• Қоғам
  • 10 Наурыз, 2011

"Няня" немесе бала күтуші ана орнын айырбастай ала ма?!

d0bdd18fd0bdd18fҚолымызда – еліміздегі бос жұмыс орындарына арналған «Срочно требуются», «Трудоустройство и обучение» сынды біршама газеттер. Ақтарып отырмыз. Кенет «няня» деген қаз-қатар тізілген жарнамаларға көзіміз түсті. Мынаған қарап, елдің бәрі бала күтушісіне зәру дерсің. Талаптары да әртүрлі. Еңбек тәжірибесін талап ететіндер де, бірнеше шет тілін қажет деп санайтын да жұмыс берушілер бар. Бұдан кейін «екі қолға – бір күрек» іздеушілер бас сұғатын интернет-сайттарға да көз салдық. «Требуется няня», «балама тез арада күтуші керек» деген сипаттағы жарнамалар мұнда да өріп жүр. Тіпті телеарналарда берілетін жүгіртпе жолдарда да «няня» мамандығы моншақтай тізіледі. Жалақылары да әртүрлі. Қырық мың мен 100-150 мыңға дейін барады. Бұл, әрине, жұмыс беруші қойған талаптарға байланысты екені даусыз. Бүгінгі қоғамда осы бір «дипломсыз» мамандыққа сұраныс өте жоғары болып отыр. Оның себебі не?

«Өкіл ананы» өзіңіз таңдайсыз «Бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» дейді атам қазақ. Әрине, өмірге келген әр баланың өз несібесі бар. Дегенмен бүгінгі қоғамның бітеу жарасына айналған балабақша мәселесі әр ата-ананың бас ауруына айналып отыр. Жылдар бойы жеткізбейтін ұзын-сонар тізім мезі қылады. Жыл сайын жаңа балабақшалар бой көтеріп жатыр. Соған баласын орналастырамыз деп «үмітсіз шайтанның» жетегінде жүрген ата-ана қаншама?! Демек, «Бала бағу» бизнесінің күннен-күнге қарыштап дамуына басты себеп – балабақша жетіспеушілігі. 1990 жылы республикамызда 8880 балабақша болған болса, 2000 жылы олардың саны небәрі 1144 болған. Кейінгі жылдары Елбасының тапсырмасымен балабақша мәселесі қолға алынып, жер-жерлерде ескі балабақшалардың ғимараттары қай­тарып алынды. Кей елді мекендер­де жаңа, заманауи балабақшалар бой көтерді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы Қазақстан халқына ар­наған Жолдауында 2020 жылға қарай елі­міздегі барлық мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер балабақшамен қам­та­масыз етілу керектігін тапсырған болатын. Осыған орай «Балапан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Осы жұмыс нәтижесі жайлы жуырда ҚР Білім және ғылым беру министрлігінің алқа мәжілісінде министр Бақытжан Жұмағұлов 2010 жылы Қазақстанда «Балапан» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында мектепке дейінгі балалар үшін 88,5 мың орын дайындалып, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 41,6 % құрағанын тілге тиек етті. Бұған қарап арқаны кеңге салатын кездің әлі келмегенін аңғаруға болады. Елімізде әлі мыңдаған сәби кезек күтіп тұр. Бір ғана Алматы қаласының өзінде 15500 сәби кезекте тұр. Осы ішектей созылған кезегін күтіп, сабырға салып отырғанда баланың мектепке баратын да уақыты келеді. Амалы құрып, кезекті күтуден қажыған ата-ана қалтасы қалың болмаса да күтуші жалдауға мәжбүр болады. Бұрындары тек шетелдік фильмдерден ғана көріп жүретін күтушілеріміз қазір қазақтың да кәнігі кәсібіне айналған. Осылайша бүгінгі күнде «няняларға» деген сұраныс артқан. Өз қалауыңыз бойынша кез келген ұлттың өкілінен білімі мен білігі де жоғары деңгейдегі бала күтушіні өз сәбиіңізге «өкіл ана» ете аласыз. Тіпті дүние есігін енді ғана ашқан емшектегі еркеңізге де ертелі-кеш жанында болатын жанды да табасыз. Тек сол күтуші талап еткен қаржыны қалтаңыз көтере алса болғаны. Ал егер сол күтушіңіз үй шаруасына да араласып, тағам дайындап жатса, үстеме ақы қосуыңызға тура келеді. Қазір бала күтушілерді тек ауқатты отбасылардан ғана емес, орта деңгейдегі жанұялардан да кездестіретін болдық. Елімізде мұндай іспен айналысатын агенттіктер де жұмыс істейді. Олардың ең алғашқысы «Тәрбиеші» деген атпен 1996 жылы Алматыда ашылған. Кейіннен оның қатарын «Мама mia», «Добрый ангел», «Няня» атты агенттіктер толықтырды. Бүгінгі күнде Алматының өзінде 200-ге жуық бала тәрбиелейтін жеке компаниялар жұмыс істейді. Компания мамандары әрбір жұмыс іздеушімен сөйлесе отырып, оның мәдениеттілігіне, білімділігіне, балаға деген икемділігіне баса назар аударады. Бірнеше рет әңгімелесіп, ол адамның жан дүниесін зерттейді. Көптеген агенттік ең алдымен жұмыс іздеушіден осы сала аясындағы жұмыс тәжірибесінің болуын талап етеді. Бірақ әр адамның болмысы, мінез-құлқы, айналасымен қарым-қатынасы әртүрлі болады. Біреу қатал, біреу мейірімді, ал біреу өзімшіл... Бұған тиыннан теңге құраймын, отбасымды қайтсем асыраймын деп жүрген ата-ана тәрбиешінің мұндай келеңсіз қылықтарына мән де бермейді. Осыдан есейе келе баланың отбасына деген көзқарасының да өзгеруі ғажап емес. Оның үстіне қазақы тәрбиеден алшақ немесе ана болып көрмеген жас бойжеткеннің бөбекке үйретер ілімі мен өнегесі қандай? «Ұрпағым кері кетсе де, келбетім кері кетпесін» «Бала – балым, баламның ба­ласы – жаным» деп есептейтін еді біздің бабаларымыз. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бір елі қастарынан тастамай тәрбиелейтін. Жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Елін қорғаған батырдың ерлігі мен өрлігін өнеге еткен. Даланың дана қарттарының қолында өскен бала қай кезде де рухани дүниесі бай, ұлттық намысы жоғары, көргенді, көпшіл болып өседі. Мейірім мен адалдық та, үлкенге деген құрмет те ата мен әженің алдын көрген ұл мен қыздың бойынан табылады. Көргені мен өмірден түйгені көп көнекөз қарияларымыз тәрбиенің нәрін бала бойына сіңіре білген. Ибалылық пен имандылық та сол ортадан даритын. Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде қоғамдық құрылыстың өзгеше қалануына байланысты бұл әдемі үрдіс үзіліп қалғандай болды. Ата мен әженің орнын балабақша басты. Енді сол балабақшаның жетіспеушілігіне байланысты данагөй қарттарымызды «нянялар», яғни жалдамалы бала күтушілер алмастырды. Әрине, қазақылықтың қаймағы бұзыла қоймаған ауылда ата-әженің мейірім-шапағатын көріп өсетін бала баршылық. Ал қаланың қарты немере бағуды ойлап та қоймайды. Одан гөрі жалдамалы бала күтушіге жүгінгенді жөн санайды. Сол себепті қаладағы қызу тіршілік барысында немере ерткен қарияларды сирек көреміз. Бірде кешкілік аулада ойнап жүрген балаларға зер салдым. Бірін бауыры, бірін анасы ертіп жүрсе, бірі күтушінің қолында жүр. Анадайда сәбиді алдына алып отырған қарт ананы көзім шалды. Әжесі болар деген үмітпен жандарына барып, жайғасып, әңгімеге тарттым. Есімі – Нұржамал екен, Оралдан келіпті. Қолындағысы қызының баласы, яғни жиені болып шықты. Апамыздың айтуынша, сонау қиыр шеттен осы баласын бағу үшін келіпті. Енді оны ауылға алып кететін ойы бар екенін жасырмады. «Апа, жиен ел болмайды» деуші еді. Баланы әкесі жібере ме екен?» деген сөзіме «Айналайын, «баланы бауыр еті» санаған қазақпыз ғой. Жиен деп, басқа деп бөлмеймін. Бәрі де ыстық. Қызым мен күйеубалам таңның атысы, күннің батысы жанын жалдап жұмыс істейді. Балаға қарауға да мұршалары жоқ. Құдам мен құдағиым да осы қалада тұрады. Анау үйде» деп Нұржамал апа қарсы алдымыздағы көп қабатты үйді нұсқады. Мен де жұлып алғандай: «Ендеше, олар неге бақпайды? Әлде олар да жұмыс істей ме?» дедім. «Жоға, айнала­йын, бала бағып шаршағанбыз, немере­ні бақпаймыз. Одан да «няня» жалдай салсын дейді. Сонда тапқан ақшасын күтушіге беріп, отырмақшы ма? Оның үстіне ол күтушіміз әке-шешенің болмаса атасы мен әжесінің орнын алмас­тыра ала ма? Мен қаланың қарттарына таңғалам», – деп кейіген кейуана сөзін ары қарай сабақтады: «Аллаға шүкір, ұл-қыздарымыздың бәрінен немере сүйдік. Шама-шарқымызша отағасы екеуміз бәрін де бағып бердік. Қайта олар жоқ болса жабырқап қаламыз», – деп күлді. Иә, қазақ «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дейді. Баланың былдыры мен күлкісінің сылдыры бар үй – бай шаңырақ. Ал бүгінгі «современный» ата-әженің немере бағуға ықыласы жоқ. Олар үшін барды киіп көше кезіп, дүкен аралап, сән салонына барып сәнденіп, денешынықтыру залына барып, келбетін қалыпқа келтіру артығырақ. Ұрпағының тәрбиесінен өз қара басының қамын жоғары қояды. Ұрпағының кері кетке­нінен келбетінің кері кеткеніне өкінеді олар. Иә, осылайша абыз әженің әлдиі мен ертегісінсіз ержеткен космополиттік ұрпақ қалыптасып келеді. Әке-шеше мейірімін, ата мен әженің аялы алақа­нының жылуын сезінбеген баланың бола­шағы да бұлыңғыр болады. Енді олар жат қолынан «жылу» тауып, «көк жәшік» пен компьютердің тәрбиесін алып жатыр. Мұның бәрі жас баланың көзқарасының да түбегейлі өзгеруіне әсер етеді. Сондықтан балаға ата-анадан артық жанашыр, немереге ата мен әжеден артық «няня» жоқ. «Не ексек, соны орамыз» Қазақ жетімін де жатқа қалдыр­маған. Жетімін жеткізіп, же­сірін жебеген. Ұл-қызын ел бо­лып ержеткізген. Ақсақалының алдын қия кеспеген. Ал бүгін ұрпағымыз жат қолынан «жылу» тауып жатса, дана қарт­тарымыз «Қарттар үйінің» боса­ға­сында жүр. Себеп – біреу. Ұрпаққа ұла­ғатты тәрбие нәрін себе алмай, мейірім мен жылылыққа сусындата алма­ғандығымыз. Бала әу бастан ана мейіріміне, әке шапағатына қанып өсуі шарт дегенді мамандар да алға тартады. Қазақ баласын есейгенше бауырына алып жат­қан. Екі жасқа толғанша ана сүтімен қоректендірген. Ата-ананың шынайы ма­хаббатына бөленіп өскен сәбидің бо­йынан жылылық пен мейірім көруге болады. Себебі ананың аялы алақаны мен әкенің жылы қабағынан артық бала үшін ешнәрсе жоқ. Мұны дала данышпандары әлдеқашан тәмсіл етіп кеткен. Ал бүгінгі өзге адамның тәлімін алып, өз анасының жылылығына зәру бала бірбеткей әрі жатбауыр болмасына кім кепіл? Бүгін өзі жат қолына қараған бала ертең әке-шешесін «Қарттар үйіне» тоғытпайды дегенге кім сенеді? Бүгін ұлты да, ұлысы да өзге жанның өнегесімен өскен ұрпақ жатқа Отанын оп-оңай олжалата салса ше? Жас шыбықты қалай исең солай икемделіп өседі. Яғни бүгінгі күтуші жас сәбидің санасын немен улап жатқаны тек Жаратқанға ғана аян. Олардың бірі теледидарға телміртіп, порножұлдыз да­йындап жатса, бірін тілі мен ділінен айырып, мәңгүрттікке жетелеуде. Енді бірі тіпті жас сәбидің өзегіне өзге діннің дәнін егіп те жатыр. Бұл – ақиқат. Сондықтан ертең орыстың тәрбиесін алған балаңыз «Дінім – Христиан, Құдайым – Иса» деп жатса еш таңғалмаңыз. Газет беттерінен оқыған жарнама бойынша бірер үйге бала күтушісі болсам деген оймен телефон шалып көрдім. Бірі шет тілін білмесең қажет емес, бірі жұмыс тәжірибең жоқ дегенді алға тартты. Ал бірі бірден «Мұсылманбысың?» деп қарсы сауал тастады. Мұны күтпесем керек, то­сырқап қалдым. Сәлден соң «қазақпын ғой...» деп жауап бере бастағаным сол еді, жұлып алғандай «қазір қазақтың бәрі Ислам дінін ұстанады деп пе ең? Жуырда балама бір күтушіні алғанмын. Жап-жас қазақтың қызы. Өзі бірнеше жерде бала күтушісі болыпты. Жалғыз ұлымды сеніп, қолына бердім. Әу баста бәрі дұрыс сияқты еді, бірер айдан соң баламның аузынан құлағыма түрпідей тиген сөздерді ести бастадым. Зер сала тыңдасам, «Құдайым, бізді кешіре гөр!», «Иса – ұлы Жаратушы» деген сөздерді құлағым шалды. Бала ғой, теледидардан көргені болар деп жорыдым. Бірақ көңілімде біртүрлі сезік пайда болды. Бір күні жұмыстан келсем, қолында бір­неше кітапша жүр. Өңшең өмір мен өлім, Исаның игі істері... Жас баланың жанарын жаулап, өзіне еріксіз тартатын суреттері де көп. Сөйтсем, әлгі баламды бағады деп сеніп тапсырған күтушім сәбиіме күнделікті небір мультфильмдер әкеп, Иса туралы аңыз-әңгімелер айтып, санасына сіңіре беріпті. Өзі онысынан қымсынбайды да. Сондықтан сұрап отыр­мын», – деп тоқтады Назгүл есімді ана. Міне, жаттың жарылқағаны. Сүйіспеншілік пен мейірім керек Бабаларымыз үйдегі алтын қазық – ана деп санайды. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі – қызға үлгі, әке тәрбиесі – ұлға үлгі. Ана – ақылшың, әке – қамқоршың, ағаң – қорғаушың, інің – сүйенішің, қарындасың қанатың екенін естен шығармауға үндейді. Отбасында сүйіс­пеншілік пен мейірім болса, баланың тәрбиесі де оң болмақ. Сондықтан әр ана бала тәрбиесімен айналысу керек. Әрине, оған мемлекет тарапынан да қол­дау қажет. Өз анасын сирек көріп, мейіріміне зәру болып өскен сәби өсе келе бірбеткей, біртоға болуы да ықтимал. Сондықтан халық қалаулылары бала тәрбиелеумен үйде отырған аналарға ай сайын қаржылай көмек көрсету ісі туралы бастаманы көтерсе, игі болар еді. Бізде тек баланың бір жасқа толғанға де­йінгі күтіміне ғана қаржы бөлінеді. Оның өзі де мардымсыз. Ендеше, демо­графиялық өсім мен өскелең ұрпақ тәр­бие­сін жақсарта­мыз десек, әр ананың, әсі­ресе, жас отбасылардың әлеуметтік жағ­дайына баса назар аударуымыз қажет. Сонда ғана аналарымыз алаңсыз бала тәр­бие­сіне ден қоя алады. Сонымен қатар елдегі балабақшалар санын арттырып, онда білікті, білімді, ұлттық тәрбиемен сусын­даған мамандарды жұмысқа тарту қажет.

Түйін:

Даналарымыз қай кезде де қате айтпаған. «Не ексек, соны орамыз». Бәлкім, заманның талабы, мүмкін адамның қалауы, кім білсін, әйтеуір бүгінгі жас та, жасамыс та карьера қуалағыш болып кетті. Әсіресе, жас отбасылар. Құлқынын құнттап, бала тәрбиесіне мән бермеуге айналған ата-ана көп қазір. Ұл-қызының тәрбиесін танымайтын күтуші мен теледидарға сеніп тапсыра салған. Ал үлкенге құрмет, кішіге ізет, жамандықтан алшақ, ар-намысты жоғары ұстау, біреудің ала жібін аттамауды тәрбиеші мен теледидар үйретеді ме? Жоқ. Керісінше, күнұзақ бейәдеп киноларға телмірген баланың ертең жүрегінде иман, бойында ұят болмайды. Бұл – біздің бүгінгі егіп жатқанымыз. Ертең не орарымызды болжай беріңіз. Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

5684 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9027

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7206

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4948

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4332

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4298

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4256

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3989

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3986

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы