- Қоғам
- 09 Желтоқсан, 2010
Жиылды қауым, құйылды көшім

Көптен күткен Саммит өтті. Көңілде өмір-бақи айта жүрер сәуле қалды. Халқымыз да шараның маңызын түсініп, жұмылып жұдырық болып, бірлігіміздің жарасқандығын көрсетті.
«Қуанышымды жасыра алмадым»
«Естігеніңді айтпа, өтірік болар, көргеніңді айт» демекші, біз де өз жанарымыздан өткізіп, куә болған жайларды әңгімелейік. Әлқисса, барша Қазақстанның Астанаға Саммитке байланысты жол тартқан журналистерінің ішінде біз де бар едік. Не айтары бар, ұштық, жеттік, көрдік. Ақмола топырағына табанымыз тиген 30 қарашаның таңында қала кәдімгідей қызу дайындық үстінде екен. Көшелердің бәрінде, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов уәде еткендей-ақ, қатаңдатылған күзет жүйесі тақ тұрды. Сол күні мен алматылық өзге де әріптестеріммен бірге «Шабыт» баспасөз орталығында арнайы тіркелуден өтіп, әлем және отандық журналистерге арналған өзіндік ерекшелігі бар ғимаратпен таныстым. БАҚ өкілдері үшін арнайы ашылған осынау баспасөз орталығында әлемнің қай түкпірімен болсын, байланысқа жылдам әрі тегін шығуға болатыны көрініп тұр. Ғаламтор дейсіз бе, сымтетік байланысы дейсіз бе, байланыстың барлық түрлері қамтылыпты. Яғни өзімізді айтпағанда, кез келген шетелдік әріптесіміз осында дайындаған материалын бір сәтте өз көрерменіне жеткізіп тұруға мүмкіндік алған. Одан қалса, демалу залдары, тамақтану бөлмелері кімнің болсын алдында да кеудені шалқақ ұстауға әбден жарайды.
Сөз ретінде айта кету керек, шетелдік ақпарат өкілдерін де сол жақта қазақтың кең дастарқанын пайдалана отырып сөзге тарттық. Алдымен сұхбат австриялық журналиспен өтті. Ол аздап орысша білетін көрінеді, біз де аздап ағылшынша тіл сындыратын едік. Сөзінен ұққанымыз, ол талай жерде болған, бірақ дәл мұндай сұлу да көркем қаланы көрмеген-дүр. Онан кейін КТК арнасы журналистерінің сюжетіне жаңа ғана түсіп қайтқан ВВС арнасының тілшісі Кейт Руссел есімді шетелдік әріптесімізді қаумалай бердік. Бақсақ, оған да қаламыз қатты ұнаған екен, оның бұл күйін қазақ журналистеріне ентелей түскен талпынысынан оқығандай болдық. Мұны заңды деп те түсінген ләзім. Өйткені шетелдік журналистерге Астана қаласынан бөлек, жалпы қазақ елі туралы да хабар таратуға ақпарат жеткілікті. Олар біздің еліміздің ұлылығын, ұлықтығын, өркениеттік әлеуетін сол арқылы таныды десек, қателеспейміз. Бір аптадан бері елорданың мәдени ошақтарында ұлтымыздың тарихы мен ұлттық өнерінен хабар беретін түрлі шаралар өтіп жатқан-ды. Саммит жұмысын қалт жібермеу үшін қалаға шыға алмай отырған журналистерге де қазақтың салт-дәстүрімен танысуға осылай жағдай жасалды. Және бір қызығы, «Шабыт» баспасөз орталығына қолына қаршыға қондырған құсбегі де келді. Жалпы, сол күннен бастап, орталық тәулік бойғы жұмыс кестесіне көшті.
«Елім менің аңсаған»
1 желтоқсанның таңы атты. Астана әдеттегідей ызғарлы, қары борап тұр. Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің жұмысы туралы ақпаратты таратуға сол күні ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми мәліметі бойынша, тек шетелдік журналистердің 700-ге жетеқабыл кісісі қатысқан. Ал «жалпы БАҚ өкілдерінің саны екі мыңға жуық» деседі тағы бір министрлік өкілдері сұрағанымызда... Әне, Елбасының шетелдік әріптестерін салтанатты жиынға қабылдау рәсімі де басталды. Мұны, жалпы, Қазақстан жұртшылығы тікелей эфирден көрді ғой. Сондықтан сондағы хабарлардан асырып, бұған қатысты бірнәрсе айта қою қиын. Барша меймандар дөңгелек үстел басына жайғасып болғасын, Н.Назарбаев осы Саммиттегі айшықты сөзін айтты. «Еуразиялық қауіпсіздік – бұл метафора емес, бұл – қатал геосаяси факт». Яғни бұл Елбасымыздың осы күнгі жиынды құр ғана декорация еместігін ашық мәлімдегені болатын. Міне, біздің көзімізше осы қанатты сөз әлемдік ақпарат кеңістігін қас-қағым сәтте шарлап кете барды. Осы сәтте журналистер орталығында нағыз араның ұясындағыдай гуіл өршіді. Енді ше, Астана әлемдік БАҚ-тың басты тақырыбына айналды. Мынау біз тұрған баспасөз орталығынан журналистер қауымы шартарапқа ақпарат таратуда. Мұнда әрбір сағат сайын Саммит қатысушыларының баспасөз мәслихаттары өтуде. Сондықтан да журналистерге әрбір айтылған саяси ой-пікірді жіті бақылауға тура келуде. Себебі Астана Саммитінде көтерілген мәселелер әлемге осы тілшілер арқылы жететіні белгілі. Еліміздің мерейі, біз де өз кезегімізде компьютер пернелерінде қуаныштың әріптік ноталарын ойнай бастадық. Иә, бұл күннің тарихта қалғаны сөзсіз. Және де құр ғана қалмай, бұған дейін бітіспестей көрінген Ресей мен Грузия, Әзірбайжан мен Армения сынды қарсылас тараптардың бір нүктеде түйісуімен ерекшеленетін де шығар, кім білсін?! Не де болса, Ыстамбұлдан кейінгі Астана Саммиті осындай беташарымен жаңа геосаяси өрлеулі дәуірді іске қосты.
«Береке, бірлік - қамалдың басы»
2 желтоқсан. Сұхбат қызулы. «Соңғы түйенің жүгі ауыр». Бір-біріне өкпелі тараптар қадау сөзін айтып қалысуда. Айталық, Ресей Президенті Дмитрий Медведев бұдан былай да Грузия мысалындағыдай агрессияның бірде-біреуін жауапсыз жібермейтіндігін жағдайды пайдалана отырып, баршаға жария етті. Оның сыртқа тыныстауға шығып кеткен сәтінде Грузия Президенті Саакашвили де өз мемлекетіне тиесілі жердің 20 пайызы оккупацияда жатқанын айтып, шағынып жатты. «Мен мұнда арызданғалы келгем жоқ, бірақ шындықты білуге тиіссіздер» деді шарасыз кейіпте Гүржі басшысы. Бәрін айт та, бірін айт, Ауғанстан Президенті Хамид Карзайдың да 2014 жылға қарай елінің мешеуліктен біржолата босайтынына сенімді екендігін білдіргені де басты жаңалық болды. Италия Премьер-министрі Сильвио Берлускони болса, Астананың келбеті мен Елбасының жасампаздығына тәнті екендігін алға тартты. Сонымен қатар Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығынан бір пайда көрген ел болса, осы дейтін Қырғызстан Президенті Роза Отынбаева да «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қазаққа деген қырғыздың шексіз алғысын жеткізді. Елбасымыз болса, оларға қазақтың көнеден жеткен ақиқаты – бірлік мәселесін түсіндіруге барын салды. Сонымен қалған мәселелер жалпы Астана декларациясының кейбір пункттері жеке жағдайда талқыланатын болып, ал оның шешімі түскі сағат 4.00-де жарияланатын болып келісілді. Қазір сол мезетті еске алсаң, жүрекке бір от келеді. Неге десеңіз, «Шабыт» сарайында шабыттың тұлпарын мініп, мыңнан астам журналист отырмыз. Бұл «күту» деген дүниедегі ең бір құбылмалы сезім ғой. Үздіксіз жұмыстан қалжырай бастаған журналистер үлкен бір хабарды асыға күтулі еді. Бірақ біз өз күтуімізден алдана бердік. Соңғы түйіннің жарияланымы сағат 5-ке ауысты. Сірә, өзара қыжылдары бар кейбір қадірменді қонақтар ортақ бітімге қол қоймай жатса керек. Бұл түсінікті де. Әрқайсысының артында өз мемлекеттерінің мүддесі тұр, қолын қоюын қойғанмен, оның ертеңгі ел болашағына әсері қандай болмақшы. Сағат тілі зуылдап бес те болды. Тағы да шешімді уақытты ауыстыру – жарияланым 7-де болады деп хабарланды. Айтып-айтпай не керек, қысқасы, бүкіл түйін сөйте келе түнгі 1-ге қалдырылды. Күтетініміз, Елбасы жеке өзі бүкіл журналистерге осы «Шабыт» орталығының үлкен брифинг залында Саммит нәтижелері туралы сөз сөйлеу керек. Сөйтіп, біз мәслихат залын айналшықтап жүрдік те қойдық. Енді еркін әңгіменің кезеңі де келіп жеткендей. Журналистер шүйіркелесіп, бір-бірімен әңгіме-дүкен құра бастады. Бұл ауқымды, жан-жағымызға қарасақ, шараға ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер құрамына кірмейтін Араб, Латын Америкасы мемлекеттерінің де журналистері жүр екен. Саммиттің қызығымен оларға назар аудармаппыз. Сөйтіп жүріп, Мұхаммед Юсуф есімді шетелдік қандасымыздың біріне жолықтық. Ол Астанаға Мекке радиосы атынан келіпті. Тарихи Отаны Қазақстанның алып ұйымға төрағалық жасап жатқанына аса қуанышты. Осы аралықта журналистер арасында неше түрлі болжамдар да айтылып жатыр еді. Біреулері «кейбір елдер декларацияға қол қоймай жатыр» деген пікірде болса, енді біреулері саммиттік жарияланымның ұзап кеткенін құжаттың тым салмақты мәселелерді көтергендігімен түсіндірді. Хош, ақыры түнгі бір де келді-ау. Өйтіп-бүйтіп уақыт та межелі межеге жетті. Бәріміз журналистік асай-мүсейлерімізбен мәслихат залына ағылдық. Топ-тобымызбен көрермендер орындықтарын да толтырдық. Осы жерде біз тікелей эфир арқылы барша Қазақстан азаматтарымен «Тәуелсіздік» сарайындағы декларация шешімімен таныстық. Енді Президент осында келіп, баспасөз мәслихатын береді деп хабарланды. Алдында байқамаппыз, дәл біздің алдымыздағы 10 шақты орындық бос тұрған. Бір кезде соларға еліміздің игі жақсылары келіп жайғасты. Олардың ішінде Қасымжомарт Тоқаев, Кәрім Мәсімов, Иманғали Тасмағамбетов және т.б. билік басындағы кісілер бар. Қызық болғанда, Тасмағамбетов менің дәл алдымдағы орындыққа келіп жайғасты. Тектінің тектілігі де бір жыр, азаматтың артына бұрылып, журналистерден хал-жағдай сұрауы бәрімізді таң-тамаша етті. «Қалай, шаршадыңдар ма?» деді ол маған бұрылып бір кезде. «Құдайға шүкір, аға. Жағдайымыз жақсы» дедім мен де. «А, дұрыс. Шаршамаңдар» деп жігерімізді жаныды. Мұның өзі елге қадірлі ел ағасының халыққа қаншалықты жақындығын танытса керек. Осы аралықта Президент Н.Назарбаев та мінберлі ортаға көтеріле берді. Елбасы Саммитке қызмет көрсеткен барша отандық қызмет иелеріне, астаналықтарға, журналистерге ерен еңбектері үшін ризашылығын жеткізді. – Біз бүгін еліміз үшін ең абыройлы міндетті атқардық. Соңғы екі күн бойы аяғымыздан тік тұрып қызмет етудеміз. Біз – Батыс пен Шығысты табыстырған тел елміз. Бүгін ЕҚЫҰ-да жаңа дәуір басталды. Астана Саммиті арқылы Хельсинки рухы қайта тірілгендей болды, – деді Елбасы. Президент небір маржан сөздерді түйдек-түйдегімен көпшілік талқысына тастап жатыр. Зал ішінде сілтідей тыныштық. Ежелден, әмбеге аян, «Күн Шығыстан шығады» деген тәмсіл бар. Бұл шара сол Шығыстан күш алып шығатын жақсылықтың алғашқы жаршысы демесек, онда не? Елбасы сөзін аяқтағанда, сағат түнгі бірден қырық минут өткен еді. Бұл біле-білгенге Қазақстанның соңғы егемендік тарихындағы ең бір жұлдызды сәттерінің бірегейі болатын.
ТҮЙІН: «Күйінсін жауың, сүйінсін досың, Жиылсын қауым, құйылсын көшің...» Біз кеше ғана, Елбасы айтқандай, бүкіл ел тарихындағы ең маңызды әрі аса ауқымды шараны үлкен табыспен атқардық. Дүниежүзінің беделді мемлекеттерінің басшыларын Астанаға жинап, Қазақстанның атын әлемге әйгіледік. Осынша ел басшыларының бір мезетте біздің елге қадам басуы – үлкен тарихи оқиға! Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын біріктіріп, қауіпсіздіктің кеңістігін кеңейттік. Әрине, Саммитке ғаламат интеллектуалдық және қаржылық әлеует кетті. Алайда оның елдік мүдде тұрғысынан өзін-өзі ақтайтыны қазірден белгілі болып отыр. Бұл – геосаяси топыраққа егілген алтын дән. Күні ертең жемісін де еселеп тататын боламыз.
Абылай МАМЫРАЙХАН

3010 рет
көрсетілді0
пікір