• Әдебиет
  • 07 Маусым, 2012

Өкініш

Жергілікті университетте оқытушы болып істейтін Ағила жұмыстан шыққан соң, аяқкиім жөндейтін етікшіге соқты. Кигеніне екі-үш жыл болып қалған туфлиін жөндетіп, биыл тағы кимек болған ол одан шыққан соң, базарға таяу жердегі балабақшаға соқты. Келсе, кішкене ұлы Жарас екі көзі төрт болып, мұны күтіп жүр екен. Енді қайтеді? Байғұс бала жалғыз қалса...Бұдан басқа балалардың бәрін ата-аналары, аға-әпкелері баяғыда үйлеріне әкетіпті. Еден жуушы әйелдің қас-қабағына қарап, балабақшада жалғыз өзі ғана қалған сәбиде қандай көңіл-күй болсын?! Өзін осы өмірде ешкімге мүлде керексіз жандай сезініп, іштей, «Менің папам мен мамама не болды, осы уақытқа дейін бір келіп, мені үйге әкетпей» деп отырған бала анасын көргенде, қуаныштан көзі жарқ ете қалды. – Ура-а, ура-а! Мамам келді-і! – деп отыр­ған жерінен атып тұрып, құшағын жая анасына қарай тұра жүгірді. – Сіз неге кеш кел­діңіз? Балаңыз сізді көп күтті ғой, – деп күңкілдеді еден жуушы әйел. – Түсінесіз ғой, жұмыс... Жеткенім осы болды... – деп күмілжи ақталды Ағила. – Жұмыс, жұмыс, жұмыс... деп қазіргі әйел­дер балаға да қараудан қалды. Бәрі ақшаның соңына түсіп кеткен, баламен әкелерінің де ісі жоқ, – деп күңкілдей сөйлеген еден жуушы қартаң әйел бұларға қарамай, өзімен-өзі сөйлеп, ұзын дәліздің еденін жууға кірісті. Ағила ізіне ерген кішкене ұлын қолынан жетектеп алып, далаға шықты. Күннің жарық сәулесі жанын жадыратты. Ағила қанша уақыт бойы жабырқай, мұңайып өзін күткен сүйікті баласына, тәтті-пәтті әперейін деген оймен әрі кешкі тамақтарын ала келейін деп базарға беттеді. Кенет қалтасындағы «соткасы» шырылдап қоя берсін, алса күйеуі Нұртас екен. Әй-шәй жоқ, мән-жайды сұрап-білмей жатып, зіркілдей дүрсе қоя бергені: – Осы уақытқа дейін сен қайда жүр­сің-ей, жұмыс баяғыда біткен жоқ па? Қарамаса қатын кетеді деген осы ғой. Өсекші құрбыларының сөзін тың­дап, аузың аңқиып, бір жерде шай ішіп отырған шығарсың, а? Давай, бол тез, үйге қайт! Кешке үйге қонақтар келеді, осында гастрольмен бір топ достарым келіп қапты, қонаққа шақырдым. Ағиланың «Кім олар?» деп сұрауына мұрша бермей, айтарын айтып болды да, асығып-аптығып. телефонын өшіріп тастады. Оның дөрекі мінезіне қосылғандарына оншақты жылдан асып бара жатса да Ағила мүлде үйрене алмай қойды. Өмірі мұның жанына тиетін жағымсыз сөздерге ауызы бейім-ақ. Жазықсыздан-жазықсыз мұны кінәлі ғып, жоқ жерден қожаңдап шыға келетініне ыза болды. Тіпті көзіне жас келіп қалды. Кішкентай Жарас жаутаңдап, анасының бетіне қарағыштай берді. – Мам-а, ма-ма-а? Не болып қалды? – деді бұны қолынан сілкілеп. – Жоқ, жай күнім... Ештеңе емес, – деп Ағила ештеңе білдірмеген болды. – Сізді папам тағы ренжітті ме? – деп сұрады ол мамасынан. – Жоқ, бүгін үйге көп қо­нақтар келеді дейді. Соларға не тауып бе­ремін деп ойлап тұрғаным ғой. Әлі жалақымызды алған жоқпыз, сенің де балабақшаңа ақша төлеуіміз керек. Баяғы аяқкиімді жамап-жасқап, биыл тағы ілдалап киіп шығамын ба деп, бірді екі ете алмай, мен жүрмін... – деп өз ойындағы сөздердің бәрін кішкентай Жарасқа неге айтып келе жатқанын өзі де білмейді. – Ертең, үлке-ен болып өскен соң, мен сізге әдемі туфли әперемін, мама. Банктен көп-көп ақша әкеліп беремін!.. – Сен не, өскенде банкир боласың ба сонда? – Жоқ, мама, мен банк тонаймын. Өткенде папа, бәріміз бір теледидардан көріп едік қой, бір крутой көкелер: «пах-пах»деп бәрін атып тастап, көп-көп ақшаны көтеріп алып, машинамен қашып кеткен жоқ па? Вот, мен де өскен соң сондай боламын! Көп-көп ақша табамын! – деді мақтанышпен. Ағила оның бұл сөздерінен шошып кетті: «Ой, сұмдық-ай! Бесіктен белі шықпай жатып, банк тонаймыны несі-ей бұның? Оны кім үйретіп жүр бұған? Бала кезімде інілерім: «Өскенде космонавт боламын, дәрігер боламын, мұғалім боламын, шофер боламын, милиция боламын» дейтін еді ғой...». Күнде-күнде әкесімен бірге түні бойы қылқиып отырып алып, көретін киносы сол болғасын, әлі ақыл-ойы қалыптаспаған ақымақ сәби кісі өлтіріп, жұрттың байлығын тартып алатын қарақшы боламын демей, не дейді? Қанша жылда әзер сатып алған жалғыз бөлмелі пәтерлерінің барына бұрын іштей шүкіршілік етіп жүретін Ағила, ішінен, ең болмаса, баланың өз бөлмесі болғанда ғой, теледидардан ондай сұмдықты көрсетпей, ұйқыға ерте жатқызып тастар едім ғой деп ойлады. Сосын бір сәт оның жүйрік ойы болашақ «қарақшыдан» үйге келетін сыйлы қонақтарға ауысты. Гастрольмен келіп жатса, артистер болғаны ғой. Дұрыстап қарсы алмаса, ұят қой. Өнер адамдары әсерленгіш, сезімтал келеді. Ертең елге барғанда да: «Баяғыда бізбен бірге оқыған Нұртастың күні күн емес екен: институт бітірген физигің, мұғалімдігін тастап, көрінген жерде электрик, сантехник болып жүр екен. Тіпті дұрыстап қонақ қылуға жарамады. Әйелі де бір берекесіз біреу-ау, сірә!» деп бірге оқыған жолдастарына айтып барса, ұят болар. Нұртас қатты сөйледі деп, оған өкпелеп қайтемін, ол байғұс та қайбір жетісіп жүр дейсің. Кейбіреулер жұмы­сын істетіп алып, ақша орнына арақ береді. Әкеліп жатқан оңды табысы да жоқ. Тым жақсы жұмыс істеп жүрген жерінен ақшасы аз деп кетіп қалып жұмыссыздыққа ұшырады. Енді қайтеді? «Таз ашуын тырнадан алады» дегеннің кері ғой. Менен басқа оның жанашыр кімі бар? Ауылдағы тума-туыстарынан да көмек жоқ. Өздері шықпа жаным шықпамен отырған шығар, ол байғұстар да?! – деп кешірімшіл келіншек күйеуінің соңғы жылдары байқалып жүрген ожарлау мінезін өзі жуып-шайып, өзінің алдында ақтап, арашалап та үлгерді. Томпаңдай соңына ерген кішкене баласымен екеуі дүкеннен сатып алғандарын көтеріп үйге келіп, қазанға ет салып үлгергені сол еді, артынша шу-шу еткен бес-алты қыз-жігітті ертіп Нұртас та жетті. Өзі мәз, екі езуі екі құлағында. Онсыз да айналуға келмейтін құрқылтайдың ұясындай кішкене пәтердің ішінде ине шаншар жер жоқ. Дабыр-дұбыр, у-шу... Келген қонақтар алдымен топырлай ваннаға кірді. Шорылдаған су... Ыстық судың буы тар бөлмеге жайылып кетті. Оған дәмді астың иісі араласты. Кішкентай Жарас қонақ келгенде қуанатын балаларға тән әдетпен, анасына көмектесіп, дастарқан жайысып, ыдыс тасып, зыр жүгіріп жүр. Сірә, іштей: «Ой, мынау қандай жақсы бала!» дегендей үлкендер­ден мақтау сөз күтіп жүргені де анық. Бірақ, онымен, ешкімнің ісі жоқ. Дастарқан басында дөрекі әзіл айтып, даурығып отырғандарға Жарастың бар-жоғы бәрібір сияқты. «Кішкентай баласы бар үй ғой, баланың ұйқысы келген шығар, көзін уқалап, есінеп отыр екен, оның үстіне ертең жұмыс. Үй иелері демалсын, біз қонақүйге қайтайық» деу қонақтардың ойларында жоқ. Дәмді ас, ішкен шарап, ыстық сорпа аш өзектеріне түсіп кеткендей, әр жерге қисая кеткен қыз-жігітер аяқтары айқасып, бұрыш-бұрышта сұлап жатыр... Ағила ішінен: «Бұл артист деген халық қызық екен өздері!» деп таңғалып қояды. Баласын алдына алып, таң атқанша тап-тар асүйде кірпік ілмей отырған ол, таң ата, баласын балабақшаға алып кетті. Келсе, шашылмаған нәрсе жоқ, үйдің іші астан-кестен. Қонақтар тегіс кетіп қалыпты. «Ойбуй, таңғы оразаларын ашпастан кеткендері ұят болды-ау» деп ұялып қалды. Сабағы түстен кейін еді, дереу үйін жинап, реттеуге кірісті. Түс ауа жұмысқа бара жатып, базар тұсындағы қарақұрым адамдарды көріп, шаң-шұң дауыстарды естіп, әйелге тән әуесқойлық жеңген Ағила сол араға таянды. «Қарақтарым-ау, барлық пенсиямды алып қалдыңдар ғой. Мұсылман баласы емессіңдер ме, мен ай бойы немен күн көремін?» деп сақалы иегіне түскен бір қарт зар илеп тұр. «Оны ойынға қатыспай тұрып ойла­нуыңыз керек еді. Әрі тұрыңыз, клиенттерді үркітесіз...». Топтала қоршап тұрған жұрттың арасынан еңгезердей бір жігіт «Ой, өңшең Құдайдан тапқырлар! Имансыздар!» деп ышқына айғайлаған қара шалды қаңбақ құрлы көрмей, желкесінен бүріп, шетке алып шықты. Оны көріп Ағиланың көзі бақырайып кетті. – Ойпырмай, бұл...бұл сіз бе? – деген сөздің қалай аузынан шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды. Жігіт оны танымаған жандай теріс айналды. Ағила өз көзіне өзі сенбей, қалың топқа кимелей ұмтылды. Жерде жүгіне отырған бір жігіт аузы-аузына жұқпай, қолы жып-жып етіп, кішкене екі кесенің астынан алма-кезек титімдей шарикті шығарады. Қай кесенің астында екенін дәл тапқан жігітке уыстай ақша ұстатып, қайтадан ойын қызығын қыздыра түсіп, бас көтеруге мұршасы болмай жатыр екен. Ағила түнде ғана өз үйінде сыйлы қонақ етіп, бар жылы-жұмсағын беріп, құрметтеген жандардың бұл тірлігін көріп, шошына кері шегінді. Оның көзіне ып-ыстық жас келді. Көшедегі жүргіншілерден де қысылмастан, өзінің студенттері кездесіп қалар-ау деп те қауіп­тенбестен, егіл-тегіл төгілген ып-ыстық, мөп-мөлдір, кермек дәмді тамшыларға ие болу ойында да жоқ. Қысқа көрпесін басқа тартса, аяққа жеткізе алмай жүрген өзінің қу тірлігіне, «үш жылдығы түгілі үш күндігін» ойламайтын, жігері өліп қалған, намыссыз, дөкір күйеуіне, адал адамдардың ақ ниетін аяққа басып, ақша табудың жолына құныға түсіп кеткен өз замандастарына деген ренішін көз жасы шайып, алып кетсе жақсы болар еді, бірақ, әй, қайдам!..

Мақсат  Рсалин

3485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6836

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6029

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3768

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3156

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3114

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3090

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2818

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2804

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы