• Әдебиет
  • 24 Қараша, 2010

Арық емес, қатумын

Ертеде Қаракесек пен Қыпшақ ру­ларының арасында бір дау болады. Дауға қаракесек Қаз дауысты Қазыбек келіпті. Амандасып болған соң Қыпшақ биі: «Арғынның биі, сөйле!» – депті. Сонда Қазыбек: Арық емес, қатумын, Қара жерден татумын. Көшершілік кезде түйе азады, Жетімдік көрсе, қыз азады. Елі жаугершілік болса, Тағында хан азады, Табындағы би азады, – депті. Алған жарың жақсы болса Қаз дауысты Қазыбек ел аралап жүріп, бір үйге түсіпті. Ерінің үйде жоғына қарамастан, әйелі қонақтарды жақсы күтіпті. Сонда Қазыбек: «Әйелі мұндай, мұның ері қандай екен?» – деп тамашалап, жүре қоймай отырғанда, үйіне ері келеді. Қараса, ері ұя беріктеу ғана адам екен, Қазыбек әзілдеп, жолдастарына қарап, былай депті: Жарандар, бұл сөзімнің мәнісі бар, Мәнсіздің мәндіменен не ісі бар? Құданың құдіретіне қарап тұрсам, Жапалақ үйрек алған бір ісі бар. Сонда әйел Қазыбектің сөзіне түсініп қалып: Биеке, ол сөзіңнің мәнісі бар, Мәнсіздің мәндіменен көп ісі бар. Жапалақ ілген құсын місе тұтпай, Әлде де қоңыр қаздан дәмесі бар, – депті. Сонда Қазыбек әйелге риза болып: Балаң жаман болса – Көрінгеннің мазағы емес пе?! Атың жаман болса – Шыбын жанның азабы емес пе?! Қатын жаман болса – Бұл жалғанның тозағы емес пе?! Туған балаң жақсы болса – Тән мен жанның шырағы емес пе?! Мінген атың жақсы болса – Бұл дүниенің пырағы емес пе?! Алған жарың жақсы болса – Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе?! – депті.

2910 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы