• Әдебиет
  • 29 Наурыз, 2012

Ұстаз

d0bad0b8d180d0b0d0b1d0b0d0b5d0b21Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Смайылұлы Қирабаев 85 жасқа толып отыр. Біз, Қазақтың Абай атын­дағы педагогикалық институтының филология факультетін 1977 жылы бітірген түлектер Серік ағайдың алдынан білім нәрімен сусындаған шәкірттері едік. Ағай ол кездері мыңдаған шәкірттердің мамандық ұштауына ұйытқы болып, үлкен өмір жолына жолдама беріп жүрген, 50 жастың айналасындағы айтулы азамат, білікті ұстаз ретінде қалыптасқан, кемеліне келген шағында екен. Ешбір студент Серік Смайылұлы­ның лекциясын жібермеуге тырысатын, өйткені ағай күн сайынғы сабағын студенттерді түгендеуден бастайды, дәптерімізде тақырып бо­йынша оқылған лекциялардың тізі­ліп тұруын талап ететін, яғни бірінші орында тәртіп мәселесі тұратын. Ол кісі лекция оқығанда аудиторияның ішінде шыбынның ызыңы ғана естілетін. Ғалымның сөзі еріксіз баурайтын, тың пікірлерін студенттеріне жеткізуі де тыңдаушыларға жақсы әсер ететін. Әсіресе Сәкен Сейфуллин туралы лекциялары ерекше ілтипатпен оқылатын, ғалымның докторлық диссертациясы екендігін білгендіктен, біз де елеңдей құлақ түретінбіз. Басында ағайдың қаталдығынан қорқып, оның үстіне сәл жіңіш­келеу, жарықшақтау дауысына құлағымыз үйренбей жүрді. Біраз уақыт өткен соң ағай оқитын «кеңес әдебиетінің өкілдері туралы» лекциялар мәнділігімен баурай бастады. Тәртіпті ағайдың тәртіпті шә­кірттері ретінде кеңес дәуірінің қазақтан шыққан көрнекті классик әдебиетшілерінің шығармаларын қалдырмастан оқып, мәтінін толық меңгеріп, талдау жасап, көркемдік қуатын екшеп үйрендік. – Осы Серік ағай қандай сұсты адам?! – дейтін Ақыл деген ерке құрбымыз. – Ағай отставкадағы капитан емес пе? Әскери тәртіп – ағайдың бір мінезі, – деп жауап береді салмақты қыз Ақбөпе. – Әй, қойыңдаршы, одан да ағайда қанша костюм бар екен, соны санайық, – дейді кербез қыз Ақтөре. Курстың қыздары күнде сүліктей қара «Волгадан» түсіп жатқан ағайдың үстіндегі костюміне қарайды. Балалық-ай десей-ші... Ағай болса өз студенттері – болашақ педагогтар, қазақтың ерке қыздары мен жайсаң жігіттерін білім нәрімен сусындатып, тәртіп пен мәдениетке баулып, әдебиет алыптарының өнегелі өмірі мен классикалық туындыларынан үлгі алуын қадағалайтын. Институт бойынша ең қатал емтихан да Серік ағайдың сыны болатын. Оның сабағынан «бес» алған студент үздіктер қатарынан орын алатын. Сонау Қазақстанның батысынан келіп оқып жатқан қос қыз: ақтөбелік Гүлбану мен атыраулық мен, Раушан, ағайдың сабағынан тек үздік баға алып, институтты қызыл дипломмен бітіріп шықтық. Курсты аяқтаған ұл-қызымыздың барлығының бойында Серік аға Қирабаев сіңірген тәртіптілік пен орнықтылық болды десем артық айтқандық емес. С.Қирабаев 1951 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының фило­логия факультетін бітірген. 1958 жылдан бастап 1988 жылға дейін өзі білім алған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында 30 жыл бойы доцент, профессор, филоло­гия факуль­тетінің деканы, қазақ әдебие­ті кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының оқу ісін басқара­тын орынбасары қызметтерін атқарды. Барлығы 800-ден астам әдеби-сын мақалалар мен рецензиялар жазған. Кандидаттық диссертациясы С.Көбеевтің жазушылық жолы жайында болды. 1964 жылы «Сәкен Сейфуллин» монографиясы негізінде докторлық диссертация қорғады. 1952 жылдан бері қазақ әдебиетінен орта мектепке арналған (IX—XІ сыныптар) оқулық жазумен шұғылданып келеді. Алайда сол студенттік кезде Серік Смайылұлының зерттеу еңбектерінің менің келешекте атқаратын қызметіме тікелей септігі тиетіндігін білмеппін. Бұл күндері мен Астана қаласындағы С.Сейфуллин мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімінде еңбек етемін. Араға отыз бес жыл уақыт салып, ұстазымның еңбектеріне тағы да ден қойдым. Менің аңғарғаным: оның ғалымдығының тұтас бір қыры Сәкен өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналыпты. Жаңаарқалық жаны сұлу ақын Сәкеннің шығар­машылығы сол өлкеде туған еңбекқор ұлдың ғылыми атаққа ие болуына, ғалым ретінде еліне кеңінен танылуына айқара жол ашыпты. Сәкен ағасы білім берген КазПИ-де ұстаздық етіп, Сәкен лекция оқыған мінберде тұрып, жастарды ғылым жолына жетелеу С.Қирабаевқа қуат бергені сөзсіз. Бүгінде сеңгірлі сексен беске толған абыз ұстазымыздың Сәкен туралы жазған зерттеулері мұражайдың ең кәделі жәдігерлері қатарында. Ғалымдық жолында қаншама зерттеулер жасағанымен, Серік Смайылұлы өзінің көп томдық шығармалар жинағының І томын «Сәкен Сейфуллин» монографиясына арнаған. Осының өзі-ақ ғұлама ғалым шығармашылығындағы ақиық ақынның орнын айқындаса керек. «Сәкен және революция алдындағы қазақ әдебиеті», «Жаңа әдебиеттің тууы», «Дауылды жылдар бейнесі», «Жаңа жанрда», «Творчестволық өрлеу жылдары», «Реалистік проза жолында», «Революциялық күрестің шежіресі», «Көкшетау» поэмасы, «Социалистік құрылыс жырлары», «Қызыл ат», «Соңғы прозалық шығармалар», «Әдебиет зерттеушісі және сыншы», «Сәкен Сейфуллин творчествосының зерттелуі» тарауларынан ғалымның ізденімпаздығын, зерттеу жұмыстарын дәуір үнімен шебер байланыстырғанын, қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушы ретінде танылған күрескер ақын туралы ғылыми-ақпараттық материалдарды оқырманға барынша ұғыныңқы оймен, тартымды тілмен жеткізе алғандығын байқаймыз. Қалың жұртшылық оның осы монографиясы арқылы қайраткер ақынның шығармалары мен қайшы­лыққа толы күрескерлік өмір­ін терең түсінді. Сонымен қатар бұн­да Сәкен тақырыбына қалам тартқан бүкіл зерттеушілердің еңбектері мен оған әдеби шығарма арнаған ақын-жазушылардың туындыларына алғаш рет толымды баға берілді. С.Қирабаевтың зерттеу-моногра­фиялық еңбегі ғылыми стильге тән тілінің нақтылығымен, материалдарының дәйектілігімен, өмірбаяндық және шығармашылық деректерінің молдығымен дараланады. Кейбір зерттеушілер сияқты аз ғана фактінің айналасында көпсөзділікке ұрынбай, қайта, керісінше, мол мағлұматтарды жан-жақты қамтыған материалдар арқы­лы өзі өзек еткен тақырыпты барын­ша терең, ауқымды, жүйелеп бере білді. Әрине, зерттеу еңбек кеңестік дәуірде жазылғандықтан, сол кездегі заман талабына сай партиялық сая­сатты аракідік алға ұстап, коммунис­тік тұрғыдан баға берушілік те кездеспей қалмайды. Дегенмен, ғалым Серік Қирабаев Сәкен ақынның тұтас өміріне нағыз зерттеушілік тұрғыдан қарап, оның шығармашылығына айтылған әділ пікірлер мен негізді-негізсіз сындарды ашық жаза отырып, ақын тұлғасының қайраткерлік, суреткерлік қасиеттерімен қатар кәдімгі жұмыр басты адамға тән пенделік тұстарын да тілге тиек ететіні бар. Ең бастысы – зерттеп отырған тақырыбының тамырын дәл басып, оқырманға ормандай қалың ойлардың мәйегін сығып беруге тырысады. Сәкентанушы ғалым ретінде С.Қирабаевтың зерттеу еңбектері бүкіл жұртшылық секілді С.Сей­фул­лин мұражайының қызметкерлері үшін де бағдарлы бағыт беріп, тың деректерді іздеуде, ақын шығар­машылығын жаңа көзқараспен зерттеуде, көпшілікке таныстыруда темірқазықтық рөл атқарып келеді. Раушан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, С.Сейфуллин мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Астана

4767 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6138

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5675

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3416

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2797

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2761

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2738

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2468

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2454

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы