• Әдебиет
  • 21 Шілде, 2011

Тағылымы мол ғұмыр

Ұлытаулық азамат Бітімбай Бекмағанбетов үлкенге де, кішіге де сыйлы, он жасынан еңбекке араласып, 77 жасқа дейінгі бүкіл ғұмырын адал еңбек етуге сарп еткен еңбекқор жан болатын. Бітекеңмен мен көптен бері таныс едім. Өзінің қайсар қазақтың ұлы екенін мақтан тұтатын азамат атадан қалған салтын қалтқысыз сақтайтын. Соның айқын айғағы жыл сайын өзі басшылықпен өткізетін – қымызмұрындық. Оған мені де үнемі шақырғанымен, жолым түсе бермейтін. Осы жолы бәрі оңынан болып, Бітекең ұйымдастырған қымызмұрындық дастарқанының қонағы болдым. Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендерінің бойын жайлаған елде малы мен егін шаруашылығы қатар жүргізіледі. Кеңес кезінде осы өңірдің екі кеңшары бүтін бір облысты астықпен қамтамасыз еткенін бүкіл ел білетін, соларды 20 жылдай басқарған осы Бітімбай ақсақал 1993 жылы «Береке» шаруашылық қожалығын ұйымдастырды. «Егінді» ауылының берекесі мен ырысына айналған оның өмір тәжірибесі мен білім-білігі ұшан-теңіз десем, артық айтқандық емес. Онымен он жылдай «Егінді» кеңшарының бас агрономы болып қызмет істеген «Құрмет» орденінің иегері Кәкім Әлімжанұлы: «Бітімбай Бекмағанбетов ұйымдастыру қабілеті ерекше басшы әрі ауыл шаруашылығын жетік білетін экономист маман болды. Кезінде «Егінді» кеңшары КСРО көлеміндегі озат шаруашылықтардың біріне айналды. Бітекең қарауындағы қызметкерлердің тұрмысына да баса назар аударатын. Жоспардан тыс өндірілген әрбір тонна астық үшін ақшалай, кейде заттай сыйлықтар бергізетін», – деп оның көреген көшбасшылығын еске алады. Бір ой бір ойды түрткілейді. Бітекең жердің жайын, елдің жайын бірінші кезекке қоятын. Ол өзінің «Түркістан» газетіне (4 наурыз 1997 жылы) берген бір сұхбатында: «Шаруа қожалығына аудандық жер қатынасы мен жерге орналастыру комитеті тарапынан пәрменді көмек керек. Жерге иелік куәлігін алумен іс бітпейді. Жерді агротехникалық талап­қа сай игеру бар, алғашқы жерге иелік етуден туындайтын құқы, бөлініп шығудағы оның құқы нақтылай түсуді қажет етеді. Шаруаға жерге иелік етуден бастап, одан алған өнімді өткізуге дейін Ұкімет тарапынан жеңілдік керек. Әйтпесе, ауыл шаруашылығы ілгері қарқынмен дами алмайды. Ауыл әкіміне кең құқық беріліп, ол материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілсе, құба-құп... Қаз тұрып, шаруа жайы көтерілгенше, техника, жанар-жағармай, қосалқы бөлшекпен көмек беретіндей, орталықтандырылған баяғы МТС сияқты мекеме жұмыс істесе, бізге үлкен көмек болар еді», – деп өз ойын ашық айтады. Одан әрі газетте «Бітімбай Бекмағанбетов басқарған Жекентау беткейіндегі «Береке» шаруа қожалығы 800 гектар бидай егістігінің әр гектарынан 8 центнерден өнім алды. Бұл – ең жақсы көрсеткіш. Қазір ол 500 тоннадай астық өткізді» деп жазылған. Ол «Бозтұмсық» ауылының ғана емес, өзі директор болып, аяғынан тік тұрғызған бұрынғы «Егінді» кеңшарының өткені мен бүгінгісін бес саусағындай білетін. Онысы әңгіме арасында анық аңғарылатын. Қымызмұрындық тойын­да да Бітімбаймен кездесу үстінде көбіне әңгіме ауаны шаруа жайына ауыса берді. Әйтсе де, мен көптен бері ойымда жүрген бір сұрақты көлденең тарттым. Ол әңгімесін әріден бастады. «Біздің жақтың жер жағдайын, ауа райын өзің білесің. Қысы – ұзақ, жазы – ыстық. Алты ай қыс боранда мал-жанды сақтау оңайға түспейді. Апта бойы Желтау жақтан соққан боран кезінде «соқ, боран, соқ, саған бола жұтайтын Шәлік жоқ» деген осы жердің бұрынғы өткен байларының бірі – Шәлік қазіргі Бозтұмсық ауылын, Қаракеңгір өзенінің бойын жайлаған екен. Бізден бұрынғы қариялардың айтуына қарағанда, төрт түлігі сай болған. Малдың жай-күйін, оты-суын, өрісін алдын ала ұйымдастырып, қысы-жазы бір тыным таппай, еңбек етеді екен. Маған кейбір жастар келіп: «Бітеке, тәжірибеңіз бар фермерсіз, бұрын ірі шаруашылықтарды да басқардыңыз, осы қалай баюға болады?» – деп сұрайды. Сонда мен: «Біріншіден, мен бай емеспін, Үкіметке тиісті салығын төлеймін, артық-ауыс дәулет артылып жатса, шаруашылықты одан әрі дамытуға, ауылдағы көпбалалы ата-аналарға, жалғызілікті қарттарға, мектептің жыл сайынғы жөндеу жұмыстарына жұмсап отырамын. Ал сен, шын мәнінде, бай болып, барша мұратыңа жеткің келсе, онда өзіңнің арғы атаң Шәлік байдың қалай байығанын білсең жарайды», – деймін. Олар: «Сонда қалай?» – деп жата кеп жабысады. Мен: «Ақымақ адам бай болмайды. Байлық ақылдыға қонады. Шәлік бай кеңес заманынан көп бұрын өмір сүрген. «Шәліктің көңі», «Шәліктің ат қорасы» деген жерлер әлі бар. Шәлік ерте көктемде, қар ери бастағанда, мал тұяғының ізі жерге түссе болды, зәйімкені тастап кетеді екен. Өзі ат үстінде тұрып, малдың әр түлігіне сай «осы жерге келіп жайылсын» деп, құрықпен жерге белгі салып кететін көрінеді. Мал баққанға бітеді. Оның жайын алдын ала ойластырады. Көктеу, жаз жайлауы, күз күзеу, қыс қыстауы қатаң тәртіппен бақыланады. Жайылымдық жерін қалай болса, солай рәсуа етпейді. Рет-ретімен ұқыпты әрі жүйелі түрде пайдалануға әбден машықтанған. Алдын ала есеп-қисабын жүргізеді. Әйтпесе, мал өсімі болмайтынын жақсы түсінген. Сол кездің өзінде нарық заңдылығын жақсы білген Шәлік атамыз жаз ортасынан күзге дейін қолорақ, белорақпен шөбін шаптырып, маялап үйіп алады да, тек қыста ғана пайдаланған. Қыс түсісімен кәрі қойлары мен семіз еркек тоқтыларын сойып, қысқа «ақ ет» етіп сақтаған. Мұны кейбір жерде «бүрме ет» деп те атайды. Ал қыс боранды болып, ұзаққа созылғанда, шөбі таусылған көрші-көлемдері келіп, көмек сұрайды. Бір шана шөп – ұрғашы тоқты, «ақ ет», яғни былтыр күзде сойылған тоқты етінің нарқы – бір буаз тоқты, әсіресе көктемде, «ұзын сарыда» «ақ ет» түгел өтеді екен. Осыдан-ақ байдың мал санының үнемі өсіп отыратынын көреміз. Амантөбеден мына Бозтұмсықтың Құйғанына дейінгі аралықты көптеген байлар жайлаған. «Құлжұмырдың қызыл үйі», «Шәліктің қыстауы», «Бөрібас-Әлінің көңі» деген сияқты атауларынан-ақ белгілі. Кешегі кеңес кезіндегі ұлы кәмпескенің тұсында осы жердің атақты байы Әленнің барлық мал-мүлкі тәркіленіп, өзі Итжеккенге айдалады. Әлен өз заманында өте сауатты, тіпті ояздың тілмәші да болып істеген. Әрине, ірі бай болған. Ол кезде Әлен сияқты талай байлар орынсыз зәбір шекті ғой. Әңгіме ол жайында емес. Менің айта­йын дегенім байдың ғұмыр бойғы жиған-тергенінің қалай талан-таражға түскені жайында болмақ. Тоғызбай ауылының «тоғыз белсендісі» жиырма төрт үй қаратабандарын қатар тұрғызып қойып, Әлен байдың ақ адал еңбегімен тапқан бар мүкәмалын пышақ үсті бөліске салады. Тай-тай жібектерін шешіп, «әуелі қызылдар өкіметіне шын берілгендігін көрсету үшін» Тоғызбайдың тоғыз белсендісі белдеріне қызыл матадан белбеу байлап алып, байдың мал-мүлкін өзара бөлісіп, әрқайсысының алдына ондаған қой-ешкі салып, ірі қарадан да үлес алып береді. Әленнің кезінде сонау Ыстамбұл, Петербордан алып келген алтын жалатқан шыныаяқтары, Туладан алдырған самауырларын, неше түрлі зерлі зерен тостағандарына дейін бөлісіп, астарына ат мініп, қаратабандар ауылдарына қайтады. Содан сонау қоңыр күзге дейін, «кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» дегендей, бір-бірін қой сойып, қонаққа шақырысып, бөліске түскен шүленді ішіп-жейді. Ақыры күзде оңай келген олжаның да арты сұйылып, келесі қыста малы жұтқа ұшырап, өздері баяғы таз қалпына қайта түседі. Бұл надандық қой. Шаруа қамын алдын ала ойластыру, басқару, елдің әдет-ғұрпымен санасу – голощекиндік белсенділерде болған емес. Кеңес өкіметінің халықтық өкімет еместігі сол кезден-ақ көрінген-ді. Еңбекке деген артельдік, ұжымдық шаруашылық қатынастың «мен салар да сен салар, атқа жемді кім салар» дегендей хикметі, әрбір жеке артель мүшесінің жауапкершілігінің жоқтығы осы күнге дейін санамызға сіңіп, жансебіл, жаны сірі сол «қасиет» бізбен бірге әлі ілесіп келеді. Ал «өзім дегенде, өгіз қара күшім бар» деген жекеменшік психологиясын ешкім де жоққа шығара алмайды. Кейбір жастар бірден байлыққа күмп ете түскісі келеді. Әу баста байдың өзі кедей болғанын, бірден байлыққа қолы жетпегенін ескере бермейді. «Мен неге бай емеспін» дейтіндер бар. Әуелі білімің, нақты бағыт-бағдарың болсын, әрине, алғашқы капитал керек. Жігер-қайратың, еңбекқорлыққа төзім мен сабырың серік болсын деймін жастарға», – деп өзінің өмірден көрген-білгенін, көңіліне түйгенін ортаға салды. Қымызмұрындық үстіндегі әңгіме-дүкен ұзаққа созылды. Талай әңгімелердің тиегі ағытылды. Фермер Бітімбай – бірнеше медальдардың иегері, сонымен қатар сегіз бала тәрбиелеп, немере сүйген бақытты әке, асқар таудай ата. Зайыбы Бақыт Молдабайқызымен ұзақ жылдар бойы бақытты өмір сүрді. Баяғы Шәлік байдан дарыған еңбекқорлық пен төзімділік олардың да бойынан табылатын. Өмірге деген құштарлық, жігер мен қайрат бұлардың жан серігіне айналған . Сөйткен үлкен әулет иесі, ғазиз жүректі ел азаматы Бітімбай Бекмағам­бетов­­тің де дүниеден өткеніне бір жыл бол­ды. Ендігі жерде «Бітекең былай деген», «Бітімбай солай айтқан еді» деп, оның елге істеген игі істері мен айтқан ұла­ғат­ты сөздері дүйім жұрттың есінде. «Жақ­сының аты өлмейді» деген осы шығар... Тәжібай ЖАНАЕВ, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, «Егінді» ауылы

2865 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5869

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5517

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3254

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2638

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2599

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2577

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2311

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2294

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы