• Әдебиет
  • 13 Шілде, 2011

Соңғы барымташы

d182d0b0d0b1d183d0bdІ – Ертең Тілеміске сәлем беріп қайтамыз! – Бұл менің көптен бері аңсай күткен сауалым еді. Жұмабай ағайым осылай дегесін, түнімен елегізіп, ертеңгісін шала ұйқы күйде ояндым. Мезгіл март айының орта шенінен ауған. Аязы шымыр демесең, күндізгі бұлтсыз ашық кездері сары шуақ маужыратып, күн беткейдің күртігі кеуілжір тартқан шақ. Мұндай уақта ауыл-үй маңындағы тал-терекке, аулаға қонып, шаттана шырылдасқан суық торғайлар үнінен де көктемнің таяу қалғаны аңдалғандай; ағаш-бұтаның бүрлері буазсып, зеңгір тартқан аспан жерден биіктей түскен; әр таң сайын биікке өрмелеген күннің нұры молайып, жылуы өткірлене бастағанын жаның да, тәнің де рахаттана сезінеді. – Өлмеген құлға болды жаз деген осы! Тағы да көктем кеп қалғаны ғой, – деп күрсінді Жұмабай ауладан шыға жан-жағына қарады да, шақырайған күнге шағылысқан үлкен ала көзін сығырайта қысып. Сирек мысық мұртын саусағымен сылап, кербезденуді де ұмытпады. Жұмабай байырғы теміржолшы еді. Өзінің айтысына қарағанда, ежелгі Түрксибті ме, әлде осы арадан түстікке қарай төселген мынау теміржолды ма, бастан-аяқ салысқан. Қазіргі кәсібі – тіркеушілік. Дәлірек айтқанда – құрастырушылық. Тұйықта қалған бірлі-жарым вагонды паровозға тіркеп, ұзын-тіркес құрап жүргенін талай көргем. Әрине, ол екі аяқтың жұмысы. Сондықтан жаяу жүрісте оған ілесу қиын. Бірақ мен одан қалмауға ұмтылдым. Оның талай рет құбылта, құлпырта айтқан әңгімелері бойынша менің бала қиялымда жатталып, қызықтырумен келген хикая – өткен заман мен бүгінгі дәуір арасын өз өмірімен көпір етіп жалғаған адамдардың бір тылсым тұлғалысы – сол Тілеміс. Берен қайраты мен нар тәуекелінің берекеті батыр, балуан атану тұрғай, шапағатты тірлікке де жеткізбеген бұл бақытсыз пендені Жұмабайдың мақтағаны кейде даттағандай әсер беретіні мені ылғи да таңдандыратын әрі құпиясын білуге құштар ететін. Бір ғажабы – оның мақтап отырған адамының ақылсыз, алаңғасар, арам қайраттың иесі сияқты елестеуі менің сол кісінің бет-жүзін көруге құмарлығымды арттыра түспесе, сәл кеміткен емес. Сондықтан үйден шыға асыға аяңдап кеттік. О шеті мен бұ шеті үш-төрт шақырымдық жұмысшы қалашығы – Шұбарқұдықтың жаяу қыдырымпазы күнгейді бетке алып жосып келеміз. Ағайым ара-тұра: «Қырсық шал бізге пейіл берсе…» деген күдікке жармасады да, дереу ол тұжырымынан айнып, «Жоқ, ол шай-суына мырза ғой. Жыны құрыстап, әңгіме айтпай, томсырайып қалмаса» деп бір кетеді. Кәрі құлақ қарттар әңгімесіне соншалық құштар бозбаланың меселі қайта ма деген қаупі бұл. Әйтпесе Жұмабайдың Тілемістің өмір тарихына таңсық емесі маған аян. Кеше бір сөзінде шалдың әңгімеге зауқы соқпаса, сүрі қазыға тоярмыз дегенді де қыңқылдағаны, әрине, соның белгісі. Жұмысшылар қалашығының бір бөлігі «Қазақ ауыл» атанатын. Тілемістің үйі сол мекеннің шетінде екен. Аула мен қораны жаяу борасын сипап салыпты. Күн сайын күреп, аққала соғатын кісі болмағасын, күшті жел суырған аяқ жолдың кіршең қарсы шикі кірпіштен қаланған тоқал үйдің иелерін әбден басынып алған сияқты. Сарқайрақ күртік танкі көтеретіндей, аяқ бассаң ашулана сықырлайды. Аласа үйдің түбі түскен шелек төңкерілген моржасынан асыға шыққан бурыл түтін көлбей ұшып жатқанын көрген Жұмабай мұрнын көтеріп, иіс алды. Етекті танауын тыржитып, мысық мұртын бір сипады. – Дәу де болса, тары қуырып жатыр. Қойдың сары қиын жағуын қарашы кемпекеңнің!.. Ее, мына құдай атқан шал байып бопты ғой! К… қарамай бай-құлақ болғысы келеді осы жұрт! – деп, ауланың қары күрелген бұрышындағы екі-үш қараға сұқтана қарады. – Көрдің бе, пішенді де үйіп алыпты. Шалың қайратты-ау әлі… Мал байланғандықтан, күлімсі иістенген ауыз үйден өтіп, құрым киізбен қапталған есікті аштық. Бетке ыстық леп ұрып, қуырып жатқан тары иісі қолқа қапты. Бөлме қаракөлеңке екен. Кідіріп көз үйреткен бойда тай қазанның түбіндегі тарыны әрлі-берлі бұлғалап тұрған мыжық қара кемпірдің жүзін көргенге қуанысқандай, екеуміз жарыса сәлем берістік. – Жұма-абай-ау, сен бе, құлдығым, сенбісің, әй! Сені де көретін күн бар екен ғой… – деді. Үнінен ескен өкініш пе, сағыныш па екенін сездірмей. Жалма-жан екеуміз кемпірдің жарықшақ қолына жармасып, көріскен боп жатырмыз. – Жастарың ұзақ болсын! – деді кемпір. – Наурыздарың құтты болғай! – Тарың күйіп кетпесін, Әнипа! Шалың үйде ме? Дәу шалға көрісейік деп кеп едік. Ұрыспай ма? – деді Жұмабай күлкі аралас. – Ее, саған ұрысқан өте ме? – деді кемпір де кінәратсыз үнмен. – Былай шыға беріңдер, анау төр жаққа. Ей, шешпей-ақ қойшы аяқ киімдеріңді. Менің қай кілемімді былғармын дейсің, түге! Жұқалтаң пеш есіктің ар жағынан жөткірінген үн шығып, ізінше: – Огім-әй, кемпір? – деген жарықшақ, кәрі дауыс естілді. – Ой, құдайтағалла, бізге кім келуші еді! Жұмабай ғой… – Екеу сияқты еді ғой дыбыстары. Қасында біреу бар ма? – Қарай гөр саққұлақтығына! – деп Жұмабай таңдай қақты. – Қасында бір жас бала бар. Бұлардың қайсысын танушы едім мен? – деп кемпір тағы дауыстады. – Інім ғой. Тілекеңе сәлем бергізіп, әңгіме тыңдатайын деп, ертіп әкелдім, – деген Жұмабай галошын есік алдына қалдырып, қатты қара байпағымен төрге озып бара жатты. Пеш түбіндегі бөстек үстінде бүк түсіп жатқан шалдың шүңірек көздері мені әп-сәтте барлап өткен. Содан соң үңгір түбіндегі қызыл шоқтың жылты семгендей, жанарын ұзын кірпіктері қымтады. Мен көріскенде қолымды мыта қысқан салалы тарамыс саусақтар аппақ селеу сақалды бір тарамдап өтіп, жамбасының астындағы шақшаға жармасты. Байқауымша, бұл шал бір кезде тіпті ер келбетті, айбатты болған. Оны түксие барып көзіне төнген жүндес ұзын қабақтары ғана емес, етсіз дөңес мұрыны, шашы ұстарамен қырылған сопақ қарындай ақсары басы, кіп-кішкене жарғақ құлағы, өндіршегі шығыңқы ұзын мойны мен сылыңқы жағы, еті қашса да нұры таймаған тегіс беті сол ойымды дәлелдей түскендей. Шақшаны аяғына сүйей қақпағын алғанда: – Қарлығаштың көзін әлі ұстап жүр екенсің-ау, – деп, Жұмабай шыдай алмай, қыбыжықтап қалды. Насыбай иісінен дәметті ме, селдір мысық мұрты жыбырлап, алақаны еріксіз жайыла берген. Жарамсақтана қарқылдай күлгені де қызық. Әлгінде, жол бойы маған әрқилы ақыл айтқансып, мардымсумен болған Жұмабайдың мына жерде әңгүдік, жеңілтек тартып жүре беруінің сырын білмей, айран-асырмын. – Ее, бұны жоғалтып, мені не құдай атыпты, – деген Тілеміс қатқыл жөткірінді де, бұйра шөкімді алақанына төкті. Шыдай алмай алдына жылжып барған Жұмабайға тыжырына бір қарады да, насыбайды жаймен тілінің астына зытырып, шақшасын жамбасының астына қайта тыққан күйі түсін жылытпай, қырындап жатты. – Бір шөкім! – Тілемсектенбе! Жұмабай кейін шегініп отырды. Бірақ алақаны жаюлы. – Ау, Тілеке, көзім қарғамасын-дағы. – Ее, не жортақтап? Өйтпесең де беремін ғой... Қонақ қойдан жуас дейтіні қайда? Жекігені болмаса, шалдың үнінде ызғар жоқ. Әшейін Жұмабайдың жалынғанын қызық көретіндей. Бұл шыдай алмай: – Әбден көзімді қыздырып, жүйкеме тидің-ау, – дегенде: – Былтыр насыбай талқандасуға шақырғанымда ғой келмедің, әр нені сылтау етіп. Енді қара, насыбай атқышын! Мә, тілемсектенбей алшы әрі! – деп шақшаны ытқытып жіберді. Жұмабай шақша қолына тиісімен кейін сырғанап, көпшікке жантайды да, әп-сәтте бейжай түрге ауысып, маңғазси қалды. – Ана жылы осы шақшаны жоғалтып ала жаздады дей ме? – деп, тілін бұрап, шүлжіңдеп төтесінен сұрақ қойды. Әшекейлі өрнектерін сипалай отырып: – Мынау «Қарлығаш» деген сөз, арабша, – деп, менің көз алдыма тосты. – Қайда тастағанымды білмей әуреге түскенім ғой. Әйтпесе, бір көбе шөпті аударып үйгенді жұмыс демейтін едік. – Әнекей, көкжалыңның қайраты! Бұл қартайып, дәрмені құрыған күндегісі ғой. Баяғы қажыры берен еді ғой, берен! «Көкжал» – Жұмабайдың біреуді қатты мақтағанда қолданатын сүйікті теңеуі. – Ой, көкжелің-ай! Бір көбе шөпті аударып үйгенді жұмыс демей отыр-ау. Біз болсақ, асқаралы тау көрер едік. Шөптің ішінде мынау сияқты бір ескі шақша кетпек тұрсын, бір қап алтын жатса да! Қайрат қой шыдатпай баратқан. Қайрат! – Жұмабай үлкен ала көзін қысыңқырап, езуі құлағына жетерлік аузын ырситып, сылқ-сылқ күлді. Шай үстіндегі әңгіме биыл кемпір-шалдан кімдердің қайтыс болғанына, жерлегенде қанша шығын шыққанына, кімнің қабірінің қалай қазылғанына, кімдердің басына қандай белгі қойылғанына арналды. Содан әрі қыстың қытымырлығы, кімнің қандай соғым сойғаны жалғаса келіп, сөз Тілемістің өз басына тірелген. Шал тұрмысына да, жергілікті өкіметке де риза екен. – Бұ заманда тірі кісі қорлық көрмейтініне – мен куә! – деп, бұл әңгімені қысқа қайырды. Тілеміске нағашы-жиендігі үшін еркін қалжыңдасатын Жұмабай: – Енді төріңнен көрің жуық. Ақырет алдында тірлікте істеген қиянатыңның бәрін айтып арылсаң, күнәдан пәк болады екенсің. Айтсаңшы, қанша ұрлық істедің? Қанша мүсәпірге зорлық қылдың? Әңгіме болсын, қарап отырғанша, – деп қатыға жармасты. Мен шалға кейіп қалар едім. Ол жадырап масайрағандай, көпшігіне шалқалай сүйенді. Ойлана беріп, оқта-текте зәрсіз ғана: – Өй, құдай тас төбеңнен ұрсын! – деп зекіп қояды. II Ақыры Жұмабай «қырсық шалды» жеңді. Тілеміс бір оқиғаны шертпек боп оңтайлана отырды. – Мен қысастықты қолымнан келгенше жуандарға қылған кісімін, – деп шал біраз уақыт томсарып, айбаттана қарап, ойланып қалды. Содан кейін: – Адам ұрлықты өздігінен, ынта-еркімен істейін демейді. Соған итермелейтін бір тылсым күш бар. Оның аты – мұқтаждық. Ал ұрлыққа үйреніп алған кісі насыбайға үйренген құмарпаз тақылеттес. Тастай алмайды. Мен ұрлық істерде өзімді-өзім мүлдем ұмытып кетуші едім, – деді ол күрсініп. – Ұят, намыс дегеннің не екенін, әлеуметтің алдындағы парыз-қарызың есіңнен шықпаса, шынында, қиянатқа, қылмысқа баса аларсың ба?! – Ойпырай, көкжалыңның айтқанына бір қылдай қиянат босайшы! Ып-рас! – деп таңқайын қаққан Жұмабай көпшікті Тілеміс жаққа қойып жантайды. – Иә, естіген құлаққа жазық жоқ... – Кейде адам біреуге ерегескенде де күнәға батады екен, – деп Тілеміс тікірейіп, көзінің аңғалағына төнген жүндес ұзын қабағын сәл түйіп ойланды. – Ана жылы... осыдан бес жыл бұрын шығар-ау... Сірә, ең соңғы ұрлығым, құдай ақы, сол болар. Әлгі Рысбайдың Иткөзімен бір өрісте қой жаямын. Оныкі – қалқоздың қойы, менікі – жеке меншіктікі, – деп Тілеміс біраз уақыт үндемей түйлігіп отырды. – Иә, құлағым сенде. Рысбайдың Иткөзі дегенің мына «Кеңестудікі» ғой? – деп Жұмабай бір жылжып түсті. – Күнде кездескен сайын әлгі лағнет қағытпай өтпейді. «Ақсақал, баяғыда байларды қан қақсатқан ұры болды» дейді. Сол рас па? Әдетке айналып кетсе, ұрлық дегеннен тиылу қиын дейді. Қазір ештеңе ұрламай қалай жүрсіз?» деп, жыныма тие береді. Ондай бәтуасызға не дейін. «Ұрлықты пышақкесті қойғам. Сүттен ақ, судан тазамын. Енді қартайдым» десем, сене ме? Жоқ, әлі қолым құр тұрмайды. Ұрлаймын» дейін бе? Содан жауап таба алмай, жат та, ашулан! Бір арам ой көлденеңдейді. «Әй, осы ит маған неге жұғыса береді? Шынында, ептеп ұрлап көрсем қайтеді? Ортаның малы үшін өзінің меншікті қойын төлеп құтылсын!» деп, бір шайтан азғырмасын ба?! – Әнекей, көкжалың! Ал, бала, болды қызық! – деп Жұмабай екі алақанын бір-біріне ыспалап, шалға төніп барды. – Иә, әрі қарай... – Бір қиял өзімді өзіме қарсы қояды: «Қой, Тілеміс, пайғамбар жасынан асқанда... сорлы-ау, бұл адамгершілікке жата ма? Осы «Кеңесту» қалқозын ғой қолымен құрысқанның бірі өзің. Енді қартайғанда соның қойын ұрласақ, сені де баққан бәле бар шығар. Әй, шалым, сап-сап, өйтіп күнәһар болма! Байғұс-ау, ертең елдің бетіне қалай қарайсың? Ал жарайды, сенің ұрлығыңды ел білмей-ақ қойсын. Кеміс шыққан малдың орнына Иткөз өз қойын салсын-ақ. Бірақ адамда ар, намыс, ұят деген болмай ма? Ешкім білмеген күнде де солар сенің жаныңды жегі құрттай жемей ме? Ал жаның қиналып өмір сүргеннен көрде көсіліп жатқан көп артық дейтін өзің емес пе? Ақырет сапарына аттанар шағыңда бүйтіп күнәһар болма! – дейді әлгі қиял. – Анаң қара, ішкі арпалысы ғой көкжалыңның! Бірақ оған құмарлығы түскір еркіңе қойса! – деп, Жұмабай әңгімені демдей түсті. Маған қарап сыбырлады: – Ұрлық деген де карта ойыны сияқты құмар-құштарлығы әләй нәрсе дейді ғой! Тегінде, адам жақсылықтан гөрі жамандықты бойына тез жұқтырады ғой... Шал жөткірініп, әңгімесіне қайта кірісті. – Бірақ әлгі оңбағанның «Туғаннан ұрлық істеген адам түзелмейтін көрінеді» деген қағидасы құлағымда аш масаша ызыңдайды да тұрады. Содан бар-ау, бір белгісіз ыза көрінеді. «Бәрібір, мені таза деп тұрған бұл жоқ. Осыны бір оқсатайын» дегенге тоқтадым. Сөйтіп, қапысын аңдыдым. Араға бір-екі күн түскен... – Ал, бала, болды қызық! – деп Жұмабай менің тақымыма соғып қалды. Қопаңдап орнынан тұрып, бір тізерлей отырды. – Келесі күні Иткөз қойын тағы қапталдаса өргізген екен. Шашырай жайылып, ендеп кетіпті. Қойшысы көрінбейді. Атын тұсап жіберіп, тезек теріп жүрген сияқты. Жалма-жан есегімді отқа жібере салып, мен де тезек теруге кірістім. Бірақ бұл сырт көзге істеп жүргенім. Әйтпесе, еңкейгенім көп, қапқа салғаным аз. Сөйте-сөйте Иткөздің қойы құлап шығып жатқан жыраға да жеттім-ау... – Әп, бәлем, көкжалың! Болды, бала, қызық! – Балаша қуанған Жұмабай бөркін атып ұрды. Шаң бұрқ етті. – Жыраға түсісімен қабымды төсеп, үстіне жата кеттім. Қойлар жайылып келе жатып құлақтары қалқиысып, маған таңырқай қарасады. Кейбірі алыстан орағытып сақтана өтсе, кейбірі иіскеп, қол-аяғымды жалайды. Бейне маған: «Әй, Тілеміс, өзің қолыңмен құрысқан қалқоздың қойымыз ғой. Бізді танымай сені не қара басты?» дегендей құлақтарын едірейтіп, маңырап қояды. Көзім түскені – бір бозқасқа саулық еді. Арқалы әрі құйрықты, ірі қой. Он шақты күнгі көже қатықты айыратындай. Алақанымды жайғанға жемқор мал жақсылыққа жорыса керек. Иіскелеп, қолымды жалай бергенге алдыңғы аяғына шап еттім. Бауыздап тастадым да, тезек теріп, үстін жаба салдым. – Әнекей, көкжалың! – деп, шыдай алмаған Жұмабай жортақтап, құйрығын алашаға үйкелей жылжыды. – Әкел насыбайды!.. Иә, құлағым сенде! – Пышағымды жусанға сүртіп, тезек терген болып есегіме қарай бара жатыр едім. Иткөз шауып келеді, екі аяғы салақтап. – Ойпырай, сезіп қалған-ау! – деп, Жұмабай бейне сол ұрлық үшін өзін айыпты деп табатындай екі көзі үрейлене бақырайды. – Енді қайтер екен? – Әлгі лағнет амандық-саулық жоқ, «Әй, шал, қойыңа қасқыр шапты. Өй, тезекте басың қалғыр!» – дейді. «Қарғысың аузыңнан шығып, қойныңа кірсін, ақымақ! Қасқыр қойыңа емес, ниетіңе шапсын!» деймін, ештеңе білмегенсіп. Бірақ сонда да болса: «Осы ит сезіп қалды-ау» деп қысылып тұр едім. Түк те байқамапты. Әкесіне ұқсаған алаңғасар емес пе? – Жұмабай шалқая беріп, рахаттана сылқылдай күлді. Сүйсінгеннен алақанымен киізді соғып, шаңын бұрқ еткізді. – Әнекей, көкжалыңның қимылы!.. – Сылқылдап күліп алып: – Біліп қалса, милицияға тапсырады деп, шалбарыңды былғаған шығарсың! – деп тағы ырқылдайды. Бейне көзіне Тілемісті желкелеп апара жатқан екі-үш милиционерді елестеткен жандай мысқылды күлкімен: – Өкіметтің тәртібі қалай зәреңді алады, ә? – деді. – Өй, құдай тас төбеңнен ұрсын сенің! Мысық тілексің-ау... Милиция қайтсін мені басына бейнет қылып. Әшейін әлеуметке жария етіп, масқаралай ма деген қаупім-дағы. Пайғамбар жасынан асқанда... Ортаның қойына қол салды деген атағы жаман... – Иә, енді сені кім боршықтырып жүр, қалқоздың қойын ұрла деп?! – Ерегіс... ерегіс демедім бе мен саған. Иткөздің ашуы. – Иә, содан? – Иткөз түк білетін емес. Қойын қайырып тастап, әндете ойқастап барады. Шақырдым қолымды бұлғап. Арсалаңдап жетіп келді. – Иә, шалым, мына қойдың нешеуі сенікі-әй? – Нешеу болса да сенен ұрлаған қойды төлеуге жетсе болмай ма? Жорта қисық жауап беріп едім. Иткөздің ойында түк жоқ, ырсалаңдай береді. – Әй, әумесер, сенің қойың түгел ме? – дедім шыдай алмай. – Түгел, шалым, түгел. Жоғалса да сен емес қой жауап беретін, – дейді жайбарақат. – Атаңның басы түгел! Сендей ақымаққа қой бақтырып жүрген басқарма да оңған сиырдың боғы емес екен, – дедім жалт бұрылып. – Әй, мына шал не деп шатып тұр-әй? – деп Иткөз қызарақтады. – Дегенім сол – бір қойыңды сойып, етін тұздап алдым. Бар, ана басқармаңа сәлем айт: «Иткөз сияқты доңызға қой бақтырмасын» деп. Тілеміс сәлем айтты де! – Па, пах! Ой, сен шал да бір, есегіне әрең мініп жүріп. Менің қойым сен түгіл жас жігітті тоңқалақ асырады ұстағанда. Асау тай сияқты... – деп, Иткөз жайылып бара жатқан қойына сүйсіне көз тастады. – Ендігі жерде сенің қолыңнан ұрлық қайдан келсін. Сүдінің мынау, сиқың мынау! – деді мұқата күліп. – Келсе қайтер едің? – дедім зығырданым қайнап. Қорлығына шыдай алмай, жаным қозып барады. – Алғаның адал, байқамаған өзімді айып­тар едім. – Япырай, сен кәдімгі аузына ел қараған азаматтың сөзін айттың-ау. Сенейін бе, сенбейін бе? Қой, сен Рысбайдан емес шығарсың. Шешең басымен алысқан бәле еді. Сірә, ұйқысырап кеткенде пайда болған шығарсың, – деп қағыттым жас жігіттің ашуына тиейін деп. – Әлде бұл сенің сені енді қартайғанда ұры атандырайын деген қулығың ба? – Оллаһи, бала-шағам бар ғой, – деді Иткөз қарғанып. – Алғаның адал! Ұрлық та оңай кәсіп емес. Ептілігің жетсе, ұрла. Егер көзімше маған сездірмей ұрлай алсаң, оны елден өткен шеберлігің деп бағалаймын... – Онда анау мен бағып жүрген қойдан ұстап, өз отарыңа қос! – Не үшін? Әуелі ұрласайшы. Сосын аламын ба, алмаймын ба, ол менің шаруам. – Әй, ұстайсың ба қойды? Ұста дедім ғой! – Айттым ғой, шеберлігің жетсе тегін ала бер деп! – Онда жүр, етімді есегіме теңдеп бер! Сен жаңа дұрыс айттың. Мені құдай әбден атқан екен. Бір қойдың етін есегіме үш толғағанда арта алмай, иттен қор болдым. Тілеміске тірлікте одан өткен қорлық бар ма? Баяғыда Ақпан байдың Ақбедеуін кісенімен арқалап әкетіп сойып алған Тілеміс енді бір қойдың етін көтере алмады деген не сұмдық! Иә-әә, алпыстан кейінгі өмірдің өзі ішіңді ұрайын, итшілеген тірлік екен ғой... Әй, сен сөзді қой, менің қойымнан бір қой ұста! Саған обал болмасын. Содан кейін қойдың етін есегіме теңдеп бер! Ол әуелі менің сөзіме сенбей, мазақ етіп еді. Бірақ қайда барсын, өзі еріп келіп, етті есегіме теңдеп берді. – Содан кейін сені садақа таратты деген не сөз? – Садақа десең де, той десең де бәрібір. Осы ауылдың кемпір-шалын етке тойғызғаным рас. Иткөз алмаған олжа қойды шалдым. Әлгінде сенің естиін дегенің сол шығар. Оны қайдан құлағың шалып жүргенін... – деп, ұяла күңкілдеген Тілеміс іргеге қарай қисайып, енді әңгімеге зауқы жоқ ыңғай танытты. III Шайдан кейін Жұмабай екеуміз тысқа шыққанбыз. Ол өз әрекетіне дән риза көңілде мысық мұрты жыбырлап күле береді. Күлкісіне күңкілі қосылады. – Тоқтай тұр. Бұл қырсық шалдың тиегі ағытылады әлі! Енді көп тығыздамай, бұйдасынан жетелеген түйедей, анда-санда бір сауалмен қақпайлап отырайықшы. Желмаядай желмесе, маған кел. Өйдә, болды қызық! – деді балаша қуанып. – Қызық деймін бұның өмір тарихы! Бұл қазақ даласының соңғы барымташысы бола жаздап, одан сәбет өкіметі құтқарған кісі ғой... Соңғы!.. Барымташы дегенге сен өзі түсінесің бе? Орысшасы соның конокрад па екен? Ойбой, шырағым-ай, барымташы дегенге сен шошыма! Қазақ оны тіпті кешегі күнге дейін өнер санаған жоқ па? – Ұры ғой ол қалай мақтағанда да, – дедім оның сөзіне елікпей. – Ұрлықтың несі жақсы? – Әй, баламысың деген. Ұрлықты мақтаған кім бар? Мен мына Тілемістің өмір тарихының қызықтығын айтам. Бұның ұрлығының бәрі патша заманында істелген ғой. Жаңағысы ма? Өй, ойын-шынды нәрсе ғой. Өзі айтқан жоқ па, Иткөзге ызаланғаннан шықты деп. Әйтпесе, колхоздың қойын ұрламайды ғой. Шырағым, бұны осал шал деме! Атты казактармен, Алашқа қарсылармен соғысқан. Бандыны қуған кісі. Бірақ қайтесің, бағы жанбаған сорлыны... Бәріне өзі кінәлі... Тыңдайсың ғой қазір. Сүрленген жылқы етінің жүйке жидітер иісін сүйсіне сіміре төрге өтсек, Тілеміс шарт жүгінген күйі бізді күтулі екен. Үйіне көптен бері әңгімесін тыңдайтын кісі келмей, іші пысқан сыңайы бар. Сол мінезін әбден түсінген Жұмабай тоғанға қамалған тұма судың ылдиға қарай өзі сырғуын күткен кәнігі мұраптай шымшым сұрақпен шығаннан сыр тартып отыр. Тілемістің жалғыз баласы Назарға көңілі толмайтынын білетін ол біраз әңгімені сол төңіректе өрбітіп, қайсар қартты қайрап алған. Тілеміс бұл «жырды» онша өрістетпей: – Құрыған адамның несін сөз қыласың? – деп бір қайырды. – Одан сен жақынсың маған. Бөліп берерің болмаса да, жылына екі-үш рет келіп сәлем беріп, амандығымды білесің. Әй, Жұмабай, ел аман болсын-дағы. Мен Назардың өз ұлым екенін ұмытқалы қашан! Әйтеуір, тірі жүрсін демесең, одан бізге қайран жоқ. Өткен күзде өкімет мен сияқты масыл шалдарға шөп түсіріп бергенде, ауланың айналасын жинап кетсін деп шақыртсам, келмепті. «Өкіметтің мойнындағы шал емес пе? Қамқоршыларына жинатып алсын» депті. Бұған күйерсің бе, жанарсың ба? Ақыры көршінің балдары үйіп берді, айналайын! – Иә, оның саған өкпелейтін не жөні бар? Не дәметеді екен? Қайта, ауысқаны болса, аузыңа тоспақтан артық... – Өткен жылы көктемде баласын ертіп, «Сәлем беруге» келіпті. Кемпір аузына барын тосып, қуана қарсы алды. Содан кетерде балам: «Саматжан атасынан ат мінуге келді» деп, пиғылын сездіріп отыр. Биенің биыл құлындағанын естіген ғой. Сәлем беруге емес, пайда табуға келгенін өзі әшкере етті. Ой, бұндай жыным келмес. Қысы-жазымен бес-алты жылда соңына құлын ерткені сол еді. Соны қайдан құлағы шалған иттің? Әрине, немеремнің көңілі үшін құлынды атай салсам да болар еді. Бірақ менің мінезімді білесің ғой. Шілдедегі көндей құрыстым да қалдым. «Мінем десе, атасы Саматжанға көлік табады ғой» дедім де қойдым. Содан бері ренжігені сондай, немеремді сәлем беруге жіберуді қойды. Әнеугүні Ақпанның садақасынан келе жатсам, кемпір екеумізді бір бала құшақтап жатыр. Танымай қалыппын. «Ата, Саматпын ғой» дейді айналайын. Жекідім-ау мен де: «Неге қатыспай қойдың?» деп. Әкесі жібермейтін көрінеді. «Бала кезінде әркім өз әкесінің тілін алғаны жөн» деп. Жұмабай шалды көзіне мақтағанын сездірмей, әрлі-берлі желпіндіріп алған. Соған көңілденді ме, Тілеміс пеш артында жүрген кемпіріне дауыстады. – Әнипа-ау, Әнипа! Мына керкеткеннің баласының ойында бүгін кету жоқ па деймін. Тамағыңды асықпай сілікпе қылып пісір. Бұның әдеті ғой, қазандағы асың мен шақшадағы насыбайыңды тауыспай үйіне қайтпайтын, – деп кеңк-кеңк күлді. – Ой, байғұс, тірлікте ішіп-жегеннен артық бізге не қызық қалды? Ырыздық-несібең ортаймасын! Баяғыдан бері сенің асыңды Жұмабай жеп тауысып жүргендей сөйлейсің-ау. Әй, соры қайнаған! – деп кемпірі шынымен ренжігендей болды. – Пах, пах, мырзасынуын жаман қатынның! – деп Тілеміс тағы да көңілдене ұзақ күлді. Содан кейін үнін жұмсартып: – Әнипа-әй, мен бір өрелі әңгіме баста­йын деп отырмын, – деді тамағын кенеп. – Байғұсым-ау, бізден осы әңгімеден бөтен артымызда не қалар дейсің. Тірі болса, міне, мыналар айта жүрсін... – Тілеміс солқ етіп қатты күрсінді. – Шай әкел. Сары май мен жентіңді сал дастарқанға. Жұмабайдан артық қай қонақ келер дейсің бізге. Аяма барыңды! Шал ауыз үйдегі кемпіріне шыққанда, Жұмабай өз ойын шебер ойнаған артистей мойнын қиқаңдатып: «Ағаң қалай екен, бала? Енді елп етпе. Тиегі ағытылды бұ шалдың. Ертеңге дейін тыңдаймыз» деп, ет жегесін үйге қайталық деген менің ұсынысымды қабылдамай тастады. IV Біраз танысып, ауыл-үйдің күйкі тірлігін қоздатқаннан кейін Тілеміс жергілікті өкіметке, өзінің тұрмысына ризалығын, қарттық жеңгендегі тыныш әрі жұпыны күнкөрісіне тоқмейіл екенін білдірді. – Баяғы бай-манаптардың заманында біз сияқты қартайған, панасыз адамның мына менің тұрмысымда ғұмыр кешкенін көріп пе едік, Жұмабай? Мына балдар түк білмейді. Сен сол қаратүнек заманның шет жағасын көре қалдың ғой. Басқасын былай қойғанда, өзің «көкжал» деп отырған мына менің өзім күнімді көре алмадым емес пе? Айналайын, Кеңес өкіметі жетім-жесірдің, дәрменсіздің қамқоры ғой, – деп шал қартайғандағы тұрмысына көңілі көншитінін біраз әңгімеледі. Биыл да соғым сойғанын, отын-шөбі жеткілікті екенін тояттай айтып алғасын, насыбайын атып, астына екі құс жастықты қатар тығып отырды. Жұмабай да шабытына мініп, Тілемісті әрқилы сұрақпен тақымдауға кіріскен. – Кеудесі жақсылардың алтын сандық деген осы, бала! – деп, мысық мұртын жыбырлатып, маған көзін қулана қысып үлгерген ол Тілемістің қырыс-тырысы мүлде жазылғанын аңғарған екен. Әңгіме қайта қызып жүре берді.

Құрал ТОҚМЫРЗИН

3915 рет

көрсетілді

49

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6338

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5780

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3520

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2902

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2863

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2843

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2573

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2558

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы