• Әдебиет
  • 20 Желтоқсан, 2011

Азаттығымыздың алып тұлғасы

Сәбетқазы Ақатай туралы сырСәбетқазы Ақатай – өмір бойы Қазақстанның азаттығы үшін күрескен, философ, тарихшы, әдебиетші, этнограф және саясаткер ретіндегі бүкіл ғұмыры мен еңбегін тәуелсіздік жолына арнаған ұлы күрескер тұлға. Ол өз идеяларымен және күрескерлік қабілетімен қазақ халқының ертеңіне жөн сілтеді. Сәбетқазы Ақатай осы күнгі Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қаласты, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі саясат, ұлт мәселелерінде Сәбеңмен ақылдасып отыратын. Қызыл империяның қылышынан қан та­мып тұр­ған кезде көзі ашық замандастарымен бірге ке­ңес дәуі­рін­де басталған ұлт-азаттық идеяны жетелеп, Қазақ­стан тәуелсіздігін нысана еткен «Азат» қозғалы­сын құрды. Бұл қозғалыстан бастау алған, қазақ ұлты­ның келеше­гі мен намысын қорғайтын «Алаш» партиясын басқарды. 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігі қабылданар тұста Конституциялық заң жобасының баламалық нұсқасын жасады Алаштың арда туған ерен перзенті, ұлы ойшыл­дарының бірі, қазақ ұлтының қазақ мемлекетін, тәуелсіз елін құру жолындағы қайтпас қайсар мінезімен көзге түскендердің бірі – Сәбетқазы Ақатаймен 1984-85 жылдары жастар мен мектеп оқушыларына арналған республикалық ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналында қызмет істеп жүргенімде таныстым. Ол кезде журналдың бас редакторы – қырыққа енді ғана іліккен, қылшылдаған Ақселеу Сейдімбек, жауапты хатшысы Әлібек Асқаров болатын. Мен сол журналда жастарға тәрбие беру бөлімін басқарып, қызмет жағдайымен Сәбеңмен жиі кездесіп, жиі пікір алмасып, ол кісінің журналға алып келген мақалаларын тікелей өңдеу, журналға дайындау, басып шығару жұмыстарымен тікелей айналыстым. Сәбең бір жылдан астам уақыт бойы өзінің философиялық ой-тұжырымдарының, кейінгі ой-пікірлерінің негізінде дүниеге келген бірқатар мақалаларын жариялады. Сол 80-жылдардың ортасында коммунистік идеологияның дендеген, коммунистік партияның «ақ» дегені – алғыс, «қара» дегені – қарғыс, қылышынан қан тамып тұрған тұсында Қазақстанда азат ойдың ұшқындарын, еркін пікірдің нышандарын, мүмкіндігінше, өздерінің басылымдарының беттерінде жариялап келген екі басылым болды. Ол «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Білім және еңбек» журналы болатын. Осы екі басылымда қазақ ұлтының мәдениеті, тарихы, тілі, әдет-ғұрпы, оның философиясы туралы өте түбегейлі, жақсы мақалалар үзбей жарияланатын. Осы мақалалар арқылы оқырмандардың ой-санасының түкпірінде өз елінің, өз жерінің азаттығы, өз ұлтының бодандықтан құтылуының қажеттігі жөніндегі астарлы ойлар үнемі беріліп жатушы еді. Әлгінде мен айтқан Сәбеңнің жазған мақала­ларының негізгі астарында осындай желі, азаттықтың үні, еркіндіктің көктей өтетін өзекті пікірлері жолдардың арасынан сығалап көрініп тұрушы еді. Біз өз басымыз қазақ халқының өзінің мемлекеттігін құру, азаттығы жолындағы күресіне осындай мақалаларды дайындасып жүру арқылы өзіміздің қалай ілесіп кеткендігімізді байқамадық. Өйткені әрбір жан — өзінің ұлтына, еліне, жұртына жаны ашитын азамат, ол, әрине, мұндай идеяларды өзінің жан жүрегінен өткізіп қабылдайды, өзі сол жолдағы іс-әрекеттердің бір тетігіне, бір бұрандасына айналып кететін сияқты. Дәл осы тұстарда Қазақстанда қазақ балабақшалары мен қазақ мектептерінің мәселесі қалқып су бетіне шықты. Мұның өзі – былай қарасаңыз, қажеттіліктен туып отырған дүние, балаларын қазақша оқытайын десе, қазақ мектебі жоқ. Сол тұста осы мәселемен айналысу үшін Қазақстан Жазушылар одағы жанынан арнайы Мектеп кеңесі құрылған еді. Сол Мектеп кеңесінің төрағасы ақын, сатирик Шона Смаханұлы болды. Бұл бірқатар жазушылар, журналистер өзіміздің балаларымызды балабақшаға, мектепке беру қажеттігі туған кезінде балаларымызды ана тілінде оқыта алмауымыздың салдарынан туған еді. Бірінші кезекте Алматы қаласында, содан ары қарай, жалпы, Қазақстан бойын­ша қазақ тіліндегі балабақшалар мен мектептерді көбейту жөніндегі мәселеге араласып кеттік. Осындай проблеманың тууы – яғни қазақтілді балабақшалары мен қазақ мектептерінің көбеюі жолындағы өзіндік бір күрестің тууы, менің ойымша, тікелей осы Сәбең сияқты, Сәбеңдер жазған, Сәбең сияқты азаматтардың жазған ұлттық мәдениет, ұлттық әдебиет, ұлттық тарих жөніндегі мақалаларының жемісі, солардың алып келіп түсірген арнасы деп ойлаймын. Сәбеңменен сол тұста қоян-қолтық бірге жұмыс істедік. Міне, осындай қазақ балабақшаларын, мектептерін ашуға ұмтылып жүргізілген жұмыстар, осы күрес жайлап тіл үшін күреске ұласып, осылардың бәрі бірте-бірте алып келіп, 86-жылғы өз елінің, өз жерінің еркіндігі жолындағы үлкен ұлы күреске, яғни, «Қазақ елін қазақ басқаруы керек» дейтін талаптарды қоя алатындай деңгейге жетуіне себеп болған деп есептеймін. Сол тұстардағы айғай-аттанның, жүргізілген жұмыстардьң арқасында Алматыда 23 қазақ мектебі, 10 шақты балабақша ашылды. Оның ішінде аралас мектептер де бар. Осылардың ашылуына біз де хал-қадірімізше септігімізді тигіздік. Бұл мақтан үшін айтылып отырған нәрсе емес, бұл жаңағы Сәбетқазы Ақатай, Мақаш Тәтімов сияқты алдыңғы қатарлы ұлттық идеологияның айқын нышандарын көрсетіп беретін ағаларымыздың еңбектерін оқу арқылы, солармен пікірлес болып, солардың айтқан ойларын қабылдап, өзімізден кейінгі толқынға, жүрген жерлерімізде айтып тарату арқылы өзімізді-өзіміз шыңдап, өзіміздің пікірлерімізді өзіміз кемелдендіріп жетілдік және бұл азаттық жолындағы күреске кіріспе, дайындық сияқты болатын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Сәбеңдер орасан үлкен ұстамдылық танытты. Жастардың бостан-босқа арандап қалмауын көздеді. Әрине, ол кездегі күрестің негізгі ой, негізгі идеясын, күрестің басты себептерін Сәбеңдер қолдады. Бірақ Кеңестік өкімет сияқты алып империяның тегеурініне төтеп беру мүмкін емес болатын. Ол кезде ең негізгі мақсат — осы идеяны аман сақтап қалу, мүмкіндігінше, аз шығындарға ғана жол берумен, халықты апатты жағдайларға ұрындырмау болатын. Осындай сәттердің бәрінде Сәбеңнің көптеген ақыл-кеңестері бізге пайдасын тигізді. Көбіне асығыс­тық­тан, ыссылай қабудан сақтады. Желтоқсан оқиғасынан тура бір апта бұрын қазіргі Бостандық ауданы әл-Фараби мен Университет көшесі қиылысында балабақшалары ашылды. Сонда ауданның сол кездегі бірінші хатшысы Рогов деген келіп, быт-шытымызды шығарып, бәрімізді милициямен қуып, «қазақ бақшасын бүйтіп ашуға болмайды» деп тізе батырды. Біз ол туралы пікірлерімізді кейін журнал бетінде де жаздық. — Ал Желтоқсан оқиғасынан үш-төрт күн бұрын денсаулығыма байланысты «Сарыағашқа» демалуға кеткен болатынмын. Бірақ көтерілістің дабырын естісімен іле-шала қабылдап жатқан ем-домымыздың бәрін тастап, жедел түрде қайтып оралуға тура келді. Бір қызығы, «Сарығаштан» «не болып жатыр, анығын білейік» деп Алматыға қоңыраулатамыз, «соның жөн-жосығын біледі-ау» деген азаматтардың бәріне хабарласқаныммен, ешкімнің үйіне телефон түспейді. Өз үйімнің нөмірін терсем, телефон түседі. Келіншегіммен сөйлесіп, інім бар екен, ініммен сөйлесіп: «Алматыда не болып жатыр?» – десем, олар «демала бер, ешқандай қауіп жоқ, бұл – жастардың жай бір тәртіпсіздігі» деген сияқты сөздер айтты. Бірақ бір сұмдықтың болғанын іш сезеді. Алматыға қайтып келгенде бірден байқалғаны – жұрттың жүзіндегі үрей. Бірталай адам тергеліп, қамауға алынып жатты, біздің үйді торылдауышылар да көбейді. Сол тұста менің қамалмауыма тікелей себеп болған — менің «Сарыағаштан» шалған қоңырауым ғой» деп ойлаймын. Өйткені «осылардан шығады-ау» деген телефондардың бәрін ашық қалдырып, басқа телефондардың бәрін жапқан ғой. Менің үйімнің телефоны ашық тұрды. Қоңырау шалған кезде менің дауысымнан, сөзімнен бұл оқиғаға қатысым жоқ, бейбіт демалып жатқаным байқалған да, содан тыныш қалдырған ғой деймін. Аман қалуымның себебі осы деп ойлаймын. Ал, әйтпесе, мектептер төңірегіндегі дау-дамайдың ортасында жүргендіктен, бәлкім, қудалауға ұшырар ма едім?! Келген бойда Сәбеңменен редакцияда, сыртта бір-екі рет жолығып, пікір алмастық. Сәбеңнің сондағы ұстамдылығы, айтқан ой-пікірлері әлі күнге дейін есімде. «Қазір жастарды арандатпай, аман алып қалу керек, бірінші. Содан кейін мынау идеямызды өлтіріп алмауымыз керек», – деді және сол кезде қолда бар басқа арналарды пайдалана отырып, Қазақстандағы жағдайды шетелге жеткізуге тырысты. Осы идеялардың нәтижесінде, 1988 жылы наурыз айында, Нұрбақыт Қойшыбеков дейтін Алматы қалалық жобалау мекемесінің бастығы болатын, соның ка­бинетінде 17 адам бас қостық. Онда бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жетекшілері, журналистер болды. Сол 17 адам – неғұрлым сенімді дегендері. Бұл жиынның басты мақсаты — Қазақстанның Тәуелсіздік партиясының Жарғысын талқылау және оны қабылдау болатын. Өзі сол партияның Жарғысы жобасын дайындауға тікелей қатысса да, осы талқылаудың барысында Сәбең тағы бір көрегендік танытты. «Егер де біз осы саяси бірлестікті партия ретінде құратын болсақ, онда қауіпсіздік органдарының қызметкерлері біздің адымымызды аштырмайды. Дереу бізге тосқауыл қояды, мұнымыздан ештеңе шықпайды. Біз сондықтан мұны анау Латвиядағы «Саюдис» сияқты етіп, қоғамдық бірлестігіміздің түрін қозғалыс етіп құрайық. Қозғалыстың мағынасы кең, қозғалысқа коммунистік партия мүшелері де қатыса алады, жай адамдар да, партияда жоқ адамдар да қатыса алады, біздің ауқымымыз кеңейеді, қолдаушыларымыз көбейеді. Және бұл қауіпсіз деуге болады. Содан кейін, бұл қозғалыс туралы деректерден біз ештеңені жасырмайық. Аты-жөнімізді өзгертпейік, мекен-жайымызды көрсетейік. Газет шығаратын болсақ, газеттің де барлық деректерін анық берейік. Өйткені кішкентай ғана бір құпия болса, онда бізді мүлдем құртып жібереді. Бұл онда коммунистік партияға қарсы жұмыс ретінде қабылданады», – деп көреген ой айтқаны есімде. Сөйтіп, сол жерде партия емес, қозғалыс құру жөнінде шешім жасалды. Бір-екі айдан кейін сол қозғалыстың құрылтайы өткізілді. Сол құрылтайда Сәбеңнің ұсынысымен «Азат» қозғалысы деген ат берілді. Міне, Қазақстандағы азаттық жолындағы ғасырлар бойы жалғасқан күресті XX ғасырдың аяғындағы бөлігінде жанданған, ұйымдасқан формасының осындай сипат алуына бірден-бір себепші болған, оған көсем болған, оны дұрыс жолға бағыттаған, ұйымдастырған адамның бірі де, бірегейі де Сәбетқазы Ақатай болатын. Сол кезде Мақаш Тәтімов, Марат Сембин, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан сияқты кісілер белгілі бір ықпалдарын тигізді, ақылдарын айтты, өздері тікелей қатты араласып кетпесе де, соған қолдау білдірді. Ал Сәбең осы күрестің қақ ортасында жүрді. Қозғалыс дүниеге келгеннен кейін оның қатары көрнекті дипломат Михаил Иванович Есенәлиев, бұрынғы партиялық үлкен қызметтерді атқарған Марат Шорманов, жастардың арасынан жалындап шыққан Жасарал Қуанышәлин, тағы басқа бірқатар азаматтармен толықты. «Азаттың» құрамы молықты. Сол тұста «Азат» қозғалысымен қатар араға екі ай, үш ай салып, басқа да қозғалыстар өмірге келіп жатты. Сөйтіп, осы қозғалыстың жұмысын дамыту барысында, ол өзіндік заңдылық қой, қозғалыс басшылары арасында көзқарас қайшылықтары туындай бастады. Айтыс-тартыстардың тоқтамайтынына көзі жеткеннен кейін Сәбең қозғалыстың ішінен бөліп алып, партия құрды. Қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында оның алғашқы құрылтайын өткіздік. Жақсы тілектерімізді айттық. Бірақ қозғалыстың ішінен партияны бөліп алып кеткеніне мен кішкене наразылық білдіріп жүрдім. Өйткені, қозғалыс біртұтас болуы керек еді. Ол енді жік-жікке бөлініп кеткеннен кейін оның негізгі мақсатына жетуге қиындықтар туа ма деп... Бірақ Сәбең батыл түрде бөлек партия құрып, сол бағытта жұмыс істеді. «Азат» қозғалысы болса, ол да жұмысын жалғастыра берді. Негізгі мақсаттары ортақ болғандықтан, өткізілетін түрлі митинг, шеру, тосқауыл, т.б. шараларда бөлінбей, адамдар бірге жүрді. Әсіресе, 1990 жылы егемендік туралы декларация жарияланатын тұста Сәбең көп жұмыс істеді. Сол декларацияның «Азаттың» тұрғысынан қосымша нұсқалары жасалды. 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігі қабылданатын кезде Конституциялық Заң жобасының баламалы нұсқасын жасаған адамның бірі — Сәбең. Сәбең менің ұғымымда кешегі қазақ халқының азаттығы үшін арпалысқан Шапырашты Қарасай, Қаңлы Сарбұқа, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райым­бек бабаларымыз сияқты қолына ақ найзасын алып, жауға қарсы шығып, еліміздің азаттығын қорғаған батырлар сияқты елестейді. Бірақ Сәбеңнің қаруы найза емес, қалам болды. Оның құдіреті — ой құдіреті, пікір қуаты болды. Осындай өзінің Алла тағала берген дарыны, азаттық жолындағы керемет ой-пікірлері жалғыз мен емес, көптеген жігіттерге тың ой салды, оларға бағыт-бағдар берді. Осы күнгі Тәуелсіз Қазақстанның орнауына Сәбең керемет идеяларымен, күрескерлік қабілетімен үлес қосты деп есептеймін. Жасыратыны жоқ, билік орындары да оппозициялық көзқарастағы Сәбетқазы Ақатаймен санасуға мәжбүр болатын. Түрлі форумдарға, бас қосуларға шақырып, пікірін тыңдайтын. Өйткені Сәбең күрестің қантөгісті тәсілдерін емес, бейбіт, дипломатиялық тәсілдерді артық санайтын. Тіпті бір­неше рет ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да қабылдауында болғаны бар. Мемлекеттегі тұрақтылық пен тыныштық қымбат болған соң алабөтен ши шығарғысы келмейтін. Сәбең жан-тәнімен интеллигент болатын. Жаны жайсаң, кісіге қатты сөйлеуді білмейтін, «әкетай, ол – олай емес, ол былай» деп байыптылықпен, сабырлылықпен жөн сілтеп отыратын. Кейбір дұрыс емес нәрселерді көргенде көкірегі қарс айрылып, өкінетін. «Қайран, қазағым-ай!» – деп күрсінетін. Күйіп кеткенде: «Кейбір басшылардың бір сөзі үшін жолында өлгің келеді, ал кейбірінің бір сөзі үшін қолында өлгің келеді», – деп отыратын. Өзінің ұлтын жанындай жақсы көретін, өзінің ұлтының керемет бір патриоты еді. Тәуелсіз Қазақстанның азаттық жолындағы күресінің алып тұлғаларының бірі болатын. Сәбеңнің есімі ұмыт қалуға тиіс емес. Сәбең – атына көше берілетін, ол тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылатын, арнайы естеліктер жинағын шығаратын азамат, соған лайық тұлғалардың бірі. Сәбең дүние жимады, Сәбең мал жимады, Сәбең мүмкіндігінше қолында бар қаражатын, мүмкіншілігін бала-шағасының аузына тосудан бұрын елі-жұрты үшін жұмсауға ынтық болып тұратын. Сәбең, шын мәнінде, бақытты адам болды. Бақыт дегеніміздің өзі адамның көздеген мақсатына қол жеткізуі емес пе? Сәбеңнің өмір бойы тағдырына ту еткен арманы — Қазақстанның Тәуелсіздігі, елінің егемендігі болатын. Сәбең осыны өзінің көзімен көрді, өзінің күресінің жемісін өзінің қолымен ұстады. Сәбең мүмкіндігінше ел мен Елбасының арасында түсінбестіктер, қайшылықтар туып кетпеуін, кейбір ағат айтылған пікірлердің соған соқтырмауын қалайтын. Болған кездесулерде Елбасының айтқан уәжді пікірлеріне тоқтап, бәсеңдік танытып, негізгі мақсат – еліміздің егемендігі, тәуелсіздік болса, ол қолымызға тигеннен кейін бірқатар мәселелерде парасаттылық танытқанды жөн санайтын. Әрине, мұны келісімпаздық деп есептеуге болмайды. Бұл ең алдымен, елдік мүддеге деген жанашырлық деп түсінген жөн. Сондықтан осы қазіргі билік басындағылардың өздері де Сәбеңнің осындай көрегендік мінездерін, тапқыр ойларын, Тәуелсіздігімізге сіңірген еңбегін, лайықты бағалауға тиіс. Сәбең әрқашанда біздің жүрегімізде. Сәбең біз үшін азаттығымыздың алып бейнесі болып қала береді. Марат ТОҚАШБАЕВ, ҚР Мәдениет қайраткері, профессор

2973 рет

көрсетілді

31

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6619

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5923

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3666

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3051

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3011

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2987

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2716

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2701

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы