• Әдебиет
  • 31 Мамыр, 2012

АҚ КЕЛІН

Ел-жұрттың бәріне ортақ Алматы жайлы әңгіме болса, солай қарай жол түссе, шүкір, ағайын-туыс, дос-жаран, жекжат бар, бұрын балаларымыз да тұрды, әйтеуір қайда барамыз демейтінбіз. Ал, сендер, қарағым Ақсәуле, біздің өмірімізге араласқалы бері өрісіміз одан сайын кеңейгендей, Алматы десе, өздерің ойға орала кететін болдыңдар. Кімді кім оқытпай жатыр, ұстаз да көп, жас та, кәрі де шәкірттік жолдан өткен. Ол жолды – ұстаз салған жолды шәкірт біткеннің бәрі бірдей пір тұтпаса да, әйтеуір есі барлары шамаларынша құрмет тұтады-ау деп ойлаймын. Өзінің ұстаздық қызметіне шын берілген мұғалім өзінің еңбегінің қадір-қасиетін өзі жоғары бағалай бермеуі де мүмкін. Оның бағасын ел-халық, ұжым-әріптестері беріп жатады. Бірақ бәрі де шәкірттерінің бағасына, мойындауына жет­пейді-ау деп есептеймін. «Сіз менің ұстазым болдыңыз, мен Сіздің еңбегіңізді ұмытпаймын» деген шәкірт ықыласын, тілегін есту – әр ұстаздың баға жетпес бақыты дер едім. Менің ұзақ жылғы ұстаздық өмір жолым­да жақсы, үлгілі шәкірттерім көп болды. Соның ішінде ұстаз бен шәкірт болып бірін-бірі құрметтей, сыйласа білуден, мақтаныш тұтып ел-жұртқа жария етіп айта, жаза білуден сен­дерден өткен шәкірттерім болмаған шы­ғар, Абдолла, Ақсәуле қарақтарым. Абдолланың «Қазақстан пионері» (6.06.1986ж.) газетінде жарияланған «Ұлағат иесі» атты ұстазы – мен туралы жазған алғашқы мақаласын айтпағанда, өзінің маған құрмет көрсеткісі келіп, хабар ұйымдастырғысы, кинотүсірілім жасағысы келген ойларын іске асыра алмай кеткенін өзің кейін айтып жүрдің. Әрине, бұған және де талантты шәкіртім Абдолламен кезінде көбірек араласа алмағаныма мен де көп уақыт өкініп жүрдім. Өмір дегеннің өңгергенінен өкініші көп болады екен ғой. Осының бәрін Сен орнына келтіргендей болдың, Ақсәуле, тіпті асырып та жібердің, айналайын! Өзіңнің ұнататын мәтеліңнің бірін «Әркім – сыйлағанның құлы» деп жазған екенсің. Сенің өзіңді оқытып сабақ берген ұстазың мен сынып жетекшіңді қалай құрметтейтініңді өзің жазған естелік кітабыңнан оқыдым да, тіпті өткендегі тойыңда көрдік те ғой. Ал өзіңді емес, жұбайың Абдолланы оқытып, сынып жетекшісі болған – мені соншама құрметтеп, сыйлағаныңның өзін немен теңестіруге болатынын білмеймін, қарағым. Сенің өзің жазғандай, біз сені ата-анаңнан бойыңа сіңірген дарқан пейілің мен адами қасиеттерің бір бөлек, жан-дүниеңе, бүкіл әлем сыйып кететіндей «кең болып, кем болмай» келе жатқан Алланың назары түскен жан деп білеміз. Ақсәуле бізді – Зореш екеумізді Абдол­ланың өзі болмаса да көзіндей болған ұл­дарының, тіпті немерелерінің де қуаныш-қы­зықтарынан қалдырған емес. Бауыржан мен Еркебұланның үйлену тойларында болудың сәті келмесе де, олардың құдалықтарында, кішкентайлардың (Ай-күн сияқ­ты) тұсаукесер тойларында, өзінің мерейтойына қатысып, өздерімен, достарымен, туыс-бауыр, құда-жекжаттарымен бірге қуаныштарын бөлістік те. Ақсәулені 50-ге толтырып, ғалым-жазушылармен, ұстаздарымен, достарымен бірге тілегімізді білдіріп, кереметтей тойдың куәсі де болдық. Құдай Ақсәулеге құдаларын да адал қылып, аңқылдатып бере салған екен. Әсел, Мәдинадай келіндері қандай, өзінің туған қыздарындай мәпелеп отыр. Құда-құдағилары Ержан-Зәурешпен, Дәулет-Гүлшарамен құдайындай сыйласады. Бәрі жарасымды-ақ. Оларды ауылға алып келіп, елмен, жермен таныстырып, Абдолланың оқыған мектебіне, Аб­долланың көшесіне, Бибіш анасы тұрған үйіне ар­найы келіп тағзым етіп, елдің, жолдас-жоралардың ниетіне бөлендірді. Үйімізде де болып, дәм татып, жақындығымызды, көңілімізді білдірдік. Күтіп алып, шығарып салып жатырмыз. Ал Сәулежанның бізді – Зәуреш екеумізді, Тұрар қайнағасын, Оңалбай, Фариза достарын Ержан-Зәуреш құдаларының аулына қондыртып, құда етіп күтіп, ат мінгізіп, үлкен құрмет көрсеткені бар. «Сыйға – сый, сыраға – бал», «Әркім – сыйлағанның құлы» деген осындайда айтылады екен ғой. Ақсәуленің тағы бір ерекше қасиеті – өзі елге, ауылға келсе, міндетті түрде Жаңақорған кентіндегі Абдолланың атына берілген көшеге соғып, тұрғындармен жүздесіп, оларға дәм таттырып, арнайы алып келген сый-жоралғыларын үлестіріп, баталарын алып жатады. Сондай-ақ, Ақсәуле осы­дан біраз жыл бұрын Алматыдан арнайы жазушы-журналист достарын (Талғат Айтбайұлы, Еркін Жаппасұлы және т.б.) елге ертіп келіп, бәріміздің қатысуымызбен Абдолла оқып бітірген №54 Октябрь (қазіргі ақын Жүсіп Қыдыров атындағы) орта мектебінде Абдолланың есімі берілген оқу кабинетін ашып, онда жыл сайын оқушылар шығармашылығынан байқаулар өткізіп, жүлделер беріп келсе, кабинет меңгерушісі К.Байтілесовамен тұрақты байланыс жасап тұрады. Ақсәуленің өзі бір жазбасында жасында сүйікті анасының аузынан үнемі еститін «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деген қанатты сөзді ту қып ұстап жүретінін айтқан екен. Бұл деген үлкен де үлгі етер қасиет қой. Өздерің Абдолла барда да, ол кеткен соң да талай тарихи тамаша жерлерде болған екенсіңдер, ескерткіш фото-суреттер қалыпты. Бүгін мұның бәрі де өте құнды дүниелер. Оның үстіне, болған, жүрген жерлердің шырайын шығарып, жеріне жеткізіп суреттей отырып, оқырманды табиғатпен достастырып жібереді екенсің. Өзің математик болсаң да, дарқан жүректі, махаббат жазушысы атанған Әзағаң көкең айтқандай, сыршыл да шыншыл суреткер, қаламы төселген кәнігі жазушыдай көсіле жазған «Мәңгілік сағынышыңды», «Арамыздасың, Абдолланы» бастап оқыған адам аяғына дейін бас алмай оқитынына мен бек сенімді жанның бірімін. Ал кейінгі қолымызға тиген «Сағындым, сағым жылдарын» кітабыңмен, ата-анаң Әбдіхалық пен Ілімханға және өзіңнің туған жерің мен ауыл-аймағыңа (Талдыңа, Тасбұлақ пен Қарқараңа), сондай-ақ үлкенді-кішілі қарапайым ауылдаста­рыңа, сүйікті ұстаздарыңа мәңгілік ескерткіш орнатыпсың, Сәулежан. Біз сенің осы бір ғажайып шығармаларың арқы­лы өзіміз тұрып жатқан, Абдолла туып-өскен туған жеріміздің қадір-қасиетін біле түскендей болып, әрі сенің туған өлкеңнің сұлу да шұрайлы табиғатына сүйсіне отырып, сенің жан-дүниеңнің, көңіл-пейіліңнің дарқан тазалығы мен сұлулығы сол табиғатпен астасып жатқанын одан сайын тереңірек білгендей болдық. Қарағым, Ақсәуле, қа­шанда біз сенің Абдолла деп өмір сүргеніңе, Абдоллаға адал болғаныңа айрықша сүй­сінеміз де, жас та болсаң, Бибі-анадай құр­меттейміз. «Орнында бар – оңалар» де­гендей, Абдолланың бірі өзіндей, бірі көзіндей болып өсіп, ержетіп, отау тігіп жатқан Бауыржан мен Еркебұланның, келіндеріңнің, Ай-күн, Мансұр, Марғұлан, Әлихандай немерелеріңнің ортасында қуаныш-бақытқа бөленіп, Алла енді Шерханның тойында шалқуға жеткізсін демекпіз. Денің сау болып, еңбегің жанып, шаршамай, жасай бер, қаламыңды қайрап жаза бер, Алтындарының ақ анасы, Ағайы мен апайының ақ келіні, Абдоллажанның Ақсәулесі! Зинабдин Шермұхаммедұлы, Зореш Шермұхаммедкеліні

3032 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5881

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5524

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3261

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2645

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2607

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2584

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2318

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2301

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы