• Әдебиет
  • 14 Маусым, 2012

Райымбек батырдың әкесі Түке туралы не білеміз?

Түкеұлы Райымбек батырдың есімі мұқым бір тайпа елдің жауынгерлік ұраны болған. Арғы ата тегі Ұлы жүз Үйсін тармағындағы Албан тайпасынан, оның ішінде Алжан руының Сырымбет деген атасынан тарайды. Ал Сырымбеттен атақты Қангелді батыр туады. Бұл туралы Қазақ энциклопедиясында былай деп жазылған: «Хангелді батыр 1733 жылы Ұлы жүздің атақты адамдары Қодар би, Төле би, Сатай батыр, Бөлек батырлармен бірге орыс патшасы Анна Иоанновнаға (1730-40) елші жіберіп, Россияның қол астына алуды өтінген. «1734 жылы 20 сәуірде император Анна Иоанновна оларды Россияның қол астына қабылдау жөнінде грамотаға қол қойды. 1742 жылы Ұлы жүз руларының төрт старшыны Россияның қол астына қарау жөнінде ант берді». (9-том, 426-бет және ІІ-том, 374-бет). Демек, Сырымбетұлы Қангелді батыр осындай тарихта аты мәлім белгілі елші, беделді тұлға екені әрі жалпақ жұртқа кең танымал, көреген көсемдігі мен тілмар шешендігімен ел билігіне ерте араласқан әйгілі адам екенін көреміз. Сонымен қоса жаугершілік заманда қазақ халқының азаттығы үшін жері мен елін қорғап, аянбай еңбек етіп тер төккен білікті батыр, білімгер қолбасы болған. Қазақ даласына қарай анталаған Жоңғар қалмақтарымен аузын арандай ашқан Қытай империясы болса, батысында тілі тәтті, діні қатты Қоқан, Хиуа хандықтары, ал солтүстігінде өзі сары көзі көк, айлалы айтар сөзі көп орыс отаршылдары болды. Осылардың бәріне төтеп бере алмасын білген хандарымыз бен билеріміз амалсыз Ресей империясына бағынып, бодандық қамытын кигені белгілі. Қангелді батырдың Тілеуке, Түке, Мөңке, Төңке, Айбас, Қойбас, Меңдеке, Емеген, Жүң атты ұлдары болған. Қангелді барлық балаларын жаугершілік заманның қатал сынына төтеп бере алатындай, қайтпас қайсарлыққа, шыдамды төзімділікке, жауымен жағаласқанда өліспей беріспейтін, өзінің атажұртын жат басқыншылардан қорғайтындай ер-азамат ретінде тәрбиелеп өсіреді. Ал батыр болса болашағын болжай білетін көреген көсем, білгір сыншы болыпты. Қасиетті бабамыз Қангелдіден тарағандардың көбі шетінен батыр, шешен және бай адамдар болып келеді. Бастаған ақтылы қой нөсем-серке, Байлықпен аты шыққан Тұрсын-Мөңке. Қалмаққа қарсы келіп қан құстырған Баласы Қангелдінің ер Тілеуке. Ат баптап қүс салатын өнері бар, Қайыстай жігіт екен Қара Түке – деген ескіден келе жатқан өлең жолдары осы айтқандарымыздың айқын айғағы. Жалайыр еліндегі Орақ батырдың ауылын құба қалмақтар шауып кетіпті деген хабар албандарға жетеді. Сол кезде Қангелді батыр қарт бурадай қаһарына мініп, қасына жүз шақты сарбаз ертіп қалмаққа аттаныпты. Албан-Жалайырдан бірлескен топ жауын жеңіп, олжалап қайтады. Бұл уақытта Орақ батыр алыс сапарда жүрсе керек. Қангелдінің осындай ерен ерлігіне дән риза болған Орақ батыр мол сый-сияпат көрсетіп, кетерінде бұйымтай сұрайды. Сонда Қангелді батыр: – Бұдан былай арамыз алшақтамай, құдандалы жекжат болайық. Келіссең қызың Қарашашқа үкі тақсам деп едім, оған не дейсің? – депті. Орақ батыр бұған қарсы болмаған. Келісті жер, текті әулеттен шыққан Қарашаш сұлуға Түкені үйлендіреді. Одан Райымбек және Толмаш атты екі ұл бар. Қарашаш кіші баласын босанарда қатты ауырып, айы-күніне жетпей туып артынша қайтыс болады. Соған орай баланың атын Толмаш қойыпты. «Ата көрген оқ жанар» демекші, Райым­бек алғаш нағашы атасының қолында болып, жеті жасқа дейін жетелі тәрбие алып, сол ауылда өседі. Одан кейінгі өмірі бабасы Қангелдінің қарамағында, көбінесе әкесі Түкенің қолында өтеді. Райымбек нағашы атасы мен өз атасы Қангелдіге бауыр басып өскендіктен Түкені әкесі емес, ағасы сияқты санап онша дегеніне көне бермейді, бір жағы еркелейді. Түке ұзын бойлы, қапсағай денелі, өң-түсі қара торы әрі қатқан қайыстай шымыр болғандықтан замандастары «Қара Түке» деп атаған екен. Сөзге тұйық, іске шебер, ойлағанын орындамай қоймайтын бір беткей, алдын-артын бағамдай білетін, шаруа жайын жете меңгерген малсақ, атбегі адам. Түке мыңдаған жұмыр тұяқтының ішінен тұлпары мен тұғырын бітім тұлғасынан танып, айнытпай тауып баптай білген. Атбегілінің арқасында жатаған келген жалдас күрең аттың аламан бәйгеде топ жарып бірінші келуі – Түкенің ат баптаудың шебері екенін көрсетіп тұр. Мұны ақиық ақынымыз М.Мақатаев тілімен айтсақ: ...Жатаған келген Түкенің жолдас күреңі, Дүйім ел білген дүлдүлдің нағыз бірі еді. Кешегі аста бәйгеге қосып жүйрігің Келерін біліп, қауіпсіз бейқам тұр еді. Қу даладағы құйын ба дерсің, ойнаған Қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған. Өз атын өзі ұрандап бала келеді, Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған. Түке атбегілігімен қоса қолға құс үйретіп, баптай біліп аңшылық пен саятшылықтың қыр-сырын жақсы меңгерген. «Аспанға ұшсам қанатым талады, жерге түссем Жалайыр Шора алады» деген әйгілі құсбегіден бата алғанға ұқсайды. Құстың тұлғасына, қанат қағысына, ұшатын бағыт-бағдарына қарап, қай таудың құсы, қайда барып түнейді, қай маңға жұмыртқа салады соған дейін аңғаратын көріпкелділігі болған. Немесе торға түскен құстың дене-мүшесіне, бас, тұмсық көз бітіміне, қауырсын жүніне, жіліншігі мен шеңгеліне қарап сынап бағамдап отырады екен. Соған қарап шын қыран ба, әлде қыран емес пе, қай өлкенің құсы екенін дөп басып ажырата алатын өнері бар. Қолға түсіргенін үйретіп, баптап түлете білген. Кемеліне келтіріп аңға салатын, құстың көңіл-күйіне қарап ауырса, жарақаттанса дауалап жаза білген, өте бапкер құсбегі адам осы Түке болатын. Бізге жеткен ауызекі аңыз әңгіме деректерінде тұз тағылары бүркіт, қаршыға, ителгі, қырғи, тұйғын тәрізді құстарды қолда бағып, көп ұстаған, оны өмір бойы қызықтаған деседі. Жылқының тұлпары мен құстың қыранын таңдап ұстап, бабына және зарына келтіріп баптай білу – кім болса соның қолынан келе бермейтін киелі өнер. Осынау қиындығы мен хикаясы мол іс ердің ері, білімгері, қайыспас қайсарлы кісінің қолынан ғана келеді. Мінеки, Түке сондай адам. Ал енді осындай қос өнер иесі атбегілік пен құсбегілікті қатар меңгерген Қара Түке өз баласы Райым­бекке нендей игі-ықпал жасады, нені үйретті дейсіз ғой. Алдымен әкесі нағашы атасы Райымбекке бәсіре етіп берген көк құнанына мінгізіп, әртүрлі жаттығулар жасатып үйретеді. Әсіресе ат баптау әдісіне, оның қыр-сырын жете түсінуге, қысы-жазы бірдей жылқы баққызады. Құрық ұстап шалма салу, айсыз түнде, боранды күнде жылқы соңында жалғыз қалдырып, төзімділікке, қайсарлыққа және жаужүрек батыр болуға баулып өсіреді. Сонымен қоса аштық пен тоқтықты, барлық пен жоқтықты ажырата білуге үйреткен болатын. Мал соңында жүрсе де жаратылысы бөлек Райымбек бала күнінен сезімтал, сергек, пысық болып өседі. Сондықтан шығар Қабай жыраудың сұрағына ақылды, алғыр бала былай деп ұтымды да, ұтқыр жауап береді: – Нешедесің? Кімнің сен тұқымысың, құлыным? – Қангелдіден тараған бір тұғырдың ұлымын. Мал соңына сап қойды, ұстатты да құрығын, Жылқы жады әкеме жақпай қалып қылығым. Жылым барыс, міне асып барам он үштен Қатын алып берем деп, әке-шешем келіскен... Әлмерек бидің «Сасық көкекше өз есіміңді өзің ұрандап, түлей әкең Түкеден алған өнегең бе» деп Райымбектің басына қамшы үйіруі, турасын айтсақ, түлейліктен емес, өжеттіліктің, тектіліктің, қайсарлықтың белгісі ретінде қатып қалған биліктің сеңін бұзудың басы еді. Әлмерек би айтты деп Түкені түлей етіп, тау басында ербиген жалғыз бұтадай етіп көрсетуі әділдікке жата қоймас. Қабай би айтса, болайын деп келе жатқан кемел жас­ты тіл-көзден жасқап, шулаған жұрт көңілін басқа жаққа аудару деп түсінген орынды болар. Өйткені Райымбектің жоңғарларға қарсы қол жинап, сең жүріп жатқан асау өзен Іледен сарбаздарын әдіс-айламен аман өткізіп алғанына риза болған Әлмерек би алғысын айтып, батасын берді емес пе?! ­«Ботам жалғыз деп тұзға үйретпе, балам жалғыз деп асқа үйретпе» дегендей, Түке баласы Райымбекті әр іске бейім етіп, жақсы азамат болып қалыптасуына барынша жағдай жасаған, келешегінен зор үміт күткен қайырымды да, қатал әке қайтпас қаһармандыққа, баҺадүр батырлыққа баулып, тәрбиелеп өсіргені айдай анық. Райымбек өмірін бір кісідей зерде­­леп зерттеген М.Мақатаевтың есептеуінше «Түке өлген» он сегізде Райымбек» деген­ге қарағанда, оның қырықтың қыр­қасына жетпей дүние салғанын аңғаруға болады. Сонда, біздің пайымдауымызша 1681-1716 жылдар шамасында өмір сүрген деп тұжырымдауға болатындай. Мінеки, Райымбектің әкесі Түке жайында бар білетінімізді оқырман назарына ұсынып отырмыз. Тұрсынжан ӘЛДИБЕКҰЛЫ Алматы

7921 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7021

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6114

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3852

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3244

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3200

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3174

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2902

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2890

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы