• Әдебиет
  • 27 Қаңтар, 2012

Кешірім

d0b6d0b5d0bdd189d0b8d0bdd0b0«Өмір өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып...». Мұңлы әуенді беріле тыңдап, асүйде кешкі ас дайындап жатқанмын. Қиялыңды сан-саққа шарықтатар әннің мәтініне елітіп, өз өміріме шолу жасап кеткендеймін... Көрші-қолаң, таныс-туғанның бәрі бізді сүт­тей ұйыған, берекесі жарасқан өнегелі отбасы деп қабыл­дайды. Ол рас та. Бірақ адам баласының жақ­сы күндерге оңай­дан-оңай қол жеткізе салмайтыны шындық қой. Осы күнге жету үшін біз де талай қателіктерді бастан кеші­ріп, сол қателіктерден ащы сабақ алуды үйрене білдік. Әйтпесе, әйел болып жа­ралған соң, күйеуіңнің ұр­па­ғын жалғастырар сәби сүйіп, сол сәбидің шалық­таған күлкісін, тәтті қылығын қызықтап, ел қатарлы өмір сүргенге не жетсін?! Амал нешік... Құдай еншіңе бө­л­іп берген жазмыштан асып, ешқайда кете алмайды екенсің. Есік қоңырауы шыр ете қалды да, ойым бөлініп кетті. Есікті ашсам, көршім Ғалия екен. Ол күйеуімен бірге қонаққа бармақшы болып, бес жасар қызы Аружанды «қалдыра тұрайық» деп өтініш жасауға келіпті. «Қызымыз шаршап, балабақшадан келген еді. Өзімізбен сүйретпей-ақ, сіздер үйде болсаңыздар, қалдырып кетсек» деп жайын түсіндіріп жатыр. Аружан бұған дейін де біздің үйде талай мәрте қалып жүрген. Кейде әке-шешесі қонақтан кеш қайтса, біздің үйде қонып та қалатын. Түнделетіп жеткен оларға «баланы шырт ұйқысынан оятып қайтесіңдер» деп Аружанды алып қалатынбыз. Күйеуім Қайрат та балажан. Аружан келсе, оның тілін қызықтап, әр қылығына балаша мәз болып, барын ұсынып, бір жасап қалады. Аружан бүгін де үйреншікті әдетімен үйге кіре сала, аяқкиімін шешкен бойы ішке озды. Төргі бөлмеде шұқшиып, қағаз ақтарыстырып отырған Қайрат оны көріп, құшақ жая қарсы алды. Кешкі асымызды ішіп болған соң, Аружанның тақпағын тыңдап, балабақшадан үйренген биін тамашалап, сурет салғызып, тілін қызықтап, біраз отырдық. Үлкендердің бар назарын өзіне аударғанына масайрап қалған Аружан әбден шаршаған соң, ұйықтап қалды. Ал мен күндегі әдетім бойынша теледидар қосып, түрік сериалын көруге отырдым. Кейінгі кездері сериал көрсем, өзімді тынығып қалғандай сезінетін болып жүрмін. Менің «ұзаққа кететінімді» білетін күйеуім ештеңе деместен, жатын бөлмеге кіріп кетті. Сериалдың қызығына елітіп отыр­ғанымда, есік тағы да шыр ете қалды. Ашсам, әлгі қонаққа кеткен көршім Ғалия екен. Аңтарылып қалдым. Кеш келеміз деген сияқты еді, ал сағат әлі тоғыз да бола қойған жоқ. Өзі жалғыз. Аздап қызарып қалған көзіндегі қалың бояудан ештеңе қалмаған. – Аружанды алып кетейін деп едім, – деді көзін төмен салған қалпы. Оның мына түрін көріп, әлдебір қолайсыз жайттың болғанын сездім де: – Аружан ұйықтап қалды, мазасын алмай-ақ қой, ұйықтай берсін. Жүр, үйге кірсеңші, екеуіміз шай ішейік, – деп тартынғанына қарамастан, үйге кіргіздім. Көңілсіз жымиған Ғалия үнсіз келісім бергендей. Үндемеген күйі бір кеседен артық шай ішпеген оның жабырқау түрін көріп, көңілін сергітейін деген ниетпен, Аружанның салған суретін көрсеттім. Ақ парақтағы қол ұстасқан әйелдің, ер адамның және ортасындағы кішкентай қыздың сұлбасын, үйдің және күлімдеген күннің суретін көріп Ғалия: – Болды, бітті. Ажырасамын. Оның жолын бөге­мей, өзім-ақ кетемін, – деп еңіреп жіберді. – Ажырасқаны несі? Не айтып тұрсың? Сәл үнсіздіктен кейін ол: – Оның көңілдесі бар екен. Бүгін көрдім, – деп бет­орамалымен мұрнының ұшын сүртті. Мен «Аружан оянып кетпесін» деп асүйдің есігін жаптым да, ештеңе түсінбегенімді аңғартып, оған үнсіз қарап қалыппын. Ғалия терең күрсінді де, ішіндегісін ақтарғысы келетін сыңай танытып, оң қолын жағына таянды. – Бүгін тойда барын киіп, бақанын асынған бір әдемі келіншек жанымызға келіп, бізге қарап тұрып қалды. Оны көрген Алмастың жүзі өзгеріп сала берді. Бастапқыда оның тесірейе қараған көздерінен қысылып қалған мен сол сәтте оның қолындағы тура менікі сияқты алтын білезікті көрдім. Маған да сондай білезікті Алмас Түркияға барған іссапарынан алып келген еді. Бір түрлі сасып қалғандай көрінген Алмас бойын бір­ден жинап алды да: «Сәуле, біздің бастық та келді ме?» – деді көзін төмен салған қалпы. Бұл оның «әріптесім ғой» деп менің алдымда ақталғаны сияқты көрінді. Оның сұрағына еш жауап берместен менің бойымды суық жанарымен шолып шыққан әлгі келіншектің көзі қолымдағы өзінікіндей алтын білезікке қадалды. Оның «әйелің осы ма» деп менсінбей қараған дөрекі жүзі бірден қабарып сала берді. Содан соң өтірік езу тартқансыды да, күрт бұрылып, өкшесін қадай басып, жайына кетті. Әлгі келіншектен қалай құтыларын білмей отырған Алмас маған білдірмеуге тырысып, демін ішіне бір тартты. Сол кезде, неге екенін, тынысым тарылып кетті. Алмасқа деген ашу қыса бастаған соң, «таза ауа жұтып келейін» деп сыртқа шықсам, есіктің алдында қолдарына шылым ұстаған екі әйел тұр екен. Теріс қараған қалыптары әңгімелесіп тұр. «Сәуленің ұятсыздығын айтам, Алмастың әйелін ертіп келгенін көре тұра, – қастарына әдейі барды. Алмасты әбден састырды» деді бірі екіншісіне. Сол сөздерді ести сала, көшеге шығып, бірден такси ұстап, үйге қайттым. «Бір­еудің тойының шырқын бұзып қайтем» деп ойладым, – деп Ғалия мұңайып, отырып қалды. Ғалияның жуас мінезі маған жақсы таныс. Қала келіншектерінде көп кездесе бермейтін қалың қолаң шашы жапқан иығы бір түрлі қушиып, жіңішке денесі бір уыс болып қалғандай. Оған қарап отырып, өзімнің тұрмыс құрған алғашқы жылдарым есіме түсіп кетті... Қайран жастық шақ енді қайтып келмейді ғой... Қайрат екеуіміз бір институттың түлегіміз. Менің де, оның да әке-шешелеріміздің дүрілдеп тұрған шағы еді. Менің әкем – зауыт директоры, анам – институтта доцент. Қайраттың әкесі – горком хатшысы, анасы – сауда саласының қызметкері. Екеуіміз қол ұстасып, бас қосқанда сол уақыттағы ел аузына іліккен үлкен той жасадық. Үйлену тойымыз Ақтөбенің қақ ортасындағы ірі мейрамханада дүркіреп өтті. Шақырылған қонақтар да – кілең ығай мен сығайлар. Қайраттың әкесі той үстінде екі бөлмелі кооперативті пәтердің кілтін табыс етті. Тойдан кейін екеуіміз Қара теңіздің жағалауында демалып қайттық. Үйленгенімізге екі жыл толғанда, оқуымызды аяқтап, жақсы қызметтің құлағынан ұстадық. Бар құрбым маған қызыға да қызғана қараушы еді. «Тү-у, Алмагүл, қандай бақыттысың! Жас болсаң да, сенде бәрі бар. Институттағы ең көрікті жігітке тұрмысқа шықтың, жеке пәтерлерің де бар. Жақсы қызметке орналастың», – деп тамсанысатын. Арасында «байқа, Қайратты басқа біреу қағып кетпесін» деген қалжыңдар да айтылып жататын. Ондайда «іштері күйген соң айтады да» деп мән бермеуге тырысқаныммен, ішімнен кәдімгідей қызғанып қалатынмын. Себебі Қайратты құлай сүйдім. Ал әйелдердің оны тез ұнатып қалатыны маған мәлім... «Мүмкін еркелік, мүмкін маған өмірде бәрі оп-оңай келе береді» деген жеңіл ойдың әсері ме, әйтеуір балалы болу мәселесіне онша бас ауырта қоймайтынмын. Оның үстіне институтты бітіре салып, кафедраға жұмысқа жаңа орналасқандықтан, мені көбінесе келешектегі мансабым көбірек толғандыратын. Сөйтіп, еш алаңсыз күндер зырғып өте берді. Бір күні күйеуім күндегі әдетінен жаңылып, жұмыстан кешіккен соң, қызмет орнына телефон соғып едім, «ол сағат 5-те кеткен» деген жауап алдым. Тағы бір-екі сағат өткен соң, қобалжи бастадым. Себебі бұрын ол бұлайша кешігіп көрген емес. Тіпті жұмыстан кешірек шығар болса, телефон соғып, ескертер еді. Күте-күте, өзімді қоярға жер таба алмай, бір отырып, бір жаттым. Тек сағат он бірлер шамасында есікті өз кілтімен ашып, аяғының ұшымен жатын бөлмеге өтіп бара жатқан Қайрат асүйде отырған мені көріп, зорлана езу тартты да: «Неге әлі ұйықтамай отырсың?» – деді. Қолында бір шоқ гүлі бар екен. Оның аман келгеніне іштей қуанып кетсем де, білдірмеуге тырыстым. Менің томсырайған жүзімді көріп, ол: «Бүгін өте маңызды бір кездесу болған еді, кешірші, қабағыңды түймеші», – деп жаныма келіп, шашымнан сипап, маңдайымнан сүйіп қойды. Мен де бірден жадырап сала бердім. Бірақ бір аптадан соң бұл жайт тағы қайталанды. «Мүмкін, тағы да жұмыстармен кешігіп жатқан шығар» деп өзімді жұбатып, қалғып кетіппін. Түн жарымынан асқан уақытта есіктің қоңырауы безілдеп қоя берді. Қайрат екен, аузынан арақтың иісі мүңкіп тұр, есікті өз кілтімен ашуға шамасы жетпеген секілді. Есіктің жақтауына сүйенген қалпы, тәлтіректеп әрең тұр. Өзімді сабырлы ұстауға тырысып: – Қайда жүрсің? – дедім тістене. – Сен мені өмір бойы тергеп жүрмексің бе? – деп өзіме қарсы сұрақ қойғанымен, ол көзіме тік қарамаған қалпы, ішке өтіп, төсекке гүрс құлады. Таңертең тұрған соң, түндегі қылығына ұялғандай сыңай танытып, «кешірші» дегеннен әріге аспады. Ол кездері басшылардың кейбіреулері аяқтарын алшаңдай басып, мейрамханаларға барғыш еді ғой, «бұл да сондай әдетке бой алдыра бастаған ба» дедім де қойдым. Алайда көп ұзамай жанашыр бір құрбым Қайратты бір қызбен бірге көргенін айтып келді. Тіпті әлгі қыздың түр-әлпетіне дейін сипаттап берді. Бұл сөздерге сенерімді де, сенбесімді де білмей, көп толғандым. Бірақ сағат сайын ұлғайып бара жатқан іштегі қызғанышым түскі үзіліс кезінде оның жұмысына сүйреп апарды. Кіріп барғанда көргенім – майыса жымиып, кірпігін қаққыштап отырған әдемі жүзді бір қыздың Қайраттың құлағына әлденені сыбырлап жатқаны болды. Тіпті мені байқамайды да. Сықылықтай күліп алған соң, қыз қол сөмкесін көтеріп, екеуі қолтықтаса сыртқа беттеді. Мәссаған, мынау әлгі құрбым сипаттап берген қыздан аумайды ғой! Оң жақ ернінің үстіндегі меңі де, қою бұйра шашы да – бәрі келіп тұр. Есіктің алдында мелшиіп тұрған мені көрген күйеуімнің жүзі бірден қуарып сала берді де, кілт тоқтады. Қыз да бірден түсінгенін көрсетіп, үндеместен алға озды. «Қайдан жүрсің?» – деп сұрай берген күйеуімнен сол сәтте қатты жиіркеніп кеткендей болдым. Оны осындай екіжүзді, әйелқұмар деп ойламаппын. «Екеуіміз мәңгі бақи тату-тәтті өмір сүретін шығармыз, біз сияқты жарасқан жұп жоқ шығар» деген аңқау сенімімнің сол сәтте күл-паршасы шыққандай күйге түстім. Өзімнің осыншалықты аңғалдығыма ызам келіп, теріс бұрылдым да, үйге тарттым. Еш сөзге келместен бар керегімді жинап, шабадандарға лақтырып жатқанымда, ентігіп Қайрат та кіріп келді. – Мұның не, қайда жиналып жатыр­сың? Сен жаңағы қыздан қызғанып кеттің бе? – деп таңданған кейіп танытуда. – Ол жұмыстағы хатшы қыз ғой. Көрінген етектіден қызғана беретін қызғаншақ деп ойламаппын сені, – деген сөздері онсыз да ашудан булығып тұрған мені одан ары ызаландыра түскендей. – Мә, мынау пәтеріңнің кілті, осын­да сол көңіл­десің екеуің бақытты өмір сүріңдер, – деп кілтті үстелдің үстіне лақтырып жібердім. Мені оңайлықпен алдай салмайтынын түсінген Қайрат: – Жаным, кешірші, маған сенен басқа ешкім керек емес. Мен сені сүйем, сенсіз қалай өмір сүрем? – деп жалына бастады. – Жолымды бөгемей, былай тұр, – деп итере бер­ген­ім­де, ол мені қапсыра құшақтай алды. Оны итер­мек­­ші болғаныммен күшім жетпеген соң, еңіреп жылап жібердім. Өмірімнің осыншалықты күрт бет­бұрыс алаты­­нын, аж­ыр­асуды мұн­ша­лықты оңай деп күтпеген мен үшін бұл жайт ауыр соққыдай тиді. Ажырасу туралы ой үш ұйықтасам, түсіме де кірген емес... Сонымен қойшы, Қайрат та өлердегі сөздерін айтып, өзім де көңілімді көздің жасымен жуып, сабама түстім. Күйеуіме біршама уақыт сөйлемей жүргенім­мен, біртіндеп көңілім қайта жайлана бастады. Арасында екеуіміз Қара теңіздің жағасына тағы барып, демалып қайттық. Кейде өзімнің қызуқандылығыма еріксіз күлкім келіп кететін. Бәсе, мен білетін Қайрат мені ғана сүюі тиіс... Үйде біраз уақыт тыныштық орнағандай болды. Қайрат «ішімдікті қойдым» дегенді жиі ауызға ала бастады. Бұл сөздерге, әрине, мен қуанып қалатынмын. Бұл – еліміз егемендігін жариялап, өз алдына тәуелсіздік алған тұс. Партия тарап, әркімнің өз басымен өзі қайғы болып кеткен шағы. Аумалы-төкпелі шақта қызметінен береке кеткен соң, Қайрат та өзге жұрт сияқты жеке кәсіппен айналысуды жөн көрді. Сөйтіп, ол жолдас­тарымен бірігіп, жеке фирма ашты. Бастапқыда біраз қиындықтарға тап болғанымен, кейінірек жұмыстары алға басты. Оған бұл жұмысы қатты ұнайтын. Ертелі-кеш фирманың аяғынан тік тұрып кетуіне атсалысып, шапқылап жүрді. Кей күндері үйдің бетін көрмей кететін. Мен де оның шаруасының өрге басқанына қуанып, қолымнан келсе өзім де жүгіріп кетуге дайын тұратынмын. Дегенмен оның жұмысты сылтауратып, кейінгі кездері бұрынғы әдетіне қайта басқанын ішім сезе­тіндей. Бойымды әйелге тән күдікшілдіктен аулақ ұстауға тырыссам да, ол үйге қонбай қалса, өзімді қоярға жер таппайтынмын. Оның үстіне күйеуім соңғы кездері маған көңіл бөлуді тіптен қойды. Кейде еркелегім келіп, иығына басымды қойсам, жұмысының көптігін, шаршап жүргендігін, не басы ауырып отырғандығын айтып, бойын алып қашатын болды. Іштей ренжіп қалсам да, өзіме өзім ұрсып, күйеуімді түсінуге тырысатынмын. Алайда кейде қатар келе жатқанда жанымыздан өңі түзу қыз-келіншек өте қалса, Қайраттың мені жайыма қалдырып, ондай әйелдерге мойны бұралып кетердей ішіп-жеп қарайтыны жүрегіме шаншудай қадалатыны рас. Осы қылығы үшін талай мәрте ұрсысып та қалдық. Осылай арпалысып жүргенде арада он екі жыл да зы­мы­рап өте шығыпты. Бала сүйе алмағаным үшін өзім­ді кешірілмес күнәһардай сезініп, қатты қапаланып қалатынмын. Денсаулығымда еш кінәрат болмаса да, Құдай менің маңдайыма бала сүю бақытын жазбапты. Көкірегім қарс айырыла күрсініп, көзім құрғамай шығатын түндерім сирек. Өзімді кінәлаудан арыға аса алмаймын. Кейде Қайраттың бар жағымсыз қылығын ақтап, өзімді іштей жерден алып, жерге салар едім. Мүмкін, еркектердің бәрі осындай шығар... Олар әйелді көзбен ішіп-жеуден ләззат алатын шығар? Сондықтан күйеуімнің бұл табиғи құмарлығына бола өзімді өзім мүжігенім ақымақтық болар?.. Бір күні Қайрат сыйлас екі-үш әріптесімен бірге мейрамханаға отыратындықтан кешірек келетінін айтты. Бұрынғыдай емес, отбасылық өмірде тұрақты көзқарасқа ие бола бастаған мен оған бірге барғым келетінін білдірдім. Ол жұлып алғандай бірден: «Онда тек еркектер ғана болады, сенің ішің пысып кететін шығар», – деп қабағын шытты. Оның бұлайша бетімді бірден қайтарып тастауы мені ерегістіре түскендей. – Оның несі бар? Ол әріптестеріңді жақсы танимын, олар да мені көрсе, сыйлап тұрады. Апта сайын бірге отырып жүрсіңдер ғой. Неге бір уақыт әйелдеріңді алып шықпайсыңдар? Бәріміз әңгіме айтып, көңіл көтеріп қалар едік, – деп қалыспай жатырмын. Менің орынды айтылған бұл сөздеріме құлақ асты ма, әлде ұрыс шығып кетер деді ме, әйтеуір, Қайрат біраз үнсіздіктен кейін келісімін берді. Содан соң неге екенін, әріптесінің үйіне телефон соғып, өзінің менімен баратынын айтты. Тұтқаның ар жағындағы әріп­тесінің не айтқанын қайдам, әйтеуір күйеуімнің көңілінің қошы болмады. Оның бұл түрін көріп, мен де іштей қапаланып қалдым. «Несіне жабыса кеттім екен?». Бірақ ішкі сезімім «бар» деп итермеледі де тұрды. Әрі Қайраттың көңіліне жалтақтап қарай бергеннен де шаршап кеткендеймін. Ол неге менің көңіліме қарамайды? Неге үйге келсе, қабағы салбырап қалады? Қашанғы өзімді кінәлі сезіне беремін енді? Сонымен қойшы, әлгі отырысқа да бардық. Қайрат өзгелермен амандасып жатқанда, мен бізге арналған үстел басына барып отырдым. Дәл осы сәтті күтіп тұрғандай жаныма шашын сарғыш түске бояған, дене мүсіні келіскен бір әйел жұлқына жетіп келді де, бүйірін таянған қалпы маған қарап: «Біз Кайратик екеуіміз бір-бірімізді сүйеміз, ал сен біздің өміріміздегі басты кедергі болып жүрсің. Ол сені аяғандықтан ғана жүр», – деп тап-тап берді. Оның сөздерін жұптап, алдын ала дайындалып келгені байқалады. Маған деген жеккөрушілік сезімі бетіне шығып-ақ тұр. Мына сөздер төбеме суық су құйып жібергеннен де қатты әсер етті. «Бұлар мені қашанғы басынады...». Орнымнан атып тұрдым да, үстел үстіндегі шырынды әлгі әйелдің зәрлі бетіне шашып жібердім. Сол сәтте Қайрат та жүгіріп келді. Әлгі сары шашты әйелге көзімен атып жіберердей бір қарады да, «мен бұл әйелді танымаймын, өзінің есі дұрыс емес сияқты ғой» деп ақталып кетті. Сол баяғы кешірім сұрау... Сол сәтте оның қандай сөздер айтып, не деп ақталғаны мен үшін бәрібір еді. Дәл осы жағдай күн сайын қайталанып жатқандай, көңілімді бір жайлылық басты. Не болатынын күтіп, қызық іздеген жұрттың қадалған көздеріне мән бермес­тен үстел басына қайта жайғастым. Сол кеште өзге­лермен емен-жарқын сөйлесіп, би билеп, кештен көңілді қайттым. Ештеңе ойламауға тырыстым. Бәріне мойынсұнғандық па, әлде «жеңіс» тапқандық па – әйтеуір бойымды түсініксіз сезім биледі. Бұдан кейін де күйеуімнің бар қылығына кешіріммен қарамақ боп шештім. Өзімді де ешкімге басындырғым келмеді. «Күйеуімді кейбір әйелдердің «иеленгісі» келіп тұратын қылықтарына осы уақытқа дейін өзім кінәлі болып келдім, енді оған жол бере қоймаспын» деген ой келді. Қайратқа қанша өкпелесем де, мен ошақ отын түтететін әйелмін ғой және адам өзін немесе іштен шыққан баласын тәрбиелеуі мүмкін. Бірақ өзге бір адамды қалай қайта тәрбиелей алмақ? Оны қалайша өзі қалағанындай етіп шығармақ? Сондықтан бір-ақ жол – өзім сүйіп қосылған, әлі де менің өміріме жүрегім арқылы енген аяулы адамның кейбір қылықтары үшін неге одан айырылуым керек? Міне, осындай ойларды көп електен өткіздім де, уақыт өте келе ештеңеге мән бермеуге бел будым. Егер күйеуімнің ұсақ міндерін тіземін деп жүріп, ауруға шалдықсам не болмақ? Егер одан ажырассам, жападан-жалғыз қаламын ғой! Ал мен жалғыздықтан қорқам... Осылайша, өзімді өзім қолға ала бастадым. Алдыма талай жоспарлар құрдым. Құдай қаласа, жақында бала асырап алу ісіне кіріспекпін. Менің бұл ойымды Қайрат бастапқыда қолдамайтын, бірақ кейіннен келіскендігін білдіріп, үндемейтін болды. Бірақ бала асырап алу бізге жазбапты. Міне, бүгін де түнгі сағат он екі. Ал ол әлі жоқ. «Тағы сол әуеніне басты-ау» деп ойлай бергенім сол еді, телефон шырылдап қоя берді.Ар жақтан сызылған әй­ел­дің дауысы: «Біз Қайрат екеуміз бір-бірімізді сүйеміз, аяғым ауыр, бізге кедергі жасамаңыз. Ол сізді сүймейді», – деді. Ар жақтан Қайраттың «өзім ай­тар едім ғой, бұл не істегенің» деген дауысы естіліп тұрды. Орнымда мелшиіп тұрдым да қалдым. Жылайын десем, көзімнен жас та шықпады. Болды, біт­ті. Өз-өзімді қолға алдым. «Қашанғы өзімді қинай беремін, Қайратсыз да күн көрем ғой» десем де, сүйіп қосылған соң қимайды екенсің. Заттарымды жинадым да, әке-шешемнің үйіне, көрші қалаға кеттім. «Көр­мегенім Қайрат болсын» деп ант бердім. Үш жыл бойы ешқандай хабар болмап еді. Кейіннен естідім Қайрат­тың фирмасы банкротқа ұшырапты. Ал әлгі көңіл­десі Қайраттың бар ақшасын өз есебіне аударып алып, қашып кеткен көрінеді. Қайрат болса, осындай жағдайға ұшыраған соң, ішіп алып, балконнан се­кіріп, бір аяқсыз қалыпты. Қайраттың әке-шешесі де сол жылдары қайтыс болған екен. Енді не істеймін? Жүрегімдегі сезім оты қайта жанды ма, әлде аяныш па білмеймін, не болса да баруға бел будым. Әрең таптым, пәтерден айырылып қалған, уақытша бір досының үйінде тұрып жатыр екен. Мені көрген бойда Қайрат еңкілдеп жылап жіберді. Мен де өз-өзімді ұстай алмадым. Екеуміз үнсіз біраз отырдық. Сөйтіп, Қайратты қолыма алдым. Күйеуімнің мүгедек болғанына сене алмай, біраз уа­қыт­қа дейін есеңгіреп жүрдім. Бірақ, амал не, оған да көн­дік. Енді күнделікті жұмыстан кейін мені тағы бір жұ­мыс күтіп тұрды. Кемтар күйеуімнің күтімін жасап, та­мағын беру, киімін ауыстыру, өзге де тірліктермен еш артық уақыт қалмайтын. Осылай зыр жүгірумен бес жыл­дай уақыт өте шығыпты. Бұрын-соңды Құдайды аузына алмайтын күйеуім осы жылдар ішінде біртіндеп дінге бет бұра бастады. Бұл жаңалық мені де қуантты. Байқаймын, күйеуімнің сағы сынып, бұрын жасына сай жарасып тұратын аздаған әжімдері енді қатпарланып, көбейіп кеткендей. Ауыр күрсінуді де жиілетті. Жұма са­йын мешітке барып, намазға жығылып тұратын болды. Өзінің мүгедек екендігіне мойынсұнып, тағдыр соққысына төтеп беруге бел шешкен сыңайлы. Бо­­йында сабырлылықтың белгілері пайда бола бастады. Баяғы өзімшіл Қайрат тым қатты өзгерді. Мүгедек бол­­ған алғашқы кездердегідей, өзінің бақытсыз­дығын ай­тып, мүжіліп отыра бермейтін болды. Қыс мезгілі. Суық тиіп қатты ауырдым. Дәрігер жа­зып берген дәрі-дәрмектің ешқайсысының көмегі тимеді. Ал халім күннен күнге нашарлай бер­ген соң, дәрігерге қайта барып, анализ өткіздім. Үш күн бойы сарыла күтуден соң, мен өзімнің өкпе ісігі дер­тіне шалдыққанымды білдім. Дәрігер «ертерек қам­данбасаңыз, асқынып кетуі мүмкін» дегенді айт­ты. Үйге қалай жеткенімді білмеймін. Қайрат қол­ынан келгенінше мені жұбатып әлек. «Қазір медицина жақсы дамыған, тез-ақ жазылып кетесің. Тек бір Алладан үмітіңді үзбе», – деп басу айтуда. Бұл хабарды естіген кәрі әке-шешем де зар иледі. «Қар­ағым-ай, ең болмаса, жаныңа медеу болып, қол­ғабыс ететін балаң да жоқ», – деп анам байғұс сары­уайымға салынды. Жалғыз қыздарымын ғой, енді қайтсін... Мен бұл кеселді өзіме берілген жаза деп түсіндім. Некелік өмірдегі кейбір қиындықтарды түсіне алмай, Қайрат үйге қонбай қалған күндері шылым шегуді бастаған едім. Сөйтіп жүріп, бұл әдетке бой алдырып алғаным соншалық, оны тастай алмай жүргенмін. Дегенмен операция сәтті өтіп, өкпемнің ісігі бар бөлігі алынып тасталды. Операциядан кейін де оңайлықпен сауыға алмай, дәрігерлердің бақы­лауымен ұзақ уақыт үй күтімінде болдым. Әрине, сол кездері маған күтім көрсеткен Қайрат болды. Онсыз да бойларынан қуаты кетіп, қалған күндерін санап жүрген әке-шешеме масыл болып қалар едім ғой. Ол да тағдырдың сынағына ілігіп, қиын жағдайға тап болғанда, мен қолдау көрсеттім. Енді күйеуім мені өз қамқорлығына алды. Ол маған: «Кешірші мені. Мен ақымақ болыппын. Саған не көрсетпедім, ал сен бәріне шыдап, төздің. Сенің сол төзімділігің болмаса, екеуіміз жел айдаған қайықша екі жақта қалар едік қой. Сен менің ең қымбатты адамымсың...» – дейтін. Содан бері сегіз жыл өтті. Ал мен Қайратымның қолдауымен, ауруымнан толықтай айығып кеттім. Қазір екеуіміздің тату-тәтті, қоңырқай тірлігімізге мың да бір шүкіршілік етіп отырамын. ...Төргі бөлмеден Қайрат шығып, біздің түн ортасынан асып кетсе де, әлі асүйде отырғанымызды көріп таңғалған кейіп танытты да, тоңазытқыштан сүт алып ішіп, жатын бөлмеге беттеді. Оның жүрісіне көз алмай қарап отырған Ғалия: – Ағайдың протезі түк те білінбейді, өз аяғымен жүрген сияқты, – деді. – Иә, үйренді ғой, бастапқыда «аяғымды ауыртады» дейтін. Содан соң протезді Германиядан жолдас­тары алдырып берді. Бір сәт үнсіздіктен кейін Ғалия қызының салған суретін сипап қойды. – Ғалия, енді өзің шеш. Күйеуіңе ешқашан кек са­қ­тамауға тырыс. Оны кешіре біл. Одан жаман болмайсың. Ол ақылсыз жігіт емес сияқты. Уақыт өте келе өзі-ақ бәрін түсінер, – дедім мен. Ғалия келіскендей сыңай танытты да, ойланып от­­­ырып қалды. Сол сәтте ұялы телефоны безілдеп қоя берді. Алмас екен. Көп ұзамай ол да келді. Оның кө­ңіл­сіз жүзінен қатты қапаланғаны көрініп тұр. Ғалия: «Тә­те, Аружанды оятпай-ақ қояйық. Ертең сенбі ғой, таң­­ертең алармыз», – деп Алмас екеуі өз пәтерлеріне беттеді. Аружан тәтті ұйқы құшағында екен. Бейкүнә сәбидің ұйқысы қандай таза, қандай кіршіксіз еді.

Мақсат РСАЛИН

4375 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7167

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6180

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3921

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3312

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3269

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3239

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2967

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2954

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы