• Әдебиет
  • 20 Желтоқсан, 2011

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН ТІРШІЛІК

d0bad0bed0bbd0bbd0b0d0b63Жұмабек КЕНЖАЛИН, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қоғамдық-саяси өмірімізге жаңа мазмұн әкелді. Тың көзқарас үстемдік алып, соны ойлау мәдениеті қалыптаса бастады. Бұл – қуанарлық жай. Бірқалыпты сарынға түсіп алып, ескі сүрлеумен келе жатқан жолаушыңыз кілт тоқтай қалып: «Осыным дұрыс па?» – деген сауалға жауап іздей бастады. «Не істедік, не қойдық?!.» Қазақ елі тәуелсіздігінің алғашқы бес жылы еркіндік эйфориясымен өтті. Оны ешкім жоққа шығара алмайды! «Бостандық алдық! Егемен болдық! Өз еркіміз өзімізде! Бізге енді ешкім бұғау сала алмайды!» – деп бөркімізді аспанға атумен болдық. Одан кейінгі он жыл «нарықтық экономиканың қылбұрауынан қайтсек құтыламыз» деп басты тауға-тасқа ұрумен өткіздік. Кеңес өкіметі кезінде теперіштің талай құқайын тартқан Алаш баласы бұл қиындықты да жеңе білді. Ол енді айтуға ғана жеңіл. Ал ақиқатында, өлара кезеңнен арқа еті арша, борба еті борша болып шықты. Бірақ қиындықты жеңіп шықты. Шаруашылықты жүргізудің жаңа механизмі қалыптасып болғанша ел іші жабайы нарықтың өз заңымен өмір сүрді. Амал қанша?.. Басқа түскен соң баспақшыл боласың. Қорқыту, үркіту, тонау, бұзақылық, әлімжеттік, сыбайласқан қылмыстық әрекет секілді түсініктердің ықпалында өмір сүру қалыпты жағдайға айналды... Жетпіс жыл бойына «үкімет өлтір­мейді» деген сеніммен өмір сүрген ел іші жаңа жағдайдың талаптарына шұғыл бейімделе алмай, далбасалап қалды. Жоғарыдан «енді өзіңді-өзің асыра,өз күніңді өзің көре біл» деген талап келгенде бар жиған-тергенінен айырылып, жер соғып қалған ауылдар әлі күнге дейін есін жия алмай жатқаны шындық... Ел ішінде сол ауыл-аймаққа шын жаны ашитын адам болмағандықтан, бір заманда сүттей ұйып отырған ауыл дәулеті ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Сөйтіп, көз алдымызда халық жиған дәулет есебінен байыған алаяқтар, ұйым­дасқан қылмыскерлер тобы өсіп шықты. Олар өздерін бет-аузы шімірікпестен «жаңа жағдайға бейім­делген іскерлерміз» деп есептеді. Жетімді жылатып, ел ішінде әдейі іріткі салу, ауыл-елдің бетке шығар қай­мақ­тарын бір-біріне қасақана айдап салу – бұлардың өмір сүру қал­пына, дағдысына айналды. Істің көзін білетін жігіттердің соңынан ит жүгіртті. Сөйтіп, бір заманда берекесі шалқып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман ке­шіп отырған ауылды пәтуасыз жұртқа айналдыр­ды да жіберді. Осынау құбылыспен күресу естияр азамат­тарға оңай соққан жоқ. Біз өтпелі кезеңнің өзіне ғана тән жағдайын сипаттағанда «соның бәрін – ауырлықты көтеретін ер-азаматтар болмай қалды» деп отырған жоқпыз. Қоғамшыл, көпшіл, «малымнан жаным садаға» дей білген азаматтар бой көрсеткені – шындық. Олар бірақ санаулы еді. Қайсыбірі, ақиқатын айтайық, сол ауырлыққа шыдас бере алмай, морт кетті. Ал қайсыбірі қысастық пен қиындықтың қылкөпі­рінен шаршамай-шалдықпай өтіп, ел құрметіне бөленіп отыр. Бұл да бүгінгі күннің ақиқаты! Елдік сөз айту – қиын, ал ел басқару өнердің өнері екенін бүгінгі таңда берекелі іске ел бастап, шаршы топта сөз қайрап жүрген азаматтар тағды­рынан айқын байқаймыз. Аманат жүгін, ел се­німін арқалаған азаматтардың жанқиярлық еңбе­гінің арқасында Қазақстан бүгінгідей дәулеті ас­қан, мерейі асқақтаған елдер қатарынан көрініп отыр! Бұл – әрине, Елбасы – біреу, өзгелері оған тіреу болғанда ғана жүзеге асқан шаруалар! Біз Тәуелсіздік жылдарында Қазақ елі тарихында бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткіздік. Оны бізден ешкім тартып ала алмайды. Бұл туралы күні кеше ғана баспасөзде жарияланған «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тәуелсіздігінің Декларациясында» егжей-тегжейлі айтылған. Ал алынбаған асулар, атқарылмаған шаруалар одан да зор. Олар орындалғанда «бабалар аманатына адалдық көрсеттік» деп айтар едік. Біз бүгінгідей мерекелі күні жеткен жетіс­тігімізді айтып, мақтана аламыз. Ал бірақ соны­мен қоса, кезек күттірмес шешуін күткен тиісті мәселелерді де қаперден шығармауымыз керек. Елбасының жылма-жыл халыққа арнайтын Жолдаулары біздің оң-солымызды таразыға тартатын безбеніміз секілді болып келеді. Ілгеріде, нарықты экономиканың өтпелі, өлара кезеңіндегі бетпе-бет келген қиындықтарды тілге тиек еттік. Міне, сол тұста Елбасы ұстанған бағыт, оның халыққа арналған Жолдаулары қиындықтарды жеңуімізде шешуші роль атқарғаны сөзсіз. Экономикасы мен мәдениеті дамыған өркенді елдер қатарынан көрінеміз десек, ең алдымен, өзіміздің ішкі мәдениетімізді жөнге салып, ауызбірлікті ел болудың қамын жасауы­мыз керек. Бұл неден көрініс табуы қажет? Ашы­ғын айтайық, ел ішінде сыбайлас жемқорлық, әлі де болса, жалынан ұстатпай тұр. Бұл әлеуметтік кесел болып отыр. Мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін осы дертпен күрестің жаңа механизмдерін жүзеге асыру керек. Біздің ата-бабаларымыз бейнетқорлықпен күн кешкен. Тіпті кешегі кеңестік дәуірдің өзінде де осы бір атадан балаға мұра болар, асыл қасиеттің талай үлгілері болғаны ақиқат. Ал бүгінде, өкінішке қарай, осы қасиет көмескіленіп бара жатқан секілді. Жастар арасындағы масылдық пиғыл өзге ортаға да шарпуын жайып, меңдеп бара жатқаны жасырын емес. Сөзуарлық пен саясатшылдық кейбір аза­маттардың өмір сүру ғұрпының сәніне айналды. Оның үстіне іс басында отырған әкімқаралардың бюрократизмі, сөзбұйдашылдығы елдің ішін діңкелетіп бара жатқаны – тағы шындық. Елге жаны ашитын, қоғамшыл азаматтардың бастамаларын тұншықтыру секілді жымысқы әрекеттерден әлі толық арылып болған жоқпыз. Мұндайлар ұлттық мүдде мен рухани құндылықтар туралы бас қатырып жатпайтыны – тағы ақиқат. Біз өзімізге өзіміз жанымыз ашыса, ұрпақ қамын ойласақ, осылайша, әр нәрсені өз атымен атауымыз қажет. Мұның бәрі елжандылық пен отаншылдық секілді қасиеттерді бойға сіңіруге бағытталған жұмыстардың жеткіліксіздігінен деп білеміз. Ал оның орнына жағымпаздық пен жарамсақтық, жантықтық, құлдық психология­сы меңдеп бара жатқанын жасыруға болмайды. Құрғақ даңғаза мен әсіренауқаншылдық байыпты, байламды іске тұсау болар дерт – міне, осылар. Ел іші осының бәрін көріп-біліп отыр. Жиыр­ма жылдық жанталастан соң бүйірі бұлти­ған әкім-қаралардың елге мойын бұрарына үмітті. Астана айтуын айтады-ақ, ал бірақ айтыл­ған сөз жергілікті жерде жартыпатшалық орнат­қан дөкейлердің зердесіне жетсе ғой, шіркін!.. «Ауыл – алтын бесігіміз!» «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» деп те ұрандатып қоямыз. Бүгінде атқа мініп жүрген қазақтардың денінің тамыры – ауылда. Ауылға әл бітсе – елдің өркендегені, сондықтан ендігі бетбұрысты ауылға бағыттау керек. Агроөнеркәсіптік кешен­ді дамытып, оны ел игілігіне айналдыру қажет. Қазір күнкөріс қамымен қала базарларында қаңғырып жүрген қазақтарды елге қайтарып, өздерінің төл кәсібінен нәсіп табуға жол ашу қажет. Енді бір бес-он жылда проблеманың көкесі азық-түлік тапшылығына байланысты болары сөзсіз. Сонда, міне, ауыл, елдің мұқтажымен тікелей есептесетін жағдаймен бетпе-бет келетін боламыз. Ал ақиқаттан айналып өте алмайтынымыз рас. Осы мәселелер төңірегінде БАҚ, әсіресе қазақ тілінде шығатын басылымдар шыр-пыр болып жазуындай жазып-ақ жатыр. Айталық, «Экономика» газетінде білікті маман Амантай Қалымбергеновтың Қарағанды облысында Ақ­тоғай агроқалашығын ұйымдастыру жөніндегі проблемалық мақаласы жарияланды. Алайда осы өркенді іске селт етіп қуана қоштай қойған не министрлік, не әкімшілік болмады. Жақсы бас­тамалардың бағы ашылмай, су аяғы құрдымға ке­тетіні бір бұл емес. Ащы да болса, ақиқат – осы. Жуырда Елбасы «Велотрек – Сарыарқа» спорттық кешенінде Қазақстандағы аса маңызды нысандардың тұсаукесерін өткізіп, жыл қорытындысында жақсы жаңалықты жария етті. Соның бірі – біз әлгінде ғана тілге тиек еткен ауылшаруашылығының өнімдеріне қатысты нысан. Шығыс Қазақстанда тері илейтін зауыт ашылғалы отыр! Семей қаласында бой көтерген бұл зауытта италиялық қондырғылар орнатылған екен. Енді ауыл-аймақтың түкпір-түкпірінде сасып-бықсып жататын мал терілері бұдан былай ортақ кәдеге асатын болады. Шіркін, осы игілікті іс бұдан бес-он жыл бұрын қолға алынғанда ғой деп ойлайсың. Қайтесің енді, «ештен кеш жақсы». Жер қойнауындағы қазына әйтеуір бір түгесіледі. Бар игілікті сонымен ғана байланыстыруға болмайды. Ауыл шаруашы­лығын өркендетіп, өндірістің өркен жаюына күш салуымыз қажет. Ол үшін елін сүйген ерлер керек! Ал ерлер жоқ емес, бар! Солардың ынта-жігерін құм етпей бастамаларының бағын аша­йық. Іс басында отырған әрбір азамат адалдықтың, тазалықтың бәйгесінде бақ сынасын! Ел дәулетін, халық несібесін көздің қарашығындай сақтайтын, келер ұрпақ үшін аялап-мәпелейтін кез келді! Бүкіл ғалам қазір дағдарыстың екінші кезеңінің алдында тұр! Кәрі құрлық Еуропа, азуын айға білеген Америка жанталас үстінде. Англия Еуроодақтан шығудың қамын жасап, қағыну-сілкіну үстінде. Біз де етек-жеңімізді жиып, қолда барды ұқсатып жұмсап, ұқыптылық пен үнемділіктің жолын таңдайық. Есеп пен бақылау күшейтілуі керек. Ол тек қана «Нұр-Отан» атқаратын шаруа емес. Ілгерідегідей бүкіл ел бойынша халықтық бақылау қозғалыстарын құрған абзал! Бұл – зымыранша жүйткіген қазіргі уақыт талабы! Ал оның үдесінен көріну – біздің әрқайсысымыз үшін үлкен міндет! Туған топырағымызды сүйейік, Алаш арыстары қасық қанын сарп еткен қыран қанат Қазақ елін сүйейік!

6594 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6221

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5717

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3456

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2837

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2801

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2779

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2510

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2495

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы