• Әдебиет
  • 12 Сәуір, 2012

БАҚ

Баян Балаусасын құшақтап, шашынан сипап отыр. Бар жұбанышы көзінің ағы мен қарасы – жалғыз ұлы мен қызы. Бір күнде отағасынан айырылу үш ұйықтаса түсіне кірмепті. «Енді не істеймін, өмірім қалай болар екен, мына балаларымды қалай бағып-қағамын?» деген ой ана жүрегін мазалайды. Амалсыздан көз жасына ерік берді. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір отағасының орнын толтыра алмайтындығы да ақиқат. Алланың ісіне шара бар ма?! 

Бойындағы бар күш-қуатын жинап, балаларының болашағы үшін еңсесін көтерді, жұмысқа тұрды. Бес уақыт намазын қаза қылмады. «Бергеніңді алсаң да, береріңді алма» деп Алладан тілек тілеп, үмітін үзбеді. Өстіп жүріп әкесінен бес жасында қалған Жалғасы мен екі жарым жасында қалған Балаусасы көз алдында өсті. Балаларын жанындай аялап, оқытып, ел қатарына қосу – жолдасы алдындағы ананың парызы. Ізденіп жүріп жұмысқа тұрғызды. Содан бері де он сегіз жыл өтіпті.

...Балауса күнделікті әдетінше жұмыс­қа келді. Қалталыларға арнал­ған қаладағы ең қымбат емханалардың бірінде жұмыс істейтін. Телефон шыр ете түсті. «Қазір 10 минутта «үлкен кісі» барады». Дәрігерлер жүгіріп, абыр-сабыр болды да қалды. Балауса болса аң-таң.

– Өткенде келгенде бұл қыз жоқ еді ғой, – деді «үлкен кісі» Балаусаға көз қырын салып.

– Клиенттер көп келсін деп, әдейі тапсырыспен алдырдық, – деп қалжыңдады Сергей. – Кеше туған күні болды.

– Қызым, нешеге толдың?

– Он тоғызға.

– Саған не сыйласам екен?

Қалтасынан көк қағаздың бірнешеуін суырып алып, Балаусаға ұстата салды.

– Жоқ, аға, қажет емес, ештеңе керек емес.

Жанындағылар «Ал, ал» деп бой бермей алдырды.

«Үлкен кісі» Балаусаға ұзақ қарап, бойындағы қызға тән ибалылық пен қазақы көркем мінезіне сүйсінді ме:

– Менің жалғыз ұлым бар, маған келін боласың ба? – деді.

– Анам онда ұшақ сұрайды ғой, – деп Балауса жымиды.

«Үлкен кісі» қыз бойындағы тапқырлық пен ұтқыр жауабына сүйсінді.  – Ұшақ та, тікұшақ та болады, – деп күліп шығып кетті.

Осыдан кейін емханаға үш күн қата­рынан бір қараторы, көркем жігіт келіп дәрігерлерге қаралып жүрді. Төртінші күні Балаусаға бейтаныс жігіт алқызыл түсті 101 роза гүлінің шоғырын ұсынды: «Сізге шеф беріп жіберді».

Күтпеген тосын жағдайдан Балауса қымсынып, қапелімде аузына сөз түспей қалды. Көңілі толқып кетті. Қандай кере-ме-е-е-т жұпар иіс. Қыз гүлді мейірлене иіскейді. Екеуінің таныстығы осылай басталды. Сезім гүлі бүршік жарды. Жігіт жүрек сезімін Балаусаға білдіргеннен кейін: «Анаңның алдынан өтейін. Рұқсатын алайын» деп қолқа салды.

– Мейрамхананың VIP-залына тапсырыс бердім, – деді жігіт.

Мұны естіген Балаусаның анасы тас-талқан болды.

– Мен енді мейрамхана іздеп, қаңғып жүрейін, келсе мына «пожарканың» жанына келсін.

Ертесінде олар «пожарканың» жанында кездесті. Жігіт аппақ әдемі машинаның қасында қобалжып, ерсілі-қарсылы жүр екен.

– Әй, бала, айта бер айтатыныңды. Өзің келдің бе, әкең жіберді ме? Әке-шешең осы келгеніңді біле ме?

– ... Әкем біледі (жігіт көзін төмен салды).

– Кішкентай кезінен осы жасқа жеткенше тұмсықтыға шоқыттырмай өсірдім. Қазақтың бір жақсы сөзі бар: «Бай мен бай құда болса арасында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса арасында дорба жүреді, бай мен кедей құда болса ілінісіп зорға жүреді» деген. Ертең сен кедейсің, сенің туысқаның кедей деп бетіне баспайтын болсаң, өмір бойы аялап алақанымда ұстаймын десең, онда мен ойланып көрейін. Әке-шешеңе осының бәрін айтып бар.

– Жарайды.

Жігіт ойланған күйі кері қайтты.

Ертесінде «Әке-шешем біледі. Сізбен танысқысы, ақылдасқысы келеді» деді көркем жігіт.

Араға күн салып «үлкен кісінің» жиені келді. Шыққан тегін, қай жердікі екенін барлығын сұрады. Сұрақтарының бәріне жауабын алып, содан екі жақ та тарасты.

Екі апта өткен соң Балаусаның құлағына сырға салынды. Көп ұзамай той да өтті.

Бұлай боларын кім ойлаған?

Баянның өмірі дәл ертегідегідей бір күнде өзгерді. Қиындықты бастан өткермегендей, сенерін де, сенбесін де білмейді. Осының бәрі түс секілді. Тасыған дәулет... Шалқыған бақыт... Көл-көсір қуаныш...

Ананың ендігі арманы – бала-шағасының ортасында, Құдай берер немерелерін бағып-қағып, солардың қызығына кенелу.

Құдай көп көрмесін!

Аяқ астынан тап болған бақты ұстап тұра білу де, оны бағалай білу де – үлкен сынақ. Алла ұзағынан сүйіндірсін!

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

 

3148 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7225

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6210

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3950

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3341

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3299

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3268

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2996

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2985

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы