• Әдебиет
  • 20 Желтоқсан, 2011

Азаттық – баға жетпес құндылық

Биыл мемлекетіміз ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын кең көлемде атап өтуде. Қазақ халқының басына бақ болып қонған қасиетті де қастерлі азаттық біз үшін баға жетпес құндылық екені даусыз. Біздің ата-бабаларымыз өздерінің тарихи миссиясын – ұлттық бірлікті қалыптастырудан, ұлттық мүдделерді қорғаудан, ұлттық ерекшеліктерімізді, ар-ожданымызды сақтаудан көрді. Олар біздің тәуелсіздікке ие болуымыз үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келді. Сол себепті ел Тәуелсіздігіне қызмет етуге, оның мерейін үстем етуге баршамыз атсалысуға тиіспіз. Бір мезет осыдан жиырма жыл бұрын болған тарихи оқиғаларға ой жіберіп көрсек, көптеген маңызды кезеңнен өткеніміз байқалады.   Осы орайда азат елдің заңдық базасы – Конституцияны, біздің 1990 жылдан бас­тап қабылдаған аса ауқымды құқықтық құжаттарды тірек ететінін айрықша атап өткім келеді. Егемен Қазақстанның жаңа конституциялық заңдылығы осы сәттен бас­талды. Жаңа Конституцияның жобасын жасамастан бұрын біз елімізді басқару формасын анықтап алуымыз керек болды. Сөйтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы мәжілістерінің бірінде мен Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы ұсыныс жасадым. Ол кезде бұл көптеген факторларға байланысты еді. Қоғам көпұлтты елде конфедерацияның тиімсіздігін сезіне де, түсіне де білді. Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанда Президент қызметін та­ғайындау туралы заң қабылданып, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Осы заңның негізінде республиканың мемлекеттік және қоғамдық құрылысына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Өйткені Президент қызметін тағайындау Жоғарғы Кеңестің монополиялық билігін жоюға жетелеп, мем­лекеттік құрылыс тәжірибесінде билікті бөлісу қағидатының алғашқы қадамдарын бекітуге бастады. Қазақстанның егемендігін баянды ету үдерісінің келесі логикалық жалғасы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация болды. Декларация аса күрделі саяси жағдайда – 1990 жылы 25 қазанда қабылданғаны көпшілік­ке мәлім. Біз сол кезде еліміздің тарихында тұңғыш рет ұлттық мемлекеттілігіміз туралы ашық мәлімдедік. Біздегі мемлекеттік биліктің үстемдігі, дербестігі және толықтығы ресми түрде жарияланды. Дек­ларацияда мемлекеттік билік­тің маңызды қағидаттары жария етілді. Ол үш тармаққа – заң шығарушылық, атқарушы және сот билік­теріне бөлінді. Декларация қабылданған соң Қазақстанның халықаралық өмірінде де айтарлықтай өзгерістер іске асты. Еліміз халықаралық қатынастарда дербес субъектілік құқығына ие болды. Жалпы алғанда, Декларация мемлекеттің құқықтық жүйесінің маңызды қайнар көзіне айналды. Сондай-ақ егеменді елдің заңдық базасы айтарлықтай жаңғыртылып, соның негізінде түбегейлі өзгерістерге даңғыл жол ашылды десек, артық айтқандық емес. Республикамыздың егемендігі туралы Дек­ларацияның ең басты көтерген мәселелерінің бірі – республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың химиялық, бактериологиялық және басқа да түрлерін сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салатындығын жариялады. Бұл біздің мемлекетіміздің ресми түрде қойған, бұрын ешбір жерде айтылмаған әрі талабымыз, әрі міндетіміз еді. Еліміздің өткен даму жолы қазір Қазақстанда қолданылып отырған конституциялық оңтайлы үлгіні дұрыс таңдай білгенімізді айғақтайды. Оның бір тармағы қуатты мемлекеттік биліктің кепілі ретіндегі президенттік басқару жүйесі дер едім. Әлі есімде, Жоғарғы Кеңестің Президиум мәжілісінде Президенттік басқару жүйесі туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсыныс жасадым. Бірінші рет ел тарихында Президенттік басқару жүйесін енгізуге күш салған кезімізде бірқатар қайшы пікірлер де орын алып жатты. Біздің мақсатымыз – қазақ елі де демократиялық үрдіске емін-еркін енсін деген ой болатын. Ақыры осы жүйені қолдаған біз көп дауыс алып, Президенттік басқару жүйесін қабылдадық. Ал Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның жобасын мен, Еркеш Нұрпейісов, Талғат Данақов – үшеуміз өз бастамамызбен жасап, 1991 жылдың шілде айында Жоғарғы Кеңес Президиумына тапсырдық. Бірақ оны қабылдау оңайға түспеді. Кейбір сол кездегі шенеуніктер қарсы пікірлерін білдірумен болды. Бірақ кез келген мемлекет өзін ерікті, демократиялық тәуелсіз ел санаса, осы тәуелсіздіктің жарияланған уақыты мен күні болуы керектігін біз дәлелдеп бердік. 1991 жылдың 9 желтоқсаны күні Жоғарғы Кеңестің Президиумының мәжілісінде депутат Манаш Қозыбаев және мен Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды қабылдау қажет екендігі туралы мәселе көтердік. Бұл жағдай депутаттарды да мазалап жүрген болуы керек. Өйткені ұсынысты Президиум мүшелері бірауыздан қолдап, мен осынау аса маңызды мәселе бойынша баяндама оқыдым. Ақырында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бірнеше сағатқа созылған талқылаудан кейін Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды 1991 жылғы 16 желтоқсанда, кешкі сағат алтыдан он төрт минут өткенде басым көпшілік дауыспен қабылдады. Бұл келешек егемен елдің өз Конституциясына кірпіш болып қаланған заңы еді. Заң қабылданғаннан соң тура 30 минут өткен кезде Түркия Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Әлемдік дипломатияның тарихында бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған деседі. Сонымен, ғасырларға созылған мемлекеттік арманымыз орындалды. Рес­публика Президентінің Жарлығымен 16 желтоқсан ресми Тәуелсіздік күні және жалпыхалықтық салтанатты мейрам болып жарияланды. Тағы бір атап өтерлік мәселе, 1993 жылы 28 қаңтарда республикамыздың тәуелсіздік алған кезіндегі тұңғыш Конституциясын қа­был­дадық. Осы кездегі жұмыс барысына тоқ­талып өтсем, 1993 жылғы Конституция­ның жобасын жасайтын комиссияның құрамы­на белгілі қайраткерлер, оқымыстылар мен депутаттар кірді. Өйткені Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біздің барлығымыз, қарапайым еңбекшіден бастап, жоғары билікке ие адамдарға дейін Конституция талаптары бойынша өмір сүріп, жұмыс істейтін өзіміздің тәуелсіз егеменді мемлекетімізді құратын боламыз. Жауапкершіліктің биіктігі шығар, осы үлкен құқықтық құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысып, 18 мыңның үстінде ұсыныс, ескертпе түсірді. Себебі республика халқы бұл Конституцияның мемлекет басқару формасын, оның мемлекеттік органдарын, тәуелсіз мемлекеттің негізгі атрибуттарын белгілеудегі, азаматтардың демократиялық құқықтары мен бостандықтарын бекітудегі рөлін жақсы түсінді. Сондықтан алғашқы Негізгі Заңымыз өз дәуіріндегі өрелі істердің қуатты қозғаушы күші ретінде тарихымызға енді. Уақыт үстемдігіне әмір жүрмейді. Қоғамда қисапсыз зор өзгерістер жүріп жатты. Олқы тұс мемлекеттік билікті заң шығармашылық, атқарушы және сот тармақтарына бөлудегі айқындықтың болмауынан, Президенттің өкілеттіктері мен құқықтарын жете белгілемеуден көрініс берді. Сондай-ақ елімізде болып жатқан демократиялық үдерістерді айшықтай түсу қажеттігі туындады, яғни саяси және экономикалық реформалар нәтижесінде мемлекет пен жеке тұлға арасындағы қатынастарды нақтылау күн тәртібіне шыға бастады. Жаңа Конституцияны қабылдаудың саяси қажеттілігі республиканың егемендігін ең жоғары құқықтық деңгейде баянды етуден алға тартылды. Осылайша, өз еркімізбен, өз қалауымызбен көптеген талқылаудан, пікір алысудан соң барып, 1995 жылы тәуелсіз еліміздің өз жолымен өркендеуге бағыт ұстанған екінші Конституциясын қабылдадық. Бұл Ата Заңымызды қабылдаудағы басты мақсат – тәуелсіздігіміздің іргесін заңдық негізде берік қылу болатын. Міне, содан бері еліміз толағай табыстарға жетті. Осы жылдар ішінде еліміз саяси-экономикалық және мәдени-рухани-әлеуметтік бағыттарда қарыштап дамып келеді. Бұған Темірқазық болған – қолданыстағы Ата Заңымыз десек болады. Бүгінде тәуелсіз еліміз тарихи қысқа мерзімде таңғаларлық табыстарға жетті. Жиырма жылдың ішінде мемлекет құрудың таңғажайып жолынан біздің еліміз сүрінбей өтті. Мемлекеттігіміз нығайып, жаңару мен жаңғыруға қарай бет алды. Бас қаламыз – Астана өсіп-өркендеп келеді. Ал 2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, әлем үшін маңызы зор Астана саммитін өткізді. Бұлардың бәріне біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында, Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың берік достығы, береке-бірлігінің арқасында қол жеткізіп отыр­мыз. Сөз орайы келгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты және барша Қазақстан хал­қын ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы­мен құттықтаймын! Еліміз XXI ғасырдағы шоқтығы биік, экономикасы дамыған, халқымыздың әл-ауқаты артқан мемлекет болатынына кәміл сенемін!

3438 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6150

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5681

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3422

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2803

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2767

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2744

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2475

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2460

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы