл дерек өткен ғасырдың отызыншы жылдары жариялан­ған «Әдебиет майданы» журналынан алынса, абыз қарттың пір болып сайланғандығы туралы деректер ХІХ ғасырдағы көрнекті түркітанушы ғалымдар – Ә.Диваев пен В.В.Радлов еңбектерінде де молынан кездеседі. Осы құжатты толықтырар тағы бір дерек – 1752 жылы өмірден өткен Мүсірәлі сопы әзіздің ұлы Сауранбайдың Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленуі. 2006 жылы «Алаш» тарихи зерттеу орталығынан жарық көрген «Керейт» жинағындағы «Мүсірәлі пір туралы» (304-бет) мақаласында ол кісінің тікелей ұрпағы Дәуітқожа айтты деген ауызекі деректерге сүйеніп, Мүсірәліден Сүгірәлі, одан Ер Уәлі, одан Ұлан, одан Жолан, одан Бердісү­гір, одан Дәуітті таратыпты. Бұл Мүсірәлі бабамыздың қалмақ тоқалынан туған Қосым баласынан тараған Дәуітқожаға дейінгі ұрпақ шежіресі болуы мүмкін. Мүсірәлінің өзі кезінде екі-үш әйел алғандығы туралы дерек бар. Кітапта бәйбішесінен туылған төрт баласынан тараған ұрпақтарының шежіресі, өкінішке орай, көрсетілмеген. Міне, мен мәселе етіп көтерген осы деректер Алматыдағы Бас мешітке немесе қазақ өз алдына ел болғалы астана болған үш қаланың бірінде орналасқан ең үлкен мешіттердің біріне алғашқы піріміз Мүсірәлінің атын беруге сұранып тұр емес пе? Әлде осы жұрт шынымен-ақ әлі күнге Мүсірәліні толық білмей келе ме? Ендеше, қабырғалы қалың жұртымыз терең тани түссін, тағы да деректер қосалық: «...Керейттен қожа шықты Қосым атты, Кісі екен аруағы мол, кәрі қатты. Қарадан қалай қожа шығады деп, Есіткен елдің бәрі таңырқапты. Жан берген жеті өлікке Мүсірәлі, Көрсеткен көп ішінде кәраматты. Үш жүздің кеңесінде Күлтөбеде, Шешімін Тәуке ханның ел ұнатты. Кіші жүз Әйтеке би қасына алып, Пір болып Қаракесектен дәмін татты. Керейттен шыққан пірдің күмәні жоқ, Нандырған нәмі қазақ уалиятты». Бұл – Сыр ақыны Шоңбайдың «Шежі­ресінен» үзінді. «...Бұл кез келгеннің емес, айрықша қа­сиет­ке ие болып жаралған аруақты адамдардың – абыздардың ғана қолынан ке­леді деп есептелді. Ондай қасиеттерімен көзге түскен адамдардан халық билік иелерінен бетер айбынып, аса зор құрмет тұтты. Биге құлақ асса, сардарға бағынса, Пірге табынды... Хан ауысса да Пір ауыспады. Сондықтан кейде билікті әулет саяси үстемдікпен қоса рухани үстемдікті де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл, әсіресе, Шығысқа тән еді. Мәселен, Тәуке, оның балалары Жәңгір, Болаттардың Лхастағы “киелі үйге” жіберіліп, бірнеше жыл тәрбиеленуі тек көрші елдердің геосаяси ықпалынан ғана емес, тақ маңындағылардың әлгіндей іш есебінен де өрбіп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда Пір де сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында аруақ салыс­тырысып, Керейт Сұпы Әжінің (Мүсірәлі) жеңіп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейінгі барлық ханға Пір болған Сұпы Әжі (Мүсірәлі) дүние салғаннан кейін жалпықазақтық Пір сайланған емес», – дей келіп: «Ескі дала үрдісінде қауымға билік жүргізетін хандар мен әскерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып қойылған, ал батырлар мен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып, жұртты тегіс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманында үш ұлыстың үш пірінің жұрт алдында аруақ салыстыруына келсек, ол да, түптеп келгенде, сайлау емес, өз қасиетінің басымдығын жария мойындатудың жолы болып табылды. Мұны кие, аруақ туралы ғылым – агиалогия “таңғажайып сайыс” деп атайды. Бұл тек дінге дейінгі нанымдар заманында ғана емес, әлемдік діндер үстемдік құрған тұстарда да орын алған үрдіс». Бұл – жазушы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың пікірі («Үш пайғамбар», Ә.Кекілбаев, 1992 жыл). «...Тәукенің иманын үйіріп, оң жаққа жатқызған, жаназа намазын оқып, өз қолымен Қожа Ахмет әулиенің кесенесіне жерлеген Мүсірәлі қожа да 79 жаста еді. Тәукенің жетісін берген күннен бастап үлкен ханның тағына таласқан төре сұлтандар Хан кеңесін, Дін әзіретін таратып, жеке билік орнатуға кіріседі. Текетіреске түскен төрелердің енді ешкімнің кеңесін тыңдамайтынын сезген жасы егде Мүсірәлі қожа бір күн өмірім болса да Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің басына барып, шырақшы болып, Алладан халқымды қанды аласапыранның қырғынынан құтқаруын тілеп, дұға оқиын, таңда машқар күні күнәмді жеңілдетуін сұрайын деген ойдың жетегінде Созақ жеріндегі Жылы бұлақтың басында Баба Түкті Шашты Әзиз зиратына 1719 жылы біржола көшіп барады. Қожа Ахмет әулиенің жолымен тәулігіне бір жұтым су мен бір тістем нан жеп, Алладан халықтың амандығын, босағасының бүтіндігін тілеп, дұға оқып, әулиеге шырақшы болған Мүсірәлі қожа 1721 жылы күзде 82 жасында Алланың аманатын тапсырып, мәңгі дүниеге жол тартады. Халық, айтып кеткен өсиеті бо­йынша, оның денесін Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің оң жағына, сәл төменірек жерлейді. Ислам дінінің тәртібі бойынша басына саз балшықтан төрт құлақ белгі салады...» («Тәуке ханның бас хазіреті», Қарақалпақстан). Бұл – зерттеуші Ж.Мұратбаевтың пікірі. Осы үзінді пікірлермен-ақ Мүсірәлінің қазақ үшін қаншалықты имани ұлы тұлға болғандығын ұғынуға болар. Осыған тағы да мынадай өз тұжырым-пікірімді қосқым келіп отыр… Жоғарыдағы аты аталынған мақаламдағы ұсынысыма байланысты кейбір азаматтар­дың «Пір Мүсірәлінің есімі Алматы мен Астанадағы салынып жатқан, күмбезі көк тіреп тұрған көп мешіттердің біріне неге берілмейді» деген пікірлерін өз құлағыммен де естіп жүрмін. Орынды пікірлер ғой. Мен де бүгінге дейін өз егемендігімізді алған соң, Алматыда салынып, бүгінде ел аузында Бас мешіт аталып кеткен үлкен мешітке қазақтың тұңғыш пірі Мүсірәлінің ғана есімі лайықты деп келемін. Соңғы кезде Қызылорда қаласында бұдан да үлкен мешіттің құрылысы аяқталғанын көрдім. Қазір Ресейдің қоластында қалып қойған алғашқы астанамыз Орынбордан соң, еліміздің алғашқы астанасы ретінде аталып отырған Қызылордадағы осы мешітке неге Мүсірәлінің атын бермеске? Тіпті мешіттің алдына пірімізге арнап ескерткіш қойы­лып жатса, тіптен сауапты іс болар еді. Бұндай жұмыстарды Үкіметтің өзі де қатарласа, тікелей қолға алып жатса, еш артықтығы болмас еді ғой... Қызылордада осы жаңа мешітке Мү­сірәлінің есімін беру мәселесі шешіліп жатса, оның ашылу рәсімінде арнайы республика­лық танымдық конференция өткізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, шама келіп жатса, 2008 жылы қайта салынып біткен Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің күмбезі қасына қойылған, бүгінде жойылып кеткен хазіреттің кесенесін қайта көтеріп, қалпына келтіру мәселесін қолға алып жатса, мұсылмандығымызға абырой болар еді. Аруақтың рухы ризалық танытса, тірінің тіршілігі алға басатынын көзіміз көріп жүр емес пе?! Егер осы игі ұсыныс облыс әкімшілігі тарапынан қолдау тауып, жүзеге асып жатса, бас­қа дінге өткен қаракөз мұсылмандарымызға да елеулі сабақ, үлкен діни насихат болар еді. Қашанда Алла жар болып, қасиетті бабалар аруағының қолдауында болайық! Бақтыбай АЙНАБЕКОВ, «Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы

3870 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6596

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5910

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3653

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3037

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2998

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2974

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2703

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2688

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы