• Әдебиет
  • 14 Маусым, 2012

Келем жүзіп дауылдар мен самалда

Светқали Нұржан БІРГЕ КЕТУ Нәсілім жат бұл жұртқа!.. Мен – бөтенмін... Көрім терең, төрім тар пенде екенмін. «Единица-жақсының» арасында Бөр-басыммен неліктен нөлге теңмін?.. Төмпешіктер шіреніп нән құз болды, Бие емексіп, шідерін әңгі үзген-ді. Елдің бәрі – ереймен. Ортасына Сыйғызбауға қарады жалғыз нөлді. Жаралсам да бағзы бір мөрлі тектен, Жараса алар емеспін шенді көппен?.. «Единица» етігі... уыты ащы, Дөңгелетіп бүйірден «нөлді» тепкен. Дүрге қалай жағамын, «пірге» қалай? Аз ғұмырда бола алам кімге малай?.. «Единица» тепкіні екпінімен Кетіп барам Жан-Ием – Бірге қарай... МОЛАМА АБАЙ КЕЛІП ЖҮР Молама Абай келіп жүр дұға қылып, Құлпытастан тұтатты шыраны үріп... «Дерт көмгенді жазам, деп, жырымменен», Серт бергем-ді кеудеме Құран ұрып!.. «Қан жүректі қайғылы-ау» – кәләмі құт, Неге келдің маңдайды молама ұрып? Неге сенің үніңді естіртпейді, Саусағымда қауырсын қалам ұлып?.. Тұл бойында талайдың дерті қалған, Талайсыз жан бір мен бе серті – жалған? Көңілің мұң, Көзің жас... Жатқан сынды Күз түнінде көрінбей көл тұманнан... Құйылғанда емескі сазыңнан нұр, Шыға алмаймын! – Көр терең қазылған-дүр... Шалынады шыраның сәулесінде, Құлпытастың бетіне жазылған жыр. Ізіне еріп нән шалдың кие келсін, Пері қашып, періште иеленсін. ... Молама Абай келіп жүр дұға қылып... ... Аруағына ақынның тие берсін!.. СОҢҒЫ САПАР Көлеген Нұрланға Шексіз ғарыш – түпсіз мұхит алабы, Ал жұлдыздар сол мұхиттың аралы. Ол аралдар – ізгіліктің қамалы, – Періштелер нұр-алауын жағады. Сол мұхитқа салдым қайық-жүректі, Маңдайға алып Достың жаққан алауын. Адастырмақ қоюлатып түнекті, Тұңғиықтан бұлғап шайтан жалауын. Рух, нәпсі – қос ескегім қолымда, Келем жүзіп дауылдар мен самалда. Кетем бе әлде Ібілістің торында, Жетем бе әлде жау алмайтын қамалға?.. Нәпсі-ескегім бұрып әлек жалауға, Рух-ескек сүйреп алаң алауға. Арасында жан мен тәнім талауда, Қайығымды толқын түтіп, сабауда! Шұрық тесік қайығымды сақтасын, Панасы мол – жан жаратқан Жәлалдың! Рух-ескек ұрғылағай қақпасын – Нұрлы, сырлы, пірлі, һүрлі Қамалдың!.. КҮЗГІ КҮЙ Күздің үні неткен шерлі күй еді? – Біздер күткен қуанышқа тапшы өлке. Жерленбеген өліктердей сүйегі, Қурай біткен қурап жатыр ақсөңке. Бағзы шебер салған мола-қорапша Қирап қалған... Сарғыш тасы жұтты-ай мұң. Жел оқиды қәріптерді арабша, Неге оқиды? Түсінбеймін. Ұқпаймын. Едірейіп сағанадан атанақ, Естіледі қайтып жатқан құс үні. Қалған құстар – үкі, қарға, жапалақ Қатарына шақырады кісіні. Күз де келді қас-қабағы қыраулап, Қалдым құспен – көтерілмес көкке өлсе. – Хақ хабарын алып ұшып тыраулап, Елеңдеткен келер көктем жеткенше... Сараң ғана уілдейді бәй-бәй күз, Жындысүрей жел іш тартып ықылықтап... Там үстінде сұңқылдаған Ай-байғыз Кенет күліп жіберер ме... сықылықтап?.. ЖАҢА АЙДА Жаңа Ай тумақ бүгін кеш... Жұлдыз бүрлеп жас талда. Саумал-нұрға толып тағы күбім бос, Зер шымылдық тұтылды енді аспанға. Ай да туды, нәзік нұрмен үйге еніп, Жұлдыз-шашу... Абың-күбің көктіңгөк... Кеше түскен келін еді именіп, Он төрт күнде шермиіп тұр секпіл бет. Шырпы тиер сезімге, Аспан-дарақ төлдеткенде бүрлерін. Жалғыз сауал тұр тау-шалдың көзінде: «Ұл табар ма, қыз туар ма бұл келін?..» Тау сықылды болмасам да данышпан, «Жарылқар, деп, қайсы Айым?..» Бір хабарды күтіп жүрем алыстан, Ай сайын... ҒАЗАЛ Кеше менің Ібіліс той жасады кеудемде, Аяр жауға қарсылық қыла алмадым мен де емге. Періштелер тұрғызған қамалымды қираттым, Түсіп қалдым тағы да жезтырнақты шеңгелге. Сайлап келіп жарағын, алдап беріп арағын, білгендерін жасады Иман тұрған бөлмемде! Қалмады ешбір амалым. Жауға алдырған қамалын Ерде қандай сын болсын – Не дей алар жеңгенге?! Қуып нәпсім әуесін, ауытқыды сау есім, Қай бетіммен қараймын «ер» деп мені сенгенге?! Қазынасын тонады қарақшылар сандықтың, Кілтін бердім қолымнан – Күліп сайтан келгенге!.. Желік кірді жүйеге, «Серік» қылдым Иеге – Нәпсі-бұтқа табындым! – Кім бар мендей шерменде?! Мүңкір-Нәңкір жүзіне қалай ғана қарармын, Не бетімді айта алам қара жерге енгенде?! Ем болмайтын еткені, Тас-талқан ғып теп мені, Жүзін бұрып Құдайдан, Ойын шайтан бөлгенде! Хақ жолына сүлесоқ мен бір әңгі сұр есек! – Қабіріме дүре соқ – қазам жетіп өлгенде! ТАҒЫ ДА ЖАСТЫҚТЫҢ ЖАЗҒЫ ЖҰРТЫНДА (ҚазМУ-де) I Көлге қонған еске сап қазды дүркін, Ескірмеп пе баяғы назды күлкің?.. Шырқ айналып өзіңе соға берем, Жастығымның жұмағы – Жазғы жұртым. Қайың мәйін еді ғой, гүл көңілшек, Қауызынан сан келіп үрледім шоқ... Өртке айналып сол бір шоқ, арасынан Аяулы Елес көзіме бір көрінсе ед!.. II Жастықтың қалмасын деп құндағы ұмыт, Бұл жолы келдім, кешір, түн жамылып. Жария жазым қайда – гүл-бағы құт? – Тұрмын мен сырларыңды ұрлап ұғып. Тоналған жастық-бағым жылдар үгіп, Тағы бір құпиясын тұр ма бүгіп?.. Қонады қар қамығып тал басына, Көңілдің жайлауының мұңдары ұлып. Шақ қайда аруға алғаш ойы кеткен? Бақ қайда сол арумен сейіл еткен?.. «Махаббат»-мейрамханам тұр қаңырап, Баяғы менің жастық тойым өткен... Бойдағы басылса да екпін желдей, Жүректің түкпірінен от күлгендей. Бұл жерде тірі жан жоқ мені тосқан, Сонда да тұрғанын-ай кеткім келмей. Тұсымнан қаптай өтті топ-топ балғын, Көктемгі мамығындай бақбақтардың. ... Сипайды маңдайымнан жатырқамай, Жып-жылы алақаны әппақ қардың... III Жастықтың жазғы жұртында шабытқа балқып, Қар ұлпа қалқып, келемін мамыққа малтып. Жүрекке жұққан жұпары – жазғы бағымның, Кім білсін, жатар тәнімнен табытта да аңқып?! Сырғалы сәмбі, таныс тал, моншақты қайың, Сәукеле киген шыршалар аңсатты дәйім. Қар-ұнын жайып тастапты, қамырын жайып, Уыстап асап, Мамыққа шаршап құлайын! Шаршап құладым... Ұлпаға құлады-ай ғаріп, Шыдам шынары шарт сынды шыдамай қалып. Шырадай жанып самсаған қардың түйірі, Күрсінді талдар, халіме сұрамай нанып. Қар-қыздар көшті... Сәулесі жыртып маңайды, «Бұл неткен жан?» деп, сауалын кірпік қамайды. Үрейлі көздер қыраулы тінтіп самайды, Құралайланып мен жаққа үркіп қарайды. Сауалы бүрлеп, өтті олар кірпікке ой тұнып, Тұрғаным жөн ед сезімді іркіп, бой тығып... Кетейін... Жазғы жұртымның құралайларын «Қар адамынша» қапыда үркітпей тұрып. ... Ей, таныс талдар, келер ме ек сүймесек күйіп?! – Шаршаңқы шайыр қалайша күй кешед қиып?.. Мұңайғыш мойыл, баяғы қиылғыш қайың Шаршысын шешіп, алыпты-ау кимешек киіп... IV Қарға оранған біздің жазғы жұрт мұнда, Бәлкім, бұл түс, мүмкін, кешкен аяным?.. Жауған қардың шымылдығын жырттым да, Сан тербеткен бесігіме таядым. Сегізінші жатақханам, аяулы жандарымның тұр көзіндей боталап. Сол терезе тасасында бояулы, Оянып ед біздің тұмса махаббат. Сол қалпында сол терезе, сол балкон, Шаш тарап тұр перде артында қыпша бел. Менің қазір тұрпатыма балбал тең... Бара жатыр аяулыма ұқсап ол. Жыртып ашып уақыттың пердесін, Кіріп барсам... бақыт, міне, қол созым! Қыпша белдің тіліп өтіп зердесін, Оянар ма біздер кешкен сол сезім?! Жә, құтырма! Сабаңа түс асқынбай! Жасыңда әуес болмап ең ғой жөнсізге! Құралайға көзін тіккен қасқырдай, Шалдуар шал қарағұрым сенсіз де! Терезеге телмірмей-ақ қояйын, Ол бақты енді бұл маңдайға жазбаған. Тылсым түнде тек өзімді аяйын, Жарығына тәнті болып маздаған. Хош бол, балғын сезімдерім – бал-тұма, Жатақханам – күйі қалған пернеде!.. Ұзап барып, жалт қарасам артыма, Қарлы құйын орап апты пердеге... V Мына бақта жүруші еді боз құлыншақ бір ару, Мүмкін бе оны өлмей тұрып естен, сірә, шығару?! Жазғы бақтың бар шайыры «қырылатын» жыр арнап, Жыр-айдында, ал ол болса, жүзуші еді қылаңдап. Гүл бас жара шыға келген жандай еді қауызынан, Ай он беске толған түні түскендей-тін ауызынан! Атеизм ілімінен у жұтсақ та ылайлы, Сол аруды бұйыртқай деп, еске алушы ек Құдайды... Алма төсін еш еркектің кір қолымен ездірмей, Қудай жүзіп өте шықты ол бірімізді көзге ілмей... Ол көрінсе жүрегіміз... сүйегіміз сырқырап, Аппақ болып бақбақ толып... қауырсыны бұрқырап; Алатаудың ақ қарына Ай-жұмыртқа шағылып, Лағыл көрік сағым болып сары уызы жарылып; Күз жеткенде, мұз боп көл де, қалтыраса қайыңы, Ізді өпкенде жапырақ боп оның сырға-қайығы; Қыс келгенде, құс көмгенде біздің бақты – кіл ақ құс, Тау да, алаң да қарға бөгіп, жаулағанда бір-ақ түс; Соның бәрін қарықтырып, жарық қылып ғаламды, Сиқыр нұрға қарық қылып, зарықтырып адамды; Ол жүретін... Ол жүзетін айдын қылып санаңды, Ай бүр жарып – қайғымды алып, жоғалатын қараңғы!.. Бар жүрекке жұқтыруға келген жан-ды пәктікті, әжетхана жақтан оны көрген пенде жоқ, тіпті!.. Сол қыз бір күн ғайып болды!.. Кетті ме еріп періге? Жан білмейді – жетім лақ жем болды ма бөріге? «Пері» деген қате сөзім, жори көрме теріске, Оған тең-дүр қос ғаламда біз көрмеген періште! «Бөрі» деген ит-құс атын телу оған шын айып, Жер басқаннан бір жан, тіпті, бола алмас-ты ылайық!.. Мен сонда алғаш зәһар жұттым, дәмін таттым мастықтың, Қалды адыра бір-ақ күнде жазғы бағы жастықтың! Күн күлбіреп, жұлдыз жидіп, Ай да оңған боз шүберек, Жапырағын талдап жұлды ақ қайыңдар жүрелеп... Содан кейін кетті айналып жан айырмас жақынға, Күлеңгір кеш күрең мұң дос – кілең күндес ақын да! Әр кеудеде парлап тұрған ақ қауырсын шам сөніп, Түтін торлап, қаңғып кеттік басымызбен жар соғып!.. Сызыт түнде бұзып түрме қашқан жұлдыз ізіндей, Оның ізі жүрегімде қалып қойды үзілмей. Мен үзілмей оның ізі жүрегімнен үзілмес, Оның жүзін өшіре алмас өмір атты ұзын көш. Бесінші жыл күз алтынын елеген шақ атырап, Біз де әр жаққа ұшып кеттік, кілең сарғыш жапырақ... Одан бері қанша үйірді мені жылдар құйыны, Жылдарым мен жолдарымның жүр шешілмей түйіні. Жазғы жұртқа кіндігімнен қалған жандай байланып, Шырқ айналып келе берем, ене берем айналып. Жазғы бақтан іздеп көрем сол Арудың іздерін, Күз кеп көрем, мұз-айнадан шалам ба деп жүздерін. Енді, міне, қыста келдім мұңды жазғы жұртыма, Жас арулар сәл таңырқап өтіп жатыр тұрқыма. Ойнақтайды тас төбемнен неше мың сан көбелек, Қанаттары әппақ нұрды жүрегіме себелеп! Жазғы жұртты, назды ымыртты жарқыратып қар-шырақ, Қанатынан елестерді келемін мен аршып ап. Бағым – жаннат. Бұл жүрісті жори көрме теріске, Жаннатымды жайлап апты үрлер менен періште!.. Денесі жоқ, елесі жүр сол Арудың бұл жерде, Қалдым шалып қар шашуын шамдар қағып күлгенде! Сол бір Елес көйлек киген қарлы бұлтты жыртып ап, Дәл тұсымнан өте шықты... сүйек кетті сырқырап. Сүйегінен Сұбхан-Пәктің сүт иісі бұрқырап, Дәл тұсымнан өтті Елесі... Қалды жүрек шырқырап... Енді Жарық!.. Көрдім анық сол Елестің жүргенін, Қардың өзі ділді жарып бұрқыратты-ай гүл демін! Неше айналып таба алмаған көрдім Пәктік Елесін, Енді қайтып келгенімше жинап қалар ЕЛ ЕСІН!.. Қайта оралам – нұр бұрқырап тұрған келер көктемде, Қарсы алдымнан шығар Ару – Аңсап-талып жеткенде!.. Ай түндікті, күн шаңырақ, уығына нұр тұнған Әппақ Отау бой көтерер – Менің Жазғы Жұртымнан!.. ӘСІРЕҢКІ Айдың көзін шел басқан, Астымда – құз, үстім – тау. Аспанымнан өң қашқан, Бұлт – керең де, құс – мылқау. Өңіп тіптен жұлдыздар, Торып күткен түнекте; Сорып-семген ындыз бар, Өліп-сөнген жүректе. Не зілзала күйреткен? – Жынық түткен бауымды, ал! Шіріп шөккен бүйрек пен Іріп біткен бауыр бар! Қылшық ұлып қамырдан, Өкпек ұрып өкпені; Кеміреді тамырдан, Қылпып Тажал кетпені!.. Әрі қашып айдынның, Тозаңы үріп тозақтың, Бейіттегі ай-құзғын Үстінде тұр қазақтың! Тартып па екем аз күйік, Дейсің бе енді: «атауды іш!..» Не қарайсың бәжбиіп, Меңіреу таң, сақау құс?! МАҢҒЫСТАУ

3330 рет

көрсетілді

44

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6979

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6095

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3834

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3225

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3181

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3156

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2884

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2872

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы