• Әдебиет
  • 20 Қаңтар, 2012

Өтесінов биігі

d0bed182d0b5d181d0b8d0bdd0bed0b2Тілге тиек, ойға түрткі, толғауға ұйытқы болып отырған бас кейіпкерім – Рахмет Өтесінов, оның шығармаларының толық жинағы. Көзі тірісінде аты аңызға айналған қазақтың бірегейі. Рахмет Өтесінов дегенде жас кезімізден санамызға сіңген Николай Островскийдің ерлігі, елеулі еңбегі еске түседі. Ол тегін емес. Рахмет аға өнегелі өмірдің иесі – КСРО-ға, Қазақ КСР-на еңбегі сіңген құрметті мұнайшы, «Өзенмұнайгаз» бірлестігінің тұңғыш директоры, Жаңаөзен қаласының негізін қалаушы, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерінің иегері. 42 жасында жол апатына ұшырап, өмірінің қалған 42 жылын дөңгелек айналымға байланып, құдіреттің сынағынан өткен адам. Мүгедектіктің азап-мұңын жеңе білген қайсар, қайратты, тұлғалы ағамыз жеті көркем әдеби кітапты, «Маңғыстаудың мың жолы» атты радио­спьесасы мен «Мұнай тегі» поэмасын жазды. Қолымдағы «Аманат» кітабына (Алматы,2011) автордың «Ақиқатқа арналған арман» (1973), «Айтылмаған ән» (1978), «Алыстағы алау» (1983)», Кең жылой» (1989), «Мұнарлы күндер» (1995), «Су түбінде жатқан тас» (2001), «Соңғы аялдама» (2005) сынды жеті көркем шығармасынан үзінді енген. КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 30 жылдық таныстықта еске алатын, ескеретін, есептесетін ұмытылмас жайлар баршылық. Әр кездесуде Рахмет Өтесіновтің адамгершіл ілтипатына аса ыждағатпен назар аударатынмын. Өмірге деген құштарлығы жүздескен үлкен-кіші адамға деген ықылас-ынтасынан есіп тұратын. Енді көз алдыма нағыз сезімтал, асқан білгір, кәсібін мәртебе тұтқан асыл азамат, үлкен дәулеттің тірегі, оның өмірінің белес-баспалдақтары елестейді. Рахмет Өтесіновтің бітімін, бейнесін, беделін, белсенділігін тізіп, теріп, тереңінен түгендеп айтқан әйгілілер аз емес. Солардың санатында Константин Симонов, Роберт Рождественский, Әбу Сәрсенбаев, Евгения Доцук, Карен Степанян, Михайл Толмачев, Темірхан Медетбек тағы басқа. Рахмет Өтесіновтің өндірістегі еңбегі мен көркемдік-әдеби шығармашылығын ажыратуға болмайды. Жастайынан еңбекқор жандардан тәлім-тәрбие алды. Терін төгіп Мәскеуде өтімді білім алды. Мұнай алқабы мен өндірісінің алдыңғы шебінде шынықты, ширады, мұқалмады. Сол 50-60 жылдары жаңа саланың қиыншылықтары аз болмады. Техника да, кадр да жетіспеді. Скважинаны дұрыс, есепке сай орнату жұмыстары әр кез сәтті бола бермеді. Жұмыстағы шалағайлық аяқтан алып жатты. Аудандық басшылық жұмысындағы оралымсыздық арагідік бастаманы басып тастады. Бәрі де техникалық сыннан, ұжымдық тұйықтан жол табуды қиындатты, кейінге қалдырып жатты. Онсыз да «ғылым-техника-өндіріс» тоғысын алып кету ешкімге де жеңіл тимеген кездер. Жоспарды орындау мемлекеттік қатаң талап еді. Кәсіби мамандар табиғат пен техника сынынан, ұжымдық тұйықтан өз бетінше жол табуға тырысып бақты. Әр жеңіс азаппен, қара термен, бітіммен, келісіммен келді. Оның үстіне жаңа мамандарды даярлау, жастарды өндіріске тартып, тәрбиелеу керек еді. Қыруар жұмыстың әлеуметтік қыры мен оны ұйымдастырудағы қиыншылықтарды қатар алып жүру – жеріне, еліне, мамандығына жан-тәнімен берілген, са­уатты және салауаттылардың үлесіне тиген ауыр жүк, жауапкершілігі артық міндет еді. Шешуші кезеңде кәсіби мамандар ғана басты бағыттан ауытқымады, дұрыс шешімді бетке ұстады. Рахмет Өтесінов алдыңғы сапта Қазақстан мұнайшыларының сынағынан өткендердің санатына жатады. Оның үйретушілері өз ісіне берілген адал перзенттер, ел азаматтары, мұнай саласының белділері еді. Еңбекке деген икемділікті өз әкесі – Ембінің байырғы мұнайшысы, Ленин орденінің иегері Жайлыбаев Өтесін баулыды. Білгірлік құштарлығын ұштағандардың қатарында өзінің құрдас жолдастары – Сағидолла Мұқашев, Зейнолла Қабдолов, ғылым мен өндірістегі ұстаздары – мәскеулік профессор А.В.Топчиев, Сафы Өтебаев, Нұртас Оңдасынов, Шаймерден Есенов, Дінмұхаммед Қонаев сынды еліміздің тарихи тұлғалары еді. Бәрі де – өз ісі мен өміріне ғана емес, ел алдындағы жауап­кершілігін терең сезінген жандар. Бір отырыста техника ғылымдарының кандидаттығына дайындап қойған авторефератты көрсеткен-ді. Бәрі де эксперименттік және математикалық дәлдікке, қисындық жүйеге негізделген. Жол апаты болмағанда, 1969 жылы диссертация қорғалатын еді. Тағдыр күтпеген арнамен алып кетті, темір төсекке таңып қойды... Сол өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап, азабы таусылмас, мұңы толы оңа­ша тіршілікке тұйықталды, арпалысқан өзіндік жеке өмір басталды. Ең жақсы ермегі – жұмыс. Шығармашылық негізгі ермегіне, еңбегіне айналды. Үстел басында ойын емін-еркін ширатып, шындықпен бірге шерін тарқату дағдыға айналған-ды. Кездескен сайын үстелдегі түрлі сөздіктерді байқайтынмын. Міне, қазір де көз айырмай «Аманат» кітабын қайталап оқимын. Кейіпкерлердің басым көпшілігі – өзімен істес, дәм-тұздас болған замандастар. Адамды, Үкіметті алдап көрмеген ұрпақ өкілдері өз міндеттерін адал орындауға бейімделгендер. Жасынан іске білек сыбана кіріскен іргелі жандардың өмірге деген сезімдері, өздеріне деген сенімдері тоқырамаған, толастамаған. Тақырыбы – мұнай өңірінде, мұнай саласында өзін көрсете алған тұлғалар. ХХ ғасыр қазақ жеріндегі кәсіби мамандардың, мұнай өндірісінің қалыптасу кезеңдері мен көріністері – автор шығармасының бас­ты арқауы. Өмірдің, өндірістің алдыңғы шебінде жаңа мінез, жаңа дәстүр-салт қалыптасты. Қиын-қыстауда мінездер сыналды. Шымырлар ширығып, шыныға түсті. Жасықтар абдырап, арқауын тарқа­тып алды. Туған жердің жамауын жамап, өз жұртын жоқ­татпаудың амалдарын қарастырып, тынымсыз әрекет жасағандар ел арасы­нан шыға бастады. Ауа райы қатаң өлкеде­гі мұнай алаңын игеріп, кәсіпшілер қауымын өзіне қарата білген, өзімен табыстырған қайратты да қамқоршы жетекшілер өмірге келді. Туған жердің қойнауында пісіп жетілген жетекшілер «қуаттының әсері – кеңдігі мен емдігінде, басқалардың қолы­нан келмейтін жұмысты атқарар демдігін­де» деген ұстанымды бетке ұстады. Өзі де, кейіпкерлері де – қиыншылықты жеңе білген, өмірдің реңі мен келбетін келтірген тынымсыз жандар, жасампаз кісілер. Олардың әрқайсысы өз деңгейінде әрекет етеді. Артқанын қымбатқа өткізбей­тін бірбеткейлер. Артынан жаман сөз ергізбей, адамға адалдық тұрғысынан жауап беріп үйренгендер. Олар – өзіне, өз ісіне, өміріне жауапкершілікпен қарайтындар. Ісіне, өзіне разы адам өз ісіне атүсті қарамайды. Неге? Еңбек пен кәсіпке жүгінгендер қауымдасып, өзара бірлесті, топтасты. Онда әдепті парыз тұтқан нәсіп бар, адамды қанаттандыратын махаббат бар. «Екеуінің орны – екі бөлек. Парыз біреу үшін, махаббат өзің үшін. Парызды өтеу өмірдің мәні болса, махаббат – сәні. Бұл екеуі – бір-бірінен айырылмайтын, адам бойындағы егіз сезім». Сезім оятар сергек сөздер. Сергек кісілер ғана пайдалы ұсынысты, жаңалықты қолдайды, осындай икемділікті іскерлік деп те, міндетім деп те есептейді. Автор да, оның бас қаһармандары да – өз жайын өзі тосылмай айтқан, адал­дықпен келісіп өткен қайсар жандар. Кісіні ірі ететін – жауапкершілік сезімі. Расында, нендей пайдалы істің де, білекті сыбанып жіберіп, шын ниетімен кірісетін кісісі болмаса, бос сөз болып қалатыны шындық. Содан еңбекке көрсетілген құрмет, еңсе есейтер керемет деген түсінік қалыптаса бас­тады. Сенім ұсақталмас деп ұғынушылық адамды жөнге көндіре бастады. «Тынымсыздықта күдіксіз кеуде болмас, уайымдасаң кейпің оңбас» деген көзқарас күш алады. Күдікті ілкіде тіксіне қалып, тікірейе қараса да, көкіректегі күдікке жар берме, әлсіздіктің зиянын ұқ. Сонда жөнге келерсің деген басалқылық бойды билей бастады. Өйткені қызғаныш үлкен-кішіні де отқа салады. Қызғаныш сезімін лапылдатпай, оның лебін баспай, киелі, қасиетті құтқару жұмысы біртіндеп қиындай беретінін ұғынушылық әлденді. Жігердің тасуы көкіректегі күдіктен емес, бітімді тірліктен еді. «Ұлағатты жандар қашанда ақыл-ойың, ар-намысың» деп бекер айтылмаса керек. Өйткені олардың өзіне жауапкершілікті көтеріп алуға, артық еңбек етіп, басқаларға үлгі болуға артық құқығы бар. Ұлықтардың абыройын қорғау – ізбасарлар міндеті. Тек міндетті біліп, сауатты жасағанға не жетсін! Жас оқырман, қолыңнан не келетінін білсең, өмірдегі өз орныңды тап демекпіз. Бұл – өмір талабынан туындаған тоқтам-түйіндер. Жазушы, ел азаматы Рахмет Өтесінов­тің абырой-атағы – әр оқырманға қосым­ша сыйлық, ілгері іске себеп. Ол қарымды қайраткер, ойшыл тұлға ретінде өмірден озды. Оның шығармашылығына тән үйлестік пен нарративті үндестік бітім мен бірлестіктің өмірлік құндылығына айналды. Рахмет Өтесінов еңбегін бағалаушы жанкүйерлер еліміздің түкпір-түкпірінде көбеюде. Жаңаөзендіктер өздерінің Спорт сарайы мен көшелерін Рахмет Өтесінов есімімен атаса, мұнысын ел азаматының төзімінен тоқылған іс-әрекетіне, қажыр-қайрат түйініне берілген әділ баға деп ұғамын.

Жақан Молдабеков, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Рахмет Өтесінов

Өмір, сен неткен тәтті едің? Өмір, сен неткен тәтті едің? Тағдыр, сен неткен қатты едің? Қырықтан жаңа асқанда, Төсек тартып, жат дедің. Көтерді талай жан шыбын, Өмірдің мазақ, қалжыңын. Арпалысып азаппен, Өтіп жатыр бар жылым. Өмір қымбат сонда да, Шақырады паң дала. Бәрін жаңа көргендей, Қараймын кеп таңдана. Құрдым жалмап жұта ма? Ерлікті ездік ұта ма? Тырмысамын, тырысып, Ілініп қолым бұтаға. Әлсіз саусақ қарысып, Жандармен күн жабысып, Жадыраймын тағы да, Жарық күнмен табысып. Өзегімді жарып шыққан Өзенім... (Жаңаөзендегі кездесуде оқылған өлең) Өзегімді жарып шыққан Өзенім, Төзіп келем, бейнетіңе төземін. Атамекен ұрпағыма атандың, Ата кәсіп атастырған өз елім. Сенде қалды барлық қайрат-жігерім, Бар асылым, бәсекеге тігерім. Қиын-қыстау кезеңдерде өзіңнен, Түңілмедім, үзілмеді күдерім. Мен Өзеннен кетті екен деп, достарым, Келімсектер қатарына қоспағын. Өңім түгіл, түсімде де ойымда, Кетем деген жоқ болатын жоспарым. Өзі кесіп кімнің қанша жасарын?! Жаратыпты пенде деген нашарын. Кім біліпті құдіреттің қай жерден, Ертең татар дәм-тұзыңды шашарын? Өтесінов Өзенменен тұқымдас, Жерде жүрсін, көрге кірсін, құтылмас. Жазмыш солай пешенеге жазылған, Бұл туыстан қай жағың да ұтылмас. Байқасаңыз, гәптің бәрі – мұнайда, Содан шығар ығай менен сығай да. Біз Өзенмен біте қайнап, бірге өстік, Айыра алмас адам түгіл, Құдай да. Шалғай жүріп ырыздығын терген көп, Ұзап кетсем, тағдырыма ерген боп, Бір-біріне таныстырар сыртымнан: «Маңғыстаулық, Өзен деген жерден», — деп. Бәлкім, тартса, топырағы жырақтың, Дүние жалған өте шығар бір-ақ күн. «Жаңаөзендік Өтесінов деген» боп, Тәнім жатар бір шетінде қыраттың. Қымтап тастап қара жердің көрпесін, Жаным табар үйреншікті өлкесін. Көшбасыңның үрейі деп білгейсің, Бозторғай кеп шырылдаса ертесін. Алуаға (Немереме) Алуашым, тудың сен күнімдей боп, Былдырладың атаңның тіліндей боп. Өңкей аға-інінің арасында, Өстің дара, даланың гүліндей боп. Сен жыласаң, тынымым кетер еді, Үйдің іші кезекпен көтереді. Алдыма алып әлдилеп әнге салсам, Күн ұзаққа өлеңім жетер еді. Жыламашы, сұрашы керегіңді, Білгейсің бәрін тауып берерімді. Шөлдесең, қарлығаш боп қанатыммен, Таңдайыңа зәмзәм су себерімді. Жұлдыздарды моншаққа терейін бе? Ат қып «Жетіқарақшы» жегейін бе? Алқа қылып мойныңа тағам десең, Аспандағы айды алып берейін бе? Ата-ананы балаға қаратқаны, Ай мен Күнді өзіне балатқаны. Құдіреттің адамға деген сыйы — Немерені тәтті ғып жаратқаны. Сені көрсем, әкемнің көзін көрем, Әбдірхандай баламның өзін көрем. Әулетіңнің таңбасын таңда десе, Өтесіннің бейнесі өзің дер ем. Жыр жазғаны — атаңның қолдағысы, Жарып шыққан жүректен толғанысы. Бата бердім, боташым, бақытты бол, Папаң мен мамаңның қолғабысы.

3785 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7256

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6229

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3970

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3360

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3319

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3288

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3016

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3004

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы