• Қоғам
  • 04 Мамыр, 2011

Өз киімімізді қашан киер екенбіз?

d0bad0b8d0bc«Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» деп есептеген ата-әжелеріміз «бауыр еті – баласының» көптігімен мақтанған. Бірақ бүгінде осындай алтын құрсақ аналарымыздың сарқыты да сақталмай барады. Бұл бүгінгі жастардың балаға деген сүйіспеншілігінің кемуінен емес, перзентін бүгінгі қоғамға сай қажеттіліктермен қамтамасыз ете алмаймын ба деген қорқынышынан туындайды. Әлеуметтік жағдайы жоқ жас отбасылар баласының тамағы мен киіміне әзер қаржы тауып отырғанда ұрпақ санын қалай көбейтсін?! Бір ғана күнделікті киімнің өзіне қыруар қаражат керек. Ал базарда ересек адамның киім-кешегіне қарағанда сәбилеріміздің дүниелері әлдеқайда қымбат. «Арзанның жілігі татымас». Ал мынау біздікі деп бетке ұстайтындай өндіріп отырған өніміміз де жоқ. Осылайша болашағымыз деген ұрпағымыздың да қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмай отырмыз.  Базар мен баға Қарапайым халық қазір қалауын қара базардан іздейтін болған. Мұнда күнделікті өмір сүруімізге қажетті дүниенің бәрі бар. Тек мұндағы ығы-жығы халықтан ығырыңыз шықпаса болғаны. Әрине, қалтасы қалың көкелеріміз базарға барып, саудаласып тұрмай-ақ, іздегенін супермаркет, гипермаркет деп ат қойылып, айдар тағылған қаланың үлкен сауда орталықтарынан-ақ ала салады. Ал «көрпесіне қарай көсілетін» көпшілік базар бағасын ғана бағындыра алады. Бірақ ондағы заттардың қандай баспалдақтардан өтіп, нендей сұрыптаулардан сүрінбегеніне көз жеткізіп жатқан ешкім жоқ. Қолдың қысқалығы, қалтаның таяздығы оны ойлауға мұрша да бермейді. Өмірге жаңа келген әр сәбиге Үкімет 70 мың теңге қаржылай көмек береді. Бұл қаржы соңғы бірер жылда бірнеше пайызға ұлғайған болатын. Алайда қарнын қанағат тойдыра алмаған өнім өндіруші мен базардағы сатушы-ақ осы 70 мың теңгені сәбидің алғашқы керек-жарағы үшін-ақ қағып алады. Алматыдағы «барахолка» атанып кеткен қара базар мен қаладағы бірнеше үлкен сауда орталықтарындағы бағаны салыстыру барысында бұған анық көз жеткіздік. Жаңа туған нәрестеге арналған алғашқы киімнің бірі иткөйлектің бағасы базарда 300 теңге мен 800 теңгенің айналасында болса, балалар киімін сататын дүкендерде 600 теңгеден жоғары. Тіпті 1500 теңгені алқымдайтындары да бар. Ал жейдесі мен шалбары 1500 теңгеден басталып, 4000 теңгеге дейін барады. Ал «Балалар әлемінде» 6500 теңгеден жоғары. 9-10 мыңды құрайтын тауарлар да аз емес. Базарда бала жөргегі үшін 3 мың мен 5 мың теңгеңіз қағылса, супермаркетте бұл баға тіптен аспандап тұр. 5 мыңнан басталып, 20 мыңға дейін жетіп жығылады. Сәбиге арналған арнайы кереуеттердің (манеж) базардағы бағасы – 15000, ал дүкендерде 25 мыңнан жоғары. Сапасы мен өндірушіге байланысты бұдан екі есе бағадағы дүниені тұтынуыңызға да болады. Ал жас баланың сырт киімі (қыстық киім) базарда 4 мыңнан бас­талса, супермаркетте «супер баға». Яғни 16 мыңнан кем бағаға сырт киім ала алмайсыз. Баланы серуендетуге арналған жеңіл арбалар (коляска) базарда 9 мың теңгеден жоғары болса, үлкен сауда орындарында қандай бағаға бағаланып тұрғанын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Тек балаға ғана емес, баршамызға қажетті дүниенің бірі – аяқ киім. Сол аяқ киімдеріңіздің де түр-түрі толып тұр. «Барахолкада» 1000 (жаздық аяқ киім), 3000 (қыстық аяқ киім) теңгеден басталып, 5-10 мыңды алқымдайды. Ал супермаркеттен 4 мыңнан кем аяқ киім таба алмайсыз. Міне, құндақтағы сәбилерімізге осыншама қаржы жұмсалатынын есептесек, 70 мың теңгенің демде-ақ «көзден бұлбұл ұшатыны» анық. Бағаның әртүрлілігі өндіруші мен сапаға байланысты деп түсіндіреді сатушыларымыз. Аузынан жырып, барын баласына бергісі келетін ата-ананың көпшілігі супермаркеттің «супер» дүниелеріне қол жеткізе алмағандықтан, базар­дағы арзанқол заттарды алуына тура келеді. Бірақ сол Қытайдың бір-екі киістен кейін жағымсыз иісі шы­­ғып кететін аяқ киімдері мен бірнеше жуғаннан соң өңі өзгеріп сала беретін киімдері қара халықтың мате­риалдық қажеттіліктерін сапалы түрде қамтамасыз ете алмай отыр. Қам­тамасыз ете алмағанымен қоймай, өзі­нің зардабын да тигізіп жатқаны ақиқат. Кеселге ұрындыратын киім-кешек Өткен жылдың қараша айын­да жергілікті метрология комитетінің ма­мандары шетелден келетін нәрес­телер киімін тексерген болатын. Нәтижесінде киім құрамының жартысынан көбі синтетика екені анықталды. Ал талап бойынша, сәби киетін киімдерге синтетикалық талшықтар мүлдем қосылмауы тиіс. Осылайша мамандар шекара асып келетін киімдердің құрамында болашағымыз – бүлдіршіндерімізді түрлі кеселге ұшырататын химиялық қоспалардың табылғанын айтып, дабыл қаққан болатын. Бұған дейін жаңа оқу жылы басталар шақта мектепке дейінгі балалар мен білім беру ұйымдарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімі мектеп оқушыларына арналған формалардың да бала денсаулығына кері әсер етіп, білім алу қабілетін төмендететіндігін, талапқа сай емес екенін айтқан. Бірақ дабылға даурығып, баласын киімсіз қалдырған ата-ана болмайды. Амалсыз Қытай мен Қырғызстанның арзанқол дүниесіне қол созады. Осылайша арзандығына алданған ата-ана баласының баға жетпес денсаулығына кесірі тиіп жатқан киім-кешек жайына бас ауыртпайды да. Оған алаңдаған күнде де күрмеуге келмеген қысқа жіп өз дегеніне көндіреді. Сәбилерімізге арналған киімдердегі химиялық қоспалардың кесірінен келешекте баланың белсіз болып қалу қаупі де бар екен. Сонымен қатар бала денесіне түрлі жаралар мен аяқтарына бөртпелер пайда болып, тері ауруларына ұшырап жатқан балалар да кездеседі. Бірақ оған тосқауыл қоятындай бізде дәрмен жоқ, яғни отандық өндіріс дамымаған. Сондықтан шақша басымыз шарасыздықтан Қытайдың киіміне қол созуға мәжбүрміз. Бүгінде Қытайдан келетін аяқ киімдердің салдарынан жалпақ елдің жалпақтабан атану қаупі тұр. Себебі көршіден келетін аяқ киімдердің көпшілігі – арзанқол дүниелер. Рас, базар аралап бара қалсаңыз, болмаса аяқ киім дүкендерінің қай-қайсысына бас сұқсаңыз да, балаңызға қалаған елдің аяқ киімін әпере аласыз. Түріктікі, Ресейдікі, тіпті Италия мен Германияның да аяқ киімдері сөрелерде «менмұндалап» тұр. Тек қалтаңыз көтерсе болғаны. Бірақ қарапайым халық қалай дегенде де Қытайдың арзанқол дүниесіне жүгінеді. Ал жасанды теріден тігілген бұйым буын, аллергиялық ауруларға шалдығуға әсер етеді. Сонымен қатар аяқ киімдердің тиісті талаптарға сәйкес келмеуі бүлдіршіндерімізді жалпақтабандыққа душар етеді. Ер бала жалпақтабан дертіне шалдықса, ертең әскери борышын өтей алмайтыны анық. «Семей былғары-тері-мех комбинаты» ЖШС-ның бас директоры Жұмағазы Рахымғалиев жергілікті басылымдарға берген сұхбатында біздің базарлардағы аяқ киімдердің 95 пайызы спилоктан тігіледі дегенді айтады. Спилок – терінің сапасы ең төмен қабаты. Бұл материал Қытайдағы аяқ киім өндірісінде өте көп қолданылады екен. Міне, тері ауруларына душар ететін де – дәл осы спилок. Осы саланың басы-қасында жүрген саудагерлер мен етікшілердің айтуынша, аяқ киім тігушілер терінің астына поролон салады. Бұл сәндік үшін де қажет көрінеді. Ал поролон ауа өткізбейтін болғандықтан, қысы-жазы аяғыңыз терлеп, берекеті кетеді. Осыдан келіп түрлі аурулардың асқынуы белең алады. Сондықтан балаға аяқ киім таңдау барысында өте мұқият болған абзал. «Жүруге ыңғайлы» деп табаны теп-тегіс аяқ киім ала беру дұрыс емес. Ол да жоғарыда айтқан жалпақтабандыққа, яғни тобанаяқтыққа әкеп соғады. Үміт үзгің келмейді Отандық өнеркәсіп жайлы сөз ете қалсақ, ауызды қу шөппен сүртуге тура келетіні рас. Себебі бүгінде Қазақстан нарығындағы жеңіл өнеркәсіптік тауарлардың 10 пайызы ғана отандық өндірушілердің өнімі екен. Кезінде республикамызға ғана емес, бүкіл Кеңес Одағына, тіпті шетелдерге де танылған киім, аяқ киім тігетін кәсіпорындардың бүгінде «сарқыты» да қалмаған. Қолда барының республика жұртшылығын өніммен қамтамасыз етуге қауқары жоқ. Осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын қазақтың қылшық жүнді қойының жүнінен тігілген тоқыма бұйымдары бүкіл Одақты тамсандырса, «Жетісудың» аяқ киімдерін бала кезімізде жеті жыл тепкілеп кисек те тозбаушы еді» деп әке-шешелеріміздің тамсана айтып отыратыны есімізде. Ал Тараздағы тері шикізаттарын өңдеу және қайта өңдеу комбинаты бүкіл Кеңес Одағын аяқ киіммен қамтамасыз етіп отырған деседі. Кезінде дүрілдеп тұрған Ал­матыдағы аяқ киім шығаратын «Жетісу», Шымкенттегі «Восход» фабрикалары мен Алматыдағы мақта-мата комбинаты бүгінде жоқ болған. Бір кездері Қытайдың өзі «қазақтың жеңіл өнеркәсібінің болашағы зор» деп болжаған екен. Олар мұны жай­дан-жай айтпаса керек. Кеңес Одағы құлдырағанға дейін еліміздегі 11 аяқ киім фабрикасы жылына 50 миллион дана өнім шығарып тұрған. Бүгін соның бесеуі ғана қалған. Бұлар қазіргі күнде өз өнімдерімен халық­тың бір пайызын ғана қанағаттан­ды­ра алады. Ал қалған алтауының өзін-өзі сүйреуге шамалары келмеді. Ондағы қондырғылар металломға айналып кете барды. Қалған бесеуі­нің де жағдайы мәз емес. Еркін саудаға өнім шығаруға шамалары жетпей, тек тапсырысқа телміріп, тендерге жіпсіз байланып отырғаны. Алматыда орналасқан үш аяқ киім фабрикасы жылына бар-жоғы 67 мың жұп қана аяқ киім шығарумен шектеледі. Оның өзінде балаларға арналған бұйымдар жоқ. Тек тапсырыспен құрылысшыларға, мұнайшыларға, әскери қызметкерлерге аяқ киім тігеді. Қалай десек те, біздің қоғамның көршілес елдерге алғыс айтқаннан басқа амалы жоқ. Тіпті айырқалпақты ағайындарымыз елдегі ауық-ауық болатын дүмпулерге де қарамастан, өткен жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында ТМД елдері арасындағы өнеркәсіп саласындағы көрсеткіш бойынша алдыңғы орында тұр. Ал біз бауыр етіміз – баламызды да өзіміз киіндіре алмай келеміз. Мәселен, көрші Қырғызстан, Қытай, Ресей елдерінде жеңіл өнеркәсіп саласына Үкімет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалған. Қытайда киім тігетін мекемелер салықтан босатылған. Ал біз қолда бар шикізатымызды іске асыра алмай келеміз. Еліміздегі фабрикалардың тәуекелге бел буып, өз өнімін көпшілікке ұсынуға сұраныстың жоқтығы қолбайлау. Оның үстіне бізге дайын былғарылардың бәрі шетелден келеді. Бізден аздаған тиын-тебенге сатылып кеткен те­рілеріміздің бағасы еселеніп, өзі­мізге қайта оралады. Сонымен қа­тар қазақстандық мақтаның да 80-90 пайызы экспортқа төмен бағамен сатылып, одан жасалған дайын киім-кешекті біз бірнеше есе қымбатқа сатып аламыз. Мамандардың пікірінше, Қытай, Үндістан сияқты ірі импортшылармен бәсекелес болуға біздің мүмкіндігіміз жеткілікті. Оған географиялық жағдайымыз да қолайлы. Бірақ қолда барды ұқсата алмай ұтылып отырған жайымыз бар. Есесіне әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған киім, аяқ киім тасқынын місе тұтамыз. Баламызға қалтамыз көтергеніміз «ресейлік» деп сатылатын «Гномик», «Совенок», «Беби-бум» фирмаларының 5000 теңге мен 12-15 мың теңгенің айналасындағы аяқ киімін алып береміз. Қарапайым халықтың 500-1000 теңгелік Қытай­дың өніміне сүйенері анық. Енді біріміз «Үндістанда жасалған», «Амери­када жасалған», «Кореяда жасалған» деген жалған белгілермен келген тауарларға да ұрынып қалып жатамыз. Айтпақшы, өткен жылы Үкімет 2010-2014 жылдарға арналған отандық өндірісті қолдауға бағытталған бағдарламаға толықтырулар енгізген болатын. Онда отандық киім өн­дірісін өркендету мәселесі сөз болды. Ендеше, осы бағдарлама аясында, ең болмағанда, балалар сапалы әрі бағасы да қолжетімді киім-кешекпен қамтылса деген игі тілек бар бізде.

Қытайдың экономикалық дамуы өткен ғасырдың 70-80-жылдары басталған. Ал Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың ыдырауы қытайлықтар үшін үлкен серпіліске жол ашты. Сол қиын-қыстау кезеңді межеге алып, посткеңестік елдерге арзан, бірақ сапасыз тауарларын енгізе бастады. Ал бүгін біздің қоғамды қытай тауарынсыз елестете алмайтын деңгейге жеттік. Кезінде Махатма Ганди «ағылшындарға қарсы күресудің бір жолы – ағылшын та­уарларын сатып алмау» депті. Осы саясаттың нәтижесінде саудасы тоқтап қалған ағылшындар үнді жерін тастап, өз елдеріне оралған деседі. Міне, бұл кеңестен біздің де аларымыз мол. Болашақ ұрпағымыздың денсаулығына алаңдасақ, өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық қылмай, отандық өнеркәсіпті жандандыру қажет. Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

3784 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9153

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7283

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5023

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4407

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4372

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4332

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4067

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4059

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы