• Қоғам
  • 04 Тамыз, 2011

Эстрададағы «эпидемия»...

Жұқпалы бәлекет – «тымау» атаулы, әсіресе, қыс айларында құтыратыны қашаннан мәлім. Мұхиттың арғы жағынан, көршілес елдерден қаптай шығып, қардай жауатынын жылда көріп, күні ілгері өршітпеу төңірегінде қам-қарекет жасап, қабаған иттің тұмсықтарына кигізетін томағалардай танауы­мызды біз де тұмшалап алатын болдық емес пе...Ал мына дерт одан да сорақы. Тымау соқпалы сырқат болса эстрада атаулыны қысы-жазы жаулап алған жұқпалы «эпидемия» күннен-күнге тарақандай қаптап, құмырсқадай құжынап барады. Оларға: «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ-ақ!». Содан да шығар, бұл күнде демократия десіп даурығысып, инкубатордан өрбіген сарыауыз балапандай екінің бірі ақын, аузын ашқан әнші мен сазгер болып шығып жатыр, шығып жатыр. Олар ұят, намыс, жауапкершілік деген қасиетті қағидаларды құ­лақтарына да қыстырар емес, сезбейді де. Кеңестік кезге қанша кесек атсақ та өнер, мәдениет жағын­да қалыптасқан қадағалаушылар болғандықтан халтура атаулыға жол беріле бермейтін. Жаңа ән дүниеге келгенде толып жатқан тосқауылдар мен қырағы қадағалаулардан өтетін, шығармашылық ұйымдардан тү­зілген танымал өкілдерден тұ­ратын көркемөнер кеңесі болатын. Әндердің мәтіні Қадыр іспетті қадірлі ақындардың қырағы көзінен, музыкалық туындылар Композиторлар одағының тезінен өтпей эфирге шығуға рұқсат етілмейтін. Сондықтан да ол кездегі әндердің саздары мен сөздері қосақтарымен қоса ағарған жұбайлардай жұбын жазбай, жүректерде маздай, күні бүгінге дейін күміс көмей әншілеріміздің көмекейлерінен түспей келеді. Бұған: Н.Тілендиев, Ә.Еспаев, Ш.Қалдаяқов іспетті композиторлардың тот шалмас саздары мен Қадыр, Нұрсұлтан, Бәкір, Тұманбай, Әбдірахман секілді ақындар қатарын айтсақ та жеткілікті. Ал «мына заман қағынды, қағынбаса не қылды?» — деп келетін «Алпамыс» қиссасындағы Тайшықханның түсіндегідей осы кездері еркіндікті желеу еткен желөкпе дарынсыздар топтары пайда болып, эстрадаларды даңғазаға айналдырып алған сыңайлы. Дауыстары жоқ болған соң ысқырса да, қышқырса да өз еркі болып алды. Эстрада, концерт, театр сахналарын былай қойып, әлгі «әмбебаптар» теледидарлардың бағдарламаларында да бүргедей қаптап, экрандарын «таптай» бас­тады. Бірен-саран болса бірсәрі-ау, күннен-күнге асқынып, өршіген үстіне арта түсіп, «эпидемияға» айналып кетті. — Сөзі мен әні Әбдрәсіловтікі — Сөзі мен әні Алтаевтікі — Сөзі мен әні Түгеншенікі... Таяуда ғана кешкісін: — Сөзі мен әні Дияс Нүсіповтікі! — дегенге елең ете қалдым. Мұндай ақын мен сазгерді білсем құлағымды кесіп берейін. Обалы қане, тәп-тәуір дауысы бар екен. Ал енді «ақындығына» келелік. «Шығыстың аруында»: «Жанарыңнан көзімді алмайсың, көбелек болайын, қасыңнан қалмайын, айың мен болайын» деп төпей береді. «Бұлбұл құс» әнінің сөздері бұдан да сорақы, бір-бірімен мүлде үйлеспейтін тіркестер. Оны айтасыз-ау, «бұлбұл» деген соң «құсты» қосудың қажеті қанша, осы? Осы тақылеттес мойындарына құрық салдырмай жүрген асау сазгерлер мен шүлдірек ақынсымақтар көбейіп барады. Аттарын тізе берсек, алты томнан да асады. Көбісінің ән айтуға дауыстары жоқ, өлең шығаруға дайындықтары мақрұм. Өлең техникасы, ұйқас, ырғақ, мазмұн, көркемдік қасиеттерден мүлде хабарсыз. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» леп сахнаға шығып жауын құрттай қыбырлап, әрі-бері қисаңдап, ойларына келгенін істейтін болды. Шетінен шаң жұқпас шедевр орындап жатқандай көрінеді. Көп жылдан бері белгілі кәсіби композиторлар Алтынбек Қоразбаев пен ақын Әбдірахман Асылбеков, сазгер Кеңес Дүйсекеев пен ақын Шөмішбай Сариевтер шығармашылық ынтымақтастық құрып келеді. Мұндай дәстүр әлемдік өнерпаздарда да жалғасын тапқан ғой. Бұған «Бәрекелді!» – демес­тен өзге сөз жоқ. Ал ананың ақ сүтімен дарыған ана тілін игермей жатып, екі сөзді жүйелеп құрастыра білмейтін «шала қазақтардың» өздерін де, сөздерін де мазаққа айналдыруларына жол болсын. Өнер сүйгіш көрермендердің жүйке тамырларын жұқартып, әдепсіздіктерінен бездірген безбүй­рек­тер бір сәт «ұят-ай» деп н­еге ойланбайды. Айтып-айтпай не керек, сорақы «сазгерлер» мен әлжуаз «әншісымақтар» танымал ақындарды адыра қалдырып, кәсіби өнерпаздардың аяқтарынан шалып, иықтарымен итеріп жол бермейтін нағыз «бас бұзар «эпидемияға» айналып алды. «Жақсыға айтса біледі, жаманды жақтан тартса біледі» деген ұлағатты сөз қайда қалды? Әлгі халтурщиктер сахналардың сұрқын қашырып, теледидарда тайраңдай бермек пе? Оларды ауыздықтап, ақыл айтар кімдер? Жоқ, әлде «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп қол қусырып отыра береміз бе? Манағы «СТВ»-дан суылдатқан суылдақтар мен сөз сиқын қашырып, сұрық­сыз саздарымен үрейімізді ал­ған, «қиыннан қиысқан» қойыртпақ­тар осы арнадан түнгі сағат 22.20-дан түн ортасы ауғанша 24.00-ге дейін жә­не шыға келді. «Заттыбек Көпбосын­ұлы «Ақ маржан» шығармашылық кеші» деп айдар тағылыпты. Тағы да сорлы көрермендердің сорына тап болған күлдібадам бірдеңелер. Мұнда да «шөп те өлең, шөңге де өлең» болып шығып жатыр. Өңмеңшілердің «өндірісінен» туған өнімдер өрелері... Тағы да таныс «Махаббат» айналасынан асқақтап барады. Бұл да З.Көпбосынұлынікі: «Махаббат кеудені кергенде» (?Оп! Оп! Оп!) — деп төкпелетеді. Махаббат сенім, тірегім, Биле, биле, биле, жаным Мың бұралып ойнашы(?) Жастық жырын тойлашы(?) Жадырашы, жайнашы. Мынау да З.Көпбосынұлынікі: Еркетайым, тойдың сырын(?) ашамыз. Ән мен шашу шашамыз. Көңілдерді көтеріп, Би билейік баршамыз! Енді З.Көпбосынұлы өз «термесін» төгілтті: Көрдік талай түндерде есіктерді, Несіптерді қаптаған қосып берді. Дүние, құлазыған даласың-ай Дүние, талай жанды тастайсың-ау, Несібесі таусылса сарайсың-ай(?) Жиындарды өткердік қиындарды, Дүние, жиынсың-ай(?), қиынсың-ай! О, шіркін десеңші, шімірікпестен қалай-қалай «қиыстырады»-ей! Қиыстырғанда да тоқтау білмей, «түбін түсіріп» жатыр. Сөйтіп, «Жас дәурен» мен «Ақ маржан» шығармашылық кештері «СТВ» арнасының бір күндегі бағдарламасының бақандай бес сағатын қанжығаларына байлады да кетті. Шекелері тіл шұбарлауға, сұрқай саздарға шылқыған шимай-шатпақтар түгесілер түрлері жоқ. Қайта «эпидемияға» айналып, эфиріңді жаулап алып жатыр. Құда да тыныш, құдағи да тыныш. Осы қойылымдарды көрген жас­тар өнер құнының сонша арзандап кеткенін сезер ме екен? Жоқ әлде шөп пен шөңгенің шылауында кете бере ме? Бұған талап пен түйсік қана жа­уап бермесе сорақы сырқат асқындауы хақ... Таяуда «СТВ» арнасынан екі сағатқа жуық Қайрат Нұртас пен Сырым Исабаев дегендердің «Жас дәурен» атты шығармашылық кешінен концерт берілді. Әншейінде «уақыт бітіп қалды» деп жағаңнан алатын телехабар қызметкерлері бұл жолы жомарттықтарын жотаға шығарыпты. Титрда бірінен соң бірі есімдері жазылған «бесаспап» әрі композитор, әрі ақын болып, әнін де, сөзін де өздері талғамай, түйені түгімен жұтқандай қылғи беретін әуендер бұршақтай бұрқады-ай кеп. – «Менің махаббатым» әні мен сөзі Алтаевтікі. «Алып-ұшқан жүрек шіркін күрсінер а-а-ай!..» – «Қызыл гүлім-ай», әні мен сөзі Жаманқұлдікі «Махаббаттың бағынан гүл іздеймін, Мен іздеген қызыл гүл сен боласың. Қайырмасы: Қызыл гүлім-ай, Аппақ гүлім-ай Ардағымсың-ай...». «Сен жалғыз», әні мен сөзі Б.Есбаевтікі. «Күзгі дауыл бір соғады, Соғады сұрамайды(?) Күзгі дауыл соғады сұрамайды»(?) Ау, нені сұрамайды? (М.Р.) Осы жолдар әлденеше рет қайталанып айтылады. Тағы да әні мен сөзі Б.Беспаевтікі (Махаббатқа арналған ән). Мәтіні: «Жалынсаң да өмір мәңгі өзгермейді. Күзгі қайың, бізде уайым...(?) Сағыныштан көп айтарым дөп келмейді(?)» Ал керек болса! Осы ащы ішектей шұбатылған концертте жас жеткіншек Бексұлтан әуендеткен Мұхтар Шахановтың «Әке» әнінен өзге бірде-бір ән, жүрек тербеу былай тұрсын, жүйке тамырыңды жұқартып: «Мұнысы несі?» деген мұңға бөледі де қойды. «Қане, қол соғайық!» — деседі сахнадан, жалына сұраған соң жандары ашып отырғандар қол соғуға мәжбүр. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай атамыз айтқандай, осы концерттегі әндердің есерімен қоса кеселі көп болды. Неге десеңіз, ана тіліндегі қайран сөздер қалай болса солай айтылып, қор болды әрі көз көріп, құлақ естіген сор болды. Ал, керісінше, сахнаға шыққан жігіттер: – Өйдә, концертіміз зор болды! – десіп қысылып-қымтырылмай тарқасты. Ал көрермендер (көбісі жігіттер мен қыздар) нақаққа кеткен екі сағатын елең қылмай «мәз-мейрам» болысып, үйлеріне кетті. Осындай «әмбебаптардың» дискілері мынадай жолдарды жамыратып сатуға да түсіпті. «Айналайын ауылдың қыздары-ай, күлкілері сылдырайды мөлдір судай. Жүрегімді жалын атып бара жатыр, ішіндегі қараторысын-ай...». Талғам, талап — олардың өңдері тұрмақ, түстеріне де кіре қоймас. Айтып-айтпай не керек, эстрададағы халтурщиктер қаптаған эпидемия «вирусы» жұқпалы аурудан бетер асқынып барады. Ал «музыка» саздарын түрік-парсы, шығыс, орысша музыкалардан құрастырып, сағызша шайнап, сахнадан сыпырта береді. Керісінше, тап осы күні «Қа­зақстан» ұлттық арнасынан «Кеш жарық!» бағдарламасы көңіл күң­гірттеген бұлтымызды сейілт­пегенде қайтер едік? Кеш айтулы ақынымыз Әбдірахман Асылбековтің шығармашылығына арналыпты. Ақын сөзіне жазылған кәсіби композиторлардың әндерін Мақпал, Роза, Медеу құлақ құрышын қандыра әуендетті. Кешке Алтынбек Қоразбаев, Бейбіт Оралов іспетті сазгерлер ақынмен қоян-қолтық шығармашылық ынтымақтастықта екенін айтты. Жанымыз жадырап, әлгі бір сұрықсыз суылдақтардың бастарына мұзды су құйғандай күй кештік. «Көп асқанға — бір тосқан» емес пе, сұрқай сөздерін ерсілі-қарсылы сапырып сумаң қаққан, сахнаны оңай кәсіпке айналдырып алған ондайларға айтар бір ғана сөз: — Тәйт, әрі! Мыңбай Рәш

3660 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8773

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7065

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4809

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4195

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4157

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4118

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3848

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3848

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы