• Әдебиет
  • 05 Сәуір, 2012

Мыңқетпес мыңқ етер емес (Сықақ әңгіме)

d0b5d180d0bad0b8d0bd-d0b6d0b0d0bfd0bfd0b0d181d183d0bbd18b-1Еркiн ЖАППАСҰЛЫ

Бұл күнде Мыңқетпестен маса талағандай маза кеткен. Мыңқетпес мыңқ етпес едi-ау!.. Құлқынсәрiден темiрге шеге қаққандай тықылдап, жүйкесiн жа­уыр еткен Жұмыргүлдiң жеңiстiк бермес жебiр үнi. Сары қидың шоғын­дай қоздаған қос жанар өңменiне қадалғанда Мыңқетпес селк ете түсіп, мысықбауырлап барып табалдырық­тан қалай шығып кеткенiн де сезбей­дi. Содан ашөзек қалпы мойынтұрыққа үйренген өгiзше мимырттап бiрса­рынды тірлігіне кiрiседi. Соңғы айларда бұл бейбақтың пешенесiне бұйырған тiршiлiк тартуы, мiне – осы. Бүгiн де Жұмыргүлдiң гөй-гөйi таңғы ұйқысын iркiттей iрiткен. – Әй, мына неменiң бар байлықты әкеп басыма жастап қойғандай шалжиуын қарашы-ей! Тұр қане, ертерек барып ана «ирек борбай, қақпыш қара» қатынның қас-қабағын бақ. Орайы келiп жатса, саңғырмаса да алақаныңа «тамызып» жiберер. Аракiдiк уақыт саумалап, мекемелердiң босағасынан телмеңдеудi де ұмытпа, бiрi болмаса, бiрi мүсiркеп, әжетхана тазартуға болса да қабылдап қалар. Мыңқетпес мыңқетпестен жөнеп берген. Жұмыргүлдiң «ирек борбай, қақпыш қара» деп зiлдене уын бүркiп жiбергенi аткөпiр анықтама жинатып, ол анықтамаларды тергеуi мол тексерулерден өткiзiп барып тiзiмге алған жұмыссыздарға уақытша жәрдемақы төлейтiн мекеменiң есепшi әйелi. Қаржы жетiмсiздiгiнен болмашы тиын-тебендi тауып бере алмай, олар да жер сипатып қойғалы қашан. Өзiнше соған төккен зәрi. Мыңқетпес алыстығына қарамастан «ирек борбайдың...» мекемесiне қарай есекжортақпен жаяулата тартқан. Күндегi әдетi осы. Тiрсегiн-тiрсегiне соғып, бұл жеткенде мекеме алдына бiраз адам жиналып қалған екен. Өзi тақылеттес жүдеу кеспiрлiлердiң таныс жүздi бiреуi тобырлы топтан таяқ тастам саяқ тұр. Сәлемдесудiң «ырымын» жасап барып, оған жүн-жұрқалы иегiн қақты. Дабырласып сөйлеуге ашөзектiлердiң ешқайсысының да зауқы жоқ. Онысы: – Көн жiбiтерден (жәрдемақыны өз орталарында солай атайды) хабар бар ма? – деп сұрағаны. Ол шаршаңқы қалпы астыңғы ернiн шығарып, қабағын керiп, мойнын қисайтып, бiр иығын қиқаң еткiзiп, алақанын көрсеттi. Мұнысы: – Итiм бiлiп пе?.. Әй, қайдам, иегiм қышып тұрған жоқ, – дегенi. Мыңқетпес одан ары iшке кiрiп, ығы-жығылардың ара-арасымен келiп, ойып жасалған терезелi есiкке жанасалай жақындап, тесiктен iшке көз жұмсаған. Қақпыш қара түнерген қалпы төмен қарап, ернi жыбырлап әлдененi есептеп отыр. Ит құрлы елең қылар емес. Бұл әнеу тұсқа барып, бiр аяғын екiншi аяғына айқастырып, жағын таяна ашөзектiлер қатарлы қабырғаға сүйене кеткен. Анда-санда ауыз кере есiнеп қойып, сол күткеннен дәретi сарғая күттi. Күннiң аптабы – үйреншiктi құқай. Жұтқынып қойып, кезерген ернiн жалайды. Кiреукеленген шалажансар жарық көрерi арлы-берлi немқұрайды жылыстайды. Анда-санда аяқты алмастырып айқастырады. Қақпыш қара түстiк астан кекiрiп оралып, лақтырып жiбергенде қызыл иекке қадалып қалғандай қиқы-жиқы тiстерiн шұқылап тұрып, есiктiң ойып жасалған тесiгiнен тасбақаныкiндей басын қылтитып: – Бүгiн тағы да мұрындарыңды шұқылайтын болдыңдар, – деп «қаралы» хабар естiрткен. Қайсыбiр күйiнгендерi ашына тiлге келiп: – Бала-шағамызды аясаңдар неттi, құдайсыздар-ау, саусақтарын сорып отыр ғой. Не деп барамыз?! – деп, айбарсыз көздерiн ажырайтысқан. Былайғылары езулерiн шылп-шылп еткiзе, бастарын шайқасып, амалсыздың күйiн кешiп, жөндерiне тарасқан. Бұл да сөйттi. Содан бауыздау махаббатының айқайы құлағында жаңғырып, осыдан табылып қалар-ау деген мемлекеттiгi бар, мемлекеттiк емесi бар, жұмыс дәметiп үш-төрт мекеменiң есiгiне телмiрген. – Қысқартуға өз iшiмiзден кiмдi «пы­шаққа iлiндiрiп» жiберерiмiздi бiлмей отырмыз, айналайын, – дедi, мем­лекеттiк мекемедегi шонжар­сымақ. – Компьютердi игерiп пе едiңiз? Ағылшыншаңыз қалай едi? – деп, өзiн сумақай сұрақпен соққылады мемлекеттiк емес ұйымдардағы қалың қалталылар. Олардан өзi-ақ ат-тонын ала қашқан. Компьютердi қойшы, мына бiр ағылшын тiлi деген пәле алдынан кес-кестеуiн қоймады. Күн әлi ерте. Үйдегi «iштен шыққан шұбаржыландарына» не бетiмен көрiнбек? Көз алдына тебiне жұлқы­нып тұрған Жұмыргүлi елестегенде, қырпуы қатқан тiрлiгiне лағынет айтқан. Өшiн екi аяғынан алғаннан басқа ештеңе қалмаған. Жаяулады тағы да. Мына бiр әсем ғимаратты дүкен маңындағы тоққарындылар жадау кеспiрiн көрiп, келемеж «көкпарға» салғылары келген. – Мысықтың тiсiне жұғын болар тышқан ғұрлы татымым жоқ менi қайтесiңдер. Қолдарыңды былғауға жарамаймын ғой, жiгiттер, – деп, жалбарынып едi, араларындағы бiреуi: – Өзi де мойындап тұр ғой құны­ның қандай екенiн. Құйрықтан бiр-бiр теуiп, жөнiне жiберейiк, – деген «үкiм» шығарды. Қалғандары соның дегенiне илiгiп, аяқ құрыштарын бiр-бiр қандырып қалды... Әрi қорланып, әрi өксiктi ашуға булыққан бұл, дүние күйiп кетсе де бiр шиша сыраменен «жан шақырмақ» болып, қалтасын қарманған. Оннан-мұннан сылдырлап 47 теңге шыққан. Оған көлбақаның өзi «кiшәсiн» татырсын ба? Еңсесi езiле түскен. Үйдегiлер ұйқыға кеттi-ау деген мезгiлде түнемекке келiп, есiктi еппен ашып кiрiп, аяғының ұшымен жүрiп, ас үйдегi үстел үстiнде қалған-құтқанды жұмырына жұқ етiп, шеткi бөлмедегi диванға екi бүктетiле қисая кеттi. Жұмыргүл үйге ит кiрген ғұрлы назар аудармаған. Сонысына шүкiршiлiк. Қанша уақытқа берiлген «еркiндiк» екенiн кiм бiлсiн, әрi шаршап, әрi қажып оралған ол осы бiр «азаттықты» пайдаланып, қор ете қалам ғой деп ойлаған. Бағанағы жiгiттердiң әпербақан әрекеттерi есiне оралғанда ұйқысы әдiрем қалып, ойы «тәп-тәттi» қиял кезiп, тентiреп кетпесi бар ма?! «...Қайран кешегi серiлiк күндерiм-ай десеңшi!.. Айналасына шырт түкiрiп, шекесiмен қарап, соңғы сәнмен киiнетiндердiң бiрi – өзi болатын. Келiстi келбет, жарасты дене-бiтiм – Құдайдың бере салған байлығы едi ғой. ҚызПУ-дың жетi жатақханасының сылқымдары мұны көргенде қоғадай жапырылатын. Көңiлi кеткендерiн алақанында ойнатқаны рас. Қайсыбiр жол-жөнекей емеурiн танытқандарын да есiркей салатын. Жiгiтшiлiк жағынан есебi түзiк едi. Қызметте де жолы болды. Әке беделi айбатты-ақ екен, баспалдақтан баспалдаққа өрмелеттi. Әне-мiне дегенше көлiгi бар креслоға шақырды, бұлданған жоқ. Арсы-гүрсi қыларлық абыр-сабыры жоқ қызмет. Айлық еңбекақысы төрт жылқының құнына пара-пар. Жандайшаптарының жарылқауы өз алдына. Қанжыға майланды, қозы қарын байланды. – Мэко (Мыңқетпес есiмi ұмы­тылған), ана мейрамханада түстiктiң буы бұрқырап тұр, – дейдi бiрi алақанын алақанына уқалап. Ол жерден кеңiрдектеп шығады. – Мэко, шаршаған шығарсыз, мына мейманханада құс төсек күтiп тұр дейдi, – келесiсi жылмаң қағып. Мэкоң мекiренедi... Мызғып алғанның несi айып. Бiр жақсысы, қызметiне қылау жуыт­пай, бәрiне де үлгередi. Қайсыбiр күндерi қалта теле­фо­нының дамылсыз безiлдейтiнi бар. Дыбыс қабылдарына трубканы жанастыра бергеннен арғы жақтан: Iздемесек те қанша бiз, Аңсайды сенi Талша қыз. Шашлық бар, сыра бар, Жағулы тұр моншамыз, – деп, әндетедi таныс дауыстылары. Мұның илiкпеске шарасы қалмайды... Бiрiне-бiрiн ауыстырғысыз күндер есiнен тандырған. Қалалық электр желiсi шетелдiк компанияның құзырына өтiп кетпегенде, «ой-хой, дәурен» жорғасынан жаңылмас едi-ау, аяқ астынан жiк шықты. Компанияны сатып алған жаңа бастығы: – Ендi желi иесi – менмiн! – деп ағылшынша қақырынды. Бұл: – Жер иесi – менмiн, – деп қазақша ақырынды. Әйтеуiр, екеуiнiң басы бiр қазанға сыймады. Ара түсе айбар шегiп, кезiнде үйiрген бишiгi республика атқамiнерлерiн шырт ұйқысынан оятатын әкесi барып едi, шетелдiк шикiл сары: – Аташка, компания менiкi, бала сенiкi. Бұдан былай менiкi еш уақытта сенiкi болмайды, – деп сұқ саусағы мен басын қоса шайқапты. Сескенбептi де. Эксшонжар: – Тфу, найсап! – деп, отырған жерiне бiр түкiрiп, шығып жүре берiптi. Мыңқетпес соңынан ердi. Тоқтық сонда қалып, қазiргi тентiреу осылай басталған. Әкесi содан қайтып, «мұндай iске тұмсық сұқпауға өзiне-өзi серт берген...». Арғы бөлмедегi ұйқыда жатқан Жұмыргүл түшкiрiндi. Селк ете қалған бұл өзiн қайда тығарын бiлмеген. Әйтеуiр мұнда бас сұға қойған жоқ. «И-и-иә, – дедi ол сәлден соң өз-өзiне келiп, – Жакош-жан (Жұмыр­гүл­дiң еркелеткендегi есiмi) да министрлiк құрамындағы комитеттiң тарап кетуiнен тал қармап қалды ғой. Әйтпесе, ебiн тауып екi асап отырған дырдай бас экономист болатын. «Жакош-жан» демекшi, сүйiктi тоқбалтырлысы жоқ жерден күлкi сыйлап жүретiн. Қосақтасуға «құдай сөзiн» жасасып қойып, некеқиярларын созбақтатып жүрген кездерi. Бiр күнi Жакош-жан: – Ертең жатақханадағы бөлме­ме кел. Бұл жолы сырласып-сыбыр­ласып, аймаласып-сипаласып қана қайтпайсың. «Нартәуекел» десең бел шешiп, түнейсiң, – деген «үкiм» шығарды күтпеген жерден. Мэкода ес қалмады. Қуанғаны ма, қорыққаны ма, өзi де бiлмейдi, жолыққандардың бетiне қарап, «еһе-еһ-леп» күле бередi. Соңғы курстың соңғы емтиханына дайындық сол күнi жайына қалды. Уәделi сағатта мұнтаздай киiнiп Жакош-жанының жанынан табылған. – Сабырлылық серiлiктiң серiгi, есiңдi жи, – деп келе құшаққа алуға ұмтылған оның екi қолын тәртiпке шақырған тоқкеуделiсi бөлмеден шығып кетiп, сәлден кейiн қайта оралып: – Болашақ көрпелесiм, жүре ғой, сенi жiгiттермен таныстырайын, – деп наздана еркелеп, жетектей жөнелдi. Бұлар далаға шыққанда төрт жiгiт төрт жақтан тұра-тұра ұмтылысқан. Мiне, жiгiттiң сырттандары. Күлiмдей сәлемдесiп: – Ал жiгiттер, бастарыңыз қосылып қалған екен, сiздер бiр-бiрлерiңiзбен бiлiс болыңыздар, – дедi де Жұмыргүл төртеудi таныстыруға көштi. Қалың қастысы – ғылым кандидаты, жуан бiлектiсi – спорт шеберi, ойлы жүздi, орта бойлысы – болашақ экономист, суық жүздiлеу, қараторысы – болашақ заңгер екен. – Бәрiңiз де қимас достарымсыздар. Қоярда қоймай менiң бiлегiмдi еншiлеп алған мына жiгiт – болашақ төсектесiм. – Мыңқетпестi оларға осылай дәрiптеген. – Аққу көкке, шортан суға, шаян құрлыққа тартқандай, екеуiңiз ресторанға, екеуiңiз театрға шақырып келiпсiздер, мың да бiр рахмет. Амал не, басым бос болғанда той тойлап-ақ кетер ем. Бiлекке бекем жармасқан мына болашақ жан жарым тәуекел деп бел буып тұр. Келiспеге­нiм – қоянжүректiгiм болар. Сiздер­ден кешiрiм өтiнемiн, – дегенде, бiр-бiрлерiне жалтақ-жалтақ қарасқан төртеу инабатпен тарасқан. Қиялдап отырып, қолмен салған суреттей көрiктi бойжеткенге ынтызарлар аз емес едi. Соңынан жүгiрген­дердiң көпшiлiгiн көзiне де iлмейтiн. Бөлмеге кiре сала болашақ күйеу бүлiк салған. – Өткенде екеудi, оның алдында үшеудi таныстырдың. Сен оқу оқымай, жiгiтжанды болып кеткенсiң ғой. Менiң сау басымды неге саудаға саласың, – деп бұрқыраған. – Ашуыңды бас, аңқауым. Бекер ентiкпей, қою шайға қанып ал, алдағы жұмысың ауыр, – деген қиыққасы «әукеге» сипалап. Бұл ас iшiп, маңдай жiпсiтiп отырып та бұртиюмен болған. Қылықты сылқым түн ортасына дейiн бекiнiстi айламен қорғаған. Одан арғы қарсылықты жаныштаған Мэко ес-түссiз «қамал бұзуға» кiрiскен. Жакош-жанының «...аңқауым, ...қою шайға қанып ал, алдағы жұмысың ауыр» дегенiнiң мәнiсiне ендi түсiнгендей... Қиыққасы төсек iсiне адалдығын дәлелдеген. Бұл алдында ғана «жiгiтжанды болып кеткенсiң ғой» деп бұртиғанының артық кiнәлау болғанына ұялғандай, сүйiктiсiн әлсiн-әлсiн құшақтай берген. Тоқ бөкселi, от құшақ, Жiбек мiнездiм. Сенi iздеп, сүйiктiм, Әлемдi кездiм. Самарқанның көк тасын Ерiткен күндей, Жан қызуы боларын, Тек сенен сездiм. Дыңғыр, дыңғыр, дың, Хрусталь сыңғырлым. Сенi iздеймiн iшiнен Қалың жыңғылдың, – деген ыстық сезiмге толы сырлар сол кездерi ақтарылған. Күнi кешеге дейiн таңер­тең кетiп, қызметтен кешке оралғанда сағынысып табысатын. «Уақыт-ай десеңшi! ...тоқшылықтан соңғы жоқ­шылық от құшақтарды да мұз боп қарыған...» Бұл қалжырап барып, қалғып кеттi. Ояна келсе, бөлме iшi жап-жарық. Тұра сала сыртқа қарай өзi-ақ жылыстаған. *** Мыңқетпес пен Жұмыргүл жұмыс­сыздыққа алғашқыда онша пысқыра қоймаған. Аштан өлiп, көштен қала­тындай нашар халде емес едi олар. Жиған-тергендерiнiң басын құрап, сауда-саттыққа кiрiскен. Бастапқы түсiмнiң беталысы да жаман емес болатын. Мыңқетпестiң әкесi таныстырған жiгiттер қажеттi тауарды өздерi әкелiп тастайды. Швейцариялық осы бiр фирманың киiмдерi өтiмдi-ақ. Қымбат болса да костюм-шалбарлар мен курткаларды, жағасы ықшам да қатқыл, әрi қиықтала тiгiлген көйлектi алушылар мол. Кешке екеуi де қалталары тоқ, көңiлдерi көк, үйлерiне ән сап оралатын... Бiр-ақ түнде контейнерлерiнiң iшiн қотарды да кеттi. Жетi миллион теңгенiң бұйымынан айырылды. Сең соққан балықтай есеңгiреп, кiмнен көрерлерiн бiлмей сенделiстi. Қарызға батқан бұлардың саудадан да беттерi қайтқандай болған. Өздерi тұратын үйдiң үшiншi қабатындағы гректiң әрекетi бүтiндей басқаша. Немiс пародасындағы екi ит ұстайды. Қоңыр тембiлдi, құлақтары салбыраған, қазақтың тазылары тектес төбет пен қаншықтың күшiктерiн сатумен-ақ белшелерiнен табыс тауып отыр. Жылына алты-алтыдан екi рет күшiктейтiн алтыемшектiң салпаңқұлақтарының әрқайсысы американдық алты мың доллардан сегiз мың долларға дейiн түсiм түсiредi. Үш-төрт жылдың iшiнде-ақ екi баласына жеке-жеке пәтер сатып әперiп, өзi астына шетелдiк машина мiнiп, жырғап отыр. Соған қарағанда, сауда да картаның ойыны секiлдi қол таңдайтын болса керек... Әрi осы екi ит Мыңқетпес тұрған үй мен оның алдындағы, артындағы тұрғындарының қолы бостары мен балаларының қызық-шыжығына айналды. Иелерi жұмыста жүргенде күнi бойы байлауда тұратын олар қожалары келiп, далаға шығарарда бес қабатты бастарына көшiредi. Жұлқына секiрiп, арпылдай алысқан иттердiң дауысы естiлгеннен пәтер-пәтердiң балдырғандары тығылуға тесiк iздейдi. Бостандыққа жiберiлген қос теңбiл ана жерге де, мына жерге де сарып, арлы-берлi бiрiн-бiрi қуалай арсылдасады. Ауыздарын аш қасқырша ашып, тiлдерiн салақтата ұмтылысқан олардан ауланың кiшiрек балалары әзiрейiл көргендей шошына шырқырасады. Бұл екеуiн аулаға алып шығып, ылықтырғандарының өзi бiр шоу-тамаша. Жартылай ғана көлегейленген, сол иттердiң басындай-басындай қос анарлы, жирен шаш, қарашығы болымсыз тұзды көз, күнге шағылыса жанарларды жасқаған бура сан, сары келiншек автоматты түрде ұзарып, қысқаратын екi қарғыбаумен жетелеп шығып, иiскелестiре «iске кiрiстiрдi». Бiрiнiң үстiне бiрi асылған салпаңқұлақтылар бiраз ойнақ салады. «Ойындарына» ортақтасуға айналаның иттерi тұра-тұра ұмтылысады. Жирен шаштың әмiрiмен ересек бала-шағалар оларды таспен атып, ағаш лақтырып қуалайды. Қанша дәмеленгендерiмен үмiттерi ақталмаған көше төбеттерi анадай жерге барып, шоқиып отыра қалып ұлиды. Ендi қайтсiн... Арада алты ай өтiп, осы «еңбектiң» өтеуi қожаларының қалтасына американдық бакс болып құйылады. Жұмыргүлдiң жұмсауымен, биз­нестiң тағы бiр бұлақ-көзiн ашпақ болып, Мыңқетпестiң сол көршiден бiр ұрғашы күшiктi бес мың долларға қарызға алғаны бар. Өзi жарымай жүргенде үйдегi барын берiп, «үмiт алға шақыра» асырап жүрiп, бiр кешкiлiк аулаға шығарғанында үй айнала асыр сала арсылдаған қалпы ұшты-күйлi жоғалды да кеттi. Ит құнын қайтаруға қалтасы тесiк Мыңқетпес содан берi кездесе қалса, көршiсiмен итше ырылдасумен әлек. Мэко бүгiн айналасы соқырдың көзәйнегiндей әйнектермен тұтасқан төрт қабатты мекен-жайы бар корпорацияның есiгiнен сығалаған. Байқап қалған қарулы күзетшi: – Мынау бiр бұйра шаш, кеспiрi келiстi жiгiт екен, сөйлесiңдершi, – деп, арғы жағындағыларға дауыс жөнелткен. Иненiң көзiнен өтер­дей жылпылдаған екеу, асқан бiр мәде­ниеттiлiкпен сыр суыртпақтай келiп: – Әттең... келiншек болғаныңда...– деп, арғы аңсарларын аңғартқан. – Ендеше...– деп, ми қыртыстарын найзағайдай тiлгiлейтiн ой осқылап, бұл кеткен. – Бүгiн өз табалдырығынан күн­жарықта өгейсiнiңкiремей аттады. Көктиынсыз оралғанына жәбiрлене төменшiктесе де жекеменшiк қа­ты­нына бағанағы корпорацияда болған сөзсауысуды жеткiздi. Iшi жұмбақ ол мекеме дене бiтiмi ке­лiскен, өңдi әйелдердi ғана қызметке қабылдайтын сыңай танытқанын да жасырмады. Өзiн соған лайық әйел деп бағалап тұрғанына iшi сәл жылыса да: – Сыбайластарыңа маған орын дайындатып қойғандай сөйлейсiң-ау,– деп, үскiрiксiз ызғар шашқан Жұмыргүл. – Киiмдерiңдi бүгiннен дайындап қойғаның артық болмас, – деп те мiңгiрлеген Мыңқетпес. – Иә, бүгiнгi талғамға сай үлде мен бүлдеге орап қойып едiң...– деп кекеткен «Жакош-жаны». Дегенмен, үш баламен шалақұрсақ жүре беру кiмнiң шымбайына батпасын. Көкбеттенбей, келiскен. Ертеңiнде шашты да өзгеше толқындатып, мини юбка киiп жұтынған Жұмыргүлiмен бiрге, көз арбар ғимараттың табалдырығынан аттаған. Бой-бiтiмiн сұқтана барлаған жiптiктей күзетшi: – Окорошка, окорошка... лама, лама... келдi, – деп, сымсыз телефонмен «сүйiншiлеген». Кешегi екеу келiп, келiншектi жылы жымиыспен жетектесе жөнелген. Сол кеткеннен ол түс әлетiнде бiр-ақ шықты. Өкшесiн тықылдата, аяғын ширақ басады. Нұр-жүзi ажарланған, бетiнде күлкi ойнайды. Мазасызданып отырған күйеуiне «кеттiк» дегендей иек қаға сыртқа шығар есiкке тура тартқан. Сәл оңашалана бере: – Мэко, – деген жылы шырай таныта бұрылып, – Құдай қолдап, жолымыз болды. Мен қызметке қабылдандым. Шет елдерге жиi жолтартып тұратын жұмыс екен. Бастығымыз отыздардан асқан Жорик деген жiгiт... Мыңқетпестiң қашаннан ұмы­тылған Мэко есiмiн Жакосының аузынан естiгенiне миы зырқ ете, көзi қарауытып, денесi бiраз шайқатылып қалды. Оны байқайтын қатыны жоқ. Бiраздан соң терең тыныстап барып, әйелдер «сынап мiнездi ғой!..» деген iшiнен. – Мен бүрсiкүннен арғы күнi шефпен бiрге Парижге ұшатын болдым. Мынау екi мың доллар – маған берiлген аванс. Сенi де жұмыссыз жүр деп едiм: мә, мынау – саған шай-су, оны-мұныңа берiлген екi жүз доллар. Киiмдi де өз ақшаларына ауыстыртамыз дейдi. Жүр, жақын маңнан долларды теңгеге ауыстыртып, балаларға азық-түлiк алайық, – деп, бұлттан шыққан күндей жымың-жымың қағады. Бар жетiмсiздiктi америкалық көк қағаз қуып әкеткендей... Арада бiрер сағат өткенде қолдарында iшiп-жемге өгiздiң қарынынша тыңқита толтырған екi-екiден сөмкелерi бар бұлар үйлерiнiң есiгiнiң қоңырауын көңiлдi сыңғырлатысқан. Iшiнде бiрер шөлмектiң де мойыны қылтияды. Әке-шешелерiнiң оңалған өңдерiн көрiп, үрпиiсе, тiтiркене қарсы алған балаларының да бойлары жылып сала берген. Сол күнi Мыңқетпестiң «түнеме­гiнiң» түңiлiгi қайта түрiлiп, шаңы­рағының ауасы алмасқан. Сона-ау бiр жылғы жатақханадағы «шайқас» алдындағыдан да дәмдiрек шай iшiлдi. – Мэко, сен кешкi отырысқа дейiн жуынып, таранып, киiмдерiңдi алмастырып алсаңшы, – дедi некелесi текесiн ендi таныған ешкiше сүйкенiп. Мэкосы мекiренерiн де, бақылдарын да бiлмей есеңгiредi. Мұндайда бiр бөтелке сыра да бүкiл iшiңдi «өртеп», басыңа шабатынын кiм бiлген... Үн-түнсiз бас изедi. Жылыстап, жатын бөлмеге кiрiп, сең соққан балықтай аз-кем сенделектедi. Киiмдерi шкафтағы бұрынғы орындарынан табыла қоймады. Жартыжанына дауыстаған болды. Өзi кiрiп қалды ма, әлде екпiнсiз де ырғақсыз дауысын шынымен естiдi ме, Жакосы келiп үстiне iлерлерiн әр түкпiрден жинақтап бердi. «Өз үйiңдегi «арқажiбiтерге» еркiн жуынуға қол жеткiзудiң өзi қылкөпiр үстiнде ұжымаққа жолдама алғанмен пара-пар екен-ау!.. Көнтерiңнiң ашыған айранғы алты күн «иiстендiрiп» қойып, илеген тулақтай жұмсарғаны – «жындысумен» он сөтке уланып жатқанда басжазарға берген жүз грамнан биттей кем болсашы...». «Арқажiбiтерден» шыға бере қосанарлысының: – Буың жеңiлдесiн, Мэко! – деп, стаканмен ұсынған сырасын кiмге айтарсың... Мыңқетпестiң көзi қарауытты тағы да. Кешкi отырыс аса көңiлдi өттi. Осындай тыныс-тiршiлiктi Алладан тiлеп жүрген балапандарының арқа-жарқа, шат-шадыман қуанышқа бөленулерiн немен айырбастарсың!.. Сол түнi жекеменшiк нақсүйерi екеуiнiң де жастықта бастары түйiстi. Айбары мол доллар көктем боп күлiмдедi. Уәделi уақыттың сәт сағаты соқ­қанда Жұмыргүл Жорикпен Парижге жолсапарға аттанды. Бiр күн бұрын бастығы: – Сен жоқта отбасың тарығып, зарығып қалмасын. Мынаны алақанын жылытып, күйеуiңнiң қолына ұстат, – деп Жакоға үш мың доллар берiп, майшелпекке бөктiрiп жiберiптi. Мыңқетпес қыңқ еткен де, күңк еткен де жоқ. Балалары базаршылауға асықты. – Киiмдi сол жақтан қамдай келермiн, – деген ошақ иесi жүрекжар­дыларына. Бұлар баршылыққа ет үйреткенше, арада он күн бұлтың еттi. Көп сағындырмай, Жұмыргүл де жылтың еткен. Жылтың еткен жоқ-ау, үстiндегi костюмдары сәндi қызылға малынып, мойынға алқа, құлаққа сырға, саусаққа жүзiктердi қымбат қызылдардан тағынып, ерiн мен аяқ-қолдың тырнақтарын да қызылға боятып, қызылға бөленiп, қызғалдақтай құлпыра қызықтырып оралған. Саудалары сақал сипата қоймаса керек, сөмкесi де түйеқарын. Осылайша отбасының қас-қабағы түзелiп, ұйқы тынышталды. Арада айлар өткенде Мыңқетпес ырылдаса беретiн көршiсiнiң итiнiң де құнынан құтылды. Қазiр олармен кафе-барға шақырысқандай, иық соғыстыра амандасады. Жылға жуық уақыт жы­лыстағанда көнтерiлi күндерi ұмытыла бастаған отағасының туған күнi төбе көрсеткен. Жакосының шефы: – Үйiңе барып құттықтаймыз, – дептi. Әрине, дайындалды бұлар. Төргетөсерден бастап, төсекжапқышқа дейiн өзгертiлдi. Межелi күнi еркегi бар, әйелi бар жетi-сегiз басқарма басшылары иқулы-қиқулы көңiл-күйде табалдырық аттаған. – О-һо-о, очень приятный мужик! – деп, бұрыннан талай төбенi бiрге тоздырған сыралғыларша құшақтасып, Жорик Мэкоңа «Ниссанның» кiлтiн ұстатқан. Өздерiнiң мiнездерi де, қарым-қатынастары да иқы-жиқы. «Жынды суларды» да, тамақты да бiрiне-бiрi араластырып, түрегеп тұрып iшiп-жеп жүре бередi. Әрi бiрiмен-бiрi жиi алмаса құшақтасып, сүйiседi. Қымсынудан жұрдай. Жұмыргүл де солармен жымдасқан. Оны көрiп Мэко да барын көмекейлете сiлтеп жүр. Екi-үш сағатта әуселерi белгiлi болып қалды. «Шәй» деспедi-ау, «шәй» деспедi, ыржақтаса құшақтасады. Тәлтiректескен оларға шефтары: – Қанеки, по-домам. Мен Жұмыр­гүлмен есептесуiм керек! – деп бұйырды. Қабақ шытыспастан бiр-бiрiн демесе-қолтықтаса кете барды. Балалар ас үйдегi теледидардағы сериал­ды киноның қызығына құныққан. Шеф Жұмыргүлдi жатын бөлмеге қарай дедектеттi... Шай қайнатым уақыттан соң халатының бiр түймесi iлiнiп, бiр түймесi iлiнбей, шашы дудырап Жұмыргүл Жорикпен жатын бөлмеден шыққанында үйдiң қожасы машинаның кiлтiн қосқолдай уыстап, кеудесiне қойып, дәлiздегi диванда шалқасынан түсiп ұйықтап жатты. Үрпиiсе жақындағандарымен Мыңқетпес мыңқ етер емес. Жорик те жөнiне кеттi.

5890 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №40

10 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы