• Әдебиет
  • 27 Қаңтар, 2012

Айтары бар ақын

d0b0d0bcd0b0d0bdd185d0b0d0bd-d0b0d0bbd0b8d0bcҚазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде белгілі ақын, публицист, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Аманхан Әлімұлының 60 жасқа толуына арналған «Айтарым бар...» атты шығармашылық кеші болып өтті. Кешке зиялы қауым өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, ақынның әріптестері, қаламдас аға-інілері қатысты. Аманхан Әлімұлының есімі әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс. Ол – бүгінгі таңда қазақ поэзиясының, қазақ журналистикасының белгілі өкілдерінің бірі. Лирикалық өлеңдерімен, аса толғамды мәселелерді қозғайтын публицистикалық мақалаларымен, сын-зерттеулерімен әдебиет көшін жалғап келе жатқан қарымды қаламгер. Ұлтының намысын қорғау жолында еңбек етіп келе жатқан ақын ойлары мен көзқарастары тыңдағанның санасын оятар, оқығанның көкірегін ашар құдірет-күшке ие. Аманхан Әлімұлы – ақын болуымен бірге, терең білімді, сөз өнерін жетік меңгерген азамат. Қоғамымызда тұйықталып, шешімін таппай отырған әдебиет пен руханият мәселелеріне белсене араласып, ойлы пікір айтып жүргендердің бірі де осы кейіпкеріміз десек, қателеспеген болар едік. Кештің алдында қаламгермен сыр­ласудың сәті түсті. – Бүгінгі авторлық кешімнің басты мақсаты – ұзақ жылғы журналистік еңбе­гімдегі, қазақ поэзиясына келген кезең­дерімдегі, одан кейінгі аралықтағы азды-көпті қол жеткізген табыстарым жайында оқыр­маныма есеп беру. Біз, кеңестік кезең­нің тілімен айтқанда, «бесжылдықтардың балғасын» соғып жатқан құрылысшылар, немесе зауыт қызметіндегі адамдар емеспіз. Біз – сөздің адамдарымыз. Сөз – Құдайдың бір аты. Сондықтан сөз жауапкершілігі құрылысшыңыздың да, зауыт қызметкерлерінің де істегендерінен артық болмаса, бір кем емес. Осы кешімде шығармашылығымда болып жатқан жаңалықтарымды оқырманмен бөлісіп, өзімнің жүріп келе жатқан жолымның дұрыстығына ой көзімен қарап, артық-кем түсіп жатқан тұстарымды, олқы жерлерімді екшеп, оқырманның пікірлерін тыңдау арқылы толықтырсам деймін. Өйткені өнер адамы қай уақытта, қай кезеңде де ізденісте жүруі керек. Ал осы кездесу маған жаңа жол ашатын сияқты. Алпысқа келгеннен, толысқаннан кейін халықтың алдында есеп бергім келді. «Мен оқырманыма не бердім, оқырманым мені қалай қабылдады» деген сияқты мәселе мен үшін өте маңызды. Себебі оқырман ақынына сенбесе, ақын оқырманына сенбесе, онда қалам тартудың өзі ауыр. Ең бастысы, оқырман мен шығармашылық адамының арасындағы қарым-қатынаста өзара сенімділік орнаса екен деп ойлаймын. Асқаралы алпыстың төріне шығып отырған ақынның еліне айтары қашанда мол. «Айтарым бар...» деп аталатын кеште ақын өлеңдерін оқып, жырсүйер қауыммен емен-жарқын сырласты. Мерекелік жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәмидің атынан келіп түскен құттықтау хатты оқыды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы атынан құттықтау хат табыстап, мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Нұрлан Ораза­лин ақынның азаматтық, қайраткерлік болмысына тоқталып, ыстық ықыласқа толы ағалық сөзін айтты: – Қазақтың поэзиясына өткен ғасырдағы 70-жылдардың ортасында тегеурінді, білімді де білікті, парасатты, жиғаны мен көргені мол бір топ жас келді. Аманхан Әлімұлы солардың арасында көш бастағандай болып, қазақ дейтін қауымның көзіне ілікті. Үлкен ағаларының батасын алды. Қуандық Шаңғытбаевпен іні-дос болды. Сағи Жиенбаев, Мұқағали Мақатаевтардың көзін көрді, солардың сөзін естіді. Барлығынан өзіне қажетті деген қасиеттерді бойына сіңірді. Оның сыртында өзінің оқығаны да – ұлан-ғайыр. «Мұхтар Әуезов қай кезде, қандай сағатта, қандай минутта не айтты» дейтін болсаңыз, Аманхан оның бәрін түгендеп беруге бар. Аманхан орыс әдебиетін де соншама терең, жақсы біледі. Мәскеудегі Әдебиет институтында оқып жүрген кезінде орыс әдебиетінің көрнекті өкілдерімен араласты. Қазақ әдебиетінде өзінің қатарластарынан оза шауып, екі ерекше қасиетімен көзге түсті ғой деп ойлаймын. «Өлең» дейтін дүниеде алпысқа келгенше адалдығынан жаңылмай, өлеңді өткірлігіне қоса нәзік болмыспен аялап келе жатқан бірінші қыры – ақындығы. Екінші қыры – азаматтық болмысы. Кейбір кездерде өлеңдегі нәзіктіктен аттап өтіп, от шашып, жалын бүркіп, ұлттың басына алмағайып күн туғанда, тілдің айналасында неше түрлі әңгімелер айтылып жатқанда, мемлекеттіктің бекуі-бекімеуі туралы көкпар-дода болып жатқан тұста Аманхан ақын ретінде ғана емес, кәдімгі қайраткер, тұлға, журналист ретінде үлкен белестерден көрініп келді, көрініп те келе жатыр. Жақында шыққан «Өткірдің жүзі» кітабы, меніңше, сол сұрақтардың бәріне жауап береді. Мен Аманханның әрбір жеңісіне қуанып жүретін қаламдас ағаларының бірімін. Аманханды ылғи биіктен көріп келе­мін. Көре бергім де келеді! Біздің Аманхан­нан күтетініміз көп. Оның бергені қалай мол болса, берері әлі де мол. Өлеңнің абыройын көтеріп келе жатқан азаматтың тауы биік болсын. Нұрлан Оразалиннен кейін сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов ақынның шығармашылығы жөнінде өз ойын білдіріп, мерейтой иесіне шығармашылық табыстар тіледі. Академияның Құрмет грамотасын табыс­тап, иығына шапан жапты. Қазақ Ұлттық энциклопедиясының бас директоры Бауыржан Жақып Байланыс және ақпарат министрлігінен келген құттықтау хатты оқып, өзінің де жылы ниетке толы тілегін білдірді. Ақынның туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданынан келген ел азаматы Зайыр Сабыр аудан әкімі мен мәслихат хатшысының құттықтау сәлемін жеткізді. Ресми марапаттаулардан соң, сөз мерейтой иесіне берілді. Кеш барысында ақын жұртшылықпен кеңінен сұхбаттасып, өлеңдерін оқыды, оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Ол поэзияның өзекті мәселелеріне, ондағы ұрпақ сабақтастығына, өлең табиғатына, көркем сөз шеберлігіне, жас ақындардың шығармашылығына қатысты қадау-қадау пікірлерін ортаға салды. Дәуіржан Төлебаев

3704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6119

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5666

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3407

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2788

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2752

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2729

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2459

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2445

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы