• Әдебиет
  • 12 Сәуір, 2012

«Аждаһаның» ажалы

Келесі үзіліске шығу сәті таянып қалған мезгіл еді. Есік жақтағы шеткі партада отырған «саққұлағымыз» Сұпы сағатына әлсін-әлсін қарағыштап, астынан біреу істікпен түрткілегендей қозғалақтай бастады. Сыныбымыздағы он бес оқушының арасын­дағы қолға сағат тағатын жалғыз сол ғана. Ұжымшар басқармасының бұрынғы төрағасының еркесі. «Не іше­мін, не киемін» деп алаңдап көрмеген, жөргегінен шолжаң өскен. Сабаққа құлқы шамалы. Оған бәрінен бұрын үзіліске шығып, қыздармен алысып-жұ­лысқаннан артық дәнеңе жоқ сыңай­лы. Екі қолында тыным болмайды. Орылған егіннің орнында қалған түбіртектей түксиген шашына маза бермей сипалай береді. Түрі өңді қыз көрсе кертік тана­уын көтеріп, сығыр көзбен оның өн бойын тінткілеуге құмар. Түнек төрінде қалқиған қарақшыдай қалқан құлағына, арасынан жүгімен түйе өтердей қисық аяғына қарамай жігітшілігі күшті-ақ. Өткен оқу жылының аяқталар тұсында өзімізден бір жыл ілгері оқитын Күлән деген сымбатты қызға ғашықтығын білдіріп, хат жазамын деп мұғалімге ұсталып, күлкі болғаны бар. Бірақ, Сұпы шіркінге екі дүниенің бәрі бір, мойымайды. Ыржаң-ыржаң күледі де жүреді. Біз болсақ үзілістің алыс-жақындығын сол «серіміздің» қимыл, қозғалысының ауанынан аңғаратын болып, ет үйретіп алдық. Сұпының есіктен шыға жүгіруге дайындалып, қанатын қомдап ұшуға ыңғайланған қарақұстай тықырши бастағанына қарап, қоңыраудың соғылуы жақын болар деп отырғанбыз. Оның үстіне дәлізде де әрі-бері жүріс, сапырылысқан қозғалыс тым көбейіп барады. «Сердалының өзі ғой...», «Сердалы жіберген...» деген шаң-шұң еткен ызбарлы дауыстар шықты. Әйтеуір, әдеттегіден өзге қапылыс бар тәрізді. Сыныптағы бәріміз дәптер, кітаптарымызды, қаламсаптарымызды сытырлатып, жинастыра бастағанымыз сол еді, есікті жұлқи ашып мектеп директоры Ізғұтты ағай кіріп келді. Демінде ентігіс бар, өңі қарақошқылданып өзгеріп кеткен, жанарында қорқыныш табы андыздап тұрғандай ма, қалай?! – Сыдиық, біздің ауылға қарай қалың өрт ентелеп келеді. Тез, ер балаларды ертіп алып шық. Өрт сөндіруге барады, – деп Ізғұтты ағай терезе жақты иегімен нұсқады. Үні қатқыл. Бұрынғы биязы мінезді директордың орнында басқа біреу жүргендей. Әбден ширығып алған. – Не дейді? Өрті несі? Оқыс хабардан шошып кеткен Сыдиық ағайдың дауысы ерсі дүңк етті. Бойына үрей кіріп, қолының дірілдегені сезілді. Директор мұғалімнің қисынсыз сұрағына жауап қатпастан, оның бетіне «неменеге абдырайсың» дегендей, ызғар­лы кейіппен таңдана қарады да сынып бөлмесінен аяғын шапшаңдата басып шығып кетті. Шыға бере есікті қайта ашып тұрып: – Сыдиық, сақтық шарасын естен шы­ғармаңдар, – деп ескертті. Сұқ қолын шошайтып, «ұқтыңдар ма» дегендей реңк танытты. Бәріміз терезеге қарай лап қойып, өртке көз қадасқанбыз. Ізғұтты ағайдың ескертпесі көбіміздің құлағымызға жетпей қалды. Мұғаліміміз оқушыларға: – Сабыр сақтаңдар! Топырламай орын­дарыңа отырып тыңдаңдар! – дегенінде, алдымен Сұпы барып өз партасына құйрық тигізді. Отыра сала сыныптастарына өңештей айқайлап: – Сендерге не болды? Қазір барған соң көрерміз. Өрттің беті жаман. Нағыз аждаһа! Тездетіп ағайды тыңдайықтағы, өңкей шуылдақтар, – деп қояды. Өзі салмақтана қалыпты. Шынында да, Төртқыстау ауылы мен біздің Алтықыстаудың мидай жазық екі арасы қап-қара болып тұтасып кеткен. Арасынан оқта-текте қызыл жалын сумаң-сумаң етіп көкке шапшиды. Түйенің шудасындай шұбатылған қою түтін аспанға будақ-будақ әуелеп, әріде қалқыған ақ ұлпа бұлттарға шабуыл жасап, жұтып қойып жатқандай. Ауыл үстіне аждаһадай төніп келіп қалған. Зәре-құтты аларлықтай қорқынышты. Масқара! – Балалар! Үйлеріңнен барып шелек пен күрек, отты сабалайтын ескі-құсқы күртеше сияқты бір нәрселерді алып шығыңдар. Болыңдар, ауылды өрттен құтқаруымыз керек. Жүгіріңдер! Әлгі кезде абдырап қалған Сыдиық ағай жылдам ес жиып, пысып шыға келді. Бейне майдан шебіндегі әскербасына ұқсайды. Әр балаға жеке-жеке тапсырма жүктеп, атқаратын жұмыстарын пысықтап айтып, аттандырып жіберіп жатыр. Сынып старостасы Ағилашқа: – Сен қыздарды өртке жақындатпай кейіндеу, резервте ұста! Оны-мұны әперуге, су тасуға қажет болсаңдар, өзіміз шақырамыз, – деп еді, екі иығын жұлып жеген, еті тірі Әмина: – Ағай, мұныңыз қалай? Біз де ер балалардан қалыспаймыз. Қолды қақпаңыз. Өрт сөндірісеміз. Қыздарды кемсітпеңіз, – деп, әдеттегідей көкейіндегісін бетке тура айтатын мінезіне басып, Сыдиық ағайға тарпа бас салды. – О-өй, Әмина-ай, кішкене жайлашы, – деп сөзге сыныптағы сабырлы қыз Фаузия араласты, – Өрт сөндіруге біздің де үлес қосуымызға болады. Айыр, күрек, шот, шелек, шылапшын, жаман-жұман киіз, тулақ, күртеше, жыртылған пальто... біздердің үйлерімізден де табылады ғой. Ендеше, қыздар, біз де сондайларды жинайықтағы! Ағай, рұқсат етсеңіз, кеттік! Сынып жетекшісі оның салиқалы уәжіне келісуден басқаға амал жоқтай бас изеді. Ер балалардың соңдарын ала олар да үйді-үйлеріне қарай дедең қағып жүгіре жөнелісті. Әп-сәтте өрт құрсаулаған алқапқа екі ауылдың адамдарының үлкендер жағы тайлы-таяғымен қалмай түгел жиналып, «тілсіз жауды» ауыздықтау қамына жұмыла кірісіп кетісті. Тіпті, Төртқыстаудағы ауыл ақсақалдары, Еңбек Ерлері Кеңестің Досымбайы мен Сарттың Мырзақұлына дейін осында келіпті. Сексенге таялған жастарына қарамай сүйеніш таяқтарын белдіктеріне қыстырып алып, өрт сөндіріп жатқандар­ға жөн сілтеп, шыж-быждары шығып, тыным табар түрлері жоқ. Сыдиық ағай бастаған біздің сыныптың балалары да табанымыз-табанымызға жұқпай зыр жүгіріп жүрміз. Ұзындығы шақырым жарымнан астам аумақты қамтыған өрттің біресе ана шетіне, біресе мына шетіне су тасушы жалғыз машинаның зырлап барып, бөшкелерге құйып жүрген суларын көзді ашып-жұмғанша тауысып қоямыз. Үлкендердің сүйретпелерін сулап бере­міз, ара-арасында өзіміз де ілгері ұшып тү­сіп, жанып жатқан шөп ұшқынын саба­лап сөндіреміз. Қол-аяғымыз талса да, кідір­істі білмеудеміз. О, ғажап, атын тентек-теліге қосып, «ерке», «сері» деп айдар тағып, ажуалап жүрген Сұпымыз нағыз қайсар баланың өзі ме деп қалдық. Қай жер қауіпті, сол жерде Сұпы. Екі қолы мен екі аяғы бір сәт тыным-тыныштық тапқан емес. Жалаң қаққан отты екі қолындағы екі сулы күртешемен олай да бұлай толассыз ұрғылап, қарғып ұшқан ұшқынды екі аяқпен кезек таптайды. Маңдайынан ақ тер, көк тер моншақтап, төгіліп жүр. Бет-ауызы қара күйемен баттасқан. – Оңғарбай, Жақсылық, тағы кім бар? – деді Сұпы жанұшыра, – Алтықыстау жақ қанаттың өртті өршіп кетті. Солай қарай баралық! Тез, тез, бір-біріңе хабарлап айтыңдар. Шапшаң қимылдаңдар. Қос қанатымен көлшік жағасында су сабалаған қара қарғадай екі қолындағы сулы күртешелермен өртті соққылап жүрген Сұпы аяқ астында көзден ғайып болды. Қайда кетті? Бір-бірімізге: – О-оу, Сұпы қайда жоғалды? – десек, ешкім ештеңе білмейді. Тек Бауыржан ғана: – Жаңа жын ұрғандай үстіне бір шелек су құйып алып, былай қарай жүгіріп бара жатқан... – деп, бұдан жарты сағаттай бұрын иін болып жанып жатқан тұсты сілтеді. Қазір ол араның иіні түзеліп, екі жағымен теңесіп кеткен. – Сұпы, Сұпы, қайдасың? – Сұпы, қайда тығылдың? Бізді қорқытпа! Шық, бері! Сасқалақтап, өңеш жырта дауыстаға­нымызбен, үн қатар Сұпы жоқ. Қоқтының бір қалтарысында шалбарын түсіріп, «шаруасын» тындырып отыр ма екен? Басқа қайда кетеді? Бірақ, онда неге үстіне су құяды? Іштей «Бұл Сұпыны қой, бірдеме шығармаса, бірдеме бүлдірмесе, іші ауырады» деп кінәлаймыз. Сыдиық ағайға хабарлап едік, есі шығып кетті. – Тез, жүгіріңдер, іздеңдер! – деп айқайға басты. Мына хабардан құлақтанған үлкендер жағы да үрпиісіп қалды.Бойынан найза­ғай оғы жүріп өткендей түрған орнында состиып байланып қалған Асанғали: – Шырақтарым-ау, Бауыржан сілте­ген жаққа қарай... солай қарай... кеттік, – деп кекештенді. Алашапқын күшейді. Құдайға шүкір, бұл кезде жел саябырлап, өрт манағы алай-дүлей өрекпуін бәсеңдетіп, арбаға жегіле-жегіле шаршап, әбден жуасыған өгіздей момақан күйге түсе бастаған еді. Бастапқыдағы будақ-будақ шапшыған қара түтін де енді түтілген жүндей сирексіп, орнынан еріне көтеріледі. – О-оу, қайдасың Сұпы? – Сұпы, хабарлассайшы! Бізбен ойнама! Біреулер оңға, біреулер солға ойқастап шапқылап жүр. Қаудырлақ плащты құрылысшы Қаламғали үстіне су құйып алып, өрт ішіне кіруге оқтала бергенде жалынның қуаты өлімсірей қайтқан тұсынан үсті-басы, беті-қолы көмірдей қап-қара бір кісіні қолтығынан сүйемелдеген Сұпы: – Біз мындамыз, – деп шығып келеді. Өзге дүниеден оралған аруақтар дерсің. Түтінге тұншығуға қалған, жөтеле береді. – Ойбай-ау, сіздерге не болды? – деген сұрағымызға қақалып-шашалып жауап қайтара алмады. Бақсақ, иінде «тілсіз жаумен» айқасу «қызығына» түсіп кеткен ауыл дүкеншісі Сағын өзінің отты құрсауда қалып қойғанын кеш түсініпті. Құдай оңдағанда, оған төнген қауіпті Сұпы аңғарып қалып, үстіне су құйып алып, қатердің осал-ау деген жерінен барып кіріп, Сағынды кері қарай, құйқасы шыға күйіп, бықсып жатқан атырапқа жетектеп шығарып, өрт­тің алдында кірген тұсынан қайта бұзып шыққан. Бәтеңкесі тесілген. Үлкен башпайы соқайып шығып тұр. Күйік шалған тәрізді. Табаны тоңған тауықтай екі аяғын кезекпе-кезек жоғары көтереді. Ферма бастығы Бақытжан бет-ауызы түтігіп: – Ө-өй, Сұпы, мынауың қай «ерлік»! Мұндайға айтпай жалғыз өзің шабуға бола ма екен? – деп оны иығынан жұлқылады. –Басқаны ертсем бір пәлеге ұрын­дырам ба деп қорықтым. Сұпы дауысы қырылдап, желкесін қасыды. – Сөзіңе болайын! Әйтеуір, аман ғой, – деп, сынып жетекшісі жоғалған оқушысының табылғанына бір мезет қуанғанымен, көңілі қапелімде басыла қоймағандай. Жүзі қайта сұстанды. Қыздарға оқты көзін қадап: – Сендерге кейінде жүр дегенімді құлақтарыңа ілмегенсіңдер. Неге тіл алмайсыңдар? Директор «қыз балаларды неге өртке жақындатасың» деп ұрсып жатыр. Сәлден кейін өзі де келіп қалар. Біреу-міреуіңнің беті-қолдарыңды жалын шарпыса... Болмаса жаңағы Сағын сияқты өрт ішінде қалсаңдар... Оның беті әрмен! – деп ашу шақыра тіл қатты. – Ағай, өзіңіз емес пе, рұқсат берген, – деп Әмина шап етті. – Мен сендерге, – деді көзін жыпылықтатып Сыдиық ағай, – тек үйлеріңнен өрт сөндіруге қажетті нәрселер әкелуге ғана рұқсат бердім емес пе? Кейін шегініңдер! Әмина терісіне сыймай бұртиып, ренжігені сонша, көз алды бүлк-бүлк етіп, тарта бастады. Ләтипа мен Ағилаш ұстаздарының қасына таяу барып: – Бізден қорықпаңыз, ағай! – Сақтықты ұмытқан жоқпыз – деп тыныштандырғысы келіп еді, ол бетін теріс қаратып, қолын сілтеді. Сыдиық ағай тағы бірдеме айтпақшы болып бізге бұрыла бергенде Сұпы қарлығыңқы да­уыспен күшене айқайлады: – Істің бәрін тындырғандай неменеге топтана қалдыңдар. Қоқты тұтануға айналды. Бері, бері келіңдер, өңкей шуылдақтар! – Қазір, қазір, – деп Сыдиық балаларды ертіп, оқушысы нұсқаған жаққа бағыт түзегенде Сұпының барқылдаған үні тағы шықты. – Сыдиық ағай, Төртқыстау беттегі өрт саябырсыған секілді. Ол жердегі үлкендерді Алтықыстау жаққа жіберіп, мына қыздарды сонда ығыстырыңыз. Жолшыбай бөшкесінде суы бар арба көрсеңіз шапшаң бізге келсін деңізші. Мұғалім басымен өз шәкірті Сұпының өзіне өктемдей сөйлегеніне жыны келсе де ернін тістеп, үнсіз тыңдауға мәжбүр болды. Айтқанының бәрі жөн. Кімнің сөзінің артық-кем екенін түгендеп, тәжікелесіп жататын мезгіл ме, бұл? Қазір әр сәт қымбат. Сөндіре алмасаң, өрт минөт са­йын ілгері жылжитын, жалмаңдаған пәле. Оң қанатқа қарай қозғала бергендерінде арттағы бір қыз біреу буындырып жатқан­дай қатты шыңғырып қалды. Қастарынан зу етіп өткен сиырдай дәу арлан қасқырға алғашқы болып көзі түскен Әспет қорқып кетті. Онымен бірге келе жатқан Тамара жүрегін ұстап, жерге сылқ құлап, талып қалыпты. Қыздар ызы-шу. Серейіп жатқан Тамараның бетіне бүркетін су іздеп әбі­гер. Қоқты жақтағылар да бұлардан бетер даурығысып жүр. Әлгі арланнан кейін ну қоға ішінен екі қабан шығып, Қарасу бетке қашқан. Неше бір жылдар бойы орақ жүзі тимеген жалпақ қалың қамыстың ортасын еркін жайлаған аң біткенге өрттен кейін осындай зобалаң туарын алдын ала болжаған ұжымшар зоотехнигі Жеткізген тақымындағы кер айғырын жақын жерге әкеліп, баласына бақтырып қойған екен. Көкжалдың соңынан міне сала қуды. Әккі қасқыр Жиес қырқасына қарай маңдай түзеді. Одан әрі Бүйрек құмының Жаңғызшағыл жайлауындағы бытқылға барып тығылар, не болмаса Арыстанғали қыстағының бер жағындағы өзіне үйреншікті жыңғылды алқапқа кіріп із жасырар. Бірақ, талай бөріні қуып жетіп обалына қалған әйгілі жүйрік кер айғыр мен аң-құс аулаудың кәнігі шебері Жеткізгеннен қашып құтылар деймісің?! Әрі бүгін сәскеден бері көк түтін жұтып, деміккен арланда алысқа шабатын не күй бар болсын? Әйтсе де, арланның аты – арлан. Қырық айлалы, жымысқы жыртқыш. Жеткізген қасқырдан қара үзбей Жиестен әрі асып, көзден таса болды. Бір көзіміз – қасқырда, бір көзіміз – өртте, алаңдаулы жүргенде қасымызға ұжымшар басқармасының төрағасы Сердалының оң қанаттан бері ауысып келіп, өрт сөндіруге кірісіп кеткенін аңғармаппыз. – Анау қасқыр қуып бара жатқан кім? – деп сұрады ол. – Жеткізген ғой, Сереке, – деді директорымыз Ізғұтты. – Ә-ә, дұрыс екен. Өртті ауыздықтау­ға басқамыз да жетеміз ғой. Малға маза бермей, жиі тиісіп жүрген ит-құстар бар еді. Солардын бірі шығар, – деді Сердалы Жеткізгеннің әрекетін құптаған рай танытып. – Ізғұтты, – деді төраға Төртқыстау жаққа көз тастап, – шығыс беттегі екі ауылдың ортасындағы қауіп сейілді. Өрт қара жолға тірелді. Қарқыны қайтты. Жолдың келесі жағына ұшқын ұшып түссе қыз балалардың өздері-ақ сөндіреді ғой. Сіз сол тұсқа басшылық жасасаңыз қайтеді. Біз, қалғанымыз қалың қоқтыға тиісейік. Ол етек алып жанса шамалыда әл бермейді. Өшуі қиын. Астынан қоздап, жануын қоймайды. Енді бір, шіркін, жаңбыр болса ғой... Мектеп директоры бас изеді де, оң қанатқа қарай ойысты. Сердалы қоқтының қоға, құрақ, қараөлең, ақтық шөп бытыса ұйысқан қалың жынысына қарай өртті жібермеуге күш біріктірді. Осы жерде оның көзіне шалымды қимылды сығыр көз, кертік танау, сары өңді бала түсті. Құрдастарына дегенін істететінін, ештеңеден сескенбей, батыл әрекет ететінін сырттай бақылап, Сыдиықты өзіне шақырып: – Мына сары баланың аты кім, кімнің баласы? – деп сұрады. – Сереке, бұл сізден бұрынғы төраға Мұқанғазының ұлы. Мен жетекшілік ететін 6-сыныпта оқитын Сұпы Қарабалаев, – деп таныстырды мұғалім. – Пысық бала екен. Жарады! Ертеңгі күні алдымен осы Сұпыны сыйлыққа ұсыныңдар. Ең үлкен байрақты соған беремін, – деді Сердалы сыртынан көз тігіп, риза болған пішінмен. Әлгі әзірде бұл Сұпының біздің зәремізді зәр түбіне кетірген әрекетінен – дүкенші Сағынды өрт құрсауынан құтқаруынан Сердалы мүлдем хабарсыз еді. Білсе ғой, қандай мақтау айтар еді. Сұпыны «ердің ері», «көзсіз батыр» дейтін шығар-ау, сірә?! Бұл күні сәске түсте басталған өртке қарсы күрес қарбаласы кешқұрым, екіндіде әзер дегенде аяқталды. Қара көрпе жамыл­ған тәрізді сұрықсыз алқаптың әр тұсында әлі бықсып жатқан жерлер бар. Жан шақырып, тізе бүгіп отырған, шалқасынан жатқан, шынтақ­тай қисайған балалар мен үлкендердің іші­нен Сұпы бас көтеріп: – Ағай, өрт сөнді. «Аждаһаның» ажалы бізден болды. Бірақ, бүгінше мына жерде кезекшілік пе, түнгі күзет пе, сондай бірдеңе ұйымдастырған жөн болар, – деген ұсынысын көмекейінен қарлығып шыққан үнімен зорға білдірді. Төраға тіктеліп отырып: – Өзім де соны айтайын деп отыр едім. Сұпы орынды ұсыныс жасады. Астынан қозданып, өрт кез-келген уақытта қайта өршіп кетуі мүмкін. Үлкендерден кезекшілік қоялық. Өтеғали, сен бар ғой, мамандардан, ферма меңгерушілерінен бастап бәрімізді кірістіріп кезекші болатындардың тізімін жаса. Орлыкөл мектебінің мұғалімдерін де қалдырма, – деп ұжымшардың кадрлар жөніндегі инс­пекторына тапсырма берді. – Ағай, ағай! – деді Сұпы сынып партасында отырғандай қолын көтеріп, – Сізден бір нәрсе сұрайын ба? – Сұрай ғой, қарағым, – деді төраға оған жымия қарап. – Сіз менің есімімді қайдан білесіз? Бұл – бір. Екінші өтінішім – мені де кезекшілер қатарына қосыңыз. Сердалы езу тартып күліп алды да: – Жақсы баланың есімі жұрт аузында жүреді. Білемін. Әлі де таныса түсеміз. Өтінішіңе келсем, сен бүгін қыруар жұмыс атқардың, әбден шаршадың. Енді демалуыңды сұраймын. Алда кезекші болатын шақтар жетеді, Сұпы! – деп ескі дағдысына басып, иегін көтерді. Бәріміз орнымыздан әрең дегенде сүйретіле көтеріліп, ауылға беттей бергенімізде атының сауырына арлан қасқырды тісін ақсита бөктерген Жеткізген де келіп жетті. Екі езуі екі құлағында.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ Атырау

3768 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7257

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6229

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3970

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3360

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3319

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3288

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3016

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3004

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы