• Қоғам
  • 31 Мамыр, 2012

МЕНДЕ БІР ҒАНА ОТАН БАР, ОЛ - ҚАЗАҚСТАН

Атсалим Идигов – шешен ұлтының өкілі. Бірақ ол қазақ жерінде туып-өскен. Республикаға танымал журналист. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Қазіргі қызметі – Талдықорған облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының бірінші орынбасары.Атсалим бір қарағанда тұйықтау, мінезі ауыр көрінгенімен, ел ішіндегі қоғамдық-саяси шаралардан шет қалған емес. Қазақстан халқы Ассамблеясының және «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі, ҚХА жанындағы республикалық жетекші журналистер мен сарапшылар клубы төр­ағасының орынбасары. Биыл еліміз бастан кешкен ашаршы­лықтың 80 жылдығы, сондай-ақ сырттағы ха­лықтардың Қазақстанға жер аударылуының 75 жылдығы атап өтілмек. Бұл екі оқиға да елеулі. Зор көңіл бөлуді талап етеді. Атсалим Саламұлымен әңгімеміз де осы оқиғалар жөнінде өрбіді. – Сізбен кездесер алдында дәл осы тақырыпта қаламызда дөңгелек үстел өткен. Мен сонда да сөйлеп, өз пікірімді айттым. Негізі, кешегі қаралы оқиғалар – қуғын-сүргін, халықтардың Қазақстанға жер аударылуы жөнінде әңгіме қозғағанымызда біз, ең алдымен, қазақ халқы туралы айтуымыз қажет. Қазақ халқы сол оқиғалардың алдында да көп қиындықтарды, ауыртпалықтарды бастан кешті. «Мың өліп, мың тірілген» деп бекер айтылмайды ғой. Тарихтан жақсы білеміз, жоңғар басқыншылығы Қазақстанға оңай тиген жоқ. Жоңғарлар оңай жеңіле салатын жау емес еді. Міне, сондай кезде қазақтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қаһармандық танытып құмырсқадай қаптаған жоңғарларды тізе бүктірді. «Аңырақай шайқасындағы» қазақ жауынгерлері мен батырларының ерлігі аңыз етіп айтып жүрер өшпес, өлмес ерлік. Шешен халқында әлемге белгілі оқы­мысты, саясаткер, қоғам қайраткері, ұлы ойшыл Абдурахман Авторханов деген бар. Ол Сталиннің тірі кезінде сталиндік режимге қарсы шыққан. Бүкіл ғұмырын қуғын-сүргінге ұшырағандарды, жер аударылғандарды қорғауға арнаған. Тірі кезінде өлім жазасына кесілген. Содан амалсыз шетелге кетуге мәжбүр болған. Сонда жүріп те сталиндік режиммен күресуден танбаған. Ол көп жылдар бойы Германияда тұрды. Кейінірек, 1992 жылдары сол Германияда тұрып жатқан қазақ өкілдерімен кездеседі. Сонда қазақтар туралы былайша жүрекжарды лебізін білдірген. «Қазақтардың біздерден, кавказдықтардан айырмашылығы – әлде­қай­да шыдамды, ұстамды, бейбітшілік сүйгіш халық. Бұл уақытша ғана. Ал, егер ұлтқа немесе олардың жеріне кәдімгідей сорақы қауіп төніп тұрған болса осы сәтте олардың бойын ата-бабаларынан сіңген күрескерлік рух кернеп кетеді. Сөйтіп, өз жері, өз халқы үшін шыбын жанын қиюға дейін барады. Мұны олар тарихта әлденеше рет дәлелдеді». Сөйтіп, жоңғарлармен күресті, кешегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын мысалға келтіреді. Сосын тағы былай дейді: «Бүгінгі қазақтар кешегі өзінің тарихын Египеттен Қытайға дейін жазған күрескер, еркіндік сүйгіш бабаларының ұрпақтары». Қазақ халқына өткен ғасырдың 30-жылдары да жеңіл болмады. Голощекин жүргізген саясаттың қандай болғаны белгілі. Жергілікті жердің жағдайы ескерілмеді. Қазақ малмен күн көріп отырған халық. Сол мал қынадай қырылды. Ел жаппай аштыққа ұшырады. Осыған шыдамағандықтан басқа елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Енді осыған байланысты жаңа тілге тиек еткен Абдурахман Авторханов не айтты? Былай дейді: «Дәл осы жағдайда қазақ халқын жер аударылған кавказ халқымен салыстырар едім. Сталиндік режимнің қылмыстық саясаты салдарынан Қазақстанда адам төзгісіз жағдай қалыптасты. Соның кесірінен жүз мыңдаған жергілікті халық өкілдері кіндік қаны тамған атамекендерімен қош айтысып, қоныс аударуларына тура келді» . Ашаршылықты, қуғын-сүргін құрбанда­рын еске алғанда біз, ең алдымен, сол жылдары қазақ халқының ауыр жағдайды бастан кешкенін естен шығармауымыз керек. Қазақтар өздерінің хал-ахуалдарының қиын­дығына қарамастан сол уақытта жер аударылған басқа халықтардың да қайғы-қасіретін бірге бөлісті. Жер аударылған халықтар қазақ халқына рахмет айтуға тиіс. Кавказдықтар Қазақстанға айдалып келгенде орталық оларды «қылмыскерлер», «бандиттер»... деген лақап таратты. Саясат солай болды. Бірақ жергілікті халық мұндай лақапқа сенген жоқ. Қарт адамдардың, әйелдердің «бандиттер» емес екендігін білді. Оларды кеу­деден итермеді, құшақтарына алды. «Бәрің ішкенімізді ішіп, жегенімізді жейсіңдер» деп жанынан орын берді. Осындай қол ұшын берудің арқасында көп адам тірі қалды. Менің туып-өскен жерім – осы Талды­қорған қаласының маңы. Біздің ауылда бірнеше ұлт өкілі тұрды. Неміс, поляк, кәріс, грек, шешен... дегендей. Сонда «Сен кімсің?», «Қай ұлттың өкілісің?» деп ешкім сұрамайтын. Балалар далада ойнап жүргенде бәріміз қазақша сөйлейтінбіз. Бөліну болмады. Бір отбасындай өмір сүрдік. «Мынау сенікі, мынау менікі» демедік. Менің ата-анамның әке-шешелері бұл жаққа жер аударып келген ғой. Сол кезде әкем 11 жаста, шешеміз 9 жаста екен. Әкем де, шешем де қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын жақсы білді. Әкем қайтыс болар алдында қатты ауырды. Кавказға апарып емдетпекші болдық. Үйден шығар кезде бүкіл ауыл болып шығарып салды. Көздеріне жас алды. Әкем ауылда сыйлы, құрметті еді. Қайтыс болғаннан кейін ауылдағылар өздерінің шешімімен ауылдағы орталық көшеге әкемнің есімін берді. «Қайғы адамдарды біріктіреді» деген сөз бар. Халықтардың басын қосқан қайғы-қасірет. Міне, енді бүгін Қазақстан атты ортақ шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатырмыз. Бізде толеранттық, достық, ауыз­бірлік бар. Қазір «толеранттық» деген термин жиі айтылады. Қазақшасы «төзімділік» деген болу керек. Кешегі ауыр жылдарда толеранттық сынақтан өттік. Бұл, ең алдымен, қазақ халқының арқасы. Біз бұл сынақтан қазақтардың бойындағы тамаша қасиеттер нәтижесінде өттік. Біздің елімізде қазір толеранттылық проблемасы жоқ. Бірақ мынандай сұрақтың қойылатыны бар: «Қазақстандық этносаралық толеранттылықтың сыры неде?». Осыған байланысты әртүрлі жауаптар айтылады. Біреулер пәлсапа соғып жатады, енді біреулер ғылыми тұжырымдарды ортаға салады. Менің бұл сауалға қайтарар өз түсінігім, өз жауабым бар. Бала кезімде біздің ауылда бір шешен ақсақалы тұрды. Өзі молда, дін жағынан терең білімді. Ақылды, ойшыл адам еді. 1958 жылдары шешендерге Кавказға оралуға ұлықсат берілді. Әлгі ақсақал кетер кезде ауылдан адамдарды жинап, былай деп айтқаны бар еді. «Аллаға шүкір, бізге рұқсат берді. Отанымызға қайтып баруға. Мен де жолға шыққалы тұрмын. Осы сапарымда қасиетті қазақ жерінің бір уыс топырағын алып бара жатырмын. Мен мынаны айтқым келеді. Қазақ халқы жұмаққа баратын халық...». Сол кезде біреулер сұрап жатты: «Кімнің қайда барары бір Аллаға белгілі емес пе?» деп. Сонда ақсақалдың айтқаны: «Бұл халықта қасиетті үш нәрсе бар. Бірінші, ұлы азап кешу. Көп қайғы-қасірет көрген. Екінші, ұлы шыдамдылық. Үшінші, дастарқаны берекелі. Осы үш нәрсе үшін жұмаққа бара алады». Менің де әлгі «Қазақстандық этносаралық толеранттылықтың сыры не?» дегенге айтарым, аузы дуалы ақсақалдың осы сөзі. Мен өзім Қазақ елін, қазақтарды ерекше сыйлаймын. Қазақстан менің кейбіреулердің айтатынындай екінші Отаным емес. Менде бір-ақ Отан бар. Ол – Қазақстан. Басқа Отан менде жоқ. Балаларымды да осылай тәрбиелеудемін. Бәрі де қазақша таза сөйлейді. Бір қызым домбыра тартып, ән айтады. Атсалим екеуміз қазақша сөйлестік. Қазақшаға ағып тұр. Жүзінен де, сөзінен де бұл әңгімені адал жүрегімен, шын пейілімен айтып отырғаны көрініп тұр. Өз ұлтың, халқың туралы өзге ұлт өкілінің аузынан марапат, мақтау есту қандай ғанибет. Мерейленіп, рухтанып кетеді екенсің. Бір жағынан Атсалимге де риза бола­сың. Ақылды, түсінігі мол азамат екен. Қа­зақстанды елім, жерім, асыл топырағым деп жүрген сіз де аман болыңыз, Атсалим әріптес! Нұрперзент ДОМБАЙ

4252 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8781

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7071

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4815

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4201

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4163

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4124

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3854

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3854

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы