• Қоғам
  • 08 Маусым, 2011

Мәселенің ақиқатына жүгінейік

Н. ҚАРТБАЙҰЛЫНЫҢ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫНА АШЫҚ ХАТЫНА («Ана тілі» № 19(1067), 12-18.05.2011) АШЫҚ ЖАУАП

Қазақ – сөздің мазмұнына, дерегі мен дәйегіне қатты мән берген халық. Дәйексіз сөзді «әншейін, абысын-ажынның әңгімесіндей нәрсе ғой» деп дұрыс қабылдамаған. Енді Ашық хаттың мазмұнына нақтырақ жауап берейік. Ашық хатта салыстырмалы, нақтыланған ешқандай деректер жоқ. Айтатыны тек қана: «Тіл туралы» Заңның күшіне енуінің жылдығын 40-тай киіз үй тігіп, үш күндей үлкен мереке етіп өткіздік», – дейді Қартбайұлы. Шындығында, сол 1991 жылғы қарашаның 4-5-і күндері Ақтөбе қаласында республикалық қоғамның бас­тамасымен және шешімімен өткен республикалық «Қазақ тілі» қоғамының көшпелі пленумының (облыстық емес) бағдарламасын қоғам төралқасымен келісіп, жан-жақты ойластырып жасап, Ақтөбе қаласының және барлық аудандардың әкімдерімен жеке-жеке сөйлесіп, барлық жағынан да (ішінде киіз үйлер тігу де бар) ұйымдастырған Ақтөбе облыстық ұйымының төрағасы, профессор Мұхтар Ғалиұлы Арынов, оған тікелей қолдау көрсеткен облыс әкімі Шалбай Құлмаханов болатын. Негізгі баяндаманы республикалық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Әбдуәли Қайдаров, қосымша баяндаманы халық депутаттары Ақтөбе облыстық кеңесінің төрағасы Е. М. Золотарев, ал «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымының жұмысы туралы баяндаманы жасаған облыстық ұйым басқармасының төрағасы, профессор Мұхтар Ғалиұлы Арынов болатын. Ал Қартбайұлының «біз 40-тай киіз үй тігіп, үш күн бойы мемлекеттік тілге байланысты есте қалатындай шаралар өткізген едік», – деуі «ұстаған жемтігін жеп отырған бүркіттің қасына барып, қарғаның «сіз болып, біз болып алдық қой әйтеуір» дегені сияқты сөздер. Киіз үй тігіп, мерекелік көрініс жасау – ол әлі нәтиже емес және оны ұйымдастырған да Қартбайұлы емес.

Оның: «Қазақ тілі» қоғамының бүгінде бары не жоғы белгісіз, тірлігі мен тынысы сезілмейді», – деуі де қызмет істеуді ұйымдастырудың әдістері мен реттерін түсінбеушіліктің, өзі айналыспаған соң анығын білмеудің салдары. Іс жиналыспен, мерекемен бағаланбайды, нәтижесімен бағаланады. Мысалы, облыстық, қалалық, аудандық ұйымдардың жетекшілері мен басқа да қызметкерлері дүркін-дүркін, кейде апталап, кәсіпорындарды, ұйымдарды, мекемелерді, мектептерді, арнаулы орта, жоғары оқу орындарын аралап, «Тіл туралы» Заңның орындалуына, мемлекеттік білім беру стандартының жүзеге асуына байланысты жұмыстармен танысып, зерттеп, пікірлерін айтып, жәрдем беріп жүреді. Оны кімге, не үшін және қалай айтып, жар салып жүресің. Ақтөбе облыстық ұйымының басқармасы көптеген зерттеулер нәтижесінде Республика Президентіне, Парламентіне, Үкіметіне бірнеше хаттар жазып, «Тіл туралы», «Білім туралы» Заңдарға өзгертулер енгізу жөнінде ұсыныстар жасады, оның жартысына жуығы тиісті Заңдарға, нормативтік құжаттарға енді де. Ол жақсылыққа қарай нақтыланған өзгерістер әсерінің Ақтөбе облысының ғана емес, Қазақстанның басқа да облыстарындағы қоғам ұйымдарының да жұмыстарының жақсаруына септігі тигені анық. Ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің Заңға сәйкес қолданылмауы жөнінде жергілікті жерлерден екі мыңнан астам қол жинап, Республика Парламенті Мәжілісінің төрағасына апарып тапсырып, қалалық ұйымның сол кездегі төраға орынбасары Есмахан Әбдіраш Астанада «Ақшам» телеарнасынан сөйледі. Ал мен, облыстық ұйым төрағасы Кемейдулла Төлеубайұлы, Астанада бір рет «Хабар» телеарнасында, екі рет Мәжілістің Парламенттік сағатында, бір рет депутаттар фракциясының отырысында сөйлеп, мемлекеттік тілдің өз мәртебесі дәрежесінде қолданылмайтынына наразылығымызды білдірдім. Сол кездегі Білім және ғылым министрлері Қырымбек Көшербаев, Шәмша Беркімбаевалардың, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, Көлік және коммуникациялар министрі Қажымұрат Нағымановтың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованың, Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Ерлан Арынның, Білім Академиясының президенті Өмірзақ Озғанбаевтың, Білім және ғылым министрлігінің комитет төрағасы Әділ Ахметовтің (ол комитет сол кезде қазіргі министрліктің жұмысын атқаратын), Парламент Мәжілісі комитетінің хатшысы Рысты Жұмабекованың қабылдауларында болып, «Тіл туралы» Заңның және білім туралы кепілді мемлекеттік стандарттың орындалуына байланысты қажетті шараларды алу үшін пікірлерім мен ұсыныстарымды айттым. Соңғы 15-16 жылда мен барлық аудандарды 4-5 реттен аралап, жұмыстарымен танысып, қажетіне қарай жәрдем бердім. Бұларды қоғам жұмысынан қол үзгеніне 15 жылдан асқан Қартбайұлы қайдан білсін. Ал облыстық ұйымның жауапты хатшысы Орынбасар Оразов дүркін-дүркін бірнеше аудандарды аралап, бірнеше реттен аудандық ұйымдардың, кәсіпорындар, мекемелер, мектептердің жұмыстарымен танысты, Ақтөбе қаласындағы барлық аралас тілді және орыс мектептерінің «Тіл туралы», «Білім туралы» Заңдардың орындалуына байланысты жұмыстарын екі реттен, кейбіреулерін үш реттен тексеріп, зерттеп, көмек берді. Шынайы тіл жанашыры болса, Қартбайұлы еңбекақыны қаржы қоғам мүшелерінен мүшелік жарна жинау арқылы түссе ғана алатын «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымындағы төрағаның орынбасары қызметін тастап, мемлекеттік бюджеттен тұрақты төлейтін еңбекақысы бар қызметке – облыстық мұрағаттар басқармасының бастығы болып неге кетті. Бірақ, неге екені бізге белгісіз, Қартбайұлы ол қызметтен кеп ұзамай босап қалды. Қартбайұлы облыстық ұйымды тас­тап кеткен соң, алты айдан кейін өткен «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымының 1996 жылғы ІІІ есеп беру-сайлау мәслихатында қоғам мүшелерінің саны 75 мыңға жеткені айтылған болатын. Қазір олардың саны 121 мыңнан асты. Сол кезде Ақтөбе қаласында 11 қазақ мектебі жұмыс істеді. Қазақ балаларының облыста 78,4 пайызы, Ақтөбе қаласында 62,2 пайызы қазақ тілінде оқыды. Облыс мектептерінде 21576 қазақ баласы орыс тілінде оқыды. Қаладағы балабақшаларда тәрбиеленетін 4771 қазақ баласының 23,7 пайызы ғана өзінің туған ана тілінде тәрбиеленді. Қала бойынша қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін 106 оқытушының небәрі 14 пайызы ғана қазақ тілінің маманы болған еді. Ал Қартбайұлы қоғамнан кеткеннен кейінгі 16 жылда жағдай айтарлықтай жақсарды. Қазақ мектептері облыста көптеп ашылды. Соңғы алты жылда ғана облыста қазақ мектептері 49-ға көбейді. Осыдан жиырма бір жыл бұрын 1476 қазақ баласы оқитын бір ғана қазақ мектебі болған Ақтөбе қаласында кейін қазақ мектептері 31-ге дейін жетті. Қазір қазақ мектептері мен 31 аралас тілде оқытатын мектептерде қазақ тілінде 28010 қазақ баласы, яғни қазақ балаларының 73,3 пайызы қазақ тілінде оқиды. Ал «Тіл туралы» Заң қабылданған 1989-1990 оқу жылында Ақтөбе қаласында қазақ балаларының 11,7 пайы­зы ғана қазақ тілінде оқыған еді. Сөйтіп, Ақтөбе қаласында қазақ тілінде оқитын қазақ балаларының саны соңғы жиырма бір жылда 19 есеге көбейді. Қазір облыстағы мектеп оқушыларының 86,5 пайызы – қазақ балалары, солардың 85 пайызы қазақ тілінде оқиды. Бұл – республикадағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Олардан басқа 404 өзге ұлт балалары қазақ тілінде оқиды. Ақтөбе қаласындағы 65 мектептің 6-уы ғана орыс тілінде оқытады. Оларды да араластілді мектептерге немесе бірқатарын таза қазақ мектебіне айналдыру ойластырылуда. Қазақ тілінде оқытатын мектептер мен сыныптардың көбеюі соңғы жылдар ішінде тек қана Ақтөбе қаласында қосымша 3047 ұлты қазақ мұғалімдердің мамандықтары бойынша педагогтік жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасады. Қартбайұлының «арым таза» дегені де шындыққа үйлеспейді. Ол аудандардағы және қаладағы кәсіпорын, ұйым, мекемелерге, мектептерге, басқа да оқу орындарына барып, нақтылы, жүйелі де күрделі жұмыстармен танысып, зерттеп айналыспайтындар санатынан. Облыстық ұйымның бұрынғы төрағасы, қадірлі азамат Мұхтар Арынов 1995 жылғы қыркүйектің 10-ы күні фәни дүниеден өтті. Содан кейін бір-екі жетінің шамасында Қартбайұлы «Қазақ тілі» қоғамындағы жұмысын тас­тап, облыстық мұрағаттар басқармасының бастығы қызметіне кетті. Осы да тілдің тағдырына жанашырлық па? Оның үстіне облыстық ұйымның меншігіндегі жалғыз «Нива» жеңіл автомобилін жап-жаңа күйінде жекеменшігіне тегін алып кетті. Бұл адалдыққа, ардың тазалығына жата ма?! Сөйтіп, облыстық ұйымды көліксіз қалдырды. Автокөлік болмаған соң штатта жүргізуші де болмайтыны белгілі. Осы арада Төлеубаев 70 (жетпіс) мың теңге жалақы алады деп кекесіндене жазады. Академик М.Жұрыновтан көп алады екен дейді. Қызмет жүйесіндегі негізгі жұмысынан алатын жалақы, қосымша қоғамдық жұмысынан алатын жалақы деген ұғымдарды қаперіне де алмайды. Бұл – бір. Екіншіден, төрағаның жалақысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы төралқасының қаулы-нұсқауына сәйкес белгіленген. Үшіншіден, мен, міне, 16 (он алты) жыл қоғамда автокөлік болмаған соң балам сатып алып берген өзімнің жеке автокөлігіммен жүрмін, бүкіл шығыны өзімнен, жүргізушінің айлық жалақысы – 60 (алпыс) мың теңге. Оның 35 (отыз бес) мыңын өзім төлеймін, 25 мың теңгесін балам төлейді. Өзі қалап барған мемлекеттік бюджеттегі облыстық мұрағаттар басқармасының бастығы қызметінен қалай босап қалғаны белгісіз, баяғы Қартбайұлы жұмыссыз қалған соң, бір кезде өзі тастап кеткен «Қазақ тілі» қоғамына қайтып келіп, жұмыс сұрады. Қартбайұлының амалсыздық жағдайы ескеріліп, Ақтөбе теміржол бөлімшесіндегі «Қазақ тілі'' қоғамы мүшелерінің 2001 жылғы 31 шілдедегі жалпы жиналысы, облыстық ұйым төрағасы Кемейдулла Төлеубайұлының қатысуымен, «Ақтөбе теміржол аймақтық ұйымын» құрды. Сол жиналыста Нұхы Қартбайұлы аймақтық ұйымның төрағасы болып сайланды. «Ақтөбетеміржол» аймақтық ұйымы өзін-өзі қаржыландыру ретімен жұмыс істейтін болып құрылған болатын. Аймақтық ұйымның әлі қаржысы жоқ еді. Сондықтан Қартбайұлының жұмысты бастап, істеп кетуі үшін алғашқы 6-7 айға қайтарылатын қарыз ретімен облыстық ұйымнан еңбекақы алуына қаржы бердік. Бірақ Қартбайұлы ешқандай қаржы жинай алмады. Қарыз ақша сонымен қайтпай қалды. Сосын мен Қартбайұлына жәрдем ету үшін арнайы хат жазып, 2001 жылғы 22 қазанда Астанаға, «Қазақстан теміржолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Абылай Исабекұлы Мырзахметовке бардым. Кездестім. Ол менің ұсыныстарымды қолдайтынын айтып, уәде берді. Бірсөзді де шешімді басшы Абылай Мырзахметовтің 2001 жылғы 12 қарашадағы № Т-191-1 төмендегідей хатын алдым. «Ақтөбе облыстық «Қазақ тілі» қоға­мының төрағасы К.Төлеубай мырзаға Құрметті Кемейдулла Төлеубай мырза! Сізден келіп түскен хат мұқият қарастырылды. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік нысан. Азаттықтың арқасында қазақ тілі мәртебелі Мемлекеттік тілге айналды. Мемлекетті құрметтеген азамат бұл міндетке асқан жауапкершілікпен қарайды. Осы жауапкершілікті «Қазақ теміржолы» РМК да мойындай отыра, орталық аппаратта кадр саясаты департаменті жанынан мемлекеттік тілді енгізу бөлімін ашып, теміржол саласына мемлекеттік тілді енгізуде біраз тыңғылықты шаруалар атқарып келеді. Осыған орай аппарат басшысы Р.Күзембаев төрағалық ететін Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі комиссиясы құрылды. Сіздің инспектор дәрежесіндегі бір үйлестіруші өкілетті қызметкер орнын штатқа енгізу туралы ұсынысыңыз осы аталмыш комиссияның 28.10.2001 ж. өткен отырысында оң шешімін тапты. Бұл лауазым барлық тасымалдау бөлімшелеріне енгізілетін болды. Хатыңыздың екінші тармағына келетін болсақ, инспектор іссапарға қызмет бабымен шыққан жағдайда шығынды белгіленген тәртіп бойынша жергілікті кәсіпорын көтереді. Құрметпен, Бас директор А.Мырзахметов». Одан кейін «Қазақстан теміржолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Бас директоры Б.Баймұхановтың «Мемле­кеттік тілді енгізу жөніндегі шаралар туралы» 2001 жылғы 11 желтоқсандағы № 655-ц бұй­рығын алдым. Бұйрықтың 2-ші пунктінде: «Тасымалдау бөлімшелерінің штат кестелеріне мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі инспектор лауазымының 1 бірлігі енгізілсін..., ал 6-пунктінде «осы бұйрықтың орындалуына бақылау жасау аппарат басшысы Р.Т.Күзембаевқа жүктелсін» деп, Бас директор Б.Баймұханов қолын қойып, мөрін басқан. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, сөйтіп, менің себебіммен «Қазақстан Теміржолының» Ақтөбеде ғана емес, барлық тасымалдау бөлімшелерінің штат кестесіне мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі бір инспектор лауазымы енгізілген болатын. Міне, осы екі директордың хаты мен бұйрығын алып, Қартбайұлын ертіп барып, Актөбе тасымалдау бөлімшесінің бастығы Бөріхан Беркімбаевпен, сонда болған «Қазақстан теміржолы» басшылығының Батыс Қазақстандағы өкілі Амангелді Селбаевпен кездестіріп, жоғарыда айтылған хат пен бұйрықты көрсеттім. Бірақ теміржолдың республикалық басшыларының бұйрықтары орындалмады. Бөріхан Беркімбаев пен Амангелді Селбаевтар Қартбайұлын штатқа енгізіп, қызметке қабылдамады. Содан кейін біз орналастырған «Ақтөбетеміржол» аймақтық ұйымында өз бетімен келістіріп, ештеңе істей алмаған соң, Қартбайұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасына ісқағаздарын мемлекеттік тілге көшіруге байланысты қызметке орналасты. Себебін біз білмейміз, көп ұзамай одан да кетті. Ашық хатта «ана кісі пікірін айтып еді, мына кісі пікірін айтып еді, Төлеубаев тыңдамады» дейді. Тыңдау үшін пікірлер негізді, іске пайдалы және біздің істеп жатқан істерімізден тәуірірек болуы керек қой. Міне, қазір Қартбайұлы өз «пікірін» газетте жазып отыр. Сонда жеке өзі елге пайдалы қандай істер атқарды, ол ісінің нәтижесі қандай? Атын атап, нақтылы бір сөз де айтпайды. Қартбайұлының «Қазақ тілі» қоғамында бес жылдан астам істеген кезіндегі нәтижелер – сол кездегі облыстық ұйымның қоғамдық негізде істейтін төрағасы Мұхтар Арыновтың абырой-беделі мен іскерлігінің нәтижесі. Ал Қартбайұлы төрағаның орынбасары ретінде атап айтарлық нақтылы бірде-бір күрделі іске араласқан жоқ. Қартбайұлының қоғамның есеп беру-сайлау жиналысын уақыт өткізу үшін Төлеубаев үш жыл бойы 9 рет ауыстырды дегені де жөнсіз сөйлейтін кісінің сөздері сияқты. Керісінше, сол жиналысты өткізейік деп екі рет қаулы алып, ұсыныс жасаған біз едік. Бірақ республикалық қоғамның төралқасы «құрылтай кейінірек өтеді, сіздің құжаттарыңыз ескіріп кетеді, сәл күтіңіз деп» біздің пікірімізді қолдамады, есеп беру-сайлау жөнінде қаулы қабылдамады. Ал біз тәртіпке бағынған ұйымбыз. Есеп беру-сайлау жиналыстарын өткізу туралы қаулыны республикалық қоғам төралқасы биыл, жақында ғана қабылдады. Біз пікірімізді айттық. Ашық хаттағы естелік жазуды ерсі көру де – жөнсіздік. Әр аптаның екі демалыс күнін пайдалану адамдардың өз еркінде емес пе? Қартбайұлының жөнсіздігінің енді бір түрі – өзінің қисық пікірлерін фәнилік дүниеден өткен асыл азамат Арынов Мұхтардың есіміне сілтеме жасап айтып, өзін дұрыс адам етіп көрсеткісі келуі. Қартбайұлы «1995 жылы өзім басқа жұмысқа ауысып бара жатқанда, Кемекеңді орныма отырғызып кеткенімнің де қате болғанын кештеу түсіндім» дейді. Мүлде бекер әңгіме. Қартбайұлы бір күнге де облыстық ұйымның төрағасы болып сайланған жоқ. Қартбайұлы өзінің ашық хатында «Кемекең өзінің атасы Мөңке би туралы 427 беттік кітап жазып, оны қоғамның 500 мың теңге қаржысын жұмсап шығарыпты», – деп жазады. Біріншіден, ол жасырын емес, бірақ 500 мың емес, 448 мың теңге жұмсалған. Екіншіден, білген кісіге Мөңке би – тек менің ғана атам емес, ол бүкіл қазақ деген халықтың атақ-даңқын бүкіл әлемге асқақтатқан, атын шығарған, абыройын көтерген, мұсылман әлемінде теңдесі жоқ ұлы ойшыл, алдағы 300-400 жылдығын қолға ұстатқандай айтып кеткен көреген-болжампаз, әйгілі би, жырау. Қартбайұлы ашық хатының басталар тұсында «ашық айту – ардың ісі» дейді. Негізі болса, ол дұрыс та шығар. Бірақ атам қазақ «жаным – арымның садағасы» деген ғой. Азаматтық ардың тазалығына байланысты жоғарыда жазып көрсетілген нақты мысалдардан қадірлі оқырман қауым өздері де оқып, сөз бен істі салыстырып түсінер деп ойлаймыз. Ізгі ниетпен, қол қоюшылар: «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы Төлеубай Кемейдулла Облыстық ұйымның жауапты хатшысы Оразов Орынбасар Алға аудандық ұйымының төрағасы Ырсымбетова Татьяна Әйтеке би аудандық ұйымының жауапты хатшысы Саймағамбетова Бақыткелді Қарғалы аудандық ұйымының төрағасы Мысаев Мейрамбек Қобда аудандық ұйымының төрағасы Бажраев Есенгелді Мәртөк аудандық ұйымының төрағасы Құлжанов Бергенбай Темір аудандық ұйымының төрағасы Дулатбай Гүлжан Ойыл аудандық ұйымының төрағасы Қази Тәжі Хромтау аудандық ұйымының төрағасы Жұмағалиева Мәриям Ырғыз аудандық ұйымының төрағасы Бекниязова Алмагүл Байғанин аудандық ұйымының төрағасы Таласбаева Гүлмира Мұғалжар аудандық ұйымының төрағасы Илубаева Алтынай

3572 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8773

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7065

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4809

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4195

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4157

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4118

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3848

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3848

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы