• Әдебиет
  • 09 Ақпан, 2012

Хан болған Хасен жайлы соңғы табылған деректер

Байұлы (Байлы) Қасқабай да өз кезеңінде Бағаналыға белгілі болған. Сандыбайдың қара шаңырағы Қасқабайда қалыпты. Қасқабай туралы ел аузындағы әңгімелерден оның 1867-1890 жылдар аралығында би, болыс болғандығы айтылады. Бұл рас болуы мүмкін. Өйткені Байұлы Сандыбаев болыс болғанда бұрынғы Ресей әкімшілігінің заңдылығына сәйкес, сол болыстың баласы, болмаса, інісінің сайланатынын ескерсек, Қасқабай да болыс болған, оның баласы Хасен Қасқабаевтың есімі «Киргизская степная газетаның» 1894 жылғы 25 желтоқсанындағы санында Омбыдағы жетім балалар интернатына бес сом жіберіп, қамқорлық жасаушылардың бірі болғанын жазған. Осы газеттің 26 қарашадағы (1895 жыл) санында 1896-1899 жылдарда Омбы уезінде Хасен Қасқабаев – болыс, болыстың кандидаты болып Қожахмет Ибрагимов сайланғаны нақты көрсетілген. Демек, 1870-1871 жылдар шамасындағы Ұлытау өңірінде атақты Сандыбаевтар әулетінде дүниеге келген Х.Қасқабаевтың билікке 1890-1891 жылдарда араласа бастағанын аңғару қиын емес. Бүкілодақтық атқару, Қазақстан Орталық атқару комитеті мен КСРО және республика прокурорына жазған арызында Хасен Қасқабаев «...1918 жылғы өкіметсіз тұста Ақ­мола губер­­ния­сы, Атбасар уезіндегі Бағана­лы аудан халқының сайлауымен Бағаналы аудан­­дық комитетінің төрағасы қызметін 1919 жылы Қызыл әскерлер келген­ше жалғас­тыр­дым. Менің осы қызметімде жүрге­нім­де жұрт­шы­лық мені «хан» деп атады. Ал комитетке келсем, жұртшылық арасында тәртіпті қадағалауға, ат ұрлығын, барымтаны тоқтатуға күш салдым. Кеңес өкіметінің орнағанына 10 жыл өткеннен кейін мені репрессия етпекші» деп ашына да ашығын жазыпты. Хасен (Хасын) ханның 12 қараша 1928 жылы жазғанында тәркілеу талабына, байларға сай санатқа жатпайтынын, барлық байлығы алты сиыр, екі жылқы және отбасында еңбекке жарамсыз жеті жанның барлығын жазса да, оны ел ішіндегі асқан беделін ескеріп, Адай округіне отбасымен жер аудару жөнінде Қызылорда округтық комиссиясының шешімі шығарылады. 1928 жылдың қараша айында Хасенмен бірге Мәлике Қасқабаева (45 жаста), Рабиға (22 жаста), қыздары Бибісара (13 жаста), Зылиха (6 жаста), Ажар (2 жаста), Балта (1 жаста екені) қоса жазылып, комиссия төрағасы Қ.Бұхарбаев қол қойған. Х.Қасқабаев қаншама арызданып жасы­ның 57-де екенін, Колчакпен қатысы бол­мағанын, өзін С.Шарипов, Поддорожный, Сафарғали Мукдинов, Айтиев, т.б. адам­дар­дың білетінін айтып, куәлікке де тартқан. Тіпті өзінің Колчак үкіметі тұсында өмірін пида етіп, қызыл әскерлерге 19 мың пұт бидай жеткізіп бергенін және өзі туралы С.Сейфул­линнің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында жазылғанын да хабардар еткен: «...Сабыр аз уақытта Атбасар уезіне, Есілге шейін барып, әдемі тізбек-байланыс жасап Атбасардың Ақмешіт жақ шетіндегі Қасен ханмен шарт жасап, көп түйелі керуенмен Ақмешітке астық апарғаны бір емес, әлденеше апарып, ашығып жатқан Ақмешіт хал­қына көп пайда көрсеткен («Тар жол, тайғақ кешу», Қызыл­орда, 1926 жылдың 17 сәуірі). Ал осы кітап­тағы Х.Қасқабаевқа берілген мінез­де­ме­де Қызылорда теміржол стансасы бас­­ты­ғы­­ның орын­­­басары болған Николай Широков 1928 жылдың 17 қарашасында жазған мәлім­де­ме хатында Перовск елінің ашығуына байланыс­ты Атбасар жеріне екінші рет барғанынан хабардар ете отырып, ақмешіттік Ахмет ишан Оразаевтың тілдей қағазы Хасен ханға арналып, хатты алысымен хан Хасен сол өңірдің азаматтарына көмектесуді, тіпті қолдарына қару алып, жәрдемдесуді тапсырған хаты көп нәрсені шешкендігінен және 1918 жылдың 28 желтоқсанында Перовскіге 18000 пұт бидайдың 300 шақырымдық жерден жеткізілгені Хасен ханның арқасы екенін 1928 жылғы қараша айының 18-інде жазып, нотариалдық құжатпен бекіткен. Қарап отырсақ, арғы бабалары Төлек, Сандыбай батырлардан тараған Хасен Қасқа­баевтың жұртшылықтан «хан» деген атақ-абырой алғандығы және елдегі аш-арыққа, тіпті көршілес уезд халқына да көмектескені белгілі болып отыр. Тіпті кезінде 1928 жыл­дың 31 қазан айында Губерниялық атқару комитетінің өкілі Юдинның «Хасен Сандыбаевты соңғы 10 жылда ешкім қудалаған жоқ. Қазіргі уақытта кешірім жасалса керек. Оның «Колчакқа қызметі үшін» деп қудаламауды тапсы­рамын» деген ұсынысы барлық Баға­налы ауданының кеңес органдарына жолданыпты. Алайда қараша айын­да ханның мүліктерін тәркілеуге жатқызып, өзін Адай округіне жер аударуға шешім қабылдады. 1928 жылдың 22 қарашасында Қазақстанның Бірінші Мемлекеттік саяси басқармасы шығыс бөлімінің бұйрығымен қамауға алынады. 1929 жылдың 15 наурызында Біріккен Мемлекеттік саяси басқармасы алқасының Ерекше мәжілісінің қаулысы бойынша үш жылға Уфа қаласына жер аударып, барлық құқығынан айырады. Ерекше мәжіліс және екінші рет жер аудару туралы мәселенің көтерілуі оның қазақ халқының арасында, әсіресе «бағаналы­лықтар» арасында аса беделді болуы, оқығаны мен тоқығаны мол азамат болғаныдығынан деп қарауымыз керек. Х.Қасқабаев сол 1895-96 жылдардан 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі аралықта болыс, би болған. Бағаналы хандығы да – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы негізінде өмірге келген хандық. Патша саясатына қарсы құрылған құрылым десе болады. Осы тұста ел тізгінін жұртшылық Сандыбай батыр­дың шөбересі Хасенге ұстатқан. Филология ғылымының докторы Фай­золла Оразаевтың «Ерте оянған қазақтар» атты (2006) кітабында Хасен Қасқабайұлының қалай хан болға­нын былайша (59-бетте) суреттелген: «...Төрт қабат текемет үстінде араб кілемі төселген. Хасенді хан көтеріп, Бағаналы хандығы осылай құрылды. Ойын-сауық, көкпар, алтыбақан, ән-күй Қайрақтының етегін жаң­ғырықтырып кетті. Уәзір ханның еркіне берілді. Бекқожаның Хасені сыртқы істер министрі, оның орын­басарлығына Ахмет ишанның Мұстафа­сы сайланды. Діни басқарма бастығы-мүфтиі болып Тіней Оразайдың Ахметі, яғни Ахмет ишан белгіленді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде іргесі қаланып Бағаналы хандығы 1919 жылға дейін өмір сүріп, 1919 жылы қарашада ресми түрде таратылды. Оны үкімет атынан хабарлап, үкім оқыған Сабыр Шарипов еді. Бастауыш білімі бар, «Алаш» партия­сы­ның мүшесі болмаса да, олардың тапсырма-өтініштерін орындап отырған. Кеңес саясатын жақтырмаған адамдардың бірі. Ұлттық қауіпсіздік комиттерінің мұрағаттарында Уфа­ға 3 жылға отбасымен жер аударыл­ғаны және оның Мәскеу, Санкт-Петербор, Харьков, Киев, Одесса сияқты ірі қалалар мен Ор­та Азия­да тұруға шектелгені анық жазылған. Х.Қасқабаев 1989 жылдың 24 сәуіріндегі Жезқазған облыстық прокуратурасының шешімімен ақталған. Ел билеген, ел тәуелсіздігі жолында күрес­кен Хасен Қасқабайұлының Уфаға жер ау­дар­ылған­нан кейінгі тағды­ры белгісіздеу. Ал мұрағатта аты бар Балта атты баласы­ның екін­­ші дүниежүзілік соғыстан кейін Бостан­дық ауданында тұрғанын ағайындары Мақ­сұт Оразаев қария айтады. Белгілі ауыз әдеби мұраларды зерттеуші көрнекті жазушы, филология ғылымдары­ның докторы, марқұм Ақселеу Сейдімбек аға­мыз­дың «Балталы, Бағаналы ел аман бол» ат­ты шежіре-зерттеу кітабында «...Қа­сен коллективтендіру кезінде қысым кө­ріп Қытай­ға өтіп кеткен. А.Мин мен Р.Петров­тың «Қара Ертіс» романындағы Жырық Қасен сол Қасқабайдың Қасені» деп жазады. А.Мин мен Р.Петровтың «Черный Иртыш» романында Жырық батыр жігіттерінің ер­лігі, қашқындарды қуғаны (жалпы, 1943-1944 ж. Қытайдағы оқиғалар) жайлы осы кітаптың 355-бетінде жазылған. Ақаң мен «Қара Ертіс» романының авторлары келтірген деректерге қарасақ, Хасен Қасқабаевтың екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тірі болғанын аңғару қиын емес. Ол 1928 жылы 57 жаста болса, «жетпіс жастан асып қайтыс болды» деуге негіз бар. Ал оның ағасы Әбділдадан туған Абдуллин академик дәрежесіне көтерілген ғалымдардың бірі – Айтмұхамед Абдоллаұлы 1924 жылы Ұлытау ауданында туған. КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, академик. Тынышбек Дайрабай, зерттеуші, ғалым

4556 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6913

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6062

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3802

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3193

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3149

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3123

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2851

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2839

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы